12 қаңтарда Алматыда «Азаттық» радиосы өз ресурстарында жарық көрген мақалалардан құрастырылған «Қаралы қаңтар құрбандары» кітабын таныстырды.
Әр мұңлықтың оқиғасы құйқа тамырыңды шымырлатады. Алматыда оқ қарша жауған көліктің ішінде болып, бас сүйегі шашылып қалған 4 жасар Айкөркем Мелдехан, дүкенге нан алуға анасымен шығып, снайпер оғынан жан-тәсілім еткен Сұлтан Қылышбек, көлігі түгел өртеніп, сүйектерін балалары жинап алған ерлі-зайыпты желтоқсаншылар Гүлзифа Құлсұлтанова мен Қуат Біткенбаев, кәмелет жасына толмай оққа ұшқан тараздық Андрей Опушиев пен шымкенттік Абылай Ергеш... Зар еңіреген ана, азаматын жоқтаған әйел, жетім қалған бала... Кітапта 19 оқиға қамтылған. Бұл басы. Қалың тізімнің бір парасы ғана.
Авторлар Қантар салдарынан майып болған жандардың жан жарасын емдей алмаса да, олардың ақиқатын оқырман мен көрерменге қаз-қалпында жеткізуге тырысқан. Оққа ұшқандардың қасіреті бұдан да ауыр. Алда бұл еңбек жалғасын табады.
2023 жыл Қазақ тілінің жылы болуы керек
Әрбір саналы қазақ азаматы ана тілінің қолданыс кеңістігін ұлғайтуға атсалысуы керек. Бұл әуелі бала тәрбиесінен басталады. Сондықтан баланы қазақша сөйлеуге, қазақша контент тұтынуға және жасауға баулу қажет, соның ішінде баланы қазақ сыныбына оқуға беру де кіреді. Қазақ тіліне саналы түрде ауысуға дайын азаматтар саны көбейді. Бұл жерде халық осы жылы қолынан келетін шектеулі әрекеттің бәрін істеді. Соңғы сөзі бәрібір биліктен болып тұр. Биліктегілер қазақша сөйлеуді сайлауға қатысуға үгіттегендей үгіттесе, тіл мәселесі шешілуге шақ тұр.
Конституцияны билік өзі құрмет тұтпайды
Биыл елімізде адам құқықтары өрескел бұзылды. Оның ең ауыр фактісі – ескертусіз оқ ату мен азаптау оқиғасы. Билік бейбіт күнде өз халқын атуға бұйрық бергенде құқық туралы ешқандай сөз болуы мүмкін емес. Адамдар нақақ оққа ұшты. Олардың арасында балалар мен әйелдер де бар. Алты ер адам азаптаудан қайтыс болды. Бір жыл өтсе де, бұл үшін әлі ешкім жауап берген жоқ. Конституциясында демократиялық мемлекет екенін көрсеткен елдің билігі түрмелерде азаптау тәсілін қолданады. Бұл 2022 жылы жаппай сипат алды. Қатыгездік жағынан НКВД мен Гестаподағы жауап алудан еш кем емес. Конституция әр азаматтың өмір сүру құқығына және азаптаудан қорғауға кепілдік береді. Бұл заңда бекіген норма ғана емес, сонымен бірге жалпыға бірдей адамгершілік құндылықтарға жатады. Алайда жыл бойы елімізде Конституцияны биліктің өзі құрмет тұтпады.
Азаптау және «лакмус сынағы»
Тіпті, қарапайым құқықтардан да айырылдық. Біздің билік зорлық-зомбылыққа жол беріп, оны көтермелеп-ынталандырып жатқанда ештеңе өзгермейді. Азаптау фактілерін бүкіл құқық үстемдігі жүйесі үшін «лакмус сынағы» деп есептеймін. Азаптауға жол берілсе, мемлекеттің қалған бөлігі тұтастай жұмыс істемейді. Бізді азаптаудан қозғамайынша, атып салу тұрмақ, басқа маңызды құқықтарға кепілдік берілмейді.
Комфорт зонадан шыққысы келмейтіндер
Өкінішке қарай, адам құқықтары туралы мемлекетімізден оңды ештеңе айта алмаймын. Қаңтардағы наразылықтан кейін мемлекет бізді естиді деп үміттеніп едік. Саяси талаптармен шыққан халық, ең алдымен саяси реформаларды күтті. Бірақ барыс жылы биліктің ештеңені өзгерткісі келмейтінін және оған құлықсыздығын көрсетті. Назарбаев оңдаған жыл бойы құрған авторитар жүйе олар үшін ең қолайлысы болып қала береді. Мұндай жүйеде адамдардың құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің приоритетіне кірмейді.
Қолдан келетіні – …
Елдің саяси өмірінде жай бақылаушы болып қана, сыртта қалып қоюға болмайды. Қоғам өзгерістерге белсене атсалысып, тіпті бастамашы болуы керек. Ал бұқара мен билік бір нәрсені түсінуі маңызды. Мемлекет азаматтардың мүддесі үшін қызмет етуі керек. Сондықтан әрқайсысымызды жауапкершілікпен қарап, саяси үрдістерден қалыс қалмауға шақырамын. Мысалы 2023 жылы бізде Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы болады. Саяси науқанда тәуелсіз бақылаушы болуға немесе өз кандидатураларыңызды ұсынуға болады. Тәуелсіз кандидаттар неғұрлым көп болса, соғұрлым оларды Парламентте көру мүмкіндігі артады. Ең бастысы бей-жай қарамау және әлдекім бәрін өзгертіп береді деп күтпеу.