Қайраткер

Қайраткер

Барға тасымайтын, жоққа жасымайтын қайратты адамдар болады. Қайрат тек қиындықты жеңгенде ғана емес, Құдай берген дәулеттің буына шыдай алуда да ерекше көрінеді. Ішкі мәдениет пен болмыстағы мәдениет қанмен беріліп, өмір жолында қалыптасып, дами түседі. Тек соған адамның ниеті болуы керек. Осы жасына келгенше еңбекпен көгеріп-көктеген, зейнет жасында да спорт залға барып, өзін тәрбиелеп жүретін Тоқан Ботабековтың қалыптасу, өсу жолдарына көз салсаң, бұл әдеттің сонау бала күнінен қалыптасқанын аңғарасың. Тек өз мамандығы ғана емес, сурет, музыка, әдебиет, спорт, ғылым саласындағы жаңалықтарға көз салып, құлақ төсей жүретін адам қашан да сергек қалпынан танбайды. Қандай қиындық келсе де жеңіп шығады. 

Әскер өмірі шыңдаған жігіт

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК АЗАМАТ - Іле таңыТоқан Көкенұлының үлкен өмірге қол созған алғашқы талпынысы да сәтсіздікпен басталыпты. Мектеп бітірген соң, арман болған Алматыға келіп, оқуға түсе алмай, құлап қайтыпты. Оқудан құлағанмен, тауы шағылмай, араға бірнеше жыл салып, одан да зау биікке қол созыпты. Ауылындағы №709 жылжымалы механикаландырылған колоннаға жұмысшы болып орналасып, еңбек жолын ең алдымен бетоншы, кірпіш қалаушы болып бастаған жас жігіттің өмір жолы күрестен, тынымсыз еңбектен тұрады.

Оның қалыптасу кезеңдерінде колхоздағы жұмыстан кейінгі әскердегі жылдардың орны ерекше. Әскерде жүрген жылдары туралы:

«Әскери өмірім сонау жер түбіндегі Забайкалье әскери округінде өтті. Чита қаласындағы оқу орталығында сержант мектебінде дәріс алдым. Әрине, қазақ мектебінде оқып, ұлттық тәрбие алған маған басқа ортаға бейімделу оңай болмады. Қиналған сәтте әке-шешемді есіме алып, соларды ұятқа қалдырмауды ойладым. Әскери өмірдің темірдей тәртібі мені шыңдап, қайраттандырды», – деп есіне алады.

«Ең алдымен өзіңді таны» дейді данышпандар. Тоқанның бұл жүрекжарды сөзі өзінің болмысын терең таныған адамның ғана аузынан шығатын сөз. Ауылда өскен, содан кең өріске шыққан жас талаптың алдынан қиындық аз шықпайды. Әсіресе бұрын-соңды үлкен ортаға түспеген тәжірибесіз жастардың жаңа ортаға бейімделуі өте ұзақ жүреді. Бәріміздің бастан өткен жағдай. Бірақ соны жеңіп шығу бар, өзіңді дәлелдеу бар. Былай қарасаң, әскерге кім бармады, үлкен ортаға кім түспеді! Бірақ солардың ішінен өзін абыроймен алып шыққан Тоқан сияқты азаматтар некен-саяқ. Жай ғана алып шықпаған, өскен, жаңа белеске көтерілген, жетілген азамат кейінгі өмірде де осы қарқынын жоғалтпайды. 

