2024 жылы 25 желтоқсанда Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL ұшағы Ақтау маңындағы жазыққа апатты жағдайда қонды. Нәтижесінде борттағы 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды. Дүниені дүр сілкіндірген бұл апаттың нақты себептері туралы болжамдар сол кездің өзінде айтылғаны естеріңізде болар. Әзербайжан тарапы ұшақ шанағындағы шұрық тесіктерге қарап, оны «оқтың ізі» деген болжам айтып еді.
Бұл іске байланысты пікір білдірген Илхам Әлиев: «Ұшақты Грозныйда жерден атып түсірді, экипаж шұғыл қонуға сұраныс білдірген, алайда Ресей әуежайлары бортты қабылдамаған», – деп кесіп айтып еді. Алайда Ресей басшысы «апаттың Ресей жерінде болғандығына өкініш білдіретіндігін» ғана айтып, жауапкершілікті өз мойнына алатындығы туралы тіс жармай кеткен болатын.
«Орыс үйі, ресейлік барлау үйі» екен...
Сонан бергі аралықта екі жақта да ақпараттық айтыс-тартыс толастаған жоқ. Бұлардың арасында Бакудегі Ресей ақпарат және мәдениет орталығының (Орыс үйі) төңірегінде қызу таластың әсері зор болғанын айта кеткен жөн.
Әзербайжандықтар арасында бұл орталық жайында «орыс үйі тыңшылық жасайтын орталық» деп күдік білдіргендер де болған. Бұған қоса аталмыш орталықтың ресми тіркеуден өтпегеніне байланысты, қайта тіркеу немесе біржолата жабу туралы шешім қабылдауға «асыққандар» да өз пікірлерін көптеп білдіріпті. Мәселенің мән-жайына түсінік беру үшін екі елдің Сыртқы істер министрлері елшілерді шақырып, біраз талқылаулар өткізді.
Мәселен 27 қаңтар күні Әзербайжан елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Әзербайжанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Рахман Мұстафаевты қабылдаған министрдің орынбасары Михаил Галузин кездесу барысында «Ресей мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында қарым-қатынас орнатудың абсолютті маңыздылығы» сөз етілгендігін айтқан. Мәлімдемеге сәйкес, кездесуде сондай-ақ «Әзербайжан баспасөзіндегі Ресейге қарсы соңғы мақалалар сериясына, сондай-ақ Бакудегі Орыс үйіне қарсы жалған ақпарат тарату науқанына таңданыс» білдірілген. Жақында үкіметшіл «Баку ТВ» спутниктік арнасы Бакуде орналасқан «Русский дом» мәдени орталығы туралы хабар таратты.
«Орыс үйі дәлірек айтсақ, ресейлік барлау үйі» деп аталатын сюжетте осы ұйымның қызметіне қатысты бірқатар айыптаулар бар. Ресей Сыртқы істер министрлігі Михаил Галузин бұл айыптауларды «мүлдем негізсіз» деп атағанын айтты. Кездесуде 2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласына жақын жерде AZAL жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы да талқыланды. Қайғылы оқиғаның барлық жай-жапсарын нақтылау үшін қызметтік тергеуді аяқтап, оның нәтижелерін жариялау қажеттігі баса айтылды, – деп хабарлады РФ СІМ.
Сол күннің ертесінде, яғни 28 қаңтар күні Ресей Федерациясының Бакудегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаил Евдокимов Әзербайжан Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Кездесу барысында ресейлік баспасөздің, сондай-ақ кейбір ресми орталардың әзербайжандарды нысанаға алған, «дезинформациялық» мақалалардың жариялануы түсінбеушілік тудыратыны және екі ел арасында үш жыл бұрын қол қойылған «Одақтастардың өзара әрекеті туралы декларацияның» мазмұны мен рухына қайшы келетіні сөз болған екен. Бұл кездесуден кейін жасалған мәлімдемеде «жергілікті баспасөз беттерінде «Орыс үйі» туралы ақпаратқа қатысты сауалға бұл ресми ұстаным емес, мұндай ұйымдардың қызметі өзара әрекеттестік қағидасына негізделетіні және оларды заңнама талаптарына сәйкес жүргізу маңызды» екені айтылған.
Қорытынды нені түсіндіреді?
