Қалаларымызда ұлттық сәулет айшықтары неге жоқ

Қалаларымызда ұлттық сәулет айшықтары  неге жоқ

Мәселенің өзектілігі: 2000 жылы бар қазақтың көне қаласы – Тараз; 1856 жылы Әулие-Ата атанды; 1938 жылы – Жамбыл; 1997 жылдан бері, бұрынғы шаһар Тараз атына қайта оралды. 

 

Осыдан, қазіргі Тараздың ескерткіштер сәулеті, монументалдық бейнелеу өнері, бау-бақшалары, су бұрқақтары (фонтандар), алаңдары, тақта-қабырғалардағы тарихи деректері қаншалықты тұрғындарға, қонақтарға қабылдауына қолайлы. Сәулет кеңістерінің көркемдік үйлесімдері табылды ма, жоқ па? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Қазақ халқының тарихында атақты Жібек жолының елді мекендері: Талғар, Алматы, Құлан, Мерке, Тараз, Шымкент, т.б. қалалар өз замандарына сай, өркениетті болғанын археологиялық зерттеу қазбалары айғақтайды. Қазіргі Тараздың облыстық мұражайында қыштан жасалған әртүрлі су құбырлары, бұйымдары, т.б. заттар табылғаны дәлелдейді. 

Көне Тараз қаласы орта ғасырларда күйреп, орны ғана қалған. Өткен ғасырлар бойы саман, күйдірілген кірпіштен салынған әртүрлі құрылыстары тозғанынан, жер сілкінісінен құлағанда үстіне жаңадан қала салынып отырғандықтан, көне Тараздың көлемі жасанды төбеге айналған. Осы төбенің үстінен кезінде Әулие-Ата, кейіннен Жамбыл қаласының да құрылыстары жалғасқан. 

Жамбыл қаласының өсуі, көркеюі, Жамбыл облыс орталығы болғандықтан, қала жобасын жасау үшін (Бас жоспар) көне Тараздың сақталған тарихи-мәдени  ескерткіштерді сақтап қалуына алдын ала тарихи Бас жоспарын (генплан) жасап, оны бекітіп, содан кейін Жамбылдың тұтас Бас жоспарына кірісу керек еді. Тарихи Бас жоспарда және сақталатын күрделі тұрғын үйлердің алаңдарын, шағын аудандар көрсетіледі. Сол кезде тарихи Бас жоспардың жобасын жасауы – орынсыз тұрған үйлерді бұзғандықтан, халықты баспанасыз қалдырмас еді. 

 

Негізгі жобасы

Өзімнің 1980 жылдары зерттегенімнің нәтижесінде, сақталған тарихи, мәдени ескерткіштерді қалай Жамбылдың жаңа Бас жоспарында (жобасында) орын алатынын қысқаша ғана баяндайын.

Қазіргі жер шарындағы дамыған, өркениетті мемлекеттерінің тарихи, мәдени ескі ескерткіштерін сақтап, қалпына келтіріп, пайдалану тәжірибесіне қарай ұсыныстарымды жариялаймын.

Өткен ғасырдың 80-жылдары Жамбылдың атақты бас базарын (көне Тараздың орталығында орналасқан), сәулетін орта ғасырлардың келбетіне келтіріп, қазіргі заманға сай базарды қалдыруды жобаладым. Осы базарды бұрынғы көлемінде, орта ғасырдың сәулетінің қоршауын бекініс түрінде жасап, төрт есік-қақпа болғанын қалпына келтіру.

Ескі, тозған, бір қабатты жер үйлердің орнына, базарды қоршау төңірегінде, шағын аласа ғана әртүрлі теректерден саябақ, ал гүлдер мен су бұрқақтардың (фонтан) арасында демалатын, күннен көлеңкелеп отыратын орындар жобаланғаны.

