Қазақ жастарының шетелге кету себебі неде?

 Қазақ жастарының шетелге кету себебі неде?

 Қазіргі таңда көптеген қазақ жастары шетелге оқуға, жұмыс істеуге немесе тұрақты өмір сүруге бет бұрып жатқанын көзіміз көріп жүр. Бұл құбылыстың түрлі себептері бар, алайда оның түп негізінде болашаққа деген сенімсіздік, әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы және сапалы білім мен еңбек нарығының сәйкессіздігі жатыр деп ойлаймын.

Меніңше, жастар шетелге кетуді өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асырудың жолы деп санайды. Өйткені дамыған елдерде білім беру жүйесі заманауи технологиялармен жабдықталған, еңбекақысы жоғары, өмір сүру сапасы да жоғары деңгейде. Бұл орайда «Жақсы өмір іздеген жаман емес» деген халық сөзі ойға оралады. Әрине, елін сүйетін әрбір азамат туған жерге еңбек етуі тиіс еді.  Бірақ ол үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау мен жақсы жағдай қажет.

Мысалы, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, такси жүргізушісі немесе курьер болып жүрген жастар аз емес. Бұл көрініс жұмысқа орналастыру аясындағы байланыстың әлсіздігін анық көрсетеді. Шетелде оқып, тәжірибе жинап, қайта елге оралып, қызмет ететін жастар да бар, алайда олардың үлесі аз десек, қателеспейміз.

 

Шетелге кету – өз-өзін іздеу

Кез келген жас өзге елге кеткен сайын, артында сұрақ пен ой қалып қояры анық.  Сол секілді, бір таныс қыз мектепті үздік бітіріп, Польшаға оқуға түсті. Алғашында көпшілік түсінбей «Мықты қыз еді, неге шетелге кетті?» деп жатты. Кейін білгеніміздей, ол жақта білім жүйесі ашық, студенттің пікірі ескеріледі, ең бастысы жастарға сенім артады екен. Ол өзін табуға, еркін білім алуға мүмкіндік іздеп кеткен. 

Бұл – жалғыз оқиға емес. Қазір шетелге ұмтылған жастар саны артып келеді. Олардың басты уәжі – мүмкіндік пен еркіндік. Кейбірі ғылым қуып, кейбірі шығармашылық жол іздейді. Бірақ барлығының арманы бір – өз қабілетін толық жүзеге асыру. Өкініштісі де сол, бұл мүмкіндік өзіміздің елде емес, өзге елде жүзеге асуда.

Шетелге кету – елден безу емес, өзін іздеу. Егер біз жастарға сенсек, олар кеткен емес, қайта оралып, елге қызмет етер еді. Жастар шетелге ұмтылмасын десек, ел ішінде де таңдау мен мүмкіндік қатар жүруі керек болып тұр.

Қорытындылай келе, жастардың шетелге кетуін тоқтатудың жолы тек бір – ел ішінде сапалы білім мен лайықты жұмыс орындарын қамтамасыз ету. «Жас келсе іске» деген ұстаныммен жастарға мүмкіндік беру ел болашағына жасалған ең үлкен инвестиция болмақ. Жастар елге сенсе, ел де оларға сенім артады деп пайымдаймын.

Қарақат АРДАҚҚЫЗЫ
05.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15117
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15022
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30158
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28776
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32344