Өлеңмен өрілген ұстаздық жол

Өлеңмен өрілген ұстаздық жол

 

Бекқожа Жылқыбекұлы 

филология ғылымдарының кандидаты, 

әдебиеттанушы, ақын, аудармашы. 

 

Әуелгі сұрауды еңбек жолыңыздан бастасам деп отырмын. Арғы бетте жүргенде де ұстаз болдыңыз ба?

-Мен 1980 жылы ҚХР Іле аймағы Тоғызтарау ауданы Тікарық ауылындағы 3 орта мектепті бітірген соң, Шыңжаң унверситетінің Тіл-әдебиет факултетіне оқуға түстім. 

1985 жылы оқуымды аяқтағаннан кейін Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық инстутында тіл-әдебиет мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге «Жазушылық білімі», «Қазақ әдебиет тарихы» және «Осы заман қытай әдебиеті» қатарлы сабақтардан дәріс бере бастадым. Осы жылдары Бейжің қаласындағы танымал оқу орындарының бірі Орталық Ұлттар инстутында білім жетілдірумен бірге Сандоң педагогикалық университетінің магистратурасында арнаулы «Қытай әдебиеті» мамандығы бойынша білім алдым. Бұдан ары ғылыми-зерттеу бағытымды одан ары айқындап, «Өлең теориясы» саласында ізденіс жасауға кірістім. Сөйтіп 1995 жылы атажұртқа қоныс аударған соң да, осы тақырып бойынша филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаевтың жетекшілігімен «Қазақ өлеңі: көркемдік және дәстүр жалғастығы» атты тақырыпта кандидаттық диссертацияны солақай саясаттың содыр кедергісіне қарамай арты-артынан екі рет қорғап жүріп, филология ғылымдарының кандидаты атандым. Өкінішке орай «Идеологиялық бетбұрыс кезеңі: егемендік алғаннан кейінгі қазақ өлеңі және жаңа дәуірдегі қытай поэзиясы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғауға арналған ғылыми еңбегім дайын болып қалғанда ғылыми еңбекті қорғаудың көне жүйесі жабылып, PhD докторлық жаңа жүйе оның орнын басты да, еңбегіміз жол ортадан үзіліп қалды. Алайда оны реттеп, жүйелеп, жаңғыртып және толықтырып «Өлеңнің өзегі» атты монографияға айналдырып, өлең өнерінің қыры мен сырын білгісі келетін оқырмандарға ұсынғаныма бек қуаныштымын. Әне сол секілді қазақ, қытай тілі мен әдебиеті жайлы ғылыми зерттеу жақтағы еңбектерімнің де оқулық және оқу құралдары ретінде үнемі арты-артынан жарыққа шығып жатқандығын ескере отырып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіміздің 2023 жылдың 28 сәуірінде менің 60 жылдық мерейтойыма орай «Қазақ, қытай тілі мен әдебиетінің даму беталысы» атты халықаралық ғылыми-тәжірібиелік конференция өткізуді жоспарлап отырғандығы мені шабыттандырды десем болады. Міне, бұл ұзақ жылдық ғылыми зерттеу мен оқу-ағарту саласындағы ершімді еңбектің елеп-ескерілгендігінің нәтижесі.

Елге келгеннен кейін бірден жаңа ортаға сіңіп кету оңай болмаған шығар?

-Атамекен табалдырығын 1995 жылы 16 қаңтар күні тұңғыш рет аттап, киелі топырағына аяғым тиген соң, менен бұрынырақ келген біраз азаматтардың жолын қуып, «үштің» бірінің құйрығын ұстауыма тура келді. Ол – қара базарды жағалап, сауда-саттықпен шұғылдану немесе ақпарат саласында жұмыс істеу және жоғары оқу орындарының біріне ізденуші болып қабылдану еді. Саудамен сан қайнаса сорпам қосылмайтын мен үшін ақпарат саласында жұмыс істеуден көрі, өзімнің тіл-әдебиеттану мамандығым бойынша жұмыс істеу әлдеқайда тиімді болатын. Сол себепті әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің филология факультетіне ізденуші болып қабылдандым. Атын естіп, кітабын оқып жүрген аты Алатаудай ғалым ағаларымызды күнделікті кездестіріп, оларға ізденуші шәкірт болғаныма қатты қуандым. Жатахана және шәкіртақы мәселесі шешілген соң, ресми оқу-ізденуге кірісіп кеттім.

Мені өз қамқорлығына алған қазақ еліне аты мәлім тіл ғалымы болды. Ол кісінің кафедрасына барып, әңгімесін тыңдап, қосымша орыс тілі, философия қатарлы сабақтардан дәрістерге қатыстым. Сонымен бірге болашақ зерттеу тақырыбына бағыттап әңгімелер айтатынбыз. Алайда, әңгіме әуені соңғы кездері ақша жаққа көп ауып кететін болды. Ақшаң бар ма? Маған ақша керек еді? Маған қашан ақша бересің? – деген секілді сөздерді ести берген соң, шәкіртақымен әрең күн көріп жүрген менің ол кісіден көңілім қалып, кейін іздеп бармайтын болып алдым. Ол ағаймен арамыз барған сайын суып, аспирантураға түсу ниетімнен айнып қалдым.

Сөйтіп жүргенде ақын, сазгер, марқұм Ермұрат Зейіпхан досым екеуміз Түркістанға барып, саяхаттап қайтуға келістік. Онда барған соң, Халықаралық қазақ-түрік унверситетінде оқып жатқан Әбілқайыр, Әбілбашар деген Қытайдан келген студенттермен танысып, Қожа-Ахмет Яссауи кесенесі, Арыстанбаб, Сауранның көне қала орны қатарлы жерлерде бола жүріп, Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ғылыми-зерттеу институтының меңгерушісі, профессор Мекемтас Мырзахмет ағаға сәлем бере бардық.


Ол кісі бізді өте 
жылы қабылдап, ұзақ әңгімелесті. Қытай қазақтарында тұнып тұрған ауыз әдебиеті мен қазақтың салт-дәстүріне қатысты материалдардың мол екендігіне қызығатынын айтып, екеумізді жұмысқа қабылдауға келісті. Ерекеңнің Алматыдағы Әуезев атындағы драма театрда істеп жүрген кезі болатын. Жылы орнын суытқысы келмеді. Ал мен бірден келісімімді беріп, сонда ғылыми жұмысымды жалғастыруға бел байладым. Осы барыста саған өтірік маған шын дәу қара сумкамен бір сумка құжат жинап жүріп, алдымен ықтиар хат алып, одан соң ҚР - ның азамттығына бір жарым жыл дегенде әрең зорға қол жеткіздім. ҚР азаматтық куәлігін алған күнгі қуанышымда шек жоқ. Ермұрат Зейіпханұлы марқұмның жатағында ҚР-ның азаматы болғанымызды таңға дейін тойлағанымыз әлі есімде. Ол кездегі кедергілердің қасында қазіргі азаматтық алудың кедергісі түкке тұрмайды! Сөйтіп ортаға тез сәйкесіп кеттік. Ортаға сәйкесу тіл табысудан, сыйластықтан және мінез-құлықтан екенін аңғармаған адам үшін сол ортада өмір сүру өте ауыр болатыны белгілі.

Шығармашылығыңыз туралы айтыңызшы. Сізді ақын ретінде танитындар көп. Жалпы ғылым және әдеби шығармашылығыңыз туралы тоқталсаңыз.