Ворошилов пен Совет көшелерінің қиылысындағы, мұсылман сәулетінің ескерткішіне жататын, ХХ ғасырдың басында салынған Қалижүністің моншасы, орта ғасырдың Тараз сәулетін сақтаған, көне қалашықтан 400 метр қашықтықта орналасқан. Бұл монша 1941 жылға дейін істеп тұрған. Осыдан ұсыныс: бұл ескерткіштің сәулетін қалпына келтіріп, қосымша моншаның қажетті бөлмелерін тұрғызып, болашақ «Тараз» шағын ауданының коммуналдық орнын құрастырады. Көне Тараздағы белгілі жеке тұлғалардың бейіт басындағы сәулет үлгілері қаланың батыс жағында орналасқан. ХІ ғасырда  Шамахмуд Қарахан қабірдің үстінен салынған мазар (мавзолей) күйдірілген кірпіштен салынған. Қасбеті (фасад) үйлесімді оюлармен мол өрнектелген. Мавзолейдің сәулеті орталықтандырылған көркемдік әдіспен күмбезделіп жабылған.

ХІІІ ғасырдың Шамансур мавзолейі, қолбасшы Улуг Бильче – ибн-хан Даутбектің бейітінің үстінен салынған. Бұл ескерткіштің сәулеті – қасбетіндегі салтанатты тіреуіштер қатары ортасынан күмбез тұрғызған. Осы екі ескерткіштің арасы 60 метр, орналасқан жері Жамбыл қаласының мәдени-тарихи қорықтың алқабы болатын. Бұл жерде көне Тараздың және ескі                     Әулие-атаның сәулеті мен қала құрылысының мұражайы (музей) қазіргі Жамбылдың тарихи келбеті орнын алар еді. Осыған орай ұсыныс болды, «Наметбай» мешітін тұрған жерінен қорғау зонасына ауыстыру. Бұл зонада Қарахан мен Шахмансур мавзолейлері тұр. Осы екі ескерткішті сәулет-жоспарлау бойынша Тараз қалашығының рабадының (саудагерлер, қолөнер шеберлері) тұрғындары көне Тараздың ортасындағы қамалымен (цитадель) байланысты жоспарлап өткізу үшін. Қазіргі Жамбыл қаласының жоспарында және төңірегінде сақталған археологиялық ескерткіштер бар. Сулейманов көшесімен қаланың шекарасында «Торткуль» бекінісі. Орта ғасырлардың «Төңкеріс» қамалы Трудовая көшесімен телемұнараның қасында. Бұл ескерткіштерді тез арада қазба мен зерттеу жұмыстарын бастау керек. Мақсат – сәулет жоспарлау арқылы тарихи Бас жоспарды жасау үшін, қандай деңгейде оларды қалпына келтіру керек екенін білуге.

Жамбылдың тарихи сүйеніш Бас жоспары жоқтығынан, әсіресе, қазіргі кезеңде, қаланың кеңістік көлемін өсіруінде, тарихи-мәдени ескерткіштерін сақталуына қауіп төніп тұр. Және де тұрғын аудандарының үйлерін қалпына келтіруіне немесе жаңадан қала құрылысын дамуын тоқтатып тұр. Егер қалалық сәулет басқармасында бекітілген Жамбылдың тарихы сүйеніш Бас жоспары болғанда, онда көне Тараздың ескерткіштері жеке ғимараттар болсын, тарихи қалпына келтіретін көне құрылыс алаңдары болсын, Жамбылдың жалпы Бас жоспарында сақталып, көрсетіліп тұрар еді.

Тарихи сүйеніш Бас жоспарында және де сақталатын күрделі тұрғын үйлерден қалыптасқан алаңдар мен шағын аудандар көрсетілетін еді. Бұл көрсеткіштер Компартияның ОК-нің қаулысына сәйкес: «орынсыз күрделі тұрғын үйлерді бұзғандықтан, халықты баспанасыз қалдырды».

Ал Жамбылда 1979 жылдан бастап  жыл сайын қайта құру желеуімен, орынсыз 7500-8500 шаршы метр тұрғын үйлер бұзылып жатыр. 1983 жылы тұрғын үйлердің бұзылуы 38 200 шаршы метрге жетті. Сонда, нағыз ескірген құлататын үйлердің көлемі тек қана 4900 шаршы метр. Сол кезде қалалық сәулет басқармасы, қалалық атқару комитеті тарихи сүйеніш жобасын күтуде еді. Себебі, бұл жоспарсыз Жамбылдың бас жобасына (Бас жоспар) кірісіп жасауға болмайды.