Әскер қатарында жүргенде батальон командирі болған Е.Кулик деген кісіге еліктедім дейтіні бар. Бұл – өмірінде қай ортаға түссе де, үлгі боларлық адамды шатаспай тауып, сондай болуға ұмтылатын, алдына мақсат қоя білетін, адам танитын адамның сөзі. Бойында мұндай қасиет бар адамдар өмір бойы үйренуді, ізденісті, өсуді тоқтатпайды. Тоқанды биіктерге жетелеген ең алдымен туған ел, әке-шеше алдындағы борыш пен парыз болса, екінші жағынан қанмен сіңген, жүре келе қайралып, жетіле түскен осындай қасиеті деп ойлаймын. Жас күнінде өзін таныған, ұмтылар межесін анықтап алған адам ғана жетістікке жете алады. Оның өмір жолына зер салсаңыз, осы ойдың ақиқат екеніне, еңбекқор, алғыр, санасы сергек адамның алмайтын асуы, шықпайтын биігі болмайтынына көзіңіз жете түседі.

Кеңес одағы бәрінен бұрын тәртіпке қатты мән берді. Тәртіп болғанда, бәріне бас шұлғи беретін момындық емес, өзінің міндетін жақсы білетін, еңбегі мен ішкі қайраты жарастық тапқан, жауапкершілікті сезіне білетін, өзін қамшылай білетін мамандар қай ортада да алдыңғы қатарда жүрді. Әскер қатарында жүрген кіші лейтенант взвод командирінің орынбасары, кейін рота старшинасы болыпты. Мұның өзі көп нәрседен хабар береді. Бозбала шағының өзінде көптің бірі болуға мойынсұнып, қою шаңның арасында жүргісі келмеген адамның ғана қолынан келетін жетістік бұл. 

Тоқан бір сөзінде жастайынан демалыс дегенді білмегенін айтып қалып еді. Мен ойлаймын, өзге жұрт асыға күтетін, бірінші мүмкіндік берілген сәтте-ақ «ауыл, ел қайдасың?» деп тартып отыратын кезде, ол бас тартады. Қызық жағдай. Көп адам түсіне бермейтін жайт сияқты көрінеді маған. Үлкен жетістікке жеткен ұлы адамдардың қай-қайсысының өмірбаянын қарап отырсаңыз да, солардың көбінің ең алдымен еңбекқор болғанын, кезекті, кезексіз демалыстардан, ойын-сауықтан бас  тартқанын көресіз. Тоқан да әскерде жүргенде «Кеңес Армиясының үздігі» медалімен марапатталып, өзінің белсенділігі үшін көптеген жеңілдіктерге қол жеткізген. Бірақ соны пайдаланбапты. «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүретіндер үшін таңғаларлық жағдай. Ойлаңызшы, әскерде белсенділігімен көзге түскен солдаттарға берілетін кезектен тыс еңбек демалысынан бас тартып, орнына өзге бір сарбаздарды жіберіп отырған. Бұл, біріншіден, оның старшина ретіндегі жауапкершілігі болса,екіншіден, қатарындағы әріптестерінің қайсысына демалыс керек екенін тап басып тани алуында. Әскери мерзім ұзақ уақыт, сол уақыт ішінде еліне баруға тиісті адамдар аз болмайды. Біреуінің туысы-бауыры ауырып қалған болуы мүмкін, біреуінің басқа бір қиындықтары болуы мүмкін, енді біреуінің өзінің жағдайы келмей жүруі мүмкін дегендей. Міне, солардың жайын ойлай білу де үлкен жүректі керек етеді. 

Көпшілік әскери борышын өтеп бітер күнді асыға күтіп, елге қайтуды армандап, күн санап жүргенде, мектеп бітіре салып түсе алмай қалған оқуды ойлап жүріпті. Алматыдағы политехникалық институтқа қол созғанмен, бұл атақты ілім ордасында оқу бұйырмапты. Сынақ – қайратсыз адамды жасытады, қайратты адамды күреске шақырып, жігерін жани түседі. Забайкальеде жүргенде де біз жоғарыда айтқан жақсы, мықты адамдармен жұғыса, жанаса жүретін, солардың деңгейіне ұмтылатын қасиеті тағы бір бой көрсететіні бар. «Мәскеуден, Киевтен, Ленинградтан жоғары оқу орнын бітіріп келген әскерилермен достастым» дейтіні сол. Тоқанның өмір жолына көз салғанда, бұл кісі оқудың жайын әскер қатарында жүріп-ақ шешіп тастапты-ау деп таң-тамаша болғаным бар.  Олай дейтінім, әскерде жүріп, өзі оқығысы келетін институтты таңдап, таңдап қана қоймай, арнайы хат жазып, жөнін, жолын анықтап алғаны. 

