11 қараша күні Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімшілігінің кеңсесінде көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау салтанаты болып өтті. Аудан әкімі Жүсіп Жұмағұлов жиналған жұрттың алдында құттықтау сөзін сөйлеп, алтын құрсақ аналарымызға Президенттің қолы қойылған куәлік пен ордендерді тапсырды. Кезекті шарада «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанған аналардың арасында жас ең үлкені 83 жастағы Самиға Наурызқызы атты әжеміз болды. 2004 жылы Қытайдан атажұртқа оралған апамыз сегіз баланы өмірге әкеліп, соның алтауы аман-есен ержеткен екен. Биыл 83 жасқа келген апамыз шөбере сүйіп отыр. Қазір Самиға апамыздың балаларының көбі кәсіпкерлікпен айналысып жатса, бір немересі Назарбаев университетінде оқытушы болып қызмет істейді.
Кезекті шарада 20-ға тарта көпбалалы аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанды.