Аға қадірі – тектілігі мен адамгершілігінде. Сонда ғана оның Алла берген дарыны мен талмай ізденуден туған адал еңбектері өнеге жарата алады. Әне сондай ақын ағаларымыздың бірегейі – Сәли Сәдуақасұлы. ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, аудармашы, сыншы, кезінде «Шұғыла» журналының аға редакторы болған осы ағамен етене өткен рухани інішегімін. Оның Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қазіргі Түркістан облысында өткізген II құрылтайы аясында ұйымдастырылған Халықаралық жыр мүшәйрасында «Шыт» деген өлеңімен бас жүлдегер болғанына куә едім.
Қатыгез тұрмыс оны ерте есейтті
1942 жыл. ҚХР-ның Толлы ауданы Майлы тауларының бір қойнауындағы қарапайым малшы Сәдуақас Жамбайұлы үйінде Алладан тіленіп, зарыға күткен сәбидің үні естілген. Жұпыны тірліктегі берекелі отбасы ғаламат мерейге шомған. Ақсарбасын айтып сойып шілдеханасын да дабыралы етіп өткізді. Ауыл үлкендері азан шақырып, «салихалы азамат болсын» деген ырыммен атын Сәлихан деп қойды. Әсілі Сәдуақастың әмеңгерлік жолымен алған бәйбішесі Зейнеп ақылды, дегдар ана еді. Алайда, пұшпағы қанап нәресте сүйе алмаған. Ол осыған бола сары уайымның сарсаңына бата бермеген. Қайта ұрпақ үшін тәуекелге белін буған. Сөйтіп, өзімен бірге туысқан ағасы Яамғұр Сұрапалғанұлының Мәндия деген сұлу қызына күйеуін үйлендірген...
Пенде маңдайына періште ана құрсағында-ақ көрер бақыты мен михнатын жазып кетеді дегенге сенбесең де болмас! Сәлиханды үлкен-кішінің барлығы еркелете төбелеріне көтеріп жүріп, атын Сәли атандырып кеткен. Несін айтасың, тағдырдың тауқыметі де мысықтабандап баспалап, аңдып жүрген тәрізді. Айталық, Сәлидің іштегі кезі болатын. Оның әнші, қиссагер, әңгіменің майын тамызатын шешен, жұмысқа пысық, жалындаған өжет әкесі аяқ асты сал аурумен төсек тартып қалған. Ол кезінде қытайлар мен ұйғырларға да жалдана жүріп тілдерін тамаша меңгерген зерек, саудаға да епшіл жан еді. Сәли алты айлық шағында, олардың мүшкіл халдеріне ерек күйінген ақылман үлкендер ақылдасып: «Сәдуақас енді екі бірдей әйелін баға алмайды. Мәндияның бағын байламай, қызы Гүлжауармен бірге басын босатайық. «Тесік моншақ жерде жатпас». Бағы жанын, жанын бағып кетер. Ұрпақ үшін Сәлиді әкесіне қалдырайық!» – деп шешкен. Олардың ұйғарымы – заң. Отбасы осылай тарғалаңға тап болған. «Жетімдік тағдыр жетті ептеп, қабағы қату түксиген» деп Қасым Аманжол жырлағандай, Сәлидің кесапаты кесірлі күндерге кездескен сәби шақтары есінен кетпейтін. Ол балалығын былай елестетеді: «Менің төрт жас кезімде әкем жамбасынан тесілген құрт ауру екен. Үлкен-кіші дәретін жатқан жерінен алатынбыз. Соны далаға мен төгуші едім. Қатыгез тұрмыс мені тез есейткен сыңайлы. Алтыға шыққанымда әкем ем-домның көмегімен далаға еңбектеп шыға алатын халге келді. Кіші әкем Қалибектің үлкен қызы Шәмсия әпекем оқуға түскенде, «мен де барам!» деп жабысып жүріп 1-сыныпқа кірдім. Кіші әкеміз әкемді ептеп атқа мінгізеді де, мені артына мінгестіріп жібереді. Мектепке барғанда ересек оқушылар немесе үлкен адамдар екеумізді де аттан түсіріп алатын. Әкем мектеп қасындағы үйлерде мені күтіп отырып алып қайтатын. Маған үнемі «жақсы оқысаң, болашақта кадр боласың!» деп көп айтатын. Мен сол кездегі көк киім киетін кадрларға еліктеп, «кадр болсам!» деп армандайтынмын. 3-сыныпты ауданнан оқи бастадым»...
Бала Сәли ес білгенде, әкесі екі балдақпен жүре алатын болған. Ол «баламды оқытам» деп қырдан ауданға көшіп келді. Олар есік-терезесі жоқ, төрт қабырғалы, төбесі ғана жабылған үйде тұрды. Есігіне киіз ұстап қоятын. Әкесі кішкентай сандығымен көшеде ұсақ-түйек заттар сата бастаған. Қыста Қадырахұн деген саудагер ұйғырдың бір ауыз үйін майлап қыстан шығатын. 1953 жылы Құрбан айтта ішінен күйдіргі шыққан әкесі ол дүниеге аттанған. Сәлиге кіші әкесі Қалибек қамқорлық еткен. Ол Сәлиді 9-сыныптан кейін оқудан шығарып алып, қошқар, сиыр бақтырып қойған. Қыста өндіріс ұжымының қосымша жұмыстарына жегіліп, мықты егінші болуға айналған. Сол кезде үздік оқушының мектептен шығып қалғанына бола Шәуешек ұлдар орта мектебінен ауданға қайта-қайта шақырту келе берген. Ақыры 1959 жылы наурызда оқуына қайта оралып, 10-сыныпты үш-ақ ай оқыған соң, Шыңжаң институтына қабылдау емтиханына қатысқан. «Жалғыздың жары – Құдай» демекші, «Отан» атты төрт шумақ өлең жазып беріп қабылданып кеткен. 1960 жылы аталған институт пен Шыңжаң педагогикалық институты бірлестіріліп, Шыңжаң университеті болып құрылған. Сәкең аға сонда тұңғыш ашылған 5 жылдық қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің толық курсын бітірген.
Табанды да талантты студент мемлекет қамқорлығында үздік оқыды. Кейде жаздық демалысқа тарағанда, Толы ауданына ақшаның жоқтығынан қайта алмай, қалада жалданып жұмыс істеуге мәжбүр болған. Оның университеттегі үздіктігі мен ақындық дарыны ескерілгендіктен, бітіре салысымен Шыңжаңдағы бірден-бір әдеби журнал, қазіргі «Шұғылаға» жұмысқа тұрған. Ол әдебиет пен мәдениеттің ошағы саналған аса мәнді де мағыналы ортада жан-жақты ізденумен, толысумен жасампаздықтың сан қилы соқпақтарынан өтіп, қыран қанатын қиырларға талмай қаға білген. 2002 жылға дейін табаны күректей 38 жылын қазақ әдебиетіне арнаған. Оның ішінде поэзияға, балалар әдебиетіне, көркем аудармаға, прозаға, сыни және қоғамдық танымдық мақалаларға, ән мәтіндеріне баса ден қойған. Оқырман сүйіп оқыған қыруар кітаптардың авторы атанған. «Аға редактор» (профессор) деген ғылыми техникалық-кәсіптік атаққа да қол жеткізген.
Сегіз қырлы, бір сырлы ақын аға
Ақындық деген ғайыптық қасиетке ие тылсым тұғырға талпынған Сәкең аға, ғаламат сырларына іңкәрлықпен үңіле түскен. Бір өлең жазса да сары алтындай салмағын саралауға дағдыланған. Тоқтаусыз мөлдір ағыстай мың бояулы, сан әуенді мелодияға ие нәзік те кірпияз лирикаларымен мәйектелген жырлары жылы қабылдана бастаған. Ағалары алдына үйіп-төгіп тастайтын әр жанрдағы туындыларды оқып, саралап, өңдеуі, әсіресе поэзияға басымдық беруі қауырсындарын қатайтуға ғажап серпін бітірген. Редакциялай жүріп жазу, жаза жүріп өңдеу тастай жауапкерлікпен шегенделуіне берік негіз қалаған. Жарық көре бастаған өлеңдерінің әр тармақ, буын, бунақтарына дейін жел кірместей нығыздалған боп көзге түскен. Логикалығы мен тереңге тартатын философиялық иірімдері бөлекше ойларға жетелейтін, толғандыратын. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, шып-шымыр болса тегіс айналасы» деп Абай айтатын талапқа дөп келетін жырларын еліне молынан беруге ұмтылған. Сонысымен де оқушысын еселеп баураған күміс қоңыраулы, олжалы керуендей тізбектелген 10-нан аса өлең-дастандар кітабын жұртпен жүздестіріп үлгерген. Әр шепте ерен еңбек сіңірген тұлғалардың адамдық болмыстары мен ішкі жан-дүниелерін көркемдікке көтере жырлаған поэмалары да жетерлік. Жалпы 30-дан астам поэма, 20-дан астам балладасы жарық көрген. Бұлардан тыс, «Отынбай мен Шекпен қыз», «Геройым менің» деген жыр кітаптары баспадан шығу алдында. Солтан Жанболат пен Әуелхан Қали деген ірі ғалымдар бұл өлеңіңде бір романның бастан кешер тарихи шындығы жатыр деп бағалаған «Құлақ туралы жыр» деген өлеңіне зер салалық:
Тоқтағандай болдырып сұр құнаным,
Шықты мүлдем керектен бір құлағым.
