Қазіргі таңда Түркістан маңындағы Қарашық өзенінде қазба және барлау жұмыстары жүргізілуде. Оны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Археология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов басқарған археологиялық экспедиция ұйымдастырып отыр. Айта кетейік, бұл жұмыс тобы «Қарашық өңірінің ежелгі және орта ғасырлық қалалары» атты отандық гранттық қаржыландыру негізінде іске кіріскен болатын. Бүгінде қазба жұмыстары нәтижесінде Қарашық-1 қаласының шаруашылық аймағында қыш кесектен қаланған ортағасырлық аула ашылды. Сонымен қатар, Қарашық-2 қаласының өмір сүрген уақытын анықтау мақсатында көлемі 3×1 метр, тереңдігі 5 метр жерге қазба жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде, қаланың жасын анықтайтын заттай деректер табылды. Қарашық өзенінен өтетін көпірдің жанынан қыш күйдіретін пештің орны анықталды. Жақында өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдары бұл жаңалықты кеңінен насихаттау мақсатында Сауран ауданы, Түркістан – Қызылорда тас жолының бойындағы Қарашық өзені маңынан табылған ертедегі қыш күйдіретін пештің орнына барып қайтты. «Табылған құмбыздың өзге жәдігерлерден бір ерекшелігі оның іргесінің бұзылмай сақталғандығында», – дейді археологтар. Толығырақ тоқтала кетейік, қазба жұмыстары кезінде бұл тарихи орынды археологтар тауып алған. Көне ғимарат маңынан табылған жәдігерлер қазір зертханаға жіберілді. Оның қай ғасырға тән дүние екені алдағы уақытта анықталатын болады. Әзірге ғалымдар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кірпіші осы құмдан да құйылған болуы мүмкін деген болжам айтуда. Бір анығы, бұл нысан өз заманында қыш құятын, күйдіретін орын болған. Мұндай орындарды ғылыми тілде «құмбыз, құмдан» деп атайды. Археологтар бұл маңда әлі де осындай екі-үш пештің бар екенін мәлімдеуде. Бұл енді алдағы күннің еншісіндегі жаңалық болмақ.