ӨЛЕҢ – РУХТЫҢ НӘРІ МЕН ДЕМІ

ӨЛЕҢ – РУХТЫҢ НӘРІ МЕН ДЕМІ

Мэлс Азыйұлы Қосымбаев – филология ғылымдарының кандидаты,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,

Мемлекеттік Дарын сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Айтыскер ақын, ұстаз.

Қарапайым дереккөздер, энциклопедиялық анықтамалықтар мен  өмірбаяндық өлшемдерінің өзі бір жігітке жүк болғандай ауыр да айшықты. Мэлс  дүркін-дүркін дүбірі дүниеге естілген жер-жаһандық айтыстардың, алашқа атой салған соңғы отыз жылдағы адал жиын, ақ тілек, аламан бәйгелердің Ақтаңгері! Қайыртпай кеткен Қашағанның, нұрдан жаралған Нұрымның, сұңғыла сырдың тиегі – Сәттіғұл менен Сүгірдің, қауырсын қанат өлеңнен қайқы қылыш жасаған Қалнияз салған сүрлеудің – көкмойнақ тектес Құлыны!

Бірақ, дегенмен, айтыс өнері сырттай сүйсініп қызықтай салатын қызыл сөздің қырманы емес, ұлттық рухтың, қоғамдық құрылымның, бұқаралық көңіл күйдің ажары. Айтыс – ақиқаттың базары.

Әркім қабылдау дәрежесіне қарай керегін алады.Талант – тағылымның жаршысы. Мэлстің өнер жолындағы санамызға сіңісті болған өзіндік үні, еліне деген перзенттік махаббаты, дербес көзқарасы, алғаусыз  пікірі, аса көркем де батыл ой, баянды қалыбы, тұжырым-тіркестері, оқыс  теңеулері, ұялы ұйқастары, ұтқыр жауаптары, жебедей сын сөздері, жібектей әзілдері бізге осыны ұқтырып келеді. Ерекше мінез, қызу қаннан қуат алған еркіндік және бесігінен берекет кетпеген тектіліктің тел қанаты: «Әп!..» дегеннен көк зеңгірге көктей қалықтатып, жыр сүйер қауымның көңіл құшағына бөледі. Алайда атақ-даңқтың шырғау-шырғалынан бойын аулақ ұстаған киелі сөздің иесі, кіршіксіз үміт, келелі мақсаттың даңғылына түсті. Білім мен еңбекке бет бұрды. Жүрек қалтарысына біткен шыңырау – шығармашылықтың, талғампаз тазалықтың, сөз-салтанат, өлең патшалығына деген дегдарлықтың ләззатынан нәр ала білді, өзгені де сусындатты. Арқалы ақынның шығармашылығымен таныспын.

«Қасқырдың Арғы тегі – Қазақ шығар» атты жыр жинағын оқып отырмын.

Арнаулар мен толғаулардан, тарихпен тіндескен Тәуелсіздіктің жансебіл  иірімдерінен тұратын жырларына куә болдым. Құрсаулы руханият пен құбылмалы заманның белестері, адамзатқа ортақ ақыл-ой мен сананың мәңгілік майданы сағымдай көшіп, көз алдыңнан өтіп жатады.

 

«...Алыптың анасын да, баласын да,

Қазақтай қасиетті халық туған!» – деп ақынның өзі айтқандай, ұлт құрсағы құрғамасын, халықтың сөзін сөйлейтін қара нардай ұл-қыздары көп болсын.

Ұлт пен ұлы тарихтың үркердей жұлдыздарына саяхат жасағыңыз келсе, Мэлстің осы аталмыш жыр жинағын бір деммен оқып шыққаныңыз дұрыс болар.

«Ғазалмен тербетсін деп ғашықтарды,

Табиғат жасап берген талдан қайық.

Ауылдан келген қыздай аңқаусың ғой,

Қаланың ортасында қалған Жайық!» – деген екен Мэлс ақын, бір өлеңінде. Сол Жайық – Сол Өмір.

Қос жағалауға қол бұлғап жалғаншыдан өтіп бара жатырмыз. Өмірдің шындығын өлеңнен ізде, Оқырман! Поэзия!.. Сен қайдасың?.. Шөлдедік... Шер мен шеменнің, шідер мен көгеннің бордақы-бодан құрбандарымыз, біз – Адамзат!.. Өмір – шын өнердің еншісінде. Тамырын тереңге салған жар басындағы жалғыз ағаштың  жапырағы жан біткенмен сырласып, үп еткен самалға үн қосып, жолаушыны жібергісі келмейтіні секілді, жақсы кітап та құлыптаулы есіктей, құндақтаулы бесіктей босатпайды, баурай түседі. Таңғы шықтай мөлт ете қалатын әсем теңеу, әдемі тіркес, метафоралық тәсілдер және астарлы ұғымдар ойыңды он саққа жүгіртеді.

 

Мэлс:

«Саясат пен Парасат парласқанда,

Төңкерілген бұлт қашар, төнген басқа».

Бозаңдағы бозторғайдай ақын ғана осылай шырылдап тұр, бірақ, адамзат: Саясат пен Парасаттың арасына қамал салып алып, соғыстың өртін үрлеп, қайғының қара бұлтын қоюлата түспек. Өнер – бейбітшілік пен түсіністіктің айдыны.

Өлең – рухтың нәрі мен демі.

Сонау жылдары бұйра шашы бұрқырап Мэлс Қосымбаев айтысқа шыққанда

өрелі сөздің өнегесі мен жеңіске деген көрерменнің сенімі сахна төріне бірге шығатын. Жанартау-жүрек бұлқынып, Тәуелсіздіктің таңымен бірге Шолпан жұлдызындай шоғырдан бөлек көріне бастаған еді. Жылдар жылжып өтті, талант толысты, томағасын сыпырған қырандай талай топтың ішінде найзағайдай жарқылдап намыстың туын көтеріп, елге емен жарқын оралды. Өмірден тәжірибе алды. Орнықты ой-пікір айтып, көрнекті қоғам қайраткеріне айналды. «Дүние тұрғанша тұр, Қазақстан!»,  «Тәуелсіздік басталған Домбырадан», «Азаттығын сақтаған азуында», «Тұранның ойпатында тұлпар мінген» т.с.с. толғауларды оқығанда кемеліне келген азаматтың, айтулы ақынның жан-әлемін сезіне бастайсың, ғибрат аласың.

АМАН ЖҮР, АЛАШТЫҢ АЛШАҢГЕРІ!

Сабыр АДАЙ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Махамбет сыйлығының лауреаты. Ақтау қаласы
25.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 195
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 189
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 698
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 821
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 734

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8889
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8284
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11512
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9268
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10496