Қасіретті тағдыр – ұрпаққа сабақ

 Қасіретті тағдыр – ұрпаққа сабақ

Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің  бірі  – жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық. 

Кеңес билігінің солақай саясаты 1932-1937 жылдары Қазақ даласында зұлмат заман тудырған еді. Анықталған деректерге сүйенсек,   бізде  100 мыңнан аса адам нақақтан жазаланып, қуғын-сүргінге ұшырады, соның 25 мыңы атылған екен. Оққа ұшқандардың дені қазақтың бетке ұстар, көшбастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық Алаштың арда ұлдары еді. Тіпті халық саны көп емес  Ақтоғай ауданында сол жылдары 235 адам жазықсыз жауапқа тартылған. Оған бірден-бір себеп – Алаш қозғалысының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақбаевтың осы өңірдің тумалары болғаны.

Жантүршігерлік, әділетсіз  оқиғалар қазақ ауылдарының талайында орын алғаны тарихи шындық. Осыған қарсылық ретінде қазақ жерінде 370-тен аса бұқаралық көтерілістер мен наразылық шаралары  болған. Оның ішінде Абыралы, Созақ, Адай көтерілістері сияқты ірілерімен қоса Балқаш-Ақтоғай өңірінде өткен Тоқырауын көтерілісі де бар. Қан-жосамен басылған ереуілдер туралы деректер егемендікке дейін өте құпия сақталды. 

2020 жылдың 24 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев  «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, жедел комиссия жұмысын бастап кеткен еді. Бүгінде комиссия  жинаған әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша құжаттар мен материалдар негізінде құрастырылған 31 томдық кітаптар Президентке таныстырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғастырылуда. 

Зұлмат кезеңде атылған, қатыгез қуғын-сүргін жантүршігерлік жайттардың  айқын көрінісін  кішкене ғана, 500 адамнан асар-аспас тұрғыны болған  Ортадересін ауылының сол жылдардағы тағдырынан байқаймыз. Архивтерден табылған ресми құжаттардан білгеніміз:  бір  қылмыстық іс бойынша  1937 жылы жалған жаламен ортадересіндік 14 адам сотталып, оның 6-ы өлім жазасына кесілген. Осыған орай кейбір жайттарға аса көңіл аударғанды жөн  санадық. Ондағы мақсатымыз:

- Сол кездегі жазалаушы органдардың (Кеңес өкіметінің) қитұрқы саясатын, арам пиғылын, жымысқы істерін атап өту;

- Құрбан болған, кейін толық ақталған, кінәсіз әкелеріміздің адал атын ардақтау;

- Сол зымиян, қатыгез кезеңде де  қарапайым ауыл адамдарының ішінен жеке басына төнер қауіптен қаймықпай, нақақтан жазаланған ауылдастарының еш кінәсіз болғанын көрсетіп, ақтауға жан салғанын көрсету. Ол әкелерімен ұрпақтары мақтана алатынын нақтылау; 

- Жазықсыз құрбан болған әкелеріміздің жан жарларының 20 жылдай, тынбай сұрау салып, ерлерінің ақталып, тірі келетініне сеніммен өткеніне иіліп тағзым ету; 

- Жауапқа тартып, іс жүргізгендер, ауылдастарымыздың тағдырын шешкен НКВД-ның жендеттері көбіне басқа ұлттың өкілдері болған (Духович, Зайнулин, Никитин т.б.),  қылмыстық іс тек орыс тілінде жүргізілген.

Біз әңгіме қылып отырған  Қылмыстық іс бойынша жалған жаламен жазаланып, сотталған 14 азаматты атап айтсақ, олар (құжаттар бойынша):

1. Джанабергенов Касанхан. 2. Исин Ахмет. 3. Айтжанов Қалай.      4. Абильдинов Қасым. 5. Байжұманов Амаргали. 6. Иманбаев Қапас.          7. Байжанов Багорай. 8. Шайкенов Жасембек. 9. Молдаханов    Қабжан.  10. Махажанов Садық. 11. Ибраев Абдрахман.  12. Давлетпаков Ахметжан. 13. Ильясов Шахабай. 14. Рахимов Ильяс.   Оның  12-сі Ортадересіннің тумалары да, соңғы әкелі-балалы екеуі осы ауылдағы қосалқы шаруашылықтың  қатардағы жұмыскерлері,  Егіншілдік ауданының тумалары екен.