«Осы емес пе белгісі қартаюдың...»
Деп әзілдеп қағады құрбыларым.
Жастық ажар кеткелі безіп беттен,
Жүрген едім бұл дертті сезіп көптен.
Бұл байқұста күнә жоқ, өйткені ол да
Елу жылдық айқайдан тозып кеткен...
Жорғасындай тайпалтып қаракердің,
Тыншытпапты бір күн де талабы елдің.
Тозған ерте сондықтан, құлақ тұр ғой,
Тозбады ма өзі де қара жердің?!
Елу бес жыл жүк артып сенім нарға,
Мен бармаған тау, дала, шөлім бар ма?
Ақсамаспын құлақтан,
Жарым ғасыр,
Жасағанда тозбаған жерің бар ма?!
Тозды жүйкем, бірақ та сескенбеймін,
Әлде талай мықтыңа дес бермеймін.
Орта ауылдан солай да шеткі ауылдың,
Сар жұртына жылыстап көшкендеймін...
Құрбыларға оңайлық сөз бермеймін,
Оңашада өзімді безбендеймін.
Алдым сиреп барады, содан ба екен,
Жүрегімнен бір кәдік сезгендеймін...
Төктірем деп жүректен жыр қуатты,
Мың күлдірді, тағдырым мың жылатты.
Енді отырмын мінеки келер жұртқа,
Жүк қып салып жіберіп бір құлақты.
Күл сияқты бұрқылдап түйе шөккен,
Арылсын ба бұл қоғам сұм өсектен?
Соған кейде ойлаймын, керең болу,
Жөн бе екен деп ертерек бір есептен!!!
Шыңжаңда көп ән мәтінін жазғандардың бірі Сәкең аға. Орталық және өлкелік қазақтілді радио толқындары мен телеарналардан оның мәтіндеріне жазылған 120-дан аса әндері үзбей шырқалуда. «Анадан ұлы жан бар ма?», «Таңдарым қандай?» қатарлы 8 ән мәтіні мемлекеттік және өлкелік жабық түрде өткізілген ән байқауларында алдыңғы дәрежелі жүлделерге ие болған. Мәтіндеріне бір өзі 26 ән жазған адам – Шыңжаң педагогикалық университетінің музыка ұстазы, профессор композитор Бағдат Естемес. Шыңжаң қазақ радиосының әйгілі дикторы, әнші, сазгер Тұран Құсайынқызы мәтініне жазып орындаған «Аумапты» әнінің алар орны ересен! Бұл әнді жұрт тегіс жатқа біледі десем, артық айтқандық болмас. Халық әніне айналып кеткен. Осы әннің мынадай бір ғана тәтті шумағын жаза кетейін:
Қызғалдақты көруші едің,
Көп аралап бау-бақты.
Күлкі үйірілген ернің сенің
Сол гүлдерден аумапты...
Прозаның талғамы да, ауқымдылығы да өзгеше. Қазақ әдебиетінде әсіресе XX ғасырдың бас шенінен басталған проза жанрларының өркендеуі ғаламат тез болғаны аян. Сәкең аға – барлығына жүк салған қарымды қаламгер. Мерзімдік басылымдарда жарық көргендерін былай қойғанда, эссе-хикаялардан тұратын «Тағзым» мен «Пешене» атты кесек романы баспадан әне-міне шыққалы тұр.