«Атамекен-ай» журналына берген сұхбатында бұл туралы кеңірек толғапты.

 

Мәскеудегі студенттік шақтар

«Әскери міндетімді өтеп жүрген соңғы жылы «Комсомольская правда» газетінен Мәскеудегі Еңбек Қызыл Ту орденді С.Орджонокидзе атындағы басқару институтына студенттер қабылдайтындығы туралы хабарламаны оқыдым. Бұл хабарламада әскери міндетін өтеп қайтқан азаматтарға көп жеңілдік жасалатындығы айтылған екен. Хат жазып жібердім. Біраз уақыттан соң институтқа жазған хатыма жауап алдым. Онда әскери міндетін өтеп қайтқан жастардың дайындық курсына емтихансыз қабылданатындығы айтылыпты. Әскери борышымды абыроймен өтеп қайтқан соң Мәскеуге аттандым», – дейді.

Өзіміздің астана Алматыдағы оқуға түсе алмаған соң, адам жасып қалса керек еді, одан гөрі жеңілдеу бір оқуға ұмтылса керек еді. Ал бұл ширығып, одан жоғарыға қол созады. Мәскеу! Талайдың арманы болған, көптің аңсары болған Мәскеу ғой бұл. Одақтың астанасы дегені болмаса, қазақ үшін шетелден кемі жоқ. Жат орта, бөлек қала. Оған қол созу өзіне нық сенген адамның ғана ойына келеді. Мәскеуде оқыған қазақтың саны қанша екен өзі, сол кездің өзінде көп болмағанына бәс тігуге болады. Ауылда өскен адам үшін ол кезде орыс тілі шет тілінен қиын болмаса, оңай емес. Әрине, әскерде ауызекі тілге жаттыққанымен, ғылым тілі, оқу тілі өзінше қиын. Тоқан оны да жеңіп шығады. Бірақ ең басты қиындық басқа жақтан туады. Ата-анасы сонау жер түбіне жібергісі келмепті. Онсыз да әскерде көп уақыты кетті, енді кетсе, жат болып кетуі мүмкін. Оның үстіне, студентке ай сайын ақша салып тұру керек, ауылдағы адамдарға ұлдарының көз алдарында, колхоз жұмысына араласып, өз күнін өзі көріп жүргені қымбатырақ. Десе де ниет еткен жеріне жетпей тоқтамайтын тастай мінезі ақыры әке-шешені де көндіріп, бір жылдық дайындық курсына кіреді де кетеді. Өзі де тәртібі тастай, еңбекқор, ізденгіш адам дайындық курсынан соң, құрылыс факультетіне қабылданыпты. 

Ол заманда аузынан ақ майы ағып отырған ел жоқ, артық ақша, артық мал ұстатпайды, елден келетін көмек – ауылдағы әке-шеше үлкен күш. Алғашқы курс қиындау болғанмен, барын салып жүріп, үздік студенттер қатарына қосылған Тоқан енді ата-анаға күш салмау жағын ойлай бастайды. Жаңа орта, жаңа достар, арманы бір, мақсаты ортақ, жанашыр дос таба білу де өнер. Қай ортаға барса да қара басын сыйлата білетін, сыйлай білетін адамға дос табу да бір мұрат, қиналғанда достардан қолдау тауып, көп ұзамай қосымша жұмыстар істей бастапты. Бұдан ары «өз қолы өз аузына жетті» дегендей, өз алдына азамат болып қалыптасқан, ізденімпаз студенттің өмірі басталады. Жай ғана студент емес, үздік студент және қосымша еңбекке араласқан жан-жақты жігіт. 

