Хатта баяндалған ең басты мәселе ұлт мектептерінде «қазақ тілі мен әдебиеті» деп өзара кірігіп кеткен қос пәнді бөліп, дербес сипатта оқыту мәселесі еді. Министрлік тарапы бұл мәселеге былай деп жауап қатыпты: «Атап айтқанда,қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін бөліп оқыту, «Қазақ тілі» пәнін оқытуда функционалдық-коммуникативтік дағдыларды дамытумен қатар грамматиканы жетілдіру, грамматиканы жүйелеу, оны меңгертуге басымдық беру, лексикалық тақырыпты грамматикалық тақырыппен сәйкестендіру, оқытылатын шығармаларды қайта қарау жұмыстары жүргізілуде». Осы бір ауыз сөз қазақ тілінің дербес оқытылуына мүдделі мемлекеттік тіл жанашырларының көңіліне медеу болуға жарап тұр. Етті сүйектен ажырата алмайтыны сияқты лексикалық тақырыптарды грамматикалық тақырыптармен сәйкестендіріп оқытудан көп жақсылық күтеміз. Ал ұлт мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті деген жалпы атаумен меңгертіліп жүрген екі пән өзара дербестік сипат алса, мемлекеттік тілді үйретуде көп құндылыққа қол жеткізген болар едік. Сондай-ақ мектеп бағдарламасына енген көркем шығармаларды қайта қарау, толықтыру, саяси, ғылыми мәтіндерді емес, көркем туындыларды көбірек ұсынса үлкен бір игі істің атқарылғаны болар еді.
Дегенмен бұл жауқазын жақсылықтардың жүзеге асар уақыты таяуда емес-ау деген қауіп те жоқ емес. Оған жауапқа жеткен үшбу хаттың мына сөзі дәлел: «Сонымен қатар пәндерді бөліп оқыту республикалық бюджеттен қосымша қаржы талап ететінін және оқушының жүктемесін ұлғайтатынын да ескеру қажет». Енді дәл осы жауапқа қарсы айтар уәжіміз бар. Біріншіден, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері кіріктірілгенде, жүктеме санында еш өзгеріс болған жоқ. Яғни екі пән біріккенге дейін орыс мектептерінда 5-11-сыныптарда 5 сағат, ұйғыр, тәжік, өзбек тіліде оқытатын мектептерде 5-11-сыныптарда 3 сағаттық жүктемемен оқытылған. Бұл пәндік жүктеменің бір сағаты дербес қазақ әдебиеті пәніне тиісті болатын. Ал, кезең-кезеңімен жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен кезде, аталмыш екі пән бір-біріне жалпылама кірігіп кетті, алайда жүктеме санында еш айырмашылық жоқ. Дәл қазіргі уақытта орыс мектептері 5-11 сынып аралығында «қазақ тілі мен әдебиеті» деген пәнді аптасына бес рет ежіктейді (тіл мен әдебиетті қосақтап тастаған соң, түсініксіз пән пайда болған), ұйғыр, өзбек тілінде білім беретін мектептерде 5-11-сынып аралығында 3 сағаттық жүктеме сақталып отыр. Дербес оқытқанда да, қосақтап оқытқанда да жүктеме санына нұқсан келмеген. Енді республикалық бюджеттен қаржы күтпей, дәл осы жүктемені сақтай отырып, тек қазақ әдебиетін бұрынғы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандағыдай жеке пән есебінде бір сағаттық жүктемеге ие етсе жарар еді. Даралап оқытылса да, кіріктіріліп оқытылса да, оқушы үшін апталық жүктеме саны ұлғаймасы анық. Осы себептен де «оқушы жүктемесі ұлғаятынын ескеру керек» деген желеумен қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері бөлініп оқытылудан ада болып қалмас па екен деген алаңымыз бар. Сондай-ақ сөз болып отырған қасиетті қос пәнді бөліп оқыту республикалық бюджеттен арнайы қаржыны бөлуді талап еткен күннің өзінде ұлтымыздың жаны-тілімізден аярымыз болмауы тиіс. Ұлт мектептері түлектерінің мемлекеттік тілде сайрап шығуы бәрінен де маңызды. Міне сондықтан да аталмыш мәселені алдағы уақытта да назарымызда ұстайтын боламыз.