Еліміз үшін көлік-логистика саласы ең маңызды мәселелер санатына жатады. Себебі бұл саланың жыры мен сыры көп. Атқарылар шаруалар шаш етектен.
Жасыратыны жоқ, еліміз үшін көлік-логистика потенциалы мәселесі өте өзекті болып тұр. Қазақстан өзін ірі мемлекеттерге серіктес ретінде де, логистикалық арна ретінде де ұсынғысы келеді. Әзірге екі бағыттағы бастамалары оңтайлы атқарылып келе жатыр. Соңғы жылдары Транскаспий әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар оңынан шешілді. Ақтаудағы порттарды тиімді пайдалану мәселесі шешімін таба бастады. Қытайдың Сиань қаласынан Әзербайжанның Баку қаласына тауар тасымалдау мәселесінің де кілті табылды. Бұл ретте Қазақстан транзиттік торап ретінде үлкен стратегиялық алаң рөлін атқарады.
PTC Holding басқарма төрағасы Тимур Қарабаевтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан бірнеше терминал салып, сала тамырына қан жүгіртті, соған қарамастан логистикалық актив жетіспеушілігі әлі сезіледі.
«Кейде біз жылжымалы құрам, құрылғылар тапшылығын байқап қаламыз. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта елдің ірі өңірлерінде қойма қуаттылығы бойынша алапат тапшылыққа тап болып отырмыз. Біз тіпті орта деңгейге де жете алмадық. Қазір біздің жаһандық қауіп-қатерлерге ұшырап отырғанымыз жасырын емес. Геосаясат пен экономика үрдістері бірқатар елде өзгерді. Бұрын ондаған жыл бойы жұмыс істеп келген маршруттар қазір жұмыс істеуін тоқтатты немесе үлкен қиындықпен жұмыс істеп тұр. Әлемдік экономикадағы кооперацияның жаһандық үрдісінің де төмендегенін байқаймыз. Әлемнің достас және достас емес елдерге бөлінуі логистикаға өте қатты әсер етті», – дейді ол.
«РЖД Бизнес Актив» АҚ бас директоры Вячеслав Сараевтың айтуынша, қазір контейнерлендіру және контейнерлік тасымал сегменті жоғары қарқынмен өсіп келе жатыр. Ал біздегі және Ресейдегі бұл бағыттың даму көрсеткіші айтарлықтай күшті емес.
Көлік министрлігінің Транспорттық саясат және инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары Зейнолла Ахметжановтың айтуынша, былтыр Қазақстан территориясы арқылы жалпы көлемі 32,3 млн тонна болатын транзиттік теміржол тасымалы жүзеге асырылған.
«Оның 5 миллионы – автомобиль транспорты арқылы жүзеге асырылды. Бұл – өте маңызды әрі рекордтық көрсеткіш. 27,3 миллионы теміржол арқылы тасымалданды. Транзит өте жақсы нәтижелер көрсетті және біз бұл жерде өсім мен перспектива көріп отырмыз. Жалпы, Қазақстан арқылы 13 халықаралық транзиттік дәліз өтеді, оның бесеуі – теміржол, 8-і – автомобиль жолы. Инфрақұрылымның жасалуы транзиттік теміржол тасымалының әрі қарайғы өсіміне серпін береді», – дейді.
Логистиканың дамуына не кедергі? Тимур Қарабаевтың айтуынша, елдегі логистиканың дамуын тежеп тұрған негізгі үш факторды айрықша атап өтуге болады. «Оның біріншісі – жүктерді контейнермен тасымалдаудың универсалды вагонмен тасымалдауға қарағанда екі есе қымбат болуы. Бұл ішкі нарықтың дамуын әжептәуір тежейді. Егер экспорттық және импорттық бағыттар туралы айтар болсақ, ол бойынша даму жақсы жүріп жатыр. Бірақ ішкі контейнерлеу нөлге тең, өйткені клиент бағаға байланысты бұл қызметтен бас тартады. Нәтижесінде біздің компаниямыз түрлі проблемаларға тап болып отыр. Мәселен, екі өңір арасында біз жүктерді контейнермен де, әмбебап паркпен де тасымалдауға мәжбүрміз. Екінші проблема жүк вагондарын жөндеу және сатып алу кезінде туындайды. Бұл мәселені мемлекет, ұлттық оператор және профилді қауымдастықтар деңгейінде көтеру керек», – дейді сарапшы.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК