Осы жақында ғана қолыма бір жақсы кітап түсті, анығырағы, монографиялық еңбек. «Мәңгілік ел» қазағына хат» деп аталатын осынау еңбек атына заты сай болып шығыпты. Авторы – белгілі ғалым, саясаттану ғылымдарының кандидаты, профессор, «Құрмет» орденінің иегері», Абай атындағы ҚазҰПУ-дың басқарма төрағасы – ректор кеңесшісі Жанатбек Ішпекбаев.
Тәуелсіздіктің тағылымдарын, ұлттың азаттық жолындағы ұзақ жылғы күресін, қарызы мен парызын тереңнен тербеген автор атаулы дүниесінде қазақ ұлтының өткен тарихына жалпы шолу жасай отырып, оның адамзат өркениетіндегі орнын айқындау үшін осы кезеңге дейінгі дуалы ауыздардың көбісінің еңбектерін монографияның негізгі тұздығы ретінде пайдаланып, оны қазіргі кезеңмен салыстыра рет-ретімен талдайды. «Жалпы алғанда, өз басым мынадай тұжырымға келдім, – дейді автор. – Белгілі бір ұлт қандай қоғамда өмір сүріп жатса, өзі қандай қоғамды құрса, сол ұлттың да білім-білігі, қоғамдық санасы, ұлттық сапасы сондай дәрежеде болғаны... Мысалы, айбыны асқан Шыңғыс ханның ұрпағы құрған Алтын Орда империясының жұрнағы біздің Қазақстан екенін қазіргі заман тарихшылары жарыса дәлелдеуде. Бірақ сол тарихшылардың бірде-біреуі неге қазақ ұлты бір кезде өзіне бағынышты болған орыстарға бодан болып қалды, ұлттың жағдайы, тұрмыс-тіршілігіне 1917 жылға дейін немесе 1991-1997 жылға дейінгідей неліктен төмен дәрежеде қалып қойды деген нақты сұраққа жауап беруге келгенде, кібіртіктеп қалады, немесе кінәліні басқа жақтан іздеуге тырысады. Ал біз адамзат тарихынан мынаны білеміз: жан-жақтан таяқты көп жеген, сөздің тура мағынасында «мың өліп, мың тірілген» ұлт, ол – еврей ұлты. Олар ешкімді жаулап алмаған, керісінше жаулаушылардың зорлық-зомбылығын көп көрген, алайда үнемі өздеріне жақсы жағдай жасап алушы алдыңғы қатарлы ұлттар тізімінен түскен жоқ. Бұл неліктен? Демек, өркениеттің дамуына ұлттық тәрбиенің, ұлттық қоғамдық сананың қызметі әрдайым жоғары тұрады деген ойды негізгі байлам жасаймыз».
Шындығында да, автордың осы жинақтағы қай жазбасын алсақ та қабырғалы ой айтып, кез келген мәселені ғылыми тұрғыдан талдап, кестелі тілмен жеткізе білумен қатар, еліміздің еңсерген істерін мақтан етіп, кей тұстағы «әттеген-айларымызды» да ашып көрсетеді. Көрсетіп қона қоймайды, нақты ұсыныстарын айтады.
Монография негізінен төрт тараудан тұрады. «Ұлттың тууы. Қасірет белдеуі» деп аталатын алғашқы тарау қазақ халқының пайда болу шежіресінен бастап, 1917 жылға дейінгі ұзақ кезеңді қамтыды. Мұнда қазақ халқының жүріп өткен жолы, тұрмыс-тіршілігі, мәдени тұрғыдан топтасу ерекшеліктері, ең бастысы ұлт болып ұйысудағы адам факторы жап-жақсы сөз болады. «Кеңестік дәуір қазақтары» деп аталатын екінші тарауда қазақ халқы үшін ерекше серпіліс тудырған 1917 жылғы қазан төңкерісінен бастап, 1991 жылғы тәуелсіздік алған уақытқа дейінгі аралықтағы ауыр кезең қамтылады. Үшінші «Өтпелі кезең қазақтары» тарауында 1991-2021 жылдар аралығы, былайша айтқанда, өтпелі кезеңдегі қазақ қоғамы, жетістіктері мен кемшіліктері, ерекшеліктері, титулды ұлттың осында жасайтын басқа диаспора өкілдерімен қарым-қатынасы және «Мәңгілік ел» идеясының алғышарттары талдау нысанына айналған. Қорытынды төртінші тарауда «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ!» деген аты айтып тұрғандай, кешегі мен бүгінгінің асқақ арманы ертеңгі күні өмірдің шындығына айналса, сол уақыт кезеңіндегі қазақтың жастары қандай болуы керек, міне, автор бұл тарауда тап осы сұраққа өз қадағалаулары, пайымдаулары және дәлелдемелері арқылы жауап беруге талпыныс жасайды.
