«Білім негізі – бастауышта қаланады», – дейді білікті педагогтар. Иә, «Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей» екенін бастауышта дәріс беретін әрбір ұстаз жақсы біледі.
Біздің кейіпкеріміз де жастайынан ұстаздарға еліктеп, өскенде бастауыш сынып мұғалімі болуды алдына мақсат етіп қойды.
Өйткені, оны балалар әлемі қатты қызықтыратын.
- Тәуелсіз еліміздің өскелең ұрпағын өз-өзіне сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде бастауыш сынып мұғалімінің алар орны ерекше. Өйткені ол алдына келген әр балаға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани тұрғыда қалыптасуына негіз болады. Сондай жанның бірі Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гиманзиясының бастауыш сынып мұғалімі Мереке Есенбекқызы Смағұлова.
Аты айтып тұрғандай Мереке тура мереке күні дүние есігін ашқан. Көктемнің ең сұлу, ең әдемі мерекесі — 8 Наурыз қыз-келіншектер асыға күтетін күн екенін баршамыз білеміз. Осы күні туылған Мерекеге ата-анасы осы есімді лайық көреді.
8-наурыз. Айтылар ақ тілек, жылы лебіз, ыстық ықылас, сыйланар сый-сияпат, құшақ-құшақ гүл, ерлер тарапынан көрсетілер қызмет толығымен аруларға арналады. Бұл күні анасына баға жетпес сый болып, дәл осы күні жарық дүние есігін ашқан Мереке үшін қос қуаныш. Бұл төл мейрамын қалай тойлайды екен? 365 күнде айналып бір жетер туған күні Халықаралық әйелдер мейрамының тасасында қалып қоймай ма? ,-деген сауалдар төңірегінде ұлағатты ұстаз, асыл ана, арманшыл жаннан сұрап көрген едік.
«Ұстаз» құрметті де қастерлі сөз. Ол білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Тіпті ғұлама ғалымдар да ұлағатты ұстаздың алдынан өтеді. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, осындай ұлы есімді арқалап жүрген Мереке Есенбекқызы білім беру барысындағы тәжірибесімен бөлісті.
– Психологтар адамның тағдыры атына сай қалыптасады дейді. Сондықтан балаға ат қоярда ойлану керек. Алайда қазір мағынасыз есімді таңдайтындар көп.
Қазақ халқы баласына ат қоярда, сол есімге сай оған жүктелетін жауапкершілікті де ойлап, сақтықпен қараған, ырымдаған. Ырымның қырын кетпеуін қадалаған.
МЕРЕКЕ – қазақтың төл есімі. «Салтанат», «Шаттық» деген мағыналарды білдіреді.
Жаңа туған сәбиге өмірі шаттыққа, салтанатты сәттерге толы болсын, әрқашан жадырап жүрсін, ата-анасының көз қуанышына айналсын деген ниетпен қояды. Ел ішінде сирек кездесетін ныспылардың қатарына жатады.
Мұғалім мамандығына жастайымнан бейімделгенмін деуге болады. Көзімді ашып көргенім, құлағыммен алғаш естігенім де – мұғалім.
Мені ешқашан «оқуға қайда барамын, кім болып жұмыс істеймін» деген сұрақтар мазалаған емес , себебі отбасымызда асқар тауым әкешім дүниеден өткен соң, анам Ақерке менің арманыма айналған ұстаздықтың ұлы жолын құлағыма құйып өсірді. Өзімде сезініп өстім. Үйдің кенжесі болғандықтан ағаммен әпкемнің сауатты болып, өмірден өз орындарын тапқанына әркез қуанатын едім.
Сондықтан да мен ұстаздықтан басқа мамандықты елестеткен емеспін.
Мен үшін ұстаздық – бұл мамандық емес, өмір салты. Ұстаздық – бұл менің жаратылысым. Сондықтан, «Ұстаздық – бұл адамға берілетін сый, ұстаздық – бұл талант, ұстаздық – бұл бейімділік, ұстаздық – бұл өмірлік іс» дер едім.
Педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Жақсы ұстаз— бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық қабілеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігі болуы тиіс. Бүгінгі заманауи сабақты жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияларсыз елестету мүмкін емес , сондықтан өз іс-тәжірибеме әр оқушының өз бетінше жұмыс жасау қабілетін, оны дамыту , жетілдіру жолдарын ескеремін.
Әр сабағымды шығармашылықпен жоспарлап, оқушыға дайын білімді бермей, бағыт бере отыра қиындықты жеңуге, ізденіс дағдыларын қалыптастыруға байланысты тапсырмалар әзірлеймін.
Әрбір сабақтың қызықты, тартымды өтуін, әрбір оқушы сыныптан шыға бере өзінің бүгінгі нәтижесі мен мүмкіндіктерін мақтан ететіндей сезімде болуын қадағалаймын.
Оқушы үшін білім алатын орта қалыптастыру, оқушының ішкі уәжін ояту, оған өзінің біліміне өзі жауапты екенін көрсету, өзін-өзі бағалау, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, алған білімнің күнделікті өмірде қажетілігін түсіндіру менің алдыма қойған мақсатым десем артық емес.
Әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. Ал, ұстаз сол әлемді шартарапқа жетелеуші. Ұстаз – бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі.
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық.
Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.
Ал, жаңашыл ұстаз қандай болуы керек?
Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет.
Сондай-ақ ұстаз күнбе күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс.
Өмірдің көшінен қалмау, яғни білімі мен біліктілігін әрдайым жетелдіріп, жаңа инновациялық технологияларды меңгеріп отыруы керек. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.
Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге себін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.
Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында.
Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд:
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады,- дейді.
Менің оқушыларым менен алған шамшырақтарын ары қарай жаға алатынын,
өмірде пайдалана алатынын, жақындары мен қажет ететіндерге ұсына алатындықтарын білемін. Мүмкін олар ғалым болмайтын шығар, бірақ олар нағыз адам болып шығады. Мен оларға сенемін.
Бастауыш сыныпта білім берудің негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, білімге деген сенімін, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады.
Сондықтан ата-ана үкілеп өсірген перзентін біздерге сеніп тапсырғанда, оларды өз болашағына қажетті білім нәрімен сусындату басты парызымыз, – дейді ұстаз.
- Расында сегізінші наурыз күні туылып, ата-анасының махаббатына шомылып өскен, алдына үлкен армандар қойып, сол мақсатқа жету жолында талмай құлаш ұрған Мереке бұл күнде тек ұлағатты ұстаз ғана емес, ардақты ана. Сүп сүйкімді бір қыздың анасы. Анасының ақ сүтін ақтап, армандаған мақсатына жеткен талапшыл жан.