«Әдебиет жоқшысы» – жастардың қамқоршысы әрі жанашыры
Ол әдебиетке әуес, қалам тербеп жүрген жастардың бірден-бір жақтаушысы, қамқоршысы болған адам. Ол жастар шығармаларын үнемі жариялап, үлкен шабыт сыйлайтын. Сыни мақалаларында көбіне жастарға бағыштаған. Қарша бораған хаттарына да ерінбей-жалықпай тұщымды жауаптар жазатын. Сонымен бірге аға буын қаламгерлерден тартып әр шептегі қайраткерлер мен талантты жастарды негіз етіп, алдына екі-үш реттен мақала арнап жазып жариялаған жанкештілігі, ізгілігі таңдандырады! Сөйтіп, оның қалтқысыз ар өзегінен тебіндеген сындарлы сындары аса үлкен дүмпу тудырғаны белгілі. Сол сыни мақалаларының сұрыпталған бір шоғыры «Тосын толғаныс» деген атпен «Іле халық баспасынан» жарық көрген.
Ол – майталман әмбебап аударушы. Аударма жұмысының өзі де екінші жасампаздық деп мойындалған ұлы еңбек. Елдер мен ұлттардың руханиятын байланыстыратын алтын көпір. Оның ыждағатты майталман аудармашы болуының басты себебі қытай тілімен қатар бірнеше тілді толық меңгерген дара талантынан. Ол Францияның әйгілі жазушысы Бала Диуманның «Гүл таққан бикеш» романын (екі кісі), Шыңғыс Айтматовтың «Жамила» повестін, қытай жазушыларынан «Беташар», «Қырық жастағы төрт әйел», «Төңкерістік комитеттің күзетшісі» қатарлы повестерді қазақшаға аударған. Бұдан басқа қытай, ұйғыр, сібе, моңғол, қырғыз, татардың 40 шақты ақынының қыруар өлеңдерін де қазақша сайратқан. Өзінің де «Домбыра-күй» поэмасы мен бір топ сүбелі жырлары айтылған ұлттар тілінде сөйлеген.
Ол «Шұғыланың» жалына жармасып, ыстығына күйіп, суығына тоңғандардың бірегейі. Көз майын тауысып, жүрек қанын сарқа жұмсағаны да осы журналдың оқырман көңілінен шығуы. Деңгейі әркелкі, ойлары кейде ашық, кейде күңгірт те күрделі, астарлы да екі ұшты, тіпті жұмбақ боп келетін туындылардың ішіне еніп кетіп мәніне жету оны жарау жүйріктей сомдап шығарған. Оның бергі жағында сызылған саяси шеңберлер, қатаң қарауылдар да сергектігін асырған. Қылдан тайса, құрдымға құлап, тозаққа тірідей күйеді. Ол сан қырлы редакторлық домна пеште піскен қырағы, сезімтал, талғампаз. Авторлардың тілін табушы психолог боп та жетілген. Әсіресе қытай қоғамында 1966-1976 жылдар аралығында жалғасқан солақай саясаттың соққысы журналдағы алдыңғы толқын ағаларды баудай жапырған. Алды басына жылан мен доңыздың кескіндері салынған ұзын қағаз қалпақтар кигізіліп, қызыл белсенділердің зорлығы мен тепкісіне тасталған. Арты еңбекпен бақылап өзгертілетін «элементтер» атанып, ауыл-қыстақтарға түсірілген. Журналдың түтіні өшіп, түңлігі жабулы қалған. Жүрек жұтқандар болмаса, есігінен ешкім де сығаламайтын...
Жаны күйзелген Сәкең аға ебін тауып, 1973 жылдан бастап атқа қонған. Ол «байтал түгілі бас қайғы» болған Шыңжаңның түкпір-түкпіріндегі қаламгерлерді жоқтай бастаған. Хаттар жазды, қайта серпілулеріне дем берген. Қисынын тауып келтірген. Журналдан қуылған «қылмыскерлерді» бақылау астында істетеміз деген желеумен қайта үстелдеріне әкеп отырғызған. Қаламгерлердің түсіне де кіруден қалған алғашқы жинақтарға поэмалары, өлеңдері енгізілген. Сөйтіп, өлгендері тіріліп, өшкендері жанғандай болған. Барлығы Сәкең ағаның шебер де сұңғыла ғұламалығы деп білген жөн. Қаламгерлер қауымы жағынан «Сәкең – әдебиетіміздің жоқшысы» деген термин де қалған.