-Әдебиеттану ғылымы ауқымды сала екендігін өзіңіз филология мамандығының түлегі ретінде өте жақсы білесіз. ҚР - ның 1980 жылдардан кейінгі бетбұрысы және Кеңес Одағы кезінде болсын қазақ әдебиетінің әртүрлі жанрлық салалары тың серпінмен көзге түсті десек, қателеспейміз. Алайда, әдебиет тарихы қатаң цензуралық шеңбер ішінде өмір сүрді. Ұлттық мәселе мен қазақтың дүние танымына, сенім-нанымына қатысты шығармалар мен ол жөнінде қалам тербеген қаламгерлер қудаланды, тіпті, жазушылар одағынан шеттетілді. Тек социалистік реализмшілдікті қару еткен қаламгерлердің жолы болды. Мағжан шығармаларының қол-аяғы тұсалып-маталып, Сәкен, Сәбит, Жамбыл секілді ақын-жазушылар жақсы дәріптелді. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ хандығы дәуірінен бергі Дулат Бабатайұлы секілді шығармасы шектелген ақын-жыраулар мен Алаш арыстарының шығармалары қайта қолға алынып, кең көлемде зерттеліп, зерделене бастады. Алайда, қазіргі таңда олардың шығармаларының Алаш идеологиясының тұғыры екендігін мойындау мен дәріптеу жағы жоғары деңгейде қолға алынбай келеді. Сонымен бірге Абайдың шығыстық таным-түсінігі негізіндегі «Толық адам» тұжырымдамасы кең көлемде нәсихатталмай жатыр. Осы мәселелер жүйелі түрде қолға алынатын болса, Қазақ елінің идеологиялық бағыты айқындала түсер еді дей отырып, осы негізде өз шығармашылығым жөнінде де айта кетер болсам, әңгіме көп.

Мен бала жасымнан әжемнің ертегі-әңгімесін тыңдап, өлеңін жаттап өскендігімнен бе білмеймін, халық ауыз әдебиетіне ерекше әуестендім. Кейін есейе келе, жазба әдебиеттің жауһарларымен таныстық. Сөйтіп орта мектептен бастап өлең жаза бастадым. Бірақ оларды ешкімге көрсетпейтінмін. 1980 жылы Шыңжаң университетінің тіл-әдебиет мамандығына оқуға түскеннен кейін, ұстаздарым мен жоғары жылдықтағы әдеби шығармашылықпен айналысатын азаматтардың ықпалымен және кітапхана қорындағы кітаптардан бас алмаудың арқасында өлең жазу машығы күнделікті әдетіме айналды. Сөйтіп жүріп, «Ұршық» атты өлеңім 1982 жылы ҚХР-сы «Іле газетінде» тұңғыш рет жарияланған күннен бастап, өзімді ақын сезіне бастадым да, ары қарай университет қабырғасының өзінде-ақ жас ақын ретінде Шыңжаң қазақ оқырмандарына едәуір танылып қалдым. Міне, сол күндерден бүгінге дейін шабытымды шаужайлай алмай келе жатқан жайым бар. Күні бүгінге дейін «Жалғыз төбе», «Айжарық» «Қос құлыншақ», «Ай анаға сәлем», «Көңілімнің көлеңкесі», «Атқа жеңіл, тайға шақ» «Қара сәуле», қатарлы жыр жинақтарым жарыққа шықты.

Әлі де баспа бетін көрмей жатқан өлеңдерім оқырмандармен бет көрісуге әзірленіп жатқандығын да айта кеткенім жөн болар.              Бұдан тыс оқымыстылар ортасында жүріп, оқып, біліп, тыңдап, қарапайым халық оқытушысы болып дәріс сөйлеп жүрген соң, ғылыми зерттеу еңбегімен айналысыпау мүмкін емес. Университет бітіретін кезде «Өлеңдегі эстетикалық сұлулық» атты дипломдық жұмысымды Шара Таңжарыққызының жетекшілігінде қорғаған күннен бастап, өлең теориясы мәселесіне ден қойып, қытай және қазақ өлең өнерінің өзекті түйіндеріне назар аудара бастадым. Сөйтіп Атажұртқа қоныс аударғаннан кейін алдымда қанша кедергілер болса да, оны ойсырата жеңіп, осы тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты атағын сәтті қорғап шықтым. Осы барыстағы ізденістерім мен еңбектенуімнің жемісі ретінде «Қазақ өлеңінің дәстүр жалғастығы», «Өлеңнің құпиясы», «Өлең өлшемдері», «Өлеңнің өзегі» қатарлы монографиялық еңбектерімді жарыққа шығардым. Бұдан басқа қытай тіліне қатысты «Қытай тілінің әліппесі» «Қытайдың кілттік бейәріптерін жазу дәптері», «Қазіргі заман қытай тіл білімі: тест үлгілері», «Қазақ, қытай, ағылшын, орыс тілдерінде жиі қолданылатын 100 сөз және 666 сөйлем» секілді оқу-құралдарым қытай тілін үйренушілердің игілігіне жарап жүргеніне қуаныштымын. Сондай-ақ ғылыми зерттеу саласымен айналысып жүрген осы жылдар ішінде ел ішіндегі және шетелдегі ғылыми-әдеби басылымдарда жарияланған жүзден астам ғылыми-танымдық еңбектің авторы болғандығыма да шүкіршілік етемін. Сөйтіп жүріп 60 жасқа қалай келгенімізді де сезбей қалыппыз. 60 жылдық мерей тойға байланысты ел-жұрт алдында есеп беруде ауыз толтырып айтуға тұрарлық ештеңе болмаса да, әйтеуір тізбелеп көрсетуге тиісті өз атыма қатысты мәліметтердің болғандығы көңілге демеу, көрер көзге жұбаныш екені белгілі. Сондықтан Жаратушым денсаулыққа дем берсе, әлі де реттелмей жатқан 6-7 томдық дүниені қағып-сілкіп, ілікке аларын оқырмандардың назарына сапалы деңгейде ұсынсам ба деген ойым бар. Бұл арада ғылыми зерттеу мен шығармашылық қимылдың ойы көп, ойыны аз ақыл-ой еңбегі екендігін айта кету де артық болмас.

