Қаңтар қасіреті: шыққан күндей шындық!

Қаңтар қасіреті: шыққан күндей шындық!

Құрметті әріптестер!

 

Біз бүгін, өкінішке қарай, Қазақстанның саяси тарихында қара дақ болып қалған қаңтар қасіретін Мәжіліс қабырғасында екінші рет кең ауқымда талқыладық. Бұл ешқашан өшпейтін, қазақ жастарының жадында жаңғырып тұратын, бәлкім мәңгі сақталатын ауыр оқиға. 

 

Сол бір сұрапыл күндерде көшеге шыққан жастардың сауатты бөлігі елді қиратамыз деп емес, керісінше, надандық пен әділетсіздікке, тамыры тереңге кеткен сыбайлас жемқорлық пен қызмет бөлістегі жөнсіз қамқорлыққа, бір қолға шоғырланған байлыққа, жұмыссыздыққа, баспанасыздыққа, жастар саясатындағы салғырттыққа қарсы күрес үшін деп шықты. Қоғамда әділеттік орнатамыз, отбасылық кландарды жоямыз, ашық саясатқа жол ашамыз деп сенді. 

Өкініштісі - екі жастың біріне келмеген өрімдей жастарымыздың басым бөлігі содырлардың алдауына, мемлекетті күшпен басып алу арқылы төңкеріс жасауды көксеген теріспиғылды опасыздардың арбауына ілікті. 

 

«Іштен шыққан жау жаман» дегенді бабалар тегін айтпаған. Ай-күннің аманында ниетіне қасқыр шапқан бүлікші-содырлардың арбауының кесірінен қаншама жас азаматтар қаза болды. Бұл - шыққан күндей шындық!

 

Опасыздықтың шегі сол - мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында саяси қызметтегі адамдардың болғаны. Ұлттың қауіпсіздігін сеніп тапсырған адам Тәуелсіздіктің іргесін шайқап, мемлекетке қауіп төндірген соң басқадан не үміт, не қайыр? Бұдан шығатын қортынды - жоғары лауазым иелері елдің болашағына сенген жастардың сеніміне сатқындық жасады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беру үшін, жастарға қару ұстатып, оларды террорлық әрекет етуге итермеледі. Естен тандыратын синтетикалық есірткі мен ащы суды оңды-солды таратқанын тергеу изоляторларын аралағанда өз құлағымызбен естідік. 

Жастар арасында “молотов коктейлі” мен қару-жарақты мыңдап таратқанды көзімізбен көрдік.

Қаңтарда алданған, арбалған жастар қолшоқпарға, құралға айналуы - салдар ғана, ал мұның себебі тым тереңде еді. Мысалы, қоғамның басты індетіне айналған барлық саладағы: денсаулық, білім беру, сот жүйесі, ауылшаруашылық, мұнай-газ секторы, жер қатынасы, кеден жүйесіндегі жолға қойылған жүйелі жемқорлық, бай баласы мен кедей баласының арасындағы мүмкіндіктер алшақтығы, тамыр-таныстыққа құрылған сыбайластық, әділетсіз келген байлық сияқты тізіп кете беруге болады. Бұл - Қазақстанның саяси-әлеуметтік, экономикалық кеңістігіне жылдар бойы батпандап кірген "аурулардың" бір парасы ғана еді.

 

Бұған қоса, жастар арасында адал еңбектің, білімнің лайықты бағаланбауы, олардың ортасында қылмыстық топтармен байланысы бар азаматтардың көлеңкелі лидерге айналуына әкеліп соқтырды. "Афтаритет" ағаларды жағалаған жастардың көбейгені сонша, қоғамда “Бөкеңнің жігіттері”, “Төкеңнің балалары” деген топтардың атынан ат үркетін жағдайға жетті. Мұндай топтар әлеуметтік желілер арқылы өздерінің патша өмірлерін көрсетіп, талай жастарымыздың санасын бұзды. Тіпті, заңды белден басу, құзырлы орындардың басынан аттап өту беделге айналды. Ал мұндай топтардың көксегені - әділетсіз байлық пен қуыршақ билік.

Олар үшін қару ұстап, әлсізге әлімжеттік көрсету батырлықпен теңестірілді. Соның салдарынан бір топ жастар қаңтар оқиғасында қылмескерлер арасында “Дикий Арман” лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық іс-әрекеттерінің құрбаны болды. 

Сонда жастардың логикасы бойынша елді осындай опасыз-қылмыскердің қолына беруге болатынына сенгені ме?

Ал, Маңғыстау өңіріндегі "бізге ұры Әблязовты алдырың, әйтпесе бардак жасаймыз, бұл өңірді Қазақстаннан бөлеміз" деп үй ішінен үй тігуді көздеген көлденең көкаттылардың үндеуін қалай түсінеміз?! Сәл болғанда, өздерінің арам ойларын іске асыру үшін қызуқанды жастарды “танк астына” салуға дайын болды емес пе?

 

Расында қаңтардағы қайғылы оқиғалар жастардың әлеуметтік-экономикалық бейімделуінде үлкен олқылықтардың бар екенін айқын көрсетті. Сол күндері қылмыскер болуға, елін опасыздардың қолына беруге дайын жас азаматтарымыздың бар екенін шыққыр көзіміз көрді. Бұл аса қауіпті үрдіс. Алайда, бұл құбылыс аспаннан құлап түскен жоқ, бұған жылдар бойы мадақ пен мақтаннан арыла алмаған, жалған ұрандарға алданған идеологиялық кеңістіктегі кемшілік пен мемлекеттік басқару жүйесіндегі жастарға деген қалдықты принциппен қараудың нәтижесі деп білемін.

 

Әрине, еліміздегі жастардың мәселесіне байланысты қағаз жүзіндегі даярланатын ақпараттар мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейтінін білеміз. Дегенмен, біздің өзге Отанымыз жоқ.

Сондықтан, адал еңбек пен озық білім бағаланатын қоғам құру үшін жастар көп еңбектену керек. Арампиғылды бандиттерді ағалайтын заман емес, білімді паналайтын заман екенін түсінетін уақыт жетті. Жаңа білім алуға, өз кәсібіміздің шебері болуға ұмтылатын, істің тек мәнісін білетін емес, әдісін қатар қолданатын кезең келді. Ал, ол үшін елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен түбегейлі саяси реформалар жүзеге аса бастады. Оның жалғасы терең экономикалық, әрі әлеуметтік реформалармен көмкерілуі тиіс. Ол үшін  отаншыл менің замандастарым қамдануы қажет.

Сондықтан да, еліміздің алған беттен бұрылмауы, адал міндеттен таймауы әрқайсымызға қасиетті парыз.

 

Жанарбек Әшімжан
06.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

Тез таралатын жұқпалы аурудан сақтану
Артықбаев Сәкен Сарсенұлы Сарысу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы - 29.03.2024 8
Қызылша – вирусты инфекция
Артықбаев Сәкен Сарсенұлы Сарысу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы - 29.03.2024 2
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА
Дәулетбек Байтұрсынұлы - 28.03.2024 148

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 358
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6464
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8172
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6543
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6679