Көк байрақ – әркімнің ойыншығы емес – Аманжол Әлтаев

Көк байрақ – әркімнің ойыншығы емес – Аманжол Әлтаев

Көк байрағымызды сахнаға алып шығып, умаждап, аузына не келсе, соны айтқан атышулы топтың әрекетіне көптің күйінгені анық. Жалпы, Туды қорлауға бола ма? Ондай жағдайда қандай жаза қолданамыз? Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевтың пікірін білдік.

– «Ирина Кайратовна» атты топ әншілерінің «Мынау Ту біреудің қымбат Туы…» деп басталып, көк байрағымызды қорлаған видеосы желіде тарап кетті. Мемлекет тарапынан бұл әрекетке қылмыс деп баға берілу керек пе? Әншілер заң алдында жауап бере ме?

– Көк байрақ – біздің басты құндылығымыз. Сондықтан мемлекеттің Туын қорлап, елдің, халықтың намысына тиетіндей әрекет жасаған әншілерді заң бойынша жазалау керек. Өйткені жаман әдет жылдам тарайды. Бүгін осындай оғаш әрекеттерімен елді бүлдіруге ниеттенген тәрбиесіз жастардың қылығын ертең басқалар көріп қайталауы мүмкін. Сондықтан жаман әдет ел ішінде етек алмас үшін заң бойынша тыю керек. Мемлекеттің байрағы әркімнің қорлайтын ойыншығы емес. Тарихқа көз салсақ, біздің ата-бабаларымыз байрақтың құламауы үшін, байрақтың төмен түспеуі үшін бар ғұмырын арнаған. Сүйінбай ақын: «Бөрілі менің байрағым! Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым!» дейді. Сондықтан еліміздің көк байрағы біздің қастер тұтатын, әрбір қазақстандық құрметтейтін құндылығымыз. Сондықтан мұндай бейбастыққа жол бермеу керек. Заң бойынша, тыйым салып, қылмыс деп бағалануы тиіс.

– Жалпы, бұл топ бұған дейін Алаш Орда тұлғаларының бейнесін, еркіндік идеясын насихаттаушы ретінде танылды. Енді көк Туымызды пайда табу үшін қолданып тұр. Осы оқиғадан кейін шынымен де арнайы ереже қабылдау керек деп ойлайсыз ба?

– Өнердің жазылмаған заңдылығы – сахна мәдениетінің сақталуы. Өнер иесінің басты міндеті – халыққа эстетикалық талғам қалыптастыру. Мен де саясатқа келгенше жастайымнан өнерде жүрдім. Сондықтан сахна мәдениетіне қатты мән беремін. Өйткені саған үлкен де, кіші де қарайды. Сондықтан өнер адамдары халық алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Сахнаға шығып ерсі қылық көрсетіп, қалай болса солай аузына келгенін айту – үлкен мәдениетсіздік. Сахна әдебін сақтау – әрбір саналы өнер иесінің парызы. Қазіргі жастардың эстетикалық талғамының төмендеп кеткені шындық. Оған қазақ эстрадасындағы қалай болса солай Батыстың теріс әдеттеріне еліктеуші топтар, кейбір әншілер себеп. Қазір әні мен сөзі қабыспайтын, шөпті де, шеңгелді де өлең қылып сахнаға шығаратын әншілер көбейіп бара жатыр. Осының кесірінен өсіп келе жатқан ұрпақтың талғамы өшіп жатыр. Сондықтан телеарна мен радиоарналарда көркемдік кеңес болуы керек. Кім көрінгенді бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалай бермеуіміз қажет. Экранға шыққан әншінің жүріс-тұрысына, сахналық әдебіне, әрбір әнінің сапасына мән беруіміз керек. Үлкендерде қалыптасқан талғам сүзгісі бар. Ал жастар ақыл­ға салып ойланбас бұрын, бірінші эмоциямен қабылдайды. Жастарды теріс жолға салатын осындай бейбастықтан бүгін сақтанбасақ, ертең вирустай тарағанда тұсау бола алмаймыз.

– Бір жыл бұрын мемлекеттік Туды әрбір адамның үйіне, қоғамдық орындарда еркін алып жүруіне рұқсат берілді. Бірақ Ту қолға орап ұстайтын, қалай болса солай пайдаланатын зат емес қой. Ту ұстаудың да өз мәдениеті бар емес пе?

– Туды үйдің төріне іліп, құрметті жерге іліп қою – қастерлеу. Ал Туды қалай болса, солай умаждау – қорлау. Ол өзіңнің мемлекетіңді, халқыңды қорлау. Екеуін салыстыруға келмейді. Сондықтан адамның бойында ұлтқа, мемлекетке деген сүйіспеншілік болуы керек. Кешегі Туды қорлаған әншілердің барлығы тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген буын. Яғни, олар елең-алаң шақтағы ұлттық идеологиямыздың құлдыраған кезеңінің көрінісі. Мұндай жағдай қайталанбас үшін ұлттық идеологиямызды қалыптастыруымыз керек. Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Бала кезден бастап ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарымызды құюымыз керек. 30 жылдағы ең үлкен кемшілігіміз – ұлттық идеологиямызды қалыптастыра алмағанымыз. Дер кезінде ұлттық идеологиямызды қолға алмасақ, көңілімізге қаяу салатын, тәрбиесіз жастар көбейе береді. Әл-Фараби айтпақшы, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Жастардың бір қанаты білім, бір қанаты тәрбие болуы керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Көктем ҚАРҚЫН, "Айқын"
29.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 85
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 605
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 722
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 634
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 644

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8782
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8181
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11410
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9164
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10394