Мәдениет министрлігінің «Қаз жобалау қалпына келтіру» институты тарихи сүйеніш Жамбылдың план жобасын 1981 жылы аяқтауға тиіс еді. Бірақ, содан бері үш жыл өтсе де тарихи сүйеніш жобасы орындалмады. Осы тарихи Бас жоспарында орын алатын жобамды, жылдар өтсе де еңбегімді айтылған институт жасырғаны болар.

 «Сақтап, пайдалана білу» («Сохранить и использовать») мақаламды «Казахстанская правда» газетінде 9.10.1984 ж. жарияладым. Осы мақалама орай Б. Тұяқбаева директор орнынан түсірілсе де, институттан айырылса да, мамандық сауатсыздығынан газет редакциясынан мақаламды теріске шығаруды талап етті.

 Сауатсыздығы – Тараздың тарихи Бас жоспарын жобалау үшін, бекітілген нормативтік көрсеткіштерді автор пайдаланбаған деп көрсеткен.

Саман, балшық кірпіш, құм, майда тас материалдан, құрылыс саласында ресми бекітілген нормативтер болмаған. Ағаш материалдардың нормативтері біздің мысалымыздағы Таразға келмейді. Сол кезде Мәдениет министрінің орынбасары Әбіш Кекілбаев Б. Тұяқбаеваның наразылығы негізсіз деп тауып, мақаламды теріске шығаруға болмайтынын айтып, «Казахстанская правда» редакциясына жауап берді.

 

Қаланың бүгінгі сәулеті

Любовь в Таразе (ЛВТ) | ВКонтакте

Тараз Қазақстанның көне қаласы болғандықтан, сәулеті өзіндік дара келбетімен ерекшеленеді. Мұндай сәулеттің негізін құрастыратын сақталған және қалпына келтірілген көне Тараздың тарихи сәулет ескерткіштерімен қоса ХІХ ғасырдағы Әулие-атаның ескерткіштері және де қазіргі кезеңдегі сәулет шығармаларының ғимараттары  қаланың жаңа Бас жоспарын жасағанда ең маңыздысы мен көркемдігі, ол ескерткіш ғимараттармен бірге тарихи құрылыс алаңдарын қолайлы,  қазіргі қала сәулетімен біртұтас көркемдік (ансамбль) қайталанбас келбетін табу басты шарт. Өткен жылдың 24-25 мамыр айының күндерінде, мен ТарӨУ кафедрасының техника ғылымдарының докторы, құрылыс, сәулет профессоры Оңдасын Исаков екеуміз, бүгінгі Тараздың сәулетін талқылауға шығып, ғимараттарды, сәулет алаңдарының көріністерін фотоға түсірдік.

Қазіргі Тараз қаласының даму картасына қарағанда, көне және бүгінгі Тараздың жоспары тарамдалған айналма көшелерінің желісі негізінен сақталғанын айқындап тұр. Әрқашанда елді мекеннің сәулеті, соған әкелетін жол, не болмаса өтетін жолдан, сырт бейнесінен  бұл қай  ұлттың, елдің мекені екені байқалып тұрады. 

Таразға келгенде теміржол бекеті жол сыртынан, қала ішінен қасбет (фасад) сәулеттерінен ешқандай көнелік те, қазақ ұлтының, тіпті бейнелеу өнерінен нақыштар жоқ. Тараз қаласында жылдың жартысынан көп мерзімінде күн ыстық болғандықтан, адамдар күннен қорғануды талап етеді. Осы адамның қолайлығын ескермегендіктен, Теміржол бекетінің ішкі қала жағынан – жолаушыларға, т.б. адамдарға күннен, жауыннан, қыста қардан қорғанатын шағын сәулет құрылымдар, орындықтар болу керек еді. Бұл жоқ. Және де ыстықты басу үшін, аласа ғана көлеңке беретін тал өсімдік, гүлдер де жоқ. Көне Тараздан қалған сәулет ескерткіш жағдайын, айтып кеткен тоғыз қабат археологиялық қазбаларының үстінде, ұзақ жылдары                 Әулие-ата, Жамбыл қалаларының орталық базары қандай жағдайда екенін білуге бардық. Таң қалдырған жәйт болды. Көне Тараздың сәулет ескерткіштері, археологиялық төбедегі орталық базарын, сол төңіректегі ғасырлар бойы қалыптасқан ғимараттар мен сәулет алаңдарынан ештеңе көрмедік.