Бұдан бөлек балалар әдебиетімен де шұғылданамын. Күні бүгінге дейін «Айжарық» «Қос құлыншақ», «Ай анаға сәлем», «Атқа жеңіл, тайға шақ» қатарлы балаларға арнаған қысқа да нұсқа өлең-тақпақтардан құралған жыр жинақтарым жарық көріп, ұрпақтарымыздың игілігіне жарап жатыр. Жақында еліміздің жер-жеріндегі бастауыш сыныпқа сабақ беретін мұғалімдер әлеуметтік желіде және тікелей өзіме қоңырау шалып, өмірбаянымды сұрап, ұрпақ тәрбиесі және шығармашылық жолым жөнінде сөйлеп, ролик түсіріп жіберуімді өтінді. Сөйтсем, Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін 2-сыныптарға арналған, Ә.Е Жұмабаева, Г. И Уайсова, Г.Т Сәдуақас қатарлы мамандар құрастырған, «Атамұра» баспасынан 2022 басылып шыққан «Қазақ тілі» (оқулықтың 26 бетінде ) оқулығына:

Ас алдында қолымды

Жууға ойым бөлінді.

Тазалыққа мән берем,

Мұнтаздайқып өңімді... - деп келетін бір шумақ балаларға арналған өлеңім оқулыққа кіріпті. Міне, мұның өзі де ұзақ жылдан бергі балалар әдеби шығармашылығымен айналысып келе жатқан еңбегімнің жанғаны деп есептеймін. Алайда, әлі де балаларға арналған шығармаларымның толық жинағы шықпағанына өкінемін. Өткен жылы «Жалқау мысық» атты балаларға арналған өлеңдер жинағын баспадан шығару жөніндегі тендерге қатысқамын. Бірақ ешбір баспа орындары ауыз ашпаған соң, біз де үн-түнсіз қала бердік. Шығарма бар, сұраныс жоқ! Ал кітапханаларға барсан, орыс тілді балаларға арналған оқу құралдары толып тұр да, қазақ тілді балаларға арналған оқу құралдары жоқтың қасы. Ұрпақ тәрбиесінің шөлін әлі қандыра алмай келеміз.    

Сіздің қытай ақындарының өлеңдерін қазақшаға аударып жүретініңізді білеміз. Бұл жеке әуестігіңіз ба әлде қазіргі қызметіңіздің қажеттілігі ме?

