Нашақорлық қазіргі таңда қоғамның ауыр дерті болып саналады. Яғни ғалымдар бас қатырып жатқан бүкіләлемдік ғасыр індеттерінің бірі десек те болады.
Адамзат бар жерде нашақорлық ешқашан жойылмайды деген шешім қабылдап отыр. Шетел ғалымдары оны өркениетпен қатар жүретін жегіқұртқа теңеуде. Нашақорлық – наркомания (грек тілінен narke – мелшию және mania – ессіздік, құтырыну) – есірткі заттарға патологиялық үйренудің нәтижесінде пайда болатын созылмалы ауру. Нашақорлықтың кесірінен адамның ішкі мүшелері мен асқорыту, жүрек, жүрек тамырлары, жүйке, эндокриндік жүйелер де зақымдалады. Нашақорлық ауру сияқты, дегенмен онымен адамдар сау басына сақина тілеп, көбіне өз еріктерімен сырқаттанады. Әрбір нашақор адам жылына кем дегенде 4-5 адамды осы әрекетке тартып, ауруын таратады. Қазақстанда ресми дерек бойынша есірткі тұтынатын 48 000 адам есепте тұр. Өкінішке орай, ресми емес деректе олардың саны 350 000-нан астам екен. Есірткіге тәуелді жандардың 27%-ы 12-16 жастағылар болса, 42%-ынан аса 17-26 жастағылар.
Қазіргі кезде есірткіні жастар ғаламтордан немесе түнгі клубтардан оңай жолмен сатып ала алады. Басында сатушы өзіне тарту үшін есірткіні тегін ұсынады. Кейін нашаға тәуелді болған соң, қыруар ақша сұрай бастайды. Сөйтіп, нашақорлар қалағанына қол жеткізу үшін ұрлықпен айналысып, жұртты тонап, түрлі қылмыстық істерге барады. Нашақорлық әдетте адамдардың есірткіге деген қызығушылығынан басталады. Іші пысып, жаңа әсерді сезінгісі келген жас бір рет дәмін татып көрген соң, оны нашақорлық тарта береді. Біртіндеп өзінің тәуелді болып қалғанын сезбейді. Кейде жанына жақын адамдар тарапынан махаббат пен жылулықтың болмауы, сондай-ақ ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушіліктердің әсерінен осындай сырқатқа шалдығады. Кейбіреулер есірткінің әсерімен отбасындағы мәселелерден және жағымсыз эмоциялардан шыққысы келеді. Депрессия, бақытсыздық, мазасыздық және өз күшіне сенбеушілік. Өз-өзін төмен бағалайтын немесе басқаларды өзінен жоғары санайтын адамдарда депрессия, бақытсыздық, мазасыздық және өз күшіне сенбеушілік сияқты қасиеттер болады. Олар еш нәрсеге қызықпай, өздерінше өмір сүреді. Сөйтіп, ауруын басатын жолдарды іздеп, арақ, темекі, есірткі сияқты зиянды нәрселермен әуестеніп кетеді. Нашақор есірткіні қабылдауды тоқтатқаннан кейін қатты шаршау, ұйқышылдық, депрессия басталады. Ағзаны қайта қалпына келтіру үшін есірткіні қайта қолдана бастайды. Нашақор біртіндеп өзінің өтірікші, дөрекі және өзімшіл адамға айнала бастағанын білмей де қалады. Біртіндеп ойлау қабілеті төмендей береді. Достарының сенімінен кетіп, туған-туыстарынан айырыла бастайды. Айналасында өзі секілді наша шегетіндер ғана қалады. Олар есірткі табу үшін барлық әрекеттерге дайын, тіптен адам өлтіруге де барады. Зерттеулер бойынша нашақорлардың көбісі қауіпті қылмыскерлер болып есептеледі.
Есірткі пайдаланғандар мынадай қылмыстық жазаға тартылады:
1. Өте ірі көлемдегі есірткі контрабандасы үшін 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға;
2. Оқу орындарында және кәмелетке толмағандарға есірткіні сатқаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға;
3. Ұйымдасып кәмелетке толмаған екі немесе одан да көп адамдарды, сондай-ақ күш көрсетумен есірткіні пайдалануға тартқаны үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға;
4. Есірткіні пайдалануға тартып, соның негізінде адам өліміне әкеліп соққаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша іске асырылады.
Нашақорлықпен күрес – баршамыздың міндетіміз. Бұл – қазіргі қоғамның ең өзекті проблемаларының бірі. Ол үшін баспасөзде және электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке есірткінің зияны мен зардабы жөнінде тұшымды ақпарат бере отырып, есірткі пайдалануға және нашақорлыққа қарсы насихаттау жұмыстарын күшейту керек. Нашақорлықпен күресу – қиын әрі үлкен төзімді қажет ететін ұзақ жұмыс. Ол үшін емделушінің отбасы барлық күш-жігерін салып қолдау көрсетіп отыруы керек.