Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Меркі ауданындағы «Мейірім Меркі» шипажайында «JasSAQ» этно-реалити телевизиялық шоуының түсірілімі болды. Аймақта алғаш рет өткен айрықша шараға облыстың түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген 50-ге жуық белсенді жас қатысты.
Көтеріңкі көңіл күймен арнайы дайындалған автобусқа мініп, Тараз қаласынан таңғы сағат 7:00-де жолға шыққан жастар жол бойы ән айтып, өлеңдетіп Меркіге тез-ақ жетіп бардық.
«Qazaqstan» ұлттық арнасының «Дала батл» жобасы секілді форматта болған түсірілім табиғат құшағында орналасқан этноауылда жүрді. Бізді «Мейірім Меркі» шипажайының алдынан күтіп алған топ санаторийдің бөлмелеріне орналастырды. Жатын орнымызға орналасып алғаннан кейін киім-кешегімізді ауыстырып, бірден түсірілім алаңына тарттық. Алаңда арнайы ашылу салтанатына дайындалған концерттік бағдарлама болды. Меркінің бұлбұл көмей, жезтаңдай әншілері қарсы алып, ауылдың алты ауызымен жарыстың шымылдығын ашып берді. Ал облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар жарыстың мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Жоба облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жобаның мақсаты – көшпенді халқымыздың қалыптастырған тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін қайта жаңғырту. Аты айтып тұрғандай, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жастары – кешегі сақтардың сарқыны. Сондықтан ҚасСақтың жалғасын бүгін ЖасСақтар жалғастырсын деген ниеттеміз. Мұнда сіздер киіз үйлерде тұрып, самаурынға шай қойып, сиыр сауып, бір сөзбен айтқанда, кешегі ата-бабаларымыз жүрген жолмен жүресіздер. Алда талай жарыстар өтеді. Бастысы береке-бірлігіміз артып, бір-бірімізге деген көңіліміз ала болмасын. Жарыс үшін емес, ұлттық салтымызды жаңғырту үшін келгенімізді ұмытпайық. Ендеше сіздерге сәттілік тілеймін! – деді Ж.Зұлпыхар.
Біз орналасқан «сақ кереге, сардар уық» киіз үйлердің ішіндегі сандықтан бастап, сыртындағы қазақы үйлесім тапқан оюларға дейін адамның жанына тазалық пен рухани ләззат сыйлайды. Киіз үй қасындағы көлде жүзген аққу-қаздар арулар мен жігіттердің сәніне сән қосып, сардаланың сарбаздарына сәттілік тілеп тұрғандай.
Жастар бірінші күні асық атудан жарысқа түсті. Алты команданың қай-қайсысы да осал емес екендіктерін дәлелдеді.
Одан кейін бақан бойлы батырлардың бойындағы күшін сынамаққа қой көтеру жарысы ұйымдастырылды. «Ішім бір кекті қабылан, сыртым бір текті бағлан» деген жігіттердің алдағы салмағы 40 келіге жуық тартатын қойды 102 рет көтерсе, арты 10-нан асырып аяқтады.
Ал асық ату мен қой көтеру жарысы біткенде күн де өз ұясына батып бара жатты. Біз түсірілімді аяқтап, кешкі ас ішуге кірістік. Тамақтанып алғаннан кейін киіз үйдің маңында әркім өз қиялымен болды. Ал есік алдындағы «Алтыбақанда» арулар емес, ай асылып тұрғандай сезім қалдырады. Жартыкештеніп сүттей тұнық ай туды шығыс жақтан. Ай астында әншілердің домбырасының үнін сүйреген салқын самал жапырақтарды жай тербеп, жанға рақат сыйлайды.
Екінші күні күн райы бұзылып, бірде бұлтты, бірде жаңбырлы болып тұрды. Алайда жастардың жалыны ауаны жылытып тұрғандай бәрі де бір-біріне жылы амандасып, тай-құлындай бір-біріне бауыр басып үлгергені көрініп тұр. Жастар бұл күні ләңгі теуіп, күресіп, өзара үздіктерді анықтады. Жел соғып тұрғандықтан ләңгі тебу қиынға соққаны белгілі. Жігіттердің бірі бораннан, енді бірі ләңгіден көріп, өздерінің ептілігін сынап жатты. Атан жілік балуандар алакілемнің үстінде барыстай ептілік, қасқырдай қырағылық танытып, бір-бірінің осал тұсын аңдумен аяқ айқастырып, қол байласып күреске түсіп жатты. Дегенмен бірі-біріне есе жібере қоймады.
Алайда қай балуан болса да «сағым сынып, туым жығылды» деп тұрған жоқ.