Тарихи Тараздың жерін тегістеп, ескерткіштерін сүріп, жаңадан кешені деп зәулім сауда, басқа да ғимараттарды тұрғызған. Көк базардың орнына салынған тарихи кешені аты бар, заты жоқ. Көлемдігі – қазіргі супермаркеттердің ғимараттары. Қасбеттері – көркемдіктен аулақ – шашыраған жарнама жазулар. Ортасындағы биік қақпа кіре берісіндегі (арка) төрт алып ою-өрнектері, бір-бірімен байланысы жоқ, кең көлемділікте қақпаға ұйқаспайды. Бұл жерде де көбірек талдар, гүлдер, көгалдар жоқ.

Сәулет өнерінде ансамбль деген ұғым бар. Бұл ұғым; бірнеше әртүрлі ғимараттар бір кеңістікте топтасқанда, адам көркемдік, үйлесімдік сәулет өнерінің құдіретін сезгенде нақты осы жерден кетуге асықпайды.

Жаңадан салынған «көне» Тараздың әртүрлі ғимараттары. Бір-бірімен қатарласып тұрған осы ғимараттар қасбеттер сәулеті ұқсамаса да, сәулет ансамбль табылды деуге келмейді.

Көріністе екі биік мұнара өз орнын таппағандықтан, бөтен құрылысқа айналып, арғы жақтағы бір қабат әдемі ғимараттың қасбетін жауып тұр.

Күмбезденген көлемі адамның қабылдауына сәйкес ғимарат  үйлесімі жоқ майда ғимараттар жақын тақап тұрғандықтан, нағыз сәулет шырқы табылмаған.

Осы  көріністерде көзге ұрып тұрғаны – ол үлкен майда тас тақтайшалармен (плитамен) қапталғандар алаңдар. Бұл тас алаңдар не үшін керек? Тарихи ескерткіштер ғимараттарда адам көп жиналып, алаңға шығатын қажеттілік жоқ шығар. Әскери топтар жаттығу өткізбейтін болар.

Салтанатты көп адамды жиындар болса, өте сирек болады ғой. Бұл тас материалдардан қапталған алаңдар күндіз күннің сәулесін сіңіріп, кешке, түнде шағылады. Осы күн сәулесін шағылтуынан адамның ыстыққа шыдамайтынын фотолардың өздері-ақ айқындап тұр. Алаңдарда қанша адам жүргенін санауға бір қолдың саусақтары да жетіп тұр. Жазы, күні ыстық Таразда салқындық, көлеңке беретін әртүрлі тал өсімдіктері: гүл, көгал, су бұрқақтар, шағын арықтар, көлеңкеде отырып, демалатын шағын сәулет құрылымдар жоқ.

Биік өңделген кірпіш қабырғасында, кемінде 50 м созылған көлемінде Тараздың көне ғасырлардан бері тарихи, мәдени дамуының деректері тасбетон тақталарда ойылып жазылған. Осы жазуы бар қабырғадан артқа шегінгенде 20-25 метр тас плитамен қапталған жол көрініп тұр. Бұл жолда Тараздың бір ғана тақтада тарихи деректерін оқу үшін, көлеңкесі жоқ, отыратын орны жоқ, күннің көзінде тұрып  бір тақтаны да ыстықтан, терлегенінен оқуға шыдамай қай адам болса да кетіп қалады ғой.

Дәл осындай жағдайды Оңдасын екеуміз басымыздан өткіздік: ыстық күнге шыдамай, бір тақтаны әзер оқыдық. Сауатымды көтеремін деген Тараз тұрғыны: «Күн бұлттанғанда құралмалы өзімнің орындығымды әкеліп, оқимын», – деп кетер.

Бүгінгі Тараздың әкімшілік, қоғамдық т.б. ғимараттарының сәулеті қандай екенін бір-екі сөзбен айтайық.

Жамбыл облысының әкімшілік ғимаратының сәулетіне тоқтайық. 

