Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында еліміздің қазіргі уақытта өзінің дамуының жаңа кезеңі – саяси жаңғыру кезеңіне аяқ басқанын қадап айтты.
«Азаматтық-іскерлік мемлекет» үштігінде қарым-қатынастарды терең қайта құрылымдау алда екенін, өйткені еліміз бүкіл әлемдік қауымдастық үшін қиын-қыстау кезеңде экономикалық дамудың жаңа кезеңіне өтуі керектігін де нақтылады.
Жеке кәсіпкерлік бастама, бәсекелестікті дамыту және ұлттық табысты әділ бөлу мәселелері Жолдауда қамтылды.
Осы орайда айта кету керек, SDG Index тұрақты дамуының жаһандық рейтингінің деректері бойынша соңғы бес жылда Қазақстан индексі шамамен 71 балды құраған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан рейтингі 167 елдің ішінде 66-орынға табан тірепті.
Осы ретте Вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстанда ТДМ тиімді іске асыру үшін берік институционалдық негіз құрылғанын атап өтті. ТДМ жөніндегі үйлестіру кеңесі және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді мониторингілеу комитеті жұмыс істеп жатқаны да белгілі болды.
Үкімет мақсаттарды елдің негізгі стратегиялық құжаттарына, оның ішінде өңірлік даму құжаттарында оқшаулауды ескере отырып интеграциялау жөнінде шаралар қабылдаған. Соның арқасында басым салаларды – денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, экология, кәсіпкерлікті және т. б. дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Бүгінгі таңда Қазақстан Париж келісімі шеңберінде экономиканы декарбонизациялау жөніндегі шараларды іске асыруды жалғастыруда. 2023 жылдан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді, бұл климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі маңызды қадам екені даусыз!
2025 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі саяси форумында Қазақстан өңірлерде ТДМ-ны оқшаулауға, гендерлік теңдік пен жастар саясатына баса назар аударылатын үшінші ерікті ұлттық шолуды ұсынады.
Бүгінде Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет тек экономикалық өсудің көзі ғана емес, сонымен қатар өңірлер арасындағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ететін, жұмыссыздықты азайтатын және халықтың табысын арттыратын негізгі құралға айналып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстан еліміздің барлық өңірлерінде қолайлы іскерлік ахуал жасауға сенімді қадамдар жасауда.
Шағын және орта бизнесті экономикалық өсудің, халықты жұмыспен қамтудың және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі драйвері ретінде дамытуға ерекше назар аударылғаны қуантады.
Еліміздегі тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері туралы статитикаға тоқталсақ:
Көрсеткіштер 01.01.2023 01.01.2024
бірлік Үлесі, % бірлік Үлесі, %
Тіркелген ШОК субъектілері 2 026 527 100,00 2 178 951 100,00
Шағын кәсіпкерлік 438 403 21,63 183 988 8,44
Орта кәсіпкерлік 3 032 0,15 3 024 0,14
Жеке кәсіпкерлер 1 336 490 65,95 1 719 279 78,90
Шаруа немесе фермер қожалықтары 248 602 12,27 272 660 12,52
Ескерту: https://stat.gov.kz/ ақпараты
Салалық тұрғыда Қазақстандағы кәсіпкерлік әлеует негізінен сауда саласында шоғырланған. 2023 жылы ШОК субъектілері өндірген өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 16%-ға артқан. Бұл жалпы өнім көлемінің 16%-ын құрайды. Өнеркәсіп саласында ШОК субъектілері өндірген өнімнің үлесі 14,38%-ды, ал ауыл шаруашылығында – 6,61%-ды құрайды.
Қазақстан — географиялық тұрғыдан үлкен әрі әртарапты мемлекет. Сондықтан кәсіпкерлік белсенділік те өңірлік деңгейде әркелкі. Алматы, Астана, Шымкент сынды мегаполистерде ірі бизнес пен қызмет көрсету салалары кең дамыған. Ал ауылдық және шалғай аймақтарда шағын шаруашылықтар мен тұрмыстық бағыттағы кәсіп түрлері басым.
Алматы қаласы — стартап экожүйесінің орталығы, IT-технология мен қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік айтарлықтай дамыған.
