Тұмса табиғаты көрген жанды тамсандырмай қоймайтын мерейлі Меркі өңірін жер жаннаты десек, артық айтпаған болар едік. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, әдетте кез келген адам өзінің кіндік қаны тамған туған өлкесін жердің жаннатына балап жатады. Оның үстіне қазақтың таным-түсінігінде «жер жаннаты – Жетісу» деген ұғым атам заманнан қалыптасып, санамызда да, ауыз әдебиетімізде де қатып-семіп қалған. Алайда дәл осы теңеуді Меркіге де қолдансақ әбден жарасып-ақ тұр. Меркінің де табиғаты Жетісудан тым осал емес.
Меркі жері тарихымен, шаруашылығымен ғана емес, тамаша табиғатымен де елімізге танымал. Ауданның оңтүстігі таулы келеді. Онда Қырғыз Алатауының Мүйіздіқара, Қараауыз, Құмбел, Қасқасу, Үңгірлі, Сандық, Шайсандық, Молалы таулары орналасқан. Ауданның орталығы және солтүстік бөліктері жазық. Әйгілі Тянь-Шань тауының төменгі жоталарымен жалғасып жатқан тау бөктері, Көккөл аумағы, Аспара қалашығы, петроглифтер, балбал тастар, батырлар ескерткіштері өлке тарихының, Сыпатай батыр бабамыздың кесенесінің өзі тарихтың талай қатпарынан хабар беріп тұр. Әсіресе аудан орталығы Меркі ауылының дәл орта тұсында ортағасырлық Меркі (Мирки) қалашығының орны жатыр. Ол жер бүгінде мемлекет қорғауына алынған.
«Меркі» жергілікті халық үшін ғана емес, жамбылдықтар үшін де жұмақтың төріндей. Неге десеңіз, Меркі – ауасы емге шипа, таудан құлай аққан тау суымен астасқан тамаша табиғатына көз тоятын көрікті мекен. Жергілікті жұртшылық он жеті ұлттың өкілін бір шаңырақтың астына, бір үйдің баласындай жинаған мекенде тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Татулығы жарасқан елдің іргесі қашанда берік келеді.
Атақты «Меркі» шипажайы туралы айтсақ, оны қаумалаған табиғатқа бірауыз сөзбен баға беріп, қас қағым сәтте сұлулығына көз жүгіртіп өту мүмкін емес. Оның ерекшелігін, адам ағзасына тигізетін пайдасы туралы толассыз айта беруге болады. Шипажай тау арасында, «Меркі» өзенінің жағасында орналасқан.
Меркі жерінен шыққан ірі тарихи тұлғалар – Жауғаш пен Сыпатай батырларды, бертіндегі Асанбай Асқаровты айтпай кетуге болмас.
Бұл өлкеден ғылым мен өнер саласында еңбек еткен қайраткерлер де көптеп шыққан. Солардың ішінде Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова, әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев, Мәкен Райысқанова, ғалым Намазалы Омаш, ақын, Жазушылар Одағының мүшесі Шырын Мамасерікова – аудан мақтаныштары.