– Бозкілем үстіндегі белдесу – ежелден келе жатқан ержігіттің сыналатын орны. Сондықтан атан жілік, ат жақты азаматтарымыз осындай топта сыналғанды өзіне абырой санаған. Мен өзім «Жасын» командасының атынан алаңға шықтым. Қарсыластарымыз да оңай емес. Сәл осалдық танытсаң немесе дұрыс қорғанбасаң жамбасқа алып, жауырыныңды жерге тигізуге әзір тұр. Оның үстіне командаңның абыройы өзіңе байланысты болып тұрған соң осалдық танытуға болмайды.
Маған түскен «Барыс» командасының балуаны да, «Болашақ» командасының балуаны да оңай қарсылас болмады. Күрестің сан түрлі тәсілін меңгерген мықтылар екен. Бірақ бағым жанып, «Барыс» командасының балуанын оң жамбасқа лақтырдым. Алайда «Болашақ» командасының балуаны айласын асырып кетті. Бастысы жеңу немесе жеңілу емес. Өзіңді бір сынап көру және ұлттық спорттың айналасында жүрген жігіттермен танысып, тәжірибе алмасу, – дейді Т.Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Шерхан Талғат.
Үшінші күні қыздар арасында «Сиыр сауу мен көмбешке нан жабудан» жарыс өтсе, жігіттер «Садақ атудан» сынға түсті. Нағыз тартысты кезең осы болды. Бір жағы жаңбыр сіркіреп төгіп тұрса, енді бір жағынан суық қалтыратты. Садақшылар қолдары тоңып дірілдеп, көздеген нысанаға жебесін дәл тигізуге құлшынды. Нәтижесінде әр команданың өздері дайындаған мергендері шаршы алаңға шығып, нағыз құралайды көзге атқан сұрмерген екендіктерін дәлелдеді. Ал қыздар жағы өздерінің ақ саусағынан ақ сүт тамған нағыз шебер екендіктерін көрсетті.
– Бұрын-соңды сиыр сауып көрген емеспін. Бүгін алғаш рет сиырға жақындап, желінін ұстап көрдім. Әрине, алғашында қорқыныш болды. Алайда командаластарымның қолдауының арқасында қорқынышымды жеңе білдім.
Меніңше, сиыр сауу үлкен тазалықты, әдепті, ептілікті қалайтын сияқты. Оның үстіне біз дайын өнімді ғана пайдаланып жүргендіктен сүттің қайдан шығатындығына, айранның қалай ұйытылатындығына мән бере бермейміз. Біздің ауылдағы келіндеріміз, аналарымыз әлі күнге дейін сиыр сауып, май алып, қаладағы туысқандарын қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Бүгін солардың қиыншылығымен бірге қызық өмірін де аздап түсінгендеймін. Меніңше, ауылдағы қыз-келіншектер ғана емес, қаладағы қыз-келіншектер де бұл тұрмысты білуі маңызды. Қыз балаға сан қырлы өнерді меңгергені көптік етпейді. Бұл да бір өнер. Сондықтан бүгінгі болып жатқан іс-шараның маңыздылығы да осында, – дейді Байзақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Жамалбекқызы.
Сөйтіп, №22 спорт мектебінің директоры, қазылар алқасының төрағасы Дулат Маратұлы, «Жамбы атудан» Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы, қазылар алқасының мүшесі Елдос Бадашев, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы, қазылар алқасының мүшесі Александр Телегин, және жобаның техникалық нұсқаушы-координаторы, «Elorda Sadaq Atu» дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті, ҚР садақ ату бойынша спорт шеберіне үміткер Бақберген Сәлімов қазылық жасаған «JasSAQ» телевизиялық этно-реалити жобасы өте жоғары деңгейде өз мәресіне жетті.
Қиян-кескі тартыстың соңы арқан тартумен аяқталды.
Не де болса сақтардың салтын, ғұндардың ғұрпын ұлықтаған жастар қажет кезде өздерінің балуан да, батыр да, мерген де бола алатынын көрсетті.
Сөйтіп, кеш бата ортаға от жағып, айнала отырған қыз-жігіттер әнге басты. Бірақ Меркінің көңілшек аспаны осы кезде төгілді-ай келіп. Сіркіреп тұрып алмасы бар ма? Бұл бір ғажап күй болды. Малмандай болып суға малшынған жастар киіз үйдің ішінде әндерін жалғастырды. Ешкімнің қабағында уайым-қайғы жоқ. Кәдімгі бір үйдің баласындай дерсіз бір көргенде. Сағат тілі түнгі 00:00-ді көрсеткенде жастардың барлығы өздеріне берілген үйлерге кіріп, ұйқыға кетті.
Айта кету керек, түсірілім облыстық «JAMBYL» телеарнасынан 1 ай бойы көрсетілетін болады.