4 ақпан күні ҚР Көлік министрлігі тергеудің алдын ала қорытындысын жариялады. Орыс тілінде жазылған 50 беттен артық материалда «Ұшақтан қалған бөлшектерді алғашқы тексеру фюзеляж құйрығына, кильге және тұрақтандырғыш тетігіне, биіктік пен бағыттаушы рульдеріне зақым келтірген, мөлшері мен пішіні әртүрлі көптеген шұрықтар мен тесіктер барын анықтады. Әуе кемесінің сол жақ қозғалтқышына және сол қанатына, сондай-ақ әуе кемесінің агрегаттары мен компоненттеріне де осыған ұқсас зақым келгені анықталды. Кей жерінде қалған зақым ізі дұрыс тікбұрышты пішінді» деген сөздер жазылған.
Аталмыш қорытынды жайлы қазақстандықтар арасында алуан түрлі пікірлер айтылып жатыр. Біреулері «сырттан тиген қатты заттан зақымданған» деген сөзді ашық айтудың өзі «үлкен ерлік» десе, екіншілері апаттың нақты себептерін ашып айтып, нағыз кінәліні көрсетіп бере алмады» деген күйінішін жасырған жоқ.
Ал халықаралық басылымдардың ішінде алғашқы болып пікір білдірген Рейтер агенттігі (Reuters агенттігі) 5 ақпан күні Әзербайжан БАҚ-тарына талдау жасай отырып, «Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағын ресейлік «Панцирь-С» зениттік-зымыран кешені атқан» деген болжамын жер-жаһанға жайып салды.
Баку мен Мәскеу арасындағы «қырғи қабақ соғыс»
6 ақпан күні Бакудегі Орыс үйі жабылғандығы айтыла бастады. Әрі Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей Сыртқы істер министрлігіне Бакудегі Ресей ақпарат және мәдениет орталығын (Орыс үйі) тіркеуді сұрап нота жолдады. Яғни орталықтың жабылуына оның «ресми тіркеуден өтпегендігі» себеп болған секілді...
Орыс үйінің жабылуына қатысты пікір білдірген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Біз өкінеміз. Бұл түсініспеушілік және оны екіжақты байланыстар арқылы шешуге болады деп есептейміз. Әрине, біз әртүрлі деңгейдегі әріптестерімізбен бұл мәселені көтереміз. Егер жоғары деңгейде байланыстар болса, бұл мәселе екі мемлекет басшыларының диалогында талқылануы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз», – деп жауап берді.
Осы күні болған тағы бір жаңалық екі елді елең еткізді. Әзербайжан Президенті Украинаға құны 1 миллион доллар шамасында болатын гуманитарлық көмек жолдауға бұйрық берді. 2024 жылы әзербайжандар Киевке 40 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек атаған болатын.
Аяқ астынан жөнелтілетін кезекті қамқорлықты былайғы жұрт «Мәскеуге қыр көрсету» деп бағалап жатыр. Ал Әзербайжан БАҚ-тары «Украинаға құны 1 миллион доллар болатын кабель мен трансформатордан тұратын материалдар жіберілді. Бұл материалдар Украинаның соғыстан зардап шеккен аймақтарындағы электр инфрақұрылымын ретке келтіру үшін пайдаланылады», – деп жазды. Сол күнгі тағы бір жаңалық «Azeri-Press» басылымында жарық көрді. Онда ресми Бакудың өз кінәсін мойындамаса, Мәскеуге қарсы халықаралық сотқа шағым түсіруге дайындалып жатқаны айтылған еді.
Басылымның мәліметінше, «қазір қайғылы оқиғаға Ресейдің қатысы барын растайтын айғақтар мен басқа да материалдар талданып жатыр» екен. Бұл жайында журналистердің «Владимир Путин желтоқсанда болған AZAL (Әзербайжан әуе жолдары) ұшағының апатына қатысты мәлімдеме жасай ма?» деген сұрағына жауап берген Песков: «Жоқ, апат туралы айту жоспарда жоқ», – деп қысқа қайырған.
PS: Ұшақ апатына қатысты даудың соңы әлі де созыла түсетін болды. Себебі Әзербайжан тарапы «орыстар жауапкершілікті өз мойындарына алуы керек» деген батыл пікірде тұр. Сондай-ақ Әзербайжан тарапы Мәскеу 2014 жылы Донбасс үстінде малайзиялық Boeing MH17 ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін қолданылған стратегияны қолданып, оқиғаның мән-жайын жасыруға тырысады деген күдіктерін де жасырмай отыр. Себебі әзербайжандардың көзқарасы бойынша Қазақстанның Көлік министрлігінің мәліметінде айтылған деректер ұшаққа жерден шабуыл жасалғандығын растайды деген ұстанымда. Осылайша екі елдің арасы күн өткен сайын суып бара жатқандай...
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