Бұл ғимаратты өзіне сай сәулетімен нақты облыс көлемінде басқару міндетін атқаратыны көрініп тұр. Тек қана қазақ мемлекетінде, түбегейлі қазақ ұлтыныкі екені білінбейді. (Жалған көп ұлтты емес). Қалыптасқан ұлттық нақыш қана жетіспей тұр. Ғимараттың қасбеті Абай даңғылынан алшақтау екені көрініп тұр. Бұл көріністе әкімшіліктің алдындағы алаң үлкенірек болып тұр. Осы алаңда гүлдер көгалға толған, бірақ демалып отыратын көлеңкелі шағын сәулет құрылыстары көрінбейді. Әкімшілік алаңында 3 (үш) адамдардың мүсіндері: отырған домбырашы ер жігіт, билеп тұрған екі қыз қазақ ұлтының киімдерінде. Мүсіндердің қаңқасы ағаш па, темірбетон ба, басқа құрылыс материалдары ма, бізге белгісіз. Ал сыртқы мүсіндердің келбеті мүк пен шөппен қапталған (топиарий). Сонда әкімшіліктің үлкен алаңында сахна-өнер саласындағы мүсіндерді не үшін жасанды шөптен тұрғызған? Алаң әртүрлі тал өсімдіктер, гүлге, көгалға толған, бірақ демалатын, күннен, жаңбырдан қалқан болар орындар жоқ. Неге? Әкімшілік ғимаратының алдында биік ауыр тұғырда Жамбылдың көлемді мүсіні тұр. Осы алып ақын Жамбылдың мүсінін, домбыра тартқан жігітке, би билеген қыздарға қарап, сырттан келген адам театрға немесе филармонияға, концерт залға келгендей әсерде болады. Сәулетшілер Жамбылды мемлекет, не қоғам қайраткері деп шатастырып алған шығар... 

Су бұрқақтарын ыстық күнде адамға салқын леп бергізу үшін орнататыны ежелден белгілі.  Ал Тараздағы Желтоқсан көшесінде орналасқан бұрынғы Ш.Уәлиханов кинотеатрының қасындағы су бұрқақтар адамға ешқандай салқынды жеткізбейді. Себебі екі арада қалың, биік бетон қоршау тұр. Екіншіден, бұрқақтардың қасында отырып, салқын самалмен тыныстап демалу үшін жағдай жасалмаған. Сондықтан мұндай су бұрқақтарды адамға комфорт жасау үшін емес, көзбояушылық үшін орнатқан деп түсінеміз.  

Тұрғын үйлердің сәулетіне келсек, қазіргі кезеңде терезесіз қасбеттерінде жиі монументалдық бейнелеу өнерімен жалғасқан көркемдік суреттер, көріністер, ғимараттар бейнелерін орналастырады. Тараздың Төле би көшесіндегі үйлердің сәулетіне қарасақ. Біртұтас терезелері жоқ, қасбеттеріндегі суреттері көне не қазіргі Тараздың ерекшелігін, нақты өзіне тән қаланың сәулетін ашпайды.

Айтылған көшедегі үйлердің қабырғаларында – Астананың «Хан шатырының», «Бәйтерегінің», басқа да ғимараттарының сәулет фотосуреттері.  Ал Астананың сәулеті Таразға неменеге керек? Көне, жаңа Тараздың тақырыптары үйлер қабырғаларында болса, бұл көне қаланың тарихын монументалдық бейнелеу өнерін неге жалғастырмасқа?

Бүгінгі Тараздың сәулеті біздің фотоларымызда әлі көп, бірақ осымен тоқталайық. Қорыта айтқанда, келтірілген мысалдарға қарап-ақ Таразда сәулет өнері, қала дамымағанын байқауға болады. Өкінішке орай, бұл құбылыс Қазақстанның басқа қалаларында да дағдарыста тұр. Негізгі себеп – оқу орындарында сәулетші мамандарды дайындау сын көтермейді. Ал бұл – басқа тақырыптың мәселесі.

PS: Біз бір қаланың сәулетіне ғана тоқталдық. Қалған қалаларымыздың жағдайы нешік? Сәулетші: «Өкінішке орай, бұл құбылыс Қазақстанның басқа қалаларында да дағдарыста тұр», – деп орынды айтқан сияқты. Алдағы уақытта пікірлерін жазам деушілерге жол ашық. Үн қатыңыздар!

ТӨЛЕУБЕК ҚАРАМЕНДІ, Сәулетші-ғалым, профессор. ҚР Сәулетшілер Одағының, Журналистер одағының мүшесі
10.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 213
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 209
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 714
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 837
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 751

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8907
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8301
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11529
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9285
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10513