 

Тәуекелі мол құрылыста шыңдалу

Әскерде жүріп оқудың жайын шешіп қойған жігіт төртінші курста жүріп өз еліне оралуды ойластыра бастапты. Ол шақта институт бітірушілері арнайы жолдамамен әр қиырға кетеді. Тоқан салған жерден өзінің сүйікті Алматысына оралуды ойлайды да, «Главалматыстрой» тресіне өзі барып жолығады. Оның мәні осындай орталықтардан арнайы шақырту келмесе, институт берген жолдамамен басқа қиырға кетіп қалуың әбден мүмкін. Сондықтан бәрін алдын ала ойластырып, хабарландыру арқылы аталған треске келіп жолығады. Сөзі орнықты, мінезі байсалды, өзіне сенімді жас маманға қай жерден де орын табылады, «Алматыжилстрой» тресінің басшылығы жылы қабылдап, бірден жұмысқа шақырады. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дейді, оған дау жоқ, бірақ өзі болайын деп тұрған баланың алдынан жақсы, жанашыр адамдардың кездесуі де бір ғанибет. Треске келіп, бірден қара жұмысқа түсіп кетпей, алдымен құжаттармен жұмыс істеуге, соның арқасында техникалық дайындық, сметалық-келісім жасау сияқты ішкі, құжаттық жұмыстарды теориядан тәжірибеге ұштастыруға мүмкіндік беріліпті. Бұл, әлбетте, оның жолы даңғыл болды дегенді білдірмейді, бірақ өмір жолына үлкен олжа дайындап қойған тағдыр ә деп қызметке араласқаннан бастап, болашақ мықты маманның қалыптасуына жол ашыпты. 

Екі жыл өтер-өтпесте, мастер ретінде бір басқарманың жұмысын ұйымдастырып, жұмысшыларды, оларға керекті материалдарды қамтамасыз ету, жұмыстың сапасын бақылаудан бастап, прораб, аға прораб қызметімен қатар бастауыш партия ұйымының басшысы сияқты қоғамдық міндетті де қатар алып жүріпті. Басқасы басқа, ол кезде партияның жұмысын анау-мынау адамға сеніп тапсыра бермейді және өзінің негізгі міндетінен бөлек, мұндай қосымша қоғамдық жұмыстарды мойнына алуға көп ешкімнің шамасы келе бермейді. Ал тәуекел етіп алдың ба, онда жауапкершілік еселеп артты дей беріңіз. Ұйқысыз түндер, бел жазып отырмайтын күндерді еңсеру еңбекқор, қайраты қабындап тұрған адамның ғана қолынан келетін шаруа. Бұл кезде Алматыда тұрғын үй салу қарқынды жүріп жатқан кез, қазір Тоқанның қолының табы қалған аудандар аз емес. 

 

Тоқсанның тоқырауында халқына рух берген

90-жылдардағы тоқырауды әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Сатылап өсіп келе жатқан талай маман не істерін білмей, дағдарып қалған осы бір ауыр кезеңнің ең алдымен тоқыратып кеткен саласы құрылыс болды. Трестер жаппай жабылды. Осы кезде екі қолға бір жұмыс таппай қалған талай жұрт амалсыздан базар жағалап кетті, кейбірі бәріне қолды бір сілтеп, тырс етпей жатып алды. Осындай кезеңдерде белсеніп шығып, жаңа, жекеменшік орталықтар ашып, біраз жұртты жұмыспен қамтып, нәпақа тауып берген атпал азаматтар болды. Солардың бірі ретінде Тоқан Ботабековті атар едім. Алдымен өзі сияқты білікті жігіттерді ұйыстырып, жеке кәсіпорын құрып, темір-терсек саудасымен айналысады. Бұл кезде трестер жабылып қана қоймай, оның бүкіл мүлкі талан-таражға түсіп жатқан кез, барлық металл атаулы Қытай асып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бастаған кез. Осы кезде темір-терсектің жөнсіз қолды болуына тоқтау салатын осындай кәсіпорындар керек еді. Бірақ көп ұзамай бұл сауда-саттықтан бас тартуға тура келеді. Өйткені құрылыс саласының білгірі, білікті маман үшін сауда-саттық қол емес еді. Оны жанашыр ағалары да талай айтыпты. Расында, сауда-саттықпен, алып-сатарлықпен ебі бар адамның бәрі айналысуы мүмкін, ал құрылысқа жан бітіретін салаға керекті өнім тауып беру құрылысты жан-тәнімен сүйетін мыңның біріне ғана бұйыратын, мыңның бірінің ғана қолынан келетін шаруа. 