Енді бір сәт жеке-жеке мақала тақырыптарына зер салайық. Олар былай болып келеді: Бірінші тарау бойынша, «Қазақ ұлтының шығуы жайлы ой», «Ежелгі қазақтар жайлы сөз», «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы ақындар дерегі», «Абайдың шығармашылығындағы қазақтар», «Фольклордағы қазақтар», «Ер төстіктегі» қазақтар», «Бұғаудағы қазақтар», «Өлара шақтағы қазақтар», «Дауылпаз қазақтар»; екінші тарау бойынша, «Қазақтарды советтендіру», «Сардар және сарбаз қазақтар», «Тұтасып мемлекет құрған қазақтар», «Қазақтардың өрлеуі», «Жоспарлы қазақтар», «Екінші бесжылдық қазақтары», «Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы қазақтар», «Ғылым шыңындағы қазақтар», «Соғыс жылдарындағы қазақтар», «Төртінші бесжылдықтағы қазақтар», «Қазақ тыңын игеру», «Ырғақты даму жолындағы қазақтар», «Тоғызыншы бесжылдықтағы қазақтар», «Кемелденген социализм» қазақтары», «Қазақ игіліктері жайлы сөз», «Қазақтың кәсіби әдебиеті», «Ұлттық білім жайлы», «Қазақ ғылымы», «Қазақ өнері», «Ұлттық бұқаралық ақпарат құралдары»; үшінші тарау бойынша, «Өтпелі кезең туралы ой», «Егемендік алғандағы қазақтар», «Сарбазы бар, сардары жоқ қазақтар», «Толық капиталистік арнаға түскен қазақтар», «Билікке талпынған қазақтар», «Білімді де ақ ниетті қазақтар», «Дүрліккен дүниедегі қазақтар», «Мәңгілік ел құруға ұмтылған қазақтар»; төртінші тарау бойынша, «Ғылымға ден қойған қазақтар», «Рухани жаңғырған қазақтар», тағы басқа. Көріп отырғанымыздай, әрбір мақала тақырыбы жалпы монографияның «Мәңгілік ел» қазағына хат» атауын толығымен ақтап тұр деуге болады. Оны автордың өзі де қорытынды сөзінде былайша түйіндей кетеді: «Біздің тұтас монографиямыз келер ұрпаққа бүгінгі ұрпақтың жазған хаты болсын деген ұстаныммен еңбектендік. Сондықтан да жақсы-жаманды бірін қалдырмай жазуға тырыстық, жамандығымыз неден болды, жақсылыққа қалай жеттік деген сұрақтарға жауап бере отырып, өткеннің кемшілігін келер ұрпақ қайталамаса екен деген ұстаныммен көз майымызды төктік. Кешегі даналар: «Кешегіміз – бүгін дұрыс өмір сүру үшін оқыған мектеп, бүгініміз – ертең дұрыс өмір сүру үшін дайындық жасауға берілген мүмкіндік, ал ертеңіміз – қиын сынақ» дегенді бекер айтпаған. Өйткені әр қазақ болбыр-бейқам болмай, ертеңгі болатын сынақтардан мүдірмей өтуге бүгіннен бастап дайындалуы керек», – дейді автор.
Кітап нақты деректердің молдығымен, ғылыми-зерттеу нысанының ауқымдылығымен ерекшеленеді. Еңбектегі ғылыми зерттеудің ең басты нысаны қазақ ұлтының қоғамдық санасы мен ұлттық интелекті болып табылатынын жоғарыда сөз еттік. Жалпы, кітаптың соңғы байлам сөзінде автор бабалар армандаған тәуелсіздігімізге іріткі түсірмеу, іргелі елге айналу үстіндегі ұлтымыздың ішкі бірлігіне берік болу, осы арқылы қазақ деген халықтың әлем қызығатындай, дос та, дұшпан да құрметтейтіндей, санасатындай беделін көтеруге болатынын айта келіп, «Қазақтың «Мәңгілік елін» болмыс ақиқатына айналдыруға берік негіз қаланды. Біздің бақытымыз осы және сол бақытты, келер ұрпақ, сендерге сеніп мұраға қалдырамыз. Ал сендер өздеріңнен кейін келетін ұрпақтарыңа «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ!» деген хат жазып, өздерің көркейткен Қазақ елі жайлы тамаша естелік жазба қалдырады деген сеніммен монографияны қорытындылаймыз» деп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткен ұлттың бүгінгі тыныс-тіршілігі алда да жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығы ұлықтала беретінін алға тартады.
Оқырман байқап отырғандай, ұлт өмірінің бастау көзінен бүгінгі күнге дейінгі қазақтың болмыс-бітіміне шолу жасаған және асқақ арманды жүзеге асырушы бүгінгі және келешек жас өрен қазақтар қандай болуы керек деген өзекті сұраққа жауап беруге тырысқан бұл еңбек ешкімді енжар қалдырмайды деген ойдамыз.