1. Басылымдардың, соның ішінде қазақ газет-журналдарының таралымын көбейтуге еліміздегі кітапханалар жүйесі айрықша ықпал етеді. Нақты санын айтар болсақ, 11 мыңдай кітапхана бар. Оның сыртында мектептерде де 7 мыңдай кітапхана жұмыс істейді. Оларға қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды жаздырып алуға бөлінетін қаржыны көбейту керек. Бір-бірден жазылғанның өзінде тек кітапханалар жүйесі арқылы таралымымыз 18 мыңға жетер еді. Осы мәселеге өзіңіз тікелей ықпал еткеніңізді қалаймыз.
2. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан «Ақпараттық-сараптамалық комиссия» құрылса, жөн болар еді. Сонда ол комиссия бізбен тікелей жұмыс істер еді.
3. Тәуелсіз басылымдар мемлекеттік тапсырыстан әрқашан тыс қалады. Бұл басылымдарға да мемлекет қаржысымен шығып жатқан басылымдар секілді оң көзқарас қажет. Оның сыртында тапсырыс берілгенде газет, журнал таралымы жөніндегі шарты алынып тасталып, дотация беру жағын қарастыруға ықпал етсеңіз дұрыс болар еді. Шынында да, мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдеткен жөн. Мәселен, мемлекеттік тапсырысты алу үшін таралым (газет) саны 10 мыңнан кем болмауы тиіс. Бұл санды 5 мыңға азайтса деген өтінішіміз бар. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, басылымдардың таралым саны күрт азайып кетті. Облыстардан, министрлік тарапынан тапсырыс көлемі арттырылса және ол конкурстан тыс болғаны жөн. Ол сонда бүгінде қиындық қыспағында қалған қазақ басылымдарына оң ықпал етері даусыз. Биылғы жылғы жасалған мемлекеттік тапсырыстың жүйесі одан сайын жағдайымызды күрделендіріп жіберді.
4. Кеңес өкіметі кезінде мерзімді басылымдар арнайы ғимарат орындарымен қамтамасыз етілді. Мәселен, республикалық деңгейде «Дәуір кешенді баспасы» үйі болды. Онда газет-журналдардың редакция ғимараты, арнаулы баспахана, спорт залы, мәдениет үйі бар болатын. Жекешелендіру кезінде республикалық басылымдардағы журналистердің маңдайтер қаржысымен салынған осы кешенді баспа үйі әлдекімнің меншігі болып кетті. Сондықтан да бұл мәселе қайта қаралып, өздеріне қайтарылуы қажет. Немесе жаңа Кешенді Баспасөз үйі Алматы қаласында бой көтерсе, құба-құп болар еді. Осыған ықпал етуіңізді сұраймыз.
5. Газет-журналдарды таратуға «Қазпошта» қызметі айрықша үлес қосады. Өкінішке қарай, бүгінде оның жер-жердегі мыңдаған бөлімшелері дұрыс жұмыс істей алмай отыр. Бұл газет-журналдың уақытында бармауы баспасөзге деген көзқарастың теріс болуына ықпал етуде. Пошта тасушылардың еңбекақылары мүлде төмен. Айлық жалақысы 20-30 мыңнан аспайды. Соның көлемін ұлғайту үшін аудандардағы пошта қызметкерлерінің еңбекақысын жергілікті бюджетке енгізген өте дұрыс жол болар еді. Сонда олар ауыл әкімдігінің құрамындағы қызметкерлер қатарына еніп, күнделікті пошта жұмысын Кеңес үкіметіндегідей қалыпқа келтірер еді.
6. Қағаз қымбаттады. Баспаханалар бағаны өсіріп отыр. Газет-журнал бағасы да осы жоғарыдағы және қымбатшылыққа байланысты өсіруге мәжбүрміз. Газет-журналдарға салынатын қосымша құн салығы мүлде алынып тасталғаны да біздің жұмысты жандандыруға ықпал етеді. Сондықтан осы мәселені де күн тәртібіне қойсаңыз.
7. Қазір газет-журнал сататын дүңгіршектер жұмыс істемейді. Тіпті, Алматы мен Астана қалаларының өзінде де дүңгіршектер жоқтың қасы. Осы мәселені де назарға алып, министрлік тарапынан іс қозғауға ықпал етуіңізді сұраймыз.
8. БАҚ өкілдері осы жылға дейін мемлекеттік тапсырысты «ҚР Мемлекеттік сатып алу» Заңы бойынша (аталмыш заң барлық құрылымға ортақ) жергілікті (аудан, қалалық) ішкі саясат бөлімдері жариялаған конкурстың нәтижесімен алып келген болатын.