Түркістан мен Қызылорда облыстары — агроөнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге мамандануда.
Батыс Қазақстан — мұнай-химия саласына негізделген индустриялық кәсіпкерлікпен алға шыққан.
Бұл әртүрлілік – елдің икемді әрі өңірлік ерекшеліктерге сай бейімделген кәсіпкерлік саясатының қажеттілігін көрсетеді.
Кәсіпкерлік белсенділіктің әркелкілігі кейбір өңірлерде бірқатар кедергілерге байланысты, атап айтсақ, нфрақұрылымның дамымағандығы (жол, интернет, коммуналдық желілер), қаржы ресурстарының тапшылығы (банктердің қызығушылығының төмендігі), қолдау институттарының жеткіліксіздігі (инвестициялық кеңестер, гранттық жүйе), жергілікті әкімдіктердің бизнеске қолайлы орта қалыптастырмауы. Мысалы, ауылдық жерде кәсіпкер болу үшін адам тек идея иесі емес, сонымен қатар логист, есепші, сатушы, маркетолог болуға мәжбүр. Бұл адам ресурсы тапшылығын туындатады.
Мемлекет кәсіпкерлікке қолдау көрсету үшін «Бизнестің жол картасы-2025» (субсидия, кепілдендіру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша), «Бастау Бизнес» (оқыту және микронесиелеу), «Еңбек» бағдарламасы (нәтижелі жұмыспен қамтуды қолдау), «Қарапайым заттар экономикасы» (өңдеу саласына басымдық беретін қаржыландыру) және басқа да бағдарламаларды іске асырып келеді.
2022 жылы ШОБ секторына 800 млрд теңгеден астам мемлекеттік қолдау бөлінген. Бұл қолдау елдің ЖІӨ-сіндегі ШОБ үлесін 36%-дан 2025 жылға дейін 40%-ға жеткізуге бағытталған.
Кәсіпкерлік тек табыс көзі емес, ол әлеуметтік маңызы бар мәселені шешетін құрал бола алады. Бұл орайда әлеуметтік кәсіпкерлік мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа тартуда, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды өндірістік кооперативке біріктіруде, балабақша, оңалту орталығы, логопедтік көмек көрсетуде ерекше орын алады.
2023 дан бастап Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңнама жетілдіріліп, арнайы қолдау тетіктері енгізілуде.
Жаһандық трендке сай, өңірлерде экологиялық және инновациялық бизнес те дамып келеді, атап айтсақ, Ақмола облысында биогаз қондырғыларын орнату, Алматыда климаттық технопарктер құру, Түркістанда жаңартылатын энергия көздеріне негізделген шағын кәсіпорындар құру іске асырылды.
Сондай-ақ, IT-платформалар, мобайл шешімдер, онлайн білім беру бизнесі де ауылға ене бастады. Бұл цифрлық теңсіздікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлік дамуының іргетасы – білім. Өңірлерде кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыру үшін келесі бағыттар қолға алынуда:
- Мектеп бағдарламасына "Кәсіпкерлік негіздері" пәнін енгізу
- Колледждер мен ЖОО-да кәсіпкерлік пәндерін тәжірибеге жақындату
- Жастар бизнес-жобаларын қаржыландыру ("Zhas Project")
Ауыл жастары арасында бизнеске қызығушылық артқанымен, нақты білім мен тәлімгерлік жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін акселераторлар мен менторлық бағдарламаларды кеңейту қажет.
Қазақстанда өңірлік брендтерді дамыту арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға болады:
- Жетісудың алма шырыны
- Маңғыстаудың түйе сүті мен шұбаты
- ШҚО-ның бал және марал шаруашылығы өнімдері
Кластерлер аясында кәсіпорындар бір-бірімен логистика, сату, шикізат жеткізу жағынан бірігіп, тиімділікке жетеді. Бұл өңірлік кәсіпкерлікке серпін береді.
