Осыдан он шақты күн бұрын Атырауға бардым. Адайлармен құда болдық. Қонақжай, мәрт көңілді жандар екен. Біз барғанда үш күн қатарынан жаңбыр жауып, айнала сел болып жатты. «Алматының жаңбырын әкелдіңіздер» деп олар мәз-мейрам. Бірақ сол жаңбырдың алдында бүкіл Атырау қаласын түтін басып жатыпты. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында алапат өрт болыпты. Қалың қау боп өскен нар қамыс патырлап жанып, он күндей дес бермеген. Әйтеуір, Алланың мейір-шапағатымен нөсер жаңбыр жауып, өрт жалынын басыпты, ауаны тазартыпты.
Әлбетте, бұл – уақытша тазару. Атыраудың хал-жағдайын бұрыннан жақсы білемін. Бұл өңір – Қазақстандағы ең бай, мұнайлы өлке. Керісінше еліміздегі ауасын күкіртті сутек жайлаған ең кір, лас, экологиялық апат құшағындағы өңір. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, алапат қамыс өрті мамандардың айтуынша, экожүйеге орасан зиян келтірген. Ауадағы көмірсутектің мөлшері 2 есеге көтеріліп, атыраулықтарды тұншықтырған. Тұрғындар есік-терезелерін жауып, қорғанып баққан. Әдейі қаптап жүретін сары масалар да осы күндері қырылып қалған ба, ызым-қайым жоқ болған. Бұл күндері көмірсутекті қойып, аммиак пен бензол сияқты улы газдар Атыраудың ауасын бунап тұр.
Бұл улы газдар қайдан келіп жатыр? Өңірдегі ауаны бұзып, адамдар денсаулығына орасан зиян келтіріп жатқан өнеркәсіп ошақтары жетерлік. 100-ден аса! Кілең алпауыттар! Олардың қатарына «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Ембімұнайгаз», Атырау мұнай құбыры басқармасының мекемелері ІҮСОК, КҚК... «Тухлая балканы» (Сасықсай) қайда қоясың? «Квадрат» булану алаңының өзі неге тұрады? Қалдықтардың зиянды иісі жан-жаққа таралып жатыр.
Күкіртсутегінің иісі шіріген жұмыртқаның иісінен айнымайды екен. Бұл аса зиянды иіс жазда тіптен мүңкіп, сасып кетеді. Оның залалы нарды алып жығады. Адамдар қалай шыдап отыр, ә? Қалай?! Ол мәселені қалай шешеміз? Теңіз, Қашаған секілді ірі кен орындарынан да күкіртті газдың ауаға тарауы адамды шошытады. Итбалықтар, балықтар қырылып жатыр. Ауру көп. Өзіңіз ойлап көріңізші, 200 мың тонна зиянды шығарындылар ауаға тарайды деген болжам бар.
Тексерулер, айыппұлдар салынып-ақ жатыр. Алпауыт мекемелер оларды шыбын шаққандай көрмейді. Халық облыс әкімі Шәпкеновты кінәлайды. Оның алдындағы облыс басшылары осы экология апатына бірдеңе жасады ма? Біздіңше, гәп басқада. Ең бастысы «Мұнайдың астанасы» атанған Атырау және оның халқы осы байлық-қазынаның қызығын толыққанды көре алмай отыр. Ауылдардың әлеуметтік жағдайлары сын көтермейді. «Шамның жарығы» оларға түсіп тұрған жоқ. Жолдар нашар, инфрақұрылымдар жасалмаған. Атыраулықтарға, қарапайым тұрғындарға мұнайдан неге ақша бөлінбейді?
Иә, бұл жақта таңертең күкірт иісінен оянасыз. Инфарктен, инсульттен оянбай жатқандар қаншама? Мен алдымен балаларымды, құдаларымды ойлаймын. Содан соң, әрине, атыраулық бауырларымды. Аман-есен болса екен олар!
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