(Мемлекеттік әнұранның әнін жазған авторы Шәмші Қалдаяқовпен ретроспективалық сұхбат)
– Шәмші аға, газетке мақалам шықты!
– Не мақала ол?
– Қазіргі қазақ өнеріне көңіл толмайды. Біреулер қазақ тілін қор қылып, білгенін шығарады, әлде біреулер көк туымызды қор қылады. Солардың барлығы түк болмағандай жүреді. Сізді ше? Сіздей тұлғаны қазақтың көгіне көтермей қудалап, көзіңіздің тірісінде қаншама қорлық көріп өттіңіз! Ал қазір ешкімге де ешқандай жаза қолданбайды. Ең сорақысы халықтың алдына, сахнаға ішіп шығатындары.
– Е-е балам, кезінде бізді де ішкіш деді ғой.
– Ой, Шәке, сіздердің замандарыңызда кім ішпеді? Қазір заман басқа.
– Оның рас, өмірімнің соңғы кездерінде бұтымдағы шалбарымнан басқа түк болған жоқ. Қазақтар өзі береді де, өздері шешіндіріп алады. Өздері арақ беріп сыйлайды да, артынша «ішкіш» деп шулайды. «Айқайлағанның бәрі әнші емес, арақ ішкеннің бәрі Шәмші емес» деп жүрген де өз қазағым.
– Есесіне, Шәке, қазір сіз қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматсыз. Сіздің әндеріңізді білмейтін қазақ жоқ. Жақында «Қазақстанның еңбек ері» атағы да берілді сізге. «Менің Қазақстаным» деп шығарған әніңіз мемлекеттік әнұран болып кетті. Сол әннің шығу тарихын айтып өтсеңіз.
– 1956 жылдың аяғында «Менің Қазақстаным» әнін жазуға тура келді. Кезінде біздің мынау терістіктегі, солтүстіктегі бес облысымызды Целинный край деп бөлмекші болған кездер еді, сол кезде қазақ жұрты шулады, орыстар бөліп алайын деп жатыр деп. Міне сол кезде «Менің Қазақстаным» деп жазған ұран әнім еді. Ол әннің сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов деген қазақтың талантты ақыны еді, өзі домбырашы консерваторияда бірге оқығанбыз. Сенің кеудеңде қазақ деген қаның бар ғой, «Менің Қазақстаным» деп сен сөзін жаз, мен әнін жазам деп екеуміз келістік. Кейін ән дайын болғанда Жамал (Омарова) апамызға барып көрсеттік. Жамал апайымыз бірден ұнатып, қағып алды да, радиоға барып орындады. Радиодағы жігіттерге күніне осы әнді бір-екі рет беріп қойыңдар деп айтып қойдық. Сонымен күніне радиодан бір-екі рет «Менің Қазақстаным» әнін беріп отырды. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын Әнұран қажеттігін сездім. «Менің Қазақстаным» солай туды.
– Шәмші аға, сіз қай күні туғансыз?
– Біздің кезімізде «Метірке» деген болмаған. «Нақты пәлен күн еді» деп тап басып ешкім айта алмаған. Әйтеуір, өзім, анамның айтуынша, ежелгі қазақша жыл санау бойынша жылқы жылы, яғни 1930 жылдың жазында, саршатамыз айында дүниеге келген екенмін. Құжатымда «15 август» деп жазылған. Анам «шөптің басы сарғайып, қурай бастаған шақ болатын» деп отыратын.
– Шәке, бір түсінгенім бұл өмірде бәрі де уақытша, сіз кезінде қорлық көрдіңіз, ал қазір керісінше сізді күллі қазақ елі ұлықтайды, ал бүгін шалқып жүргендердің де көп ұзамай дәуірі бітер…