Кәсіпкерлікті шын мәнінде өңірлік даму драйверіне айналдыру үшін институционалдық өзгерістер қажет:
- Әкімдер мен басқармалар кәсіпкерлікке нақты жауапты болуы тиіс
- Бизнеске арналған жер телімдерін бөлу, рұқсат беру тәртібі ашық болу қажет
- Шағын бизнеске арналған "бір терезе" қызметі ауыл деңгейіне дейін жетуі тиіс
Бұл шаралар кәсіпкерлердің уақытын, күшін, ақшасын үнемдеуге және сенімін арттыруға сеп болады.
Қазақстан өңірлерінде кәсіпкерліктің дамуы – ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен инклюзивтілігі үшін аса маңызды.
Бұл — тек ақша табу емес, қоғамға қызмет ету, жұмыс орындарын ашу, отбасылардың әл-ауқатын арттыру, елдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету жолы.
Тұрақты дамуға үлес қосу – біздің мақсатымыз!
БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары саласындағы Қазақстанның ұлттық индикаторларын өзектендіру мәселелері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес Жоғары мектебінің маңызды міндеті болып табылады. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті гранттық қаржыландыру жобасы аясында әзірленген грант №AP23489032 «Қазақстан өңірлерінде табыс теңсіздігі және кедейлік деңгейін төмендетуге шағын және орта кәсіпкерліктің әсерін әлеуметтік турбуленттіліктің жергілікті тәуекелдерін азайту тұрғысында зерттеу» тақырыбында ісін жалғастыруда.
Тұрақты дамудың үш құрауышы арасындағы тығыз өзара байланыстың болуы климаттық өзгерістердің елеулі салдары мен шектеулі табиғи ресурстарын сақтау және «жасыл» экономикаға көшу қажеттілігі айқын болған қазіргі жағдайларда ерекше өзектілікке ие болады. Осы мақсаттарды іске асыру экономика мен әлеуметтік өмірдің негізгі салаларын дамытудың негізі болып табылады.
Атап айтқанда ТДМ4. мақсаты – жалпыға бiрдей және әдiл сапалы бiлiм берудi қамтамасыз ету және баршаға өмiр бойы оқу мүмкiндiгiн көтермелеу. Ол үшін Жоғары экономика және бизнес мектебінде студенттер үшін де, оқытушылар үшін де барлық жағдайлар жасалған. «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық дамудың парадигмасы: сын-тегеуріндер, салдарлар, мүмкіндіктер» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы мен мақсаты ғылым, бизнес және өндіріс ынтымақтастығы, ал енді ынтымақтастық және процесс болып табылатын «Ғылым, бизнес және өндірісті интеграциялау» форумы шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде Экономика кафедрасы «Тұрақты даму мақсаттары» аудитория ашылды.
Салтанатты шараға ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов және факультет ұжымы және білім алып жатқан жастар қатысты.
Техникалық жабдықталған және заманиуи дизайндағы соңғы трендтер бойынша әрленген «Тұрақты даму мақсаттары» аудиториясы ЭЖМ деканы Г.Р.Даулиеваның тікелей ұйымдастыруымен және «ПСК Строй-Инвест» ЖШС ұжымы мен «Baurdaq» компаниясының демеушілік көмегімен ашылды. Бұл аудитория студенттер мен оқытушылар біздің университеттің де, еліміздің де дамуы үшін ТДМ іске асырушылары болған және болатын заманауи көрме орны мен орталығына айналады. Теориялық және кәсіби даярлықтан өткен білімгерлер Қазақстанның дайын кәсіпкерлері болып қалыптаспақ, және де ел экономикасын, әлеуметтік жағдайын, бәсекелестікті одан әрі дамытып, ел сенімін ақтайтынына сенімдіміз.
Әрбір өңір кәсіпкерлік мүмкіндіктерін өз ерекшелігіне сай дамытса – Қазақстанның тұтас экономикасы әртараптанады.
Болашағы тұрақты ел – кәсіпкері белсенді ел.
"Бір ауылда бір кәсіпкер шықса, сол ауылдың болашағы бар" - деген тәмсіл бекер емес. Ендеше, кәсіпкерлікті қолдау – ел болашағына инвестиция салу!
Экономика және Бизнес жоғары
мектебінің деканы
э.ғ.к., профессор м.а. Даулиева Г.Р.
Экономика кафедрасының э.ғ.к.,
аға оқытушы Тураров Д.Р.