Ал биылғы жылдан бастап жергілікті жерлердегі бюджеттен бөлінген қаржыға конкурс өткізу құзіреті облыстық ішкі саясат басқармасына беріліп отыр. Бұл Қазақстан Республикасы «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің» 2017 жылғы 23 ақпандағы №75 бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес жүзеге асуда. Демек бұдан былай бұқаралық ақпарат құралдарына бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған тапсырыстар «ҚР Мемлекеттік сатып алу» Заңымен емес, «ҚР Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес өтетін болып отыр.
9. Конференцияға қатысушылар мемлекеттік тапсырыс емес, баспасөз басылымдары ұлттық қордан нәр алып отырса, осы әділетті әрі жемісті болатынын ұсыныс етіп енгізді. Осы мәселеге баса назар аударсаңыз, құба-құп болар еді.
Жоғарыда аталған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережеге сай еліміздің барлық облыстарында және республикалық маңызы бар қалаларда мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру облыстық ішкі саясат басқармасының құзіретіне берілгендігі ақпарат құралдарына біршама қиындықтар тудыруда. Өйткені аталмыш ережеде мемлекеттік тапсырыс конкурстарына біркелкі талаптар қойылған. Соның ішінде бір аудан көлемінде таралымы жоғары және жергілікті оқырмандармен біте қайнасқан, тарихы терең басылым мен басқа қаладағы немесе аудандағы газет мемлекеттік тапсырыс конкурсына қатысуына ешқандай шектеулер қойылмаған.
Елімізде ресейлік БАҚ-тардың үлес салмағы басым. Жеке мемлекет ретінде олардың жұмысын тоқтатып немесе мейлінше шектеу қажет. Олар біздің мемлекетімізде ұлттық-ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіні сөзсіз. «Жаңа Қазақстан» жүйесін құрған кезде осы мәселені игеру керек.
Міне, көріп отырсыз, бұл айтқан мәселелер мемлекетке аса көп жүк, ауырлық түсірмейді деп ойлаймыз. Тек бізге деген ниет, ықылас түзелсе, бәрі де жүзеге асатын мәселелер. Бізге де қаржы табуға жанталаспай, шығармашылықпен айналысуға зор мүмкіндік туар еді. Сөйтіп, еліміздің даму деңгейін арттыруға, «Жаңа Қазақстанның» экономикалық және рухани жағынан гүлденуіне, өркендеуіне біз барынша үлес қосар едік.
Зор құрметпен:
1) Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
2) Мағира Қожахметова, Балалардың республикалық «Балбұлақ» журналының, «Дертке дауа» медициналық-танымдық, республикалық газетінің бас редакторы
3) Марат Тоқашбай, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Қазақстанның педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор
4) Талғат Айтбайұлы, республикалық «Жыл – он екі ай» журналының Бас редакторы, Ұлт қайраткері
5) Шамшидин Патеев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры
6) Ертай Айғалиұлы, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі
7) Досымбек Өтеғалиев, «Заң» медиа корпорациясы» ЖШС басшысы, («Заң» газеті, «Юридическая газета»)
8) Төрехан Данияр, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Қазақ радиосының үздігі», Қазақстан жастар одағы сыйлығының иегері, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының мүшесі, «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалінің иегері
9) Қымбат Әбілда, Республикалық «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемінің ақпарат саласының үздігі
10) Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен түркі халықтарының М.Қашқари атындағы сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері
11) Қазыбек Иса, «Қазақ үні» газетінің президенті, Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері, ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі, ақын
12) Срайыл Смайыл, «Jas qazaq» газетінің бас редакторы, ҚР Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығының лауреаты
13) Болат Батыр, Республикалық «Үш қоңыр» газетінің бас директоры, бас редакторы
14) Нұрлыбек Саматұлы, Республикалық «Таңшолпан» әдеби-көркем көпшілік журналының бас редакторы, жазушы
15) Шолпан Ұғыбайқызы, «Ақ босаға» газетінің құрылтайшысы, бас редактор, «ҚР Президенті жанындағы Отбасы және демографиялық саясат комиссиясы ұйғарған «Әйел басқарған үздік кәсіпорын» басшысы, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің, ҚР Журналистер Одағы Н.Құлжанова атындағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі.
16) Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ақын, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Түркі дүниесі ақындары» мүшайрасының жүлдегері, Халықаралық «Илһам», «Молда Бағыш», «Юнус Эмре», «Поэтикалық тірек» сыйлықтарының лауреаты.
17) Қайрат Болатұлы, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы.
18) Думан Бықай, «Қала мен дала» газетінің бас редакторы.
19) Жасұлан Мәуленұлы, «QAZAQ» газетінің бас редакторы.