Жыл сайын шамамен барлық әлемде 10-20 млн адам суицид жасауға әрекет жасайды екен. Олардың ішінде қазақстандықтар да бар. Бұл өзіне-өзі қол жұмсау арқылы өз өмірлерін қию оқиғаларының күннен-күнге белең алуы бүкіл жаһандық қоғамдық мәселеге айналып барады. Өз-өзіне қол жұмсау туралы айту ұят емес. Сіз суицид туралы ойлайсыз ба деп сұрау арқылы адамдардың суицидке жетелейтін ойларын жүзеге асыруға кедергі келтіресіз. Зерттеу бойынша адамдармен қарым-қатынас әдетте мазасыздануды төмендетеді, сондай-ақ оны басқа адамның түсінуіне жәрдемдеседі.
Қауіпті белгілері:
- Көңіл күйдің аяқ астынан өзгеруі;
- Қарым-қатынастан бас тарту;
- Суицидтік ойларды, сезімдерді айту;
- «Егер мен өлсем, ешкім өкінбейді» немесе «Өмір сүруге ешқандай себеп қалмады» секілді ойлар;
- өз-өзіне қол жұмсаудың амалдарын іздеу;
- жақын туған-туыстары, достарымен қоштаса бастау;
- бағалы заттары мен мүліктерін тарату.
Кім тәуекелге барады?
- Өзін-өзі өлтіруге тырысқан жандар;
- Жіті психологиялық күйзеліске немесе депрессияға ұшыраған адамдар;
- Әлеуметтік тұрғыдан оқшауланғандар;
- Алкогольді немесе есірткіні көп пайдаланатын науқастар;
- Созылмалы ауруы немесе ауыр сырқаты бар пациенттер;
- Зорлық-зомбылық көрген, басқа да түрлі травма алғандар;
- Маргиналданған немесе кемсітілген халық топтарының өкілдері.
Не істей аласыз?
- Суицидке барады-ау деп қауіптенген адаммен сабырмен сөйлесуге тырысып, оған уақыт бөліңіз. Оны әрдайым тыңдауға дайын екеніңізді білдіріңіз.
- Адамға медициналық қызметкерден (дәрігер, психиатр), консультанттан немесе әлеуметтік қызметкерден көмек сұрауға ақыл қосыңыз. Оны кездесуге ертіп баруды ұсыныс жасаңыз.
- Алайда сіз адамға қауіп төніп тұрғанын сезінсеңіз, оны жалғыз қалдырмаңыз. Ол үшін төтенше жағдайлар қызметіне, дағдарыс кезіндегі жедел жәрдем желісіне, медицина маманына немесе адамның туысына хабарлассаңыз болады.
- Өзіңізбен бірге тұратын адамның жағдайы туралы алаңдасаңыз, оның өміріне зиян келтіретін тұрмыстық заттарды жасырып қойыңыз.
- Оның жағдайын анықтап білу үшін оған үнемі барып, хабарласып тұрыңыз.