Кітап оқуға махаббат мектептен басталады

Кітап оқуға махаббат мектептен басталады

Газет бастамасына үн қосамыз!

«Qazaqstan dauiri» газетінің №13 санында (27 наурыз 2025 жыл) осы басылымның бас редакторы Ертай Айғалиұлының «Балаларымызды кітапқа қалай ғашық етеміз?» тақырыбында мақаласы жарық көрді. Автор мақаласында: «Біз де қарап отырмай, тың әдістер арқылы кішкентай оқырмандардың жүректерін жаулап алуға әрекет жасайық. Сонда балаларымызды ғаламтордың кесір-кесапатынан қорғай аламыз. Мына келіп жатқан жаңа жылда бәріміз бір серпіліп, кітап оқуға бет бұрайық», – деп жаңа бастама көтеріпті. Бұл – өте орынды бастама. Адам өмірінде кітаптың алатын орны ұшан-теңіз. Кітап – білім бұлағы. Кітапсыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ. Кітап – сарқылмас қазына. Кітапты көп оқыған оқырманның рухани деңгейі терең, жан әлемі мөлдір бұлақтай таза, ойы ұшқыр, сөзге шешен болатынын өмірден көріп жүрміз. Кітап туралы арғы-бергі ғасырларда өмір сүрген ұлы адамдар, ойшылдар кейінгі ұрпаққа оймақтай ойларын қалдырған. Мәселен, «Кітап – асып-таспайтын асыл досымыз» (В.Гюго), «Күн сайын әлемнің дана адамдарымен тілдесуден қымбат не болуы мүмкін» (Л.Н.Толстой), «Кітап – құдіретті қару. Ақылды, шабытты кітап көп ретте адам тағдырын шешеді» (В.А.Сухомлинский), «Кітап – адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді, біз бір уыс күл, топыраққа айналамыз, ал кітаптар дәл бір темір мен тастан қашалып жасалған ескерткіштердей ғасырлар бойы сақталады» (М.Айбек).

Балалардың кітап оқуға қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталатыны белгілі. Оларды көркем әдебиет оқуға баулу әдебиеттен сабақ беретін ұстаздардың біліктілігіне, шеберлігіне тікелей байланысты. Өзі көркем әдебиетті сүйіп оқитын мұғалім шәкірттерін де кітап оқуға баулитыны анық. Біз де ұстаз болғанбыз. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады», – деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, жақсы ұстаз болу (білімді, білікті) ұзақ жылдар бойы оқу, үйрену нәтижесінде мүмкін болады. Бір сынып оқушыларына жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше кітаптың тізімі беріледі. Бір оқушы бір кітапты оқып шығады. Оған: «Тақырыбына, айтайын деген ойына, кейіпкерлеріне қарай талда. Жазушы қандай мәселені көтеріп отыр? Кейіпкерлердің бойынан қандай ерекшеліктерді байқадың? Кімнен не үйренуге болады?» деген тапсырмалар беріп,  сұрақтарға жауап алынады.

«Абай жолы» романын өткенде бірінші кітаптың әр тарауы бірнеше оқушыға бөліп беріледі. Романды түгелдей оқу да міндеттеледі. Бір оқушы сабақ үстінде бірінші тараудың мазмұнын әңгімелейді. Қалғандары тыңдап отырады. Қалғандары түстен кейін өткізілетін факультативтік сабақта тыңдалады. «Абай жолы» романының төрт кітабы да осылай оқытылады. Қызыққан оқушылар романды түгелдей өздері оқып шығады.

«Қазіргі кезде ұстаздар шәкірттерін кітап оқуға үйрете ме? Үйретсе, оның жолдары қалай?» деген сұраққа келсек, Алматыдағы №208 мектеп-гимназияның бастауыш сынып оқушыларын кітап оқуға үйрету тәсілдерінің бірі – автор орындығы. Белгілі бір шығарманы өткен кезде шығармаға байланысты тапсырма беріледі. Осы тақырып бойынша өз ойларыңызды жазыңыздар. Біреу өлең жазады, екінші бала эссе дегендей. Мұғалім оқушының бірін автор орындығына отырғызады. Оқушы жазғанын автор орындығында отырып оқиды. Өзін автор сезінеді. Отырғандар оған сұрақ қояды. Автор орындығына үш-төрт бала ғана отыра алады.

Жалпы көпшілікке кеңінен танымал шығарма бойынша (мәселен, «Менің атым – Қожа») оқушы үйінде видео түсіріп әкесінен, анасынан, ағасынан сұхбат алып, оларды мектепке келгенде көрсетсе, басқа балалардың қызығушылығын туғызады.

Әдебиеттен жоғарғы сыныптарға сабақ беретін ұстаздар әдіс-тәсілдері. Белгілі бір шығармадан үзінді оқиды да, бір жерінен тоқтайды. Қызық жерін айтады. «Осы кітапты өздерің тауып оқыңдар», – деп тапсырма береді. Бірде мектепте әдебиетке құштар балалар «Клуб ашайық»  деген ұсыныс тастады. Клуб аштық. Бір жетіде бір кітапты талдаймыз. Кейіпкерлерін талдаймыз. Мазмұнын талдаймыз. Баға береміз.

Сурет салатын оқушыларға: «Оқыған кітабыңның мазмұны бойынша сурет салып кел», – деген тапсырма беріледі.

Шығарманы оқып тұрып, ортасында тоқтап: «Әрі қарай не болады деп ойлайсыңдар?» деген сұрақ беріледі. Оқушылар өз ойларын айтады. Кей шығарманы өткенде мәселен «Еңлік-Кебек», спектакльден көрініс көрсетсе, балалар «театрға барайықшы» деп өтініш айтады. Кей балалар: «Кітапта былай екен,  спектакльде былай екен», – деп айтып отырады.

Тұлғаларды танытудың да жолдары көп. Мәселен, Д.Исабековты өткенде: «Д.Исабеков кім? Оның қандай шығармаларын оқыдыңдар?» деген секілдң тағы басқа сұрақтарға жауап алынады. «Кішкентай кезінде өліп қалып, қайта тірілген адамның кім екенін білесіңдер ме?» деген сұрақпен балалардың қызығушылығын тудыру міндеті қойылады. Одан кейін жетім қалуы, жоқшылық. Жетім қалған сәбиді әпкелері қарайды. Дулат 7 жасқа келгенде үлкен ағасы үйленіп, 18 жасар қыз алып келеді. Сол жеңгесі балаға анасындай қарайды. Сол жеңгесін үнемі құрметтеп өтеді. Оқушылар туыстардың бір-біріне бауырмалдығын, қамқорлығын, мейірімділігін сезінеді.

 

 Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

ҚР Білім беру ісінің үздігі      

18.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 4928
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 5093
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 20051
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18695
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 22154