Аударма мәдениетаралық қарым-қатынастардың тетігі. Онсыз мына жаһандану кезеңінде мәдениетаралық тоғыс та, өзара ықпалдастық та болмайды. Ал көркем әдеби аударма адамзат баласының ортақ рухани қазынасы мен туындыларынан ләззат алудың бірден-бір дәнекері. Өйткені адам баласының ойлау-жүйесімен ақылдық және сезімдік танымы-түсінігі ортақ. Оларды тек ұқсамаған тілдердің биік қорғаны ғана бөліп тұр. Сондықтан әдеби көркем аудармаға көңіл бөлмеу бірсарындылыққа бой алдырады. Басқа рухани әлемнен бөліп тастайды. Қазіргі кезде көп тіл білу мол білім игерудің қайнары болып отыр. Осы тұрғыдан алып қарғанда, шетел тілін үйренумен бірге аударма жұмысымен шұғылдану, әсіресе көркем аудармамен айналысу ұлттық санамызды жаңғырту үшін өте қажетті жұмыстң бірі. Сондықтан көркем аудармамен, нақтылап айтқанда, қытай ақындарының өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетумен 40 жылдан бері айналысып келе жатырмын.

Ал атажұртқа келгеннен соң да бұл жақтағы оқырмандардың қытай ақындарын орыс тілінен аудару арқылы танысатындығын білген соң, қытай тілінен төте аудару жұмысымен айналысып келемін. Соның нәтижесінде, Қытайдың оқу-ағарту тақырыбында өлең жазатын әйгілі педагог ғалымы Чжу Юнсиньнің өзім аударған өлеңдерінің жинағын «Ағартудың ақ таңы» деген атпен «Eurasia-Astana» баспасынан 2022 басып шығарып, оқырмандарға ұсындым. Міне, мұның өзі де едәуір ауыр еңбекті қажет етті. Енді осының бәрі бір жағынан өзімнің ақындық қабілетімді сынап көру болса, екінші жағынан унверситететте сабақ берген соң, сутудеттердің рухани әлемін байыту үшін жасалынып жатқан шаруа деп есептеймін. Мұнда қажеттілік пен әуестік және ұлттық сананы жаңғырту араласып жатыр деуге болады. Мысалы:

Түнерген түн сыйлады

Көрсоқыр көз, 

біздей мұң. 

Қарашықпен қаралы

Ақ сәулені іздеймін. (Б. Жылқыбекұлының аудармасы) 1980 жылы қытайдың сол кездегі жас ақыны Гу Шыңның (顾城) «Замандастар» атты осы бір қысқа өлеңі «Жұлдыздар» атты өлең журналының үшінші санында жарық көрген күннен бастап, бұл өлең бүкіл Қытай оқырмандары арасында ерекше аңыс қозғады. Сол кезде жаңа өлең ағымы есептелетін «Күңгірт өлең ағымын» мойындайтын және мойындамайтындардың  бәрі де, бұл өлеңге өте жоғары баға берді.

Осындай қысқа да нұсқа, ой-сезім серпіні күшті өлеңдерді қазақ оқырмандарына жеткізіп беруден ұтпасақ, ұтылмаймыз. Алайда өлең аудардым екен деп, түп нұсқасында әдемі де әйгілі өлеңді қара сөзге айналдырып қоятын «аудармашыларымыз» да жоқ емес. Біз өлең жазуда болсын, өлең аудармасында болсын поэтикадан қол үзбеуіміз керек. Егер олай болмағанда, жазғанымыз не аударғанымыз тақпаққа айналып қалады да, оқырмандардың көңілінен шыға алмаймын. Өйткені көркем аударма, әсіресе, өлең аудармасы тың жасампаз да жалынды шығармашылық күш-қуаттың туындысы екендігін анық білуіміз керек.

Уақыт бөліп сұхбат құрғаныңыз үшін алғысымды білдіремін! Келе жатқан мерейлі жасыңыз құтты болсын!

    

Сұхбатасқан- Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
25.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ АЩЫСАЙ АУЫЛЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 23.04.2024 27
БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Мақсат Қазанғапов Талас аудандық білім бөлімінің басшысы - 23.04.2024 13
ОТЫРАРДА «ЖАСЫЛ АЙМАҚ» АПТАЛЫҒЫНДА ИГІ ІСТЕР АТҚАРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 23.04.2024 22

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 974
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7026
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10869
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7092
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7232