Масаншыдағы соңғы оқиға бүкіл қазақты дүрліктіргені баршаға аян. Ғаламтор мен ұялы байланыс жүйесіндегі құмырсқадай өрген анық-қанығы белгісіз ақпараттар да сан алуан пікірлерді өрбітті. Алып-қашпа деректер де ауыздан-ауызға көшіп, күнкөріс қамымен мүлгіп жүрген талай қазақты оятып, санасына біраз ойларды ұялатып, ішін тартқызғаны жасырын емес. Қазақтарды өтірік мақтап, үй ішінен үй тігіп алғандар да, алғысы келетіндер де баршылық екен. Біз бейбіт өмірді, тыныштықты бағалайтын, жағамыз жайлаудай кең ұлтпыз. Әбден төбемізге шығып, бетімізді тырнап, намысымызды таптағанда ғана ұшып түрегелетін мінезіміз бар.
Фейсбук парақшасына жариялаған дүнген ассоциациясы басшысы Хусей Дауровтың: «Бұны жасағандар қазақтар емес, қылмыскерлер мен бұзақылар» немесе «ұлтшылдықтың және ксенофобияның себептерін анықтау керектігі» туралы «ақылгөйлігі» қолыма қалам алғызды. Сонау жылдардағы Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққан жастарды «қылмыскерлер» мен «нашақорлар», «ұлтшылдар» деген билік тарапынан айтылған айыптаулар еріксіз есіме түсті. Тергеу амалдары әлі жүріп жатыр, сондықтан да егер қазақтарды өтірік мақтап, соңына келгенде «қылмыскерлер» мен «бұзақылар» деген жалпы айыптаулар тағылып кетсе, бұл қоғамда отқа май құйғандай әсер етуі мүмкін. Ойнап сөйлесек те, ойлап сөйлейік.
Мұнымен не айтқым келеді? Қазақ ешқашан да ұлтшыл болып көрген жоқ. Ксенофобия да біздің ұлттың мінезіне тән емес. Бұл сөздің астарында этноәлеуметтік ғылымында діні, салт-дәстүрі, ұлты бөлек жандардан қорқу, жек көру деген мағына жатыр. Сондықтан дәл қазір бір ауыз артық сөздің өзі жанартау болып қайта атылуы мүмкін. Керісінше дүнгендерге де, қазақтарға да басу айтып, тыныштыққа шақыру аса қажет. Алдын ала анау кінәлі, мынау кінәсіз деп баға беруге ешкімнің де құқы жоқ. Арнайы органдар айналысып жатыр емес пе? Бұл болған оқиғаны жылы жауып та қоя алмаймыз.
Осы бір келеңсіз төтенше жағдайдан кейін Кеңес дәуірі кезінде болған осы ғұрыптас оқиғалар есіме түсті. Әсіресе Қаратал өзенінің жағалауына қоныстанған аудандағы шешендер мен қазақтардың қақтығысы әлі күнге жұрт есінде. Шиеленістің қалай басталғаны ол кезде аса дабыра болған жоқ. Бір ауылды қоныстанған шешен ұлтының үш-төрт жігіті ауылдың бір жасөспірімін өлімші қылып соққыға жығып, зорлық-зомбылық көрсеткен екен. Оны естіген ауылдың намысқой жігіттері жиылып келіп, шешеннің әлгі бұзақылық жасаған жастарымен мән-жайды білуге үйлеріне барса, олар оқ атып, маңына жуытпапты. Айдың-күннің аманында өздеріне оқ атқан шешендерге ашуланған намыс буған жігіттердің қарасы көбейіп, іс насырға шауып, бүкіл шағын ауыл дүрлігеді. Қазақтың жігіттері шешендердің үйлерін қоршап алып, бұзақыларды ұстап беруін талап етеді. Содан бұл іске ауданның қазақи жанды Әбдіқажы Рысдәулетов деген прокуроры келіп араласады. Шынын айту керек, алған бетінен қайтпай қойған қазақтың жігіттері өздерімен қатар пәленбай жылдар бойы өмір сүрген шешен отбасыларына бұл ауылдан көшіп кету туралы соңғы талаптарын қойыпты.
Аудан прокуроры шешен ақсақалдарымен сөйлесіп, кісі өліп, қан төгілмей тұрғанда бір ауылды мекендеген шешен ұлтының отбасыларына елдеріне аман-сауында көшу туралы кеңесін берген екен. Сонымен жоғарғы жақпен сөйлесіп, бір кезде ықтиярсыз, аш-жалаңаш, мал вагондарына тиеліп келіп, ұрпақ жайған ұлтқа үй-мүліктерін сатуға мұрша беріп, жұмсақ вагондарға отырғызып, еліне көшіріпті.
Әрине, одан кейін осы оқиғаға байланысты Шешенстанның өкілдері келіп, мән-жайды білген соң, «ақылмен жасаған бұл шараларыңыз дұрыс екен» деп риза болыпты. Бұдан айтпағымыз, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» кез келген ұлттың арасында болуы керек. Жергілікті ұлтқа себепсіз қоқан-лоқы көрсетіп, жағадан алып, көз шығару жақсылыққа апармайды.
