Маңғыстауда «Отпан» жобасы бастау алды

Маңғыстауда «Отпан» жобасы бастау алды

Жаһандану үдерісіндегі жаңа әлемде білім жүйесіне қойылатын талап та, меже де тым жоғары,  ұстаздар бәсекеге қабілетті халықаралық білім стандарттары мен  қоғам сұранысына сәйкес жаңа оқу бағдарламасын меңгеруге ден қойып, тың өзгерістерге бой алдыруда. Сондай-ақ  отандық білім беру саласындағы реформалардың бір тармағы  жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеуге, өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін жетілдіріп, бойдағы қарым-қабілеті мен шеберлігін шыңдайтын орталықтардың қызметін жүйелі ұйымдастыруға бағытталған. Осыған орай өрімтал өрендердің өнерін өрге жүздіріп, дарынды жастардың бастамаларына дем беріп, қабілеті зор шәкірттерге қолдау таныту бүгінгі білім беру жүйесінің басты қағидатына айналып келеді.  Дәстүрлі оқу сыныптары мен заман талабына сай озық үлгідегі цифрлық технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттері білім беру сапасына соны серпін беруде. Елімізде мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, яғни әрбір сыныпты интерактивті тақталар, соңғы үлгідегі компьютерлік жабдықтар, STEAM зертханаларға қажетті 3Д-үлгілеу принтерлері секілді құрылғылармен қамтамасыз ету қолға алынып келеді.

Биылғы тамыз кеңесінде «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында еркін форматта әңгіме өрбіткен Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай  білім беру саласын дамытудағы басты әрі негізгі міндеттерді атап өтті. Соның ішінде бүгінгі қоғамда жүріп жатқан өзгерістер білім саласындағы жаңғыртулар мен өзгерістерді талап ететіндігін алға тартты. Сондай-ақ ұстаздар қауымы асыға күткен бірқатар мәселелердің шешу жолдары жайлы баяндап, басты міндеттерді айқындады. Сонымен бірге білім сапасын көтеру үшін мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылымды қалыптастыруға көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды.

Сондай-ақ іс-шараға  «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев, облыстың білім беру ұйымдарының басшылары және педагогтер қатысты.  Жиында өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының орта білім беру ұйымдарында білім сапасын көтеруді көздейтін «Отпан» жобасын таныстырды. Жобаны облыстық білім басқармасы мен білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жүзеге асырып жатыр. Өңірде алғаш бастау алған жобаға Бейнеу, Мұнайлы, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандары, Жаңаөзен мен Ақтау қаласынан барлығы 50 мектеп қатысады. 

«Алдымен білім беру саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысының қолдауымен өңірімізде оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалып келеді. Дегенмен, ҰБТ қорытындысына қарасақ, облысымызда оқушылардың білім деңгейі көңіл көншітпейді. Биыл облысымызда тұңғыш рет тұрақты тірек мектептер желісін құрып, білім саласындағы үздік тәжірибелер алаңына айналдыру мақсатында «Отпан» жобасын іске қостық. Жоба аясында мектептермен 3 бағыт бойынша жұмыс атқарылады. Алдымен мектептердің материалды-техникалық базасы жаңартылады. Екінші бағыт – ұстаздардың біліктілігін арттыру. Бұл бағытта Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері арнайы оқу бағдарламасын жүзеге асырады. Жобаның тағы бір бағыты – «Отпан» мектептерін 3 жылдық сүйемелдеу жұмыстары. Ұстаздар мен мектеп басшылығы кез келген мәселе бойынша қажетті қолдауға ие болады. Аталмыш жобаға барлығы 60 мыңға жуық оқушы, 9 мыңға жуық ұстазы қатысады.  Ал, барлық шығындар кәсіпкерлер қаражатымен өтеледі», – деді Нұрдәулет Қилыбай. 

Жоба толығымен демеушілер қаражатына іске асырылады. Олардың қатарында NCOC, «Халық» қайырымдылық қоры мен Ordabasy Group компаниясы бар.  Ұстаздардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар  шілде айында басталды. Семинарлар мен тренингтер ағылшын тілі, физика, химия, биология, информатика, педагогика мен психология, бастауыш сынып секілді бағыттар бойынша жүргізіліп жатыр. Жобаға қатысатын мектептердің толық тізімін furo.kz сайтынан білуге болады. 

