Иә, бұл сөзді біз емес, ата-бабамыз айтқан. «Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер» деген. Сары орыстың әуселесін көріп-ақ келеміз. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, тіліміз бен ұлттық мәдениетімізді еркін дамытуға шамамыз жетер емес. Қазір олар Қазақ елінің бүкіл ақпараттық кеңістігін жаулап алған. Сондықтан да орыстардың қазақ даласында көптеген әскери полигондарын ұстауы, мемлекеттік маңызды нысандарды еш кедергісіз иемденуі ешкім де көңіл аудармайтын әдеттегідей көрініске айналған.
Енді міне, Қазақ елі үшін тағы бір қатерлі қауіптің басы қылтиып тұр. Биылғы 9 ақпан күні Қазақстан және ҚХР Сыртқы істер өкілдерінің кездесіп, «екі ел азаматтарының қарым-қатынасын визалық талаптардан босату жөніндегі келісім» жасауға мүдделілік танытуы бізді одан әрі қайран қалдырды. Әсіресе, бұл ұсыныстың Қазақстан тарапынан жасалуы бізді ерекше қапаландырады және ашындырады. Бұл не үшін қажет және қандай мұқтаждықтан туып отыр? Қазіргі уақытта демографиялық басқыншылықтың елге қандай ауыр зардаптар әкелетінін өзгелер білмесе де, қазақ халқы жақсы біледі. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, әзірге Қазақстан деген атаумен «екінші орыс мемлекетінде» өмір сүріп жатқанымыз белгілі. Бұл 150 миллион халқы бар Ресей Федерациясына есігімізді айқара ашып тастап, мемлекет мүддесін ұлттық тұрғыдан бағалай алмаудың салдары. Енді міне, 1,5 млрд халқы бар Қытай Халық Республикасымен «визасыз режим қатынасына көшу» саясатына тағы да ұрынғалы отырғанымыз қалай? Қытайдың «сауат ашу» түрмесінде жүздеген мың қандастарымыз жылдар бойы жапа шегіп, ұлттық геноцидке ұшырағанда, бұл қиянатты өркениетті елдердің бәрі айыптағанда, біздің мемлекетіміздің ләм-мим деп ауыз аша алмай қалғаны несі? Әлде бұл қазақтың жерасты байлығын қытайлықтармен бірлесіп, сүліктей сорып жатқан алпауыттардың экономикалық мүддесіне сәйкес келмеді ме екен?! Бұл саясаттың одан әрі күшейіп, енді екеуара «визасыз режимге» ұласуы, шын мәнінде «қара қытай» қаупін еселей түскендей.
Оның зардаптары елімізге жылдар өткен сайын қандай ауыр болатынын, болашақта қазақ деген ұлтты бұрынғыдан да бетер демографиялық тасқынның қатеріне байлап беріп отырғандарын мемлекет басында отырғандар түсінер ме екен? Қазақтың аса көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин кезінде назарбаевтық биліктің орысшылдық ықпалынан арыла алмаған «саяси мүддесіне» ашық қарсы шығып, «Ұлтсыздандыру ұраны» деген мақала жариялаған болатын. Амал қанша, жүрегіміз қан жылағанмен «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып, сырты жылтыр «шоу-өмір» жалғаса берген. Тіпті ол бүгінде жаңа бір сипатта одан әрі дами түсуде. Яғни, Қазақ деген ұлтты тамырынан суалтудың, саны басым өзге ұлтқа сіңістіріп, оны бірте-бірте жер бетінен жоюдың екінші кезеңі басталғандай...
Біз, қазақтар, қашаннан мемлекеттілікті ардақ тұтып, билікті сыйлап өскен халықпыз. Тәуелсіздікке қол жеткізген отыз жылдан астам уақытта елдің бүкіл байлығы шала сауатты басшылықтың арқасында жабайы жыртқыштықпен талан-таражға түссе де көнген едік. Экономиканың басты тұтқалары «шетелдік инвестиция» деген сылтаумен жатжұрттықтардың қолына берілсе де үндемедік. Ата-баба жерінде туған тіліміздің мемлекеттік мәртебесі дұрыс сақталмаса да, ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызды қорғауға ықылас танытпай отырған жоғары биліктің немқұрайдылығына да көз жұмып келеміз. Алайда сабырдың да сарқылатын кезі, шыдамның да шегі бар.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы, күні кешегі, әлі жарасы да жазылмаған 2022 жылғы Қаңтар көтерілісі неден туды? Тереңірек ойлап қарасақ, бұған шектен шығып бара жатқан әлеуметтік теңсіздік, елді парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың жайлап алуы, әділетсіздіктің асқынып кетуі себеп. Тек одан ғана емес, олигархтардың шексіз баюы үшін мемлекет мүддесін бұра тартушылықтан да туындап отыр. Сондықтан тағы да осындай қатерлі қателікке жол беру мемлекет мүддесіне опасыздық жасаумен бірдей деп ойлаймыз.
Жуырда «Қазақпарат» агенттігі Қытай азаматтарына 15 наурыздан бастап Қазақстанға және басқа да шетелдерге туристік сапарларға шығуға жол ашылғанын хабарлады. Бейресми мәліметтерге қарағанда, кейбір қытайлық турфирмалар өз азаматтарының Қазақстанға қызығушылығын арттыру үшін «Қытай елінің ежелгі иеліктеріндегі жерін көргіңіз келмей ме?» деген тәрізді жарнама таратып жүрген көрінеді. Бұл сөз рас болса, жетіскен екенбіз. Биыл жоңғарлар мен ойраттардың қысымына шыдамай туған жерінен безініп, «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшыраған қазақтардың қасіретіне тұп-тура үш жүз жыл толып отыр.
Сонда «Елім-ай» дастанын туғызып, жоңғарларға қарсы күреске рух берген Қожамберді жыраудың өршіл тұлғасы еді. Сондай тұлға енді табыла қояр ма екен?!
Орыс отаршыларына қарсы күресте басы бірікпей, тәуелсіздікті қолдан беріп қойған хан, сұлтандардың тірлігіне көңілі толмаған кезде Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов: «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – дейді екен.
Мұндай басшы бүгінде бар ма екен?!