Бәрі де 1937 жылдың 20 желтоқсанында  РСФСР-дің қылмыстық кодексінің 58-бабының 9, 10 және 11-тармақтары бойынша жауапқа тартылған. Тергеуді жаңа ғана бой көтеріп келе жатқан Балқаш  қаласының ІІХК (НКВД) бөлімшесі қозғаған. 7 күннен кейін қылмыстық іс Қарағанды қаласының ІІХК (НКВД)-сына түсіп, ондағы «Үштік»  жауапқа тартылғандардың алдыңғы 6-ын ату жазасына кесуге үкім шығарған. Бұл үкім  11 күннен кейін  орындалған. Қалған 8-не 10 жылдан бас бостандығынан айырып,  «концлагерьге» түрмеде отыруды кескен.  Тергеу, сот құжаттарынан  көріп, оқып, «Концлагерь» деген ұғымның неміс фашистерінде ғана емес, Советтік мемлекетте де болған шындығын жаның түршіге еріксіз мойындайсыз. 

Жоғарыда аталған 6 азамат 1937 жылы іс қозғалғаннан  кейін 18 күннің ішінде атылып кеткеніне қарамай, олардың ісқағаздарында (для родственников – умер в 1942 году от гипертонии) деп жазылған. Сол кездегі Кеңес өкіметінің өкілдері 1957 жылға дейін шындықты жақындарына айтпай, жасырып келген. Жиырма  жыл бойы Исин Ахметтің зайыбы Исаева Ұлбөбек және Иманбаев Қапастың зайыбы Иманбаева Қамила  шешелеріміз үміттерін үзбей, бармаған жері қалмай, барлық инстанцияларға сұрау салумен болған.

Айта кететін жайт: аталған адамдарды жауапқа тартқан кезде «Ортадересін шаруашылығына қастандық жасады» деген бастапқы жаламен қоса 5 жыл бұрын өткен Тоқырауын көтерілісіне  (байское восстание делінген) қатысқандарын  теліп, алдыңғы 6-ын атуға кескен. 

Құжаттарды тереңірек зерттеу барысында сол кезеңнің  әлі де болса «сталиндік режимнің» қаһарының азаймай тұрғанына қарамай, ауылдастар  арасынан нақаққа кеткендердің кінәсіз, таза екенін дәлелдеп, жиналыс жасап, онда жазаланғандарды ақтап сөйлеген қарапайым ауыл азаматтары: Ақаев Сағат, Бәкіров Мәулен, Үмбетов Қабандарды және «тергеуші менің айтпағанымды  өтірік жазыпты» деген Мұқанов Мырзалиді, (кейінде елге сыйлы ақсақал болғандар, ол кезде қылшылдаған жас жігіттер) жүрекжұтқан батырлар екен  дегің келеді. Әрине, адамдардың бәрі бірдей емес, өкінішке орай, ел ішінде жауапқа тартылғандарды көрсетіп, жала жапқандар да бар еді.  Ондай рөлді кейбіреуі өз ынтасымен  атқарса, енді бірінің  ІІХК (НКВД) жендеттерінің зорлау, қинау қимылдарына шыдай алмағаны байқалады. Аттарын атамай-ақ қояйық. Жамандық ойлап,   жала жапқандардың жазасы қайтсе де  Алладан қайтатыны белгілі.  Солай болды да. 

Жоғарыда аттары аталған,  жазаланған азаматтардың ісі  1957 жылы қайта қаралып, олар толығымен ақталды. Осындай қуғын-сүргін кезеңінде  жазаланып шейт болған немесе ұзақ жылдар түрмеге қамалған әкелерімізді ақтау, ардақтау, тағдырынан сабақ алу – азаматтық борышымыз. 

Нақақтан  жазаланып, құрбан болған ауыл азаматтарына Ортадересін ауылының бүгінгі тұрғындары,  марқұмдардың ұрпақтары арнайы, ортақ құлпытас орнатып, кейінгі жеткіншектер біліп, тағзым ететін жағдай жасаса деген тілек білдіріп, оның орындалатынына үміттенеміз. Жазықсыз жазаланғандардың тағдыры  кейінгі ұрпаққа сабақ. Мұндай іс-шара  өлгендерге емес, тірілерге қажет.

 

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
30.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 56
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 582
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 696
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 611
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 620

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8756
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8156
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11385
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9139
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10370