Байлық пен ақшаның буына масаттанса да, өзге ұлттың өкілдері қазақты сыйлап жүрсе, одан абырой-беделдері түсіп қалмайды. Біздің ұлт бөгде ұлт өкілдерінің намысына тиіп, талап қойғанын естімеппін де, көрмеппін де. Біздің өңірдің Көксу ауданында Теректі деген ауыл бар. Онда бірыңғай сонау жылдары жер аударылып келген әзербайжан ұлтының өкілдері қоныстанып, өсіп-өніп жатыр. Негізгі кәсіптері мал өсіріп, заңды жолмен алған жерлеріне егін егеді. Тұрмыстары көп қазақ отбасыларына қарағанда өте жақсы. Оның себебі еңбекқор, жоқтан бар жасайды. Қазақ және басқа ұлттармен қарым-қатынастары өте сыйласымды, ағайыншылықтары да баршылық.
Менің айтайын дегенім, сонау бір 90-жылдардың орта шенінде сол ауылда Әзербайжаннан келген жастар қаптап кетті. Олар қылмыс жасап қашқандар ма, жоқ әлде басқалай жағдайлармен келгендер ме, анығын дәл қазір айта алмаймын. Сол жастар әлгі ауылды басына көшіріп, ойларына келгенін жасай бастады. Анаша тарту, ішімдік ішу, құмар ойынын ойнау сияқты жаман әдеттерді ала келді. Ақыры олардың басынғаны соншалық, осы ауылдағы бір қазақтың сұлу қызына тиісіп, қол көтеруге шейін барыпты. Мұны естіген сол ауылдағы қазақ жігіттері бір сәтте көтеріліп, келімсек бұзақылармен шайқас басталды да кетті. Ол кезде, әділін айту керек, құқық қорғау органдары қатты жұмыс істейтін. Дереу әлгі бұзақылардың барлығын қамауға алып, тергеу амалдарын жүргізді. Әп-сәтте әзербайжан мен қазақ арасына сызат түсіп, екіге бөлініп кетті. Алған бетінен қайтпайтын қазақ жігіттері намысты қолдан бермейтінін білдіріп, қару ұстауға шейін барды.
Сол кезде Кеңес дәуірі уақытында жауапты қызмет атқарған Әзербайжанның сыйлы ақсақалы Джабрайл Магерамов бастаған топ барлық оқиғаны сараптап, «Кінә біздің сырттан келген жастарымызда екен» деп, қазақтардан кешірім сұрап, әлгі бұзақыларға:
– Біз қазақтармен туғандай болып кеттік, қиын күндері бір жапырақ нанымен бөліскен ұлтты ренжітуге қақымыз жоқ. Біздің аражігіміз ешқашан ажырамайды. Ал сендер кетіңдер! – деп, бір-ақ күнде бүкіл ауылды жайлап алған шеттен келіп есірген жігіттерді дереу елдеріне байлап-матап қайтарып жіберді. Ауыл үлкендерінің бұл ісіне риза болған халық ақылға келді.
Содан бері бұл ауылда бірде-бір ұлтараздық жағдай болып көрген жоқ. Әр отбасы өз тіршіліктерін жасап, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз мұнымен айтпағымыз, есірген жастарын өздері өмір сүріп жатқан елдің заңына, салт-дәстүріне сай ноқталап, тәрбиелеп отыру кез келген ұлт өкілдерінің қолынан келеді. Үлкен адамға қол көтеру барып тұрған сорақылық, дөрекілік дер едім.
Талдықорғанда қоғамдық көлікпен көп жүремін. Мен автобусқа кіргенде кез келген ұлт өкілдерінің жастары (қазақ, орыс, татар, корей және тағы басқалары) маған орын береді. Бұл бір кішкене ғана ілтипат, ал ар жағында үлкенге деген сыйласым мен құрмет жатыр емес пе?! Бәрі кішкене нәрседен басталады ғой. Ақсақалға қол көтерген дүнген жігіттерінің де өз ата-анасы бар емес пе?! Міне, қалың жұрттың ашу-ызасын тудырған – осы тәрбиесіздік, тәртіпсіздік, әлімжеттік.
Тоқ етерін айтсақ, қазақтарды құрғақ сөзбен өтірік мақтамай, жерімізді мекендеген кез келген диаспора өкілдерінің жақсы іс-әрекетімен сыйлайтынын, құрметтейтінін білдірсін. Біз есігімізді аттаған адамдарға дастарқан жаюдан шаршамайтын халықпыз. Алайда төрге шыққан адамдарға нәсіпті дастарқанды таптата алмаймыз!
Кемшілігіміз де бар, мойындаймыз. Жұдырықтай жұмылып кететін кезде жұмыламыз, көк жазықтай жазылатын кезде жазыла білеміз. Бұл бізге ата-бабамыздан дарыған қасиет. Қазақтың қонақжайлылығын, дарқандығын, кеңпейілдігін пайдаланып, жағамызды жыртып, шекемізді көгерту қай ұлт өкіліне болсын жараспайды.