Үстіміздегі жылы Хакім Абайдың туғанына 180 жыл толып отыр. Данышпан ойшылдың мерейтойына орай республика көлемінде ұлы дүбір басталып кетті. Абайды насихаттау мен оны дәріптеу – ұлт руханиятының маңызды бөлігі. Абай жолынан адаспаған жұрт жаһандық ақпараттың шабуылдары мен жат ағымдардың апатынан аман қалады.
Балаларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абайды оқы, таңырқа!» атты танымдық кездесу өткізді. Алматы кітапханалар жүйесі Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында 7 ақпан күні басқосу өтті. Кештің қатысушылары Қызылорда қаласындағы үш тілде оқытатын Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп оқушылары болды. Оқушыларды ата-аналармен бірге мектептің ұстазы Гүлбану Әскербекқызы бастап келді. Сонау Сырдың бойынан отарбаға отырып, Алматыға келген оқушылар мен ұстазына ризашылығымызды білдіреміз. Бастауыш мектеп оқушыларының алыс сапарға шығып, Алматыға саяхат жасауы, журнал ұжымымен кездесуі естен кетпейтін оқиға болары сөзсіз. Бұл кешке Алматы қаласындағы №109 мектеп пен №156 мектеп оқушылары да қатынасты. Бұдан басқа «Зердеш» мектебінен екі оқушы келіп өнер көрсетті.
Кездесуге халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, балалар жазушысы Ертай Айғалиұлы, қоғам қайраткері, үлгілі ата-ана, заңгер, қазақтың батыл қызы, Бағила Балтабай қатысып, алыс-жақыннан келген жиылған топқа жылы сөздерін айтып, ақ баталарын берді.
Кештің арнайы қонақтары: «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы, қазақ анимация өнерінің дамуына үлес қосып жүрген режиссер Маржан Жұбанышева, №156 мектептің оқушысы, әнші, балалар фильміне түсіп жүрген өнерлі бала, «Балапан» телеарнасынан жиі көрініп, «Супер дос», «Гипер бала» сериясында, «Алтын адам», «Жол» фильмдерінде рөл ойнаған Мұстафа Нұрахмет қатарлы үш буынның өкілі келіп отырды. Олар балалар мен ата-аналар алдында ақжарма сөздерін айтып, ағынан жарылды. Мұстафа өзі секілді жасөспірімдерге арнап ән айтып берді. Бұл кездесуге Мұстафаның анасы Хөхмончиг Айжан да қатынасып, кештің мерейін өсіре түсті.
Әсіресе режиссер Маржан Жұбанышеваның сөз сөйлеп, жасаған жұмыстары мен атқарған істерін жасөспірімдерімізге баяндап бергені көптің назарын аударды.
Ол анасы, жазушы-суретші Үміт Жұбанышеваның автобиографиялық шығармасы негізінде «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» атты мультфильм түсірген болатын. Бұл туындыда қазақ отбасындағы ұл баланың орыны мен шаңырақтың иесі туралы ұлттық түсінік бейнеленген. Маржан Жұбанышева осы фильмі арқылы ұлттық нақышты сақтап, қазақ мәдениетін әлемге танытуды мақсат етеді. Фильм бірнеше халықаралық фестивальдерге, байқауға қатынасып, жоғары бағаланып, жүлделі орынға ие болды. Атап айтар болсақ, 2022 жылы Жапония, Түркия елінде, 2023 жылы Қытайда өткен өнер жарысында озып шығып орын алып қайтты.
Міне, кеш барысында келген балалар осындай замандас жасөспірім Мұстафаның, өнердегі Маржан апайының, қаламгерліктегі Дәулетбек атаның сөздерін тыңдады.
Абай атамыздың әрбір шығармасын санамызға сіңіріп, балалықтан даналыққа, даналықтан даралыққа талпыну әрбір жас жеткіншектің міндеті. Алыстан ат арытып келген балапандар да қарап қалмай ән айтып, жырдан шашу шашты. Жұмбақтар тауып, өлең ұйқастарын анықтап, жылдамдықтары мен тапқырлықтарын паш етті. Қызылордадан келген Нұрдәулет Өмірзақ, Раяна Әбілқасым, Гүлназ Дүйсенбек, Алматыдағы №108 мектептен Айзере Текес, Алихан Сембек, Сырым Асылбек, Райана Арыстан, Ханшайым Бейсембаева, «Зердештен» келген екі бүлдіршін өз өнерлерін ортаға салды. Осылайша кешке келген көпшіліктің алғысына бөленді. Соңында «Абайды оқы, таңырқа!» кешіне қатынасып, өнер көрсеткен жеткіншектерге, тәрбиеші-ұстаздарына, арнайы келген қонақтарға «Мөлдір бұлақ» журналының атынан грамота тапсырылып, марапатталды. Ерекше атап өтетініміз, бұл кештің авторы, кездесу жобасының иесі Раиса Қалдыбайқызы екенін үлкен құрметпен айтқымыз келеді. Раиса апай алыстағы Қызылордамен байланыс жасап, Алматыдағы мектептерді қозғап, өнердегі орыны бар адамдарды бір араға жинап үйлестіріп, қаланың қақ ортасындағы Жамбыл кітапханасында тоқайластырып тамаша тағлымды кеш өткізіп берді. Осылайша Абай атаның рухын елге насихаттап, «Мөлдір бұлақтың» мәртебесін көтерді. Жеті жастан, он жас аралығындағы балдәурен балаларымыз бастарынан естен кетпес сәтті өткізді.
Гүлшат БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
«Мөлдір бұлақ» журналы