Қызылша (корь) жоғары тыныс алу жолының жұқпалы инфекциясы қатарына жатады. Статистикаға жүгінсек, вирусты он адамның тоғызы жұқтырады. Қызамық пен қызылша аурулары балалар инфекциясы саналғанымен, оның жұғу көрсеткіші аса жоғары. Қазір ол коронавирус тәрізді жылдам жұғып, тез таралады. Ауырған кезде баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады.
Жалпы бұл дерт ертеден белгілі. Бірақ ұзақ уақыт бойы қызылша ауруының емі табылмаған. Бұл дертті, тіпті, шешектің жеңіл түрі деп санаған. Алайда XVIII ғасырда ғана оның жеке ауру екені анықталған. Вакцина ойлап табылғанға дейін ауру балалардың 85 пайызына жұққан. Жыл сайын қызылша ауруынан 2,5 миллионнан аса адам қайтыс болған. Эпидемия екі-үш жылда бір қайталанып отырған. Мамандардың айтуынша, бұл дерттен өліп кету қаупі зор. Ауру көбінесе вакцина алмаған адамдарда ауыр өтеді. Ол ауа арқылы науқаспен тікелей қатынаста болғанда оңай жұғады. Қоздырғышы вирустар екені алғаш рет бір ғасыр бұрын дәлелденді.
Вирустың өзін алғаш рет 1954 жылы америкалық ғалымдар бөліп шығарды. Бұл орайда Нобель сыйлығының лауреаты, танымал вирусолог Джон Эндерс пен дәрігер Томас Пиблздің еңбегі зор. 1963 жылы Джон Эндерс өндіріп алған штаммнан қызылшаға қарсы тұңғыш вакцина жасап шығарылды. Алайда ол кезде бұл дәрмекті жаппай қолданудың мүмкіндігі болмады. Араға бес жыл салып, 1968 жылы америкалық микробиолог Моррис Хиллеман тағы бір вакцина жасап шығарды және ол вакцина тарихтағы ең сәтті вакцина деп саналады. Қазіргі уақытта қызылшаға қарсы вакцина құрамында қызылша, қызамық және паротитке қарсы аралас вакциналар бар. Осы үш түрлі инфекциядан сақтанудың жалғыз жолы – иммундау, яғни вакцина алу.
Елімізде қызылша вирусын жұқтыру фактілері жиі болмаса да, тіркеліп тұрады. Өкінішке орай, бүгіндері вакцина салудан бас тартатындар саны артты. Бұл вакцина бірінші рет бала 12-15 айға толғанда және екінші рет 6 жасында салынады. Мәлімет бойынша, 2000 жылдан бері вакциналау әлем бойынша қызылшадан қайтыс болу көрсеткішін 80 пайызға төмендетті. Қызылшаға қарсы вакцина 20 жылға дейін иммунитет береді. Ауырып, жазылған адамда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет сақталады.
Қызылша – ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру, онымен көбінесе балалар ауырады. Ауру адамнан адамға ауа арқылы тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе жұқтырған адамдардың мұрнының немесе тамағының бөліндісімен тікелей байланыста болғанда таралады. Аурудың негізгі белгілері: дене қызуының 38-40 градусқа дейін көтерілуімен, көздің шырышты қабығының, мұрын-жұтқыншақтың, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуымен, лимфа түйіндерінің ұлғаюымен, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады. Жалпы әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы пайда болады. Мұрын бітеліп, құрғақ жөтел болуы мүмкін. 3-8 күн аралығында денеге бөртпе шығады. Қызылша адамдар үшін аса контагиозды жұқпалардың бірі, өйткені инфекция көзімен жақын қарым-қатынаста болғаннан кейін қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған адамдардың 90%-дан астамы ауырады. Көбіне қызылшамен 5 жасқа дейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Бөртпе қызғылт немесе қызыл дақтар түрінде пайда болады. Бірінші күні құлақтың артында, шаш арасында, бет пен мойында, кеуденің жоғарғы бөлігінде шығады. Екінші күні бөртпе денеде және қолдың жоғарғы бөлігінде пайда болады. Үшінші күні аяқта шығып, беттегі бөртпелер бозарады. Егер аурудың белгілері байқалса, басқаларға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барған жөн. Ауру адам қан және зәр тапсырады. Зертханалық сынамадан кейін диагнозды инфекционист-дәрігер қояды. Мамандар аурумен қатынаста болған адамдарды 21 күн бойы оқшаулап, бақылап отырады. Бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам ауырған сырқатпен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға пневмония, ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), кей жағдайда мидың қабынуы (менинго-энцефалит) тәрізді өте қауіпті аурулар жатады. Қызылшамен ауырып сауыққаннан кейін 2 айға дейін иммунитет төмендейді, сондықтан осы уақытта бала қандай да бір суық тию немесе вирустық аурумен ауыруы мүмкін, сол себепті оны барынша науқас балалармен қарым-қатынастан қорғау қажет. Ата-аналар балаларын қызылшадан қорғау үшін міндетті түрде екпе салдыруы тиіс. Вакцинация болмаған жағдайда – қызылшаға қарсы егілмеген балалардың әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуын, ойын-сауық сауда орталықтарындағы ойын алаңдарына баруын шектеу қажет.
ҚР ДСМ мәліметінше, қызылша ауруы 2019 жылы елімізде 16 998 екпе алғандар тіркелген. Бас тартудың ең көп үлесі 1 жасқа толмаған балаларға (62,8%), одан әрі 1-2 жас (13,5%), 3-5 жас (14,2%), 6-15 жас (9,2%) және 16 жастан асқан (0,3%) балаларға тиісті болған. Вакциналау мүмкін болмауының негізгі себептері – діни сенімге қарай бас тарту және иммундауға сенімсіздік танытатын ата-аналар. Бас тартқандардың көпшілігі қызылшаның өршуі кезінде аурудың ең жоғары деңгейі тіркеледі. Осыған байланысты Алматыда 2021 жылдың 11 айында қызылша жұқтырғандар саны 1282-ге жетті. Ауруға қарсы нақты шара жоқ. Қазіргі таңда екпеден бас тартушылардың саны көбеюде. Халыққа спецификалық емес профилактиканың жалпы шараларын сақтау қажет: адам көп жиналатын орындарға бармау, қоғамдық орындарға барған кезде бетперде тағу, үй-жайды жиі желдету және қол жуу. Сондай-ақ, ата-аналарға ауру белгілері бар балаларды көпшілік жерге, мектептерге жібермеуге кеңес береміз. Сол себепті қызылшамен ауырмаудың алдын алу үшін жоспарлы екпе алыңыздар!