Үміт отын қайта жаққан Сәкең
Оның туған ауданындағы күйзелген қаламгерлерге деген қамқорлығы олардың сөнген үміттерін қайта жаққан. Қарымды ақын, жазушы Ғаппар Біләл марқұм 27 жыл бұрын жазған «Ақын және азамат» деген көлемді мақаласында, редакторлығымен қайнаса біткен айнымас адамгершілігін жеріне жеткізе жазған. Ол 1973 жылдағы Сәкең ағаны былай сипаттаған: «...Мүмкін, адамзаттың Қызыры Қыдыр болып дариын дегенде, тек ақ сақалды шал бейнесінде тұлғалана бермей, бір ауық жасаңғырап, әлі де толыса қоймаған, сидам, сұңғақ денелі, сұлуша біткен, қара көзді, қара торы жігіт болып та елестейтін шығар?!».
«Ақын болу – өз еркің, азамат болу – борышың» деген қағидат адам мен ақындықтың шек-шекарасын айқындайтын аксиомалық тұжырым сияқты. Білдей бір әдеби басылымды меңгергендердің, «ақын» аталып алшаңдағандардың ішкі өзегіне үңілгенімізде, кейбірінен кісілік пен кішілікті байқап, жанымыз семіреді. Сәкең ағаның мызғымас бірқалыпты талғамды мінезінен ақындықтың аршылдығымен бірге адамдықтың өскелең берік іргетасын сеземіз. Ол сонау рухани, экономикалық күйден тұралаған қоғамның қиындық қыспағында-ақ көзге ерте түскен тұлға. Қытай мемлекеттік ғылым-техника маманы, жазушы, журналист, фольклоршы Оразанбай Егеубай марқұм Тарымға айдалған. Әйелі Ментай еңбекке жегілген жерде ауыр жараланып, Үрімжідегі Бірінші медицина институтына емханаға түскен. Оразанбайды азаматтар лагерьден әзер шақырттырып, әйеліне жасалатын операцияға қолын қойдырған. Олармен оның алдында ғана танысқан Сәкең аға Ментай жеңгесіне де барып қарасып тұрған. Ақшадан қатты қысылған Орекең емхана маңында 100 грамм қанды 37 юанға сатып алатындарды тауып, неше дүркін соларға қанын сатқан. Жан төзгісіз бұл аянышты халін көрген Сәкең аға көп көмек көрсеткен. Оның өзгелерден көп кездесе бермейтін, біреудің қиындығына жан аямай атсалысатын қасиетіне өзім де сан мәрте куә болғам...
Солшылдықтың бораны басылып, көктемнің жылы шуағы қайта төгілген шақ. Бақылаудағы Қаусылқан Қозыбай, Рақметолла Әпше, Мақатан Шәріпхан, Омарғазы Айтан қатарлы марқасқа ақын-жазушылар журналға қайта оралған. Жер-жердегі қаламгерлер жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаулай түсіп, бой көрсетті...
Сәкең ағаның қаламгерлік пен редакторлықтан тыс, қайраткерлікпен рухани қат-қабат жұмыстарды басқару жағында аса қомақты рөл атқарғаны бар. 1994 жылдан бастап Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі атқаратын жұмысты өзі жеке әкімдердің тілін тауып жүріп қаламгерлердің шығармашылық мерейтойларын өткізуге бірден-бір мұрындық болған. Мәселен, Бір Толы ауданынан шыққан Қаусылхан Қозыбай, Омарғазы Айтан, Ғани Саржан, Ғаппар Біләл, Қажыбек Төтекин, Ғизат Сейтқазин, Сейтхан Қалилардың мүшел жастарына орай шығармашылық мерейтойларын салтанатпен өткізіп берген. Бұлардан өзге басқа аудандарда туылған Рахметолла Әпше, Зейнолла Сәнік, Оразанбай Егеубай, Мақатан Шәріпхан сияқты қаламгерлердің де тойларын басқарған. Осы іс-шаралардың деніне мен де «Іле газетінің» журналисі ретінде шақырылып, көлемді мақалалар жазғам. Сәкең аға төрт адамдық жұмыс тобын жасақтап, бала кезінде өзіне ұстаз болған марқұм Омарғазы Айтанұлының 10 томдығын құрастырып баспадан шығарған...
