ҚОЙНАУЫ ҚҰТ ҚОРДАЙ ӨҢІРІ

ҚОЙНАУЫ ҚҰТ ҚОРДАЙ ӨҢІРІ

 

Экспедициямыздың кезекті сапары сәуірдің 28-29 күндері Жамбыл облысы Қордай ауданында сәтімен жалғасты. «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы, газеттің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Мұқағали Жамбыл, Алматыдағы үйлестіруші Ерлан Мыңтаев, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы төрт адамдық топ ел аралап, халықпен кездесті. Мектептегі бірыңғай ұлттық тәрбие қызметі, ұлттық құндылықтарды онан ары тереңдете түсу мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шаралар ұрпақ тәрбиесінде аса маңызды. Бұл жолғы экспедиция тұңғыш рет аталып өтіп жатқан «Ұлттық кітап күні» қарсаңымен тұспа-тұс келді. Әр істің бір себебі, бір сәті болады. Сапарға мұрындық болған Қордай аудандық №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Танабекова Назира Азтанқызының шақыру бойынша басталып кетті.

Айтулы шара мектеп-гимназиясының «Білім беру мазмұны жаңартылу жағдайындағы оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеудің ұйымдастыру-педагогикалық шарттары» ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында өтті. Оқу орны бес жылдан бері «Эксперименттік алаң жағдайында оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуді ұйымдастырудың жаңа  әдістерін көрсету, тәрбие проблемаларын айқындай және оларды тиімді шешу тәжірибемен бөлісу» мазмұны бойынша пікір өрбіді. Жеті жобаның қалай орындалып жатқанын көріп шықтық. Осы кезге дейін қолға алынып, атқарылып жатқан көптеген жобалардың ішінен бөліп алып көрнекілендіріп көрсеткен жеті жоба мыналар болды:

1. «Оқырман ұрпақ» жобасы.

2. «Мейірімді жүрек» жобасы.

3.  «Патриот» жобасы.

4.  «Салауатты ұрпақ» жобасы.

5. «Жас эколог» жобасы.

 6.   «Ұлттық мұра» жобасы.

 7. «Шаттық» жобасы.

Әр жобаның жетекшілері жиналған жұрт алдында жобаларын таныстырып, баяндап шықты. Ақылды тақтаның алдында таныстырылым жасап, бүгінгі технологияның үздік жетістіктері арқылы көрсетіп шықты. Әсіресе, осы жеті жобаның жетекшісі, Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы Ұлттық Университетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры, психология ғылымдарының докторы Тоқсанбаева Нұргүл Қорғаджанқызы сөз сөйлеп тереңінен түсіндірді. Бұл жолғы конференцияға  аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Сағымбекұлы, аудандағы 48 мектептің завучтары мен арнайы пән мұғалімдері қатынасты. Кезегі келгенде конференцияда арнайы шақырылған қонақ Сәуле Мешітбайқызына сөз берілді. Аудан бойынша білім саласының  қызметкерлері алдында маңызды ойларын ортаға салған басшы, ұрпақ тәрбиесі мен ұстаздардың жауапкершілігі туралы айтып өтті.

28 сәуір түстен кейін Қордай ауданының үлкен ауылдарының бірі Отар станциясына барып, «Мәдениет үйіне» жиналған тұрғындар мен ұстаздар, әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлермен кездесу болды. Ол жерге Отар ауылынан бөлек Кенен Әзірбаев ауылынан, Сұлутөр ауылынан да көп адам келген екен. Кездесу үстінде ауыл тұрғындары мен Әскери бөлімнің ортақ өтініші айтылды. Ол – бүгінгі таңдағы жұртты мазалап, қызметке кедергі келтіріп, адам өміріне үлкен қауіп төндіріп тұрған «Теміржол өткелі» мәселесі. Отардың ортасынан теміржол өтіп жатыр. Халық қақ бөлініп екі жаққа жағалай қоныстанған. Он мыңнан аса жауынгер, онан да көп халық өмір сүріп жатыр екен. Ортасындағы теміржолдан өту өте қиын. Анау жылдары тәулігіне 75 мәрте пойыз өтсе, осы кезде жүк тасымалы мен жолаушылардың артуына байланысты 140 мәрте пойыз өтеді екен. Кейде арт-артынан тоқтаусыз өткен пойыз екі жақтың көлік қатынасын мүлде тоқтатып, сағаттап күтуге тура келеді. «Жедел жәрдем», шұғыл жұмыстар, әскери колонналардың мүлде жолы кесіліп қалады. Сондықтан екі жақты кедергісіз жалғайтын теміржолдың үстінен көпір салып беруді қатаң талап етіп отыр. Бізден осы жанайқайды газет арқылы жоғарыға жеткізуді өтінді.

Ертесі 29 сәуір күнгі бағытымыз Қарасу, Масанчи (Қарақоңыз), Қаракемер, Қарасай қатарлы төрт ауыл  болды. Төрт ауылдың атқамінер азаматтары, мектеп басшылары, ауыл әкімдері, ұстаздар Масанчи мектебіне жиналып күтіп отыр екен. Екі күннен бері экспедицияны бастап жүрген Ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңат мырза жиналысты жүргізіп, Сәуле Мешітбайқызына сөз берді. Жиналған көпшілік арнайы қонақ Сәуле Мешітбайқызын басылымымен жақсы танитынын  байланыста екенін айтты. Өйткені бірнеше жыл бұрынғы «Қордай оқиғасы» кезінде «Qazaqstan dauiri» бірінші күннен бастап бұл мәселенің бейбіт, тыныш шешілуіне барын салған болатын. Оқиға ортасында жүріп халықты сабырға шақырып, әділ шешім болуын қадағалап отырған еді. Газетке тұрақты түрде мақала беріп, тұтқынға алынған  азаматтарының ісінің оңды шешіліп, бостандыққа шығуына да сіңірген еңбегі зор болды. Әне, сондықтанда бұл төрт ауылдың жұрты экспедицияны құшақ жая қарсы алды. Өздері де емін-еркін сөйлеп, газет пен Сәуле Мешітбайқызының еңбегіне жоғары баға берді.  Сол байланыстың дәлелі бүгінгі кездесудің сәтті болуы. Олар бұл басылым сияқты ешқандай басылым оқырмандармен, ауыл халқымен кездесіп, ел аралап ақпараттандырмайтынын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Келесі жарты жылдық жазылуда газет пен «Мөлдір бұлаққа» барынша жазылатындарын айтып ағынан ақтарылды. Осы сапарда қазақтың ханы, ұлт батыры  Кенесары Қасымұлының басына барып зиярат жасап, Құран оқуды да ұмытқан жоқпыз.

Қордай сапары туралы толық материалды газеттің келесі санынан оқи аласыздар.

 

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

«Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы

 

 

01.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 6658
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 6784
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 21768
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 20380
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 23870