Сонымен қатар Тамыз кеңесі аясында «Цифрлық білім берудің болашағы» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, ІТ саласындағы мекемелер кеңеске қатысушыларды өздерінің заманауи технологиялық құралдармен таныстырды, облыстың дарынды оқушылары «Қазіргі мектеп бізге қызық па?» тақырыбында өзекті мәселені қозғап, көзқарастарын білдірді. Арнайы шақырылған спикерлер «Экранның баласы: баланың назарын қалай қайтарамыз?» тақырыбында мәселе көтеріп, жаңа идеялар мен механизмдер ұсынды. Конференция соңында үздік білім беру ұйымдары және облыстың білім беру жүйесін дамытуда үлес қосып жүрген бірқатар қызметкер мен педагогтер марапатталды.  Атап айтқанда, Тамыз кеңесі аясында облыстың білім беру саласының дамуына зор үлес қосқан мұғалімдер мен ардагерлерге сый-құрмет көрсетіліп,  облыс әкімі Н. Қилыбай салтанатты түрде марапаттады. 

Дәстүрлі «Тамыз кеңесінде» педагогтер қауымы  алдағы іс-жоспарларына  көз жүгіртіп, елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясында көрсеткен межелерге жетуге, атап айтқанда, оқу ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайту,  жас буын бойында ізгі қасиеттерді дамыта отыра, адами капиталды арттыру, оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнын заман талабына сай лайықтау, педагогтердің қызмет барысында лауазымдық міндеттемелері мен азаматтық борышына сәйкес атқарып жүрген іс-шараларын жоғары деңгейде атқару секілді тапсырмаларды нақтылаған еді. Соның ішінде, бүгінгі қоғамда жүріп жатқан өзгерістер білім саласындағы жаңғыртулар мен өзгерістерді талап ететіндігін алға тартты. Ең бастысы ауқымды басқосуда  ұстаздар қауымы асыға күткен бірқатар мәселелердің шешу жолдары  баяндалып, басты міндеттер айқындалды.  Білім саласы қызметкерлерінің назарын аударған басты мәселе – білім саласындағы реформаларды қабылдау барысында міндетті түрде педагогтердің нақты қажеттіліктерін есепке алу. Әсіресе, оқушы психологиясы мен мұғалім қызметіне күш түсіретін білім мазмұнын жаңартудағы бағалау жүйесін де қайта қарау туралы тапсырмасы қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Білім беру мен тәрбиені ұштастыру, білім беру ұйымынан шыққан жастардың өзін жеке тұлға ретінде дамытуымен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы, туған жеріне, қоршаған ортаға, өз тарихына құрметпен қарап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндігі жайлы ой сараланды. Білім беру жүйесіндегі бірқатар жобаларды  жүзеге асыру,  оқушының ділі мен дініне, ұлты мен нәсіліне, көзқарас-ұстанымына қарамастан лайықты білім алу мүмкіндігіне ие болуын қамтамасыз ету бағытында маңызды дүниелер сөз етілді. 

Сондай-ақ, Маңғыстау облысы білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесі аясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қолдауымен «Орта білім беретін үздік ұйым – 2024» және «Техникалық-кәсіптік білім беру үздік ұйым – 2024» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. «Орта білім беретін үздік ұйым – 2024» атағын  Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейі және «Техникалық-кәсіптік білім беру үздік ұйым – 2024» номинациясын Қарақия ауданы  Қарақия кәсіптік колледжі жеңіп алды. Облыс әкімі жеңімпаз атанған білім беру ұйымдарын құттықтап, алпыс сегіз миллион теңге грант сертификаттарын табыс етті. Білім беру ұйымдарының арасындағы додалы байқауда ерекшеленіп жеткен жеңістің нәтижесі білім беру ұйымдарында материалдық-техникалық базаны,  инфрақұрылымды жақсартуға, сонымен қатар жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

ГОЛРОХ ЖЕМЕНЕЙ
21.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

«Қуантсаң, баланы қуант»
Еркін Келесов, «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы»басшысы - 23.10.2024 25
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «РЕСПУБЛИКА КҮНІ» МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ 120-ДАН АСТАМ ІС-ШАРА ӨТЕДІ
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 22.10.2024 107

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6682
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 6113
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 9319
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 7104
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 8313