Әдебиетсүйер әр жастағы қаламгер қауымның ыстық ықыласына бөленген Сәкең ағаның да 55, 70, 80 жылдық шығармашылық мерейтойлары Үрімжі қаласында, Толы ауданында дүркіреп өткен. Жұрт қошаметтеп ат мінгізіп, атан жетелеткен. Мемлекеттік құзырлы орган басшыларынан Темір Дауаматтан бастап, шоқтығы биік ғалымдар мен көрнекті тұлғалар ыстық лебіздерін білдірісіп, шынайы құттықтасқан. Оған арналған жырлар да жаңбырша жауған. 70 жылдығында Нұрлан Әбділдаұлы арнаулардан «Көңіл шуағы» деген кітабын, 80 жылдығында қызы Гүлнәр Сәли «Көңіл шуағының» II, III кітаптарын құрастырып шығарған. Сәкең аға ақылшы болған «Сұржекей» атты сайттан «Өшпес іздер», «Бір ақын – бір әлем», «Ел есіндегі егейлер» деген 3 айдар ашып, әр жастағы айтулы адамдарды сонда күні бүгінге дейін таныстырып келген. Тағы да бас ақылшы болған «Береке» сайтындағы қаламдастары 80 жасын және шығармашылығын кеңінен тойлаған. Ел-жұрты оның әдебиеттің әр сала, әр жанрынан жазған, аударған шығармаларын тәптіштеп оқып, қызу талқылап, өнеге тұтып келген. Жас таланттар ұстаз ретінде өлеңдерін өңдетіп, пікірін тыңдап, жақсы жазуға шабыт алатын. Оның барлығынан бас тартып көрген емес. Шығармалары туралы өзгелердің жазған мақалалары да бірнеше кітап болып шыққан. Олардың ішінде Солтан Жанболат, Шәкен Оңалбай, Оразхан Ахмет қатарлы ғалымдар мен мүйіздері қарағайдай қаламгерлер де бар. Бұл күнде Қазақстандағы танымал қаламгерлерден Алмас Ахметбек, Тұрсынхан Зәкүн, Мұрат Шаймаран, Дәулетбек Байтұрсын, Серік Нұғыман, Керім Елемес, Лаззат Игісін Иманғазы Нұрахмет, Нұрхан Солтанбайлар сол Сәкең ағаларынан қамқорлық, шапағатын көрген шәкірттері.
Сәкең ағаның алдынан шығармасы өтпеген авторлар кемде-кем. Ол редакциясын қараған 30-ға тарта шығарма мемлекеттік және өлкелік сыйлықтарды иемденген. Сондай-ақ өзі «Жаңа дәуір әдебиетінің үздік редакторы» деген даңқ куәлігін де еншілеген. 1983 жылы Мәскеуде өткен Халықаралық кітап көрмесіне оның «Бәйшешек» кітаптары қатынастырылған. 1991 жылы «Базарлық» кітабы өлкелік балалар әдебиетін бағалауда үздік туынды сыйлығын жеңіп алған. Ойранды он жылдан соңғы тұңғыш өлке бойынша шығарма бағалауда «Қуаныш жырлары» деген циклі I, өлкенің 30 жылдық торқалы тойында «Тік сызық» атты өлеңі II дәрежелі сыйлыққа ие болған. 2013 жылы Қазақстанда «Өмір-ай, өмір» және балаларға арналған «Ақ лақ» сынды екі таңдамалы жыр кітабы жарық көрген. 2002 жылдан бері «Жұлдыз», «Жалын», «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Таңжарық» журналдары мен «Қазақ әдебиеті», «Қазақ елі», «Жас Алаш», «Qazaqstan dauiri» газеттерінде мақалалары, өлеңдері, поэмалары жарық көріп келеді.
Сәкең ағаның деніне саулық, шығармашылығына толағай табыстар тілеймін!
Болат ӘКЕЖАН,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі