Отан қорғаушылар күніне орай «Бәйтерек» монументінің жанында «Отаным – аманатым» деген атаумен салтанатты концерттер өтті. Мерекелік шараға елорда тұрғындары мен қонақтары көп жиналды. Монумент алаңында көңілді ән кешімен қатар спорттық ойындар, жәрмеңке ұйымдастырылды. Қызықты аниматорлар мен ұзынаяқ қуыршақтар өнер түрлерімен балаларға зор қуаныш сыйлады.
ҚР айрықша мақсаттағы күштердің мемлекеттік күзет қызметінің, ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының және орталық әскери үрлемелі аспаптар оркестрі астананы патриоттық рухқа бөлесе, Qanay, «Заман» тобы, Дос, Ayree, Еркеш Хасен, Ғаділбек Жанай, Ибрагим Ескендір секілді өнер жұлдыздары әуелеген әсем ән, тәтті күймен тербетті.
– Астана бүгін ерекше ажарланып кеткендей. Балалар сондай көңілді. Біз мерекеде үнемі отбасымызбен қыдырамыз. Қала жылдан-жылға көркейіп келеді. Аспанымыз ашық болсын! – дейді астаналық Әлия Мерген.
Астана қаласы әкімдігінің «Креативті индустрияларды дамыту орталығы» ұйымдастырған мерекелік концерттің «Отаным – аманатым» деп аталуының да өзіндік мәні бар. Кең байтақ Қазақ елінің арайлы Астанасының төрінде Отанға деген сүйіспеншілік, Отанға деген құрмет, Отанға деген махаббат әнмен өріліп, күймен төгіліп, атаулы күннің мазмұнын өскелең ұрпаққа ұғындыра түсті десек, қателеспейміз.