Ол кезде не көп, бос, қаңырап қалған ғимарат көп. Солардың көбі қараусыз тұрып-тұрып, ақыры керегесіне дейін бұзылып, кірпішіне дейін талан-таражға түсіп кетті. Олай болатыны, ел үй салмай, қора салмай отыра алмайды, алайда оған керекті материал қат кез еді ғой. Міне, Тоқан осы кезде кірпіш зауытын ашты. «Южный СМУ» деген атақты кәсіпорынның бос қалған ғимаратын алып, аз уақытта қайта жандандырып, аз уақытта кірпіш шығаратын, тіршілігі қайнап жатқан орталыққа айналдырды. Атауы да өзгеше – «Үй құрылыс компаниясы» деп аталады. 

Өзі де талай жерде айтып жүр, біз де шет жағалап көрдік, бұрын бәрі дайын технологиямен, одан көлемінде дайындалатын кірпішті енді жаңа әдіспен, тыңнан түрен салғандай өзінше шығаруға тура келді. Жаңа іс қателіксіз болмайтыны ақиқат, қаншама әуре, қаншама ізденіс, қаншама сәтсіздікке кездесесің. Әйтсе де, Тоқан мойыған жоқ, тынбай жүріп, кірпіш зауытының жұмысын жолға қойды. Кірпіш зауыты жолға қойылғанша жер қазу, ескі құрылыстарды бұзу, оның орнын тегістеу, құрылыс салу жұмыстарымен де айналысқанын көзіміз көрді. Тәуелсіздік алған жылдары тұралап қалған құрылыс саласын жандандыруға атсалысқан санаулы серіктестік болды десек, соның ішінде осы Тоқан құрған серіктестік пен кәсіпорындардың үлесі аз емес. Тұрғын үй құрылыстарынан бастап, су қоймасы, құбыр тарту, жол салуға дейінгі барлық салада еңбек етті. Сөйтіп басталған еңбек қазір қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Тіпті, жұмысшыларына арнап арнайы кешен салып, жұмысшы отбасыларын жатақханамен де қамтамасыз етіп отыр. 

 

Өкіметке иек артпай, отызында орда бұзған

Қиын кезеңде елдің экономикасы шатқаяқтап барып, қайта бел түзесе, осындай іскер азаматтардың арқасы. Біріншіден, осындай азаматтар «өкімет өлтірмейді» деген түсінікпен күн кешіп жатқанда өкіметі құлап қалып, екі қолға бір күрек таппай, тентіреп кетудің аз алдында тұрған талай отбасын аман алып қалды. Уақытына сай жұмыс берді, еңбегіне сай ақша төледі. Сол кезде қиындық көрген отбасылардың баласы да қазір 30-ға келіп қалды, олар да бір-бір отбасының иесі. Өз алдына үй болып отыр, өз алдына жұмыс істеп, жаңа белестерді бағындырып жатыр. Егер Тоқандар болмаса, бұл болар ма еді... Нарыққа бір күнде құлап түскен Қазақстан үшін сын сағаты туғанда осындай азаматтар елдің жаңа заманға бейімделуіне, өтпелі кезеңде белі сынып кетпей, аман өтуіне зор еңбек сіңірді. 

Жұмысы жолға қойылып, кәсібі жанданған соң, қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастады. Тоқанға барып көмек сұрапты деген адамның құқрқол кеткенін естімеппіз. Қиын-қыстау кезінде әлеуметтік мәселелер қиындайтыны түсінікті, жалғызбасты ана, жетім бала, қараусыз қалған қарттар аз дейсіз бе, солардың талайы қиналғанда Тоқанның жақсылығын көп көрді. Одан бөлек, Нарынқол, Кеген аймағындағы елдің рухын көтеретін аламан той, алып ескерткіштің бәрінде Тоқанның қолтаңбасы бар деп айтуға болады. Демеушілік жасады, қолдау көрсетті, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрді. Мақтааралдағы су тасқыны, Арыстағы жарылыс кезінде де жар құлағы жастыққа тимей Тоқан жүрді. Өз ауылына жасаған жақсылығы өзінше бір төбе. Қазақстанды нарық заманынан алып шыққан, жаңа көшке ілесуіне үлес қосқан осындай азаматтар болды. 

«Адам күрескер болу керек». Бұл –Тоқан Ботабековтың өмірлік кредосы. Өзі болған, толған адамдардың көбі өткені жайлы сұрағанда, көп қиыншылық көргенін, соның бәрін өзінің тұлғалық қасиеті арқылы жеңіп шыққанын айтады ғой. Ал Тоқан өмірдің шындығына тура қарайды. «Тұлға болу үшін тек қасиеттер ғана емес, алдымен жағдай керек» дейді ол. Иә, «сананы тұрмыс билейді», бұл да өмірдің бір ақиқаты. Адам тек бір саланы ғана меңгеріп қоймай, қосымша білім-білікке де мән беру керек. Абайдың толық адам дейтін қағидасы сияқты, адам кемелдене түсу үшін тек бір саланың білгірі болумен қатар, одан бөлек өмір бойы өзін дамытуға тиіс. Ол үшін әдебиетті, мәдениетті, өнерді түсініп, гуманитарлық ғылым ғана емес, нақты ғылымнан да хабардар болуға тиіс. Әлбетте, әр саланың өз маманы бар, бірақ солардың бәрінен жалпылама білім болуға тиіс. Ол үшін әлбетте жағдай керек. Бұл –Тоқанның ойы, Тоқанның ұстанымы. Осы ұстаным, осы ой оның талай дарынды баланың жолын ашуға жетеледі. 

 

«Тұлға болу үшін тағы бір қажетті нәрсе, ол – қасыңыздағы жүрген адамдардың саған деген көңілінің түзулігі. Әрине, жақсы ұстаз шәкіртіне қысым жасамайды. Озып кетеді деп қорықпайды. Бірақ мұндай жағдай өмірде өте сирек кездеседі. Сондықтан тұлға болу үшін адамға күрескерлік керек».

Өмірдің реалды суретін осыдан асырып қалай айтуға болады? Өмірдің ылдиы мен өрі, батпағы мен шөлі болмаса, теп-тегіс даңғыл жолды бізге кім береді? Күреспесек, жақсы-жаманды тең көрмесек, өмір сүрдік деп қалай айтамыз? Міне, сол қиындығы да, қызығы да көп өмір жолын Тоқан сияқты азаматтар жеңілдетеді, жығылғанға таяныш, сүрінгенге сүйеніш болатын көшбасшы жігіттер сын сағаты туғанда қара басын ғана емес, қараша жұртын да сүйреп шығады. Ел алдындағы борыш деп осыны айтсақ керек. «Мен елімнен не алам деп емес, мен еліме не берем деп ойла» дейтін қағиданы дәл осындай іскер, өрісі кең азаматтар айтса жарасады. 

 

Жақыпжан Нұрғожаев
17.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 45
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 150
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 41
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 50
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 59
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 46
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 146
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 150
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 336
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 329
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 953

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9028
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8424
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11652
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9408
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10634