Таңға жуық Қарағанды теміржол вокзалына жетіп, пойыздан түскенімізде далада көз аштырмас ақтүтек боран түтеп тұр екен. Жолаушылар әп-сәтте бастарын ішке тығып, бүрісті де қалды. Майда қар түйіршіктерін қақпақыл қылған суық жел қойны-қонышыңнан кіріп, бетіңді шымшып әлек салуда. «Е, Қарағандының бұл бораны Арқа өңірінде бүгін есімі еске алынғалы отырған Бердіқожа батырдың «ашуы» болды ғой» деп ойладым. Шын мәнінде, менің сонау мың шақырым қашықтағы Алматыдан ат сабылтып келе жатқаным осы батыр бабамыздың тойы емес пе?!
Бердіқожа батыр кім еді?
Ұлы жүз Шанышқылының Жұдырық руынан шыққан Бердіқожа батыр шамамен 1708 жылы Ташкент, Шыршық маңында дүниеге келіп, 1786 жылы Қарқаралы төңірегінде қаза тапты деген дерек бар. Өйткені оның моласы Қарқаралы жерінде, Көкшетау мен Дуана таулары арасында, Дағанделі өзенінің бойындағы биік төбенің басында тұр. Оның жоңғар-қазақ шайқасына қатысуы XVIII ғасырдың 20-50-жылдары. 1723-1727 жылдары жоңғар қонтайшысы Севан Рабданның 100 мың адамдық қалың қолы қазақ жеріне қайтадан жойқын шабулын бастап, даламызды қанға бөктірген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде:
«Хан Абылай аттанды» дегенді естіп, Келіпті Шаншқылыдан Бердіқожа», – деп атақты Мәшһүр Жүсіп жырлағандай, Бердіқожаның қол бастап Ташкенттен Арқаға келуінің себебі осындай. 1726 жылы қазақ хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Күлтөбеде бас қосып, ойраттарға (жоңғарларға) қарсы күресті қайта ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Үш жүздің басын қосқан бұл жиында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би аса үлкен қайраткерлік танытты. Сөйтіп ұйымдаса тізе қосқан үш жүздің әскерлері Бұланты – Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста жоңғар жасағына ойсырата соққы береді.
Осы жылы Ордабасыда өткен жиында Әбілқайыр хан қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы болып тағайындалады. Әскери күшін біріктірген үш жүздің жасақтары 1728 жылдан бастап басқыншыларға қарсы күресті өршіте түсті.
Хан Абылайдың қасында Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайлармен қатар шанышқылы Бердіқожа батыр да қол бастап, зұлым жауды талқандауға өлшеусіз үлес қосты.
Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Абылай заманындағы ең атақты, сенімді батырлардың бірі болған» деп сипаттайтын Бердіқожа сол соғыста ойраттардың бірнеше батырын жекпе-жекте жер жастандырғаны, әскерін шабуылға шебер ұйымдастыра білгендігі халықтың жыр-дастандарында айтылады. «Абылай хан Бердіқожа батырсыз кеңес өткізбеген, жорыққа да шықпаған», – деп сыр шертеді дерек көздері. Ұлы жүзде оны Төле биден кейінгі ірі саясаткер, даңқты қолбасшы, шебер дипломат ретінде ұлықтаған. Айбынды қолбасшы, жекпе-жекте жау түсірген жаужүрек Бердіқожа атақты Қабанбай батырмен қанаттаса жүріп Ұлытау өңіріндегі Бұланты, Білеуті және Сарысу бойындағы Итішпес, Алакөл маңындағы Аңырақай шайқасында, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шарға шайқастарында қол бастап, ерен ерліктерімен көзге түскен батыр. Осындай алапат шайқастардың бірінде қолбасшы Қабанбайдың астындағы аты өліп, жаяу қалғанда Бердіқожа астындағы ақбозатын түсіп беріп, қолбасшыны жау қолынан құтқарып қалған. Кейін Қабанбай мінген ақбоз атын қайтарғанда:
«Қабеке, бұл ат сізге жарасады, енді мұны сіз мініңіз!» – деуі Бердіқожаның батырлығымен бірге мәрттігін де көрсетеді. Бұл туралы халық жазушысы Қабдеш Жұмаділдің «Дарабоз» романында әдемі суреттеледі. Жазушы Қабанбайдың осы ат арқылы Дарабоз аты шыққанын да тілге тиек етеді.
Қазіргі зерттеу еңбектерге сүйенсек, Бердіқожа батыр XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы 100-ден астам шайқасқа қол бастап кіріп, жеңіске жеткен. Соның ішінде 1723-1725 жылдары қазақ жерінің Шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі жерлерді жаудан босатуда, 1726 жылы Шұбар теңізі маңындағы шайқаста, 1729 жылғы мамыр, маусым айларында Балқаштың оңтүстік жағасынан 120 шақырым жерде болған Аңырақай шайқасында Бердіқожа қолы жауды аяусыз талқандаған. 1735 жылы Жетісу, Шу, Талас, Арыс бойларында болған ұрыстарда, 1739 жылы Қаратау мен Алатау өңірінде, 1740 жылы Ташкентті азат етуде, 1741 жылғы кескілескен ұрыстарда, 1745 жылғы жоңғарлармен ақырғы ұрыстарда Бердіқожа батырдың даңқы асқақтай түседі. Зұлым жаумен 1750-1752 жылдарда болған кескілескен шайқастарда да жан аямай шайқасқаны туралы нақты деректер табылып отыр. Шанышқылы Бердіқожаның ел қорғаған батырлығымен бірге бізбен шекаралас жатқан Қытай, Жоңғария мемлекеттерінің басшыларымен келіссөздер жүргізген дипломаттық, қайраткерлік қырлары да өз алдына бір төбе. Қытай мұрағаттарында Цинь империясымен келіссөз жүргізіп, алғаш рет байланыс орнатқан елші осы Бердіқожа батыр деген дерек бар.
1743 жылы Абылайды қалмақтың қолынан тұтқыннан шығарып алуға атақты Малайсары батырмен 35 жастағы Бердіқожаның ере баруы оның жастайынан елшіліктің қыр-сырын еркін меңгерген дипломат болғанын көрсетеді.
Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының халық қаһарманының жоңғар қалмақтарымен және іргедегі қырғыз содырларымен болған алапат шайқастардағы ерен ерліктерін жоғары көркемдік деңгейде жырлаған «Шанышқылы Бердіқожа батыр» поэмасы бүгінде қазақ поэзияның алтын қорынан ойып тұрып орын алған тарихи шығармалардың қатарында. Міне, осы 10 бөлімнен, 20 беттен тұратын көлемді дастанды жатқа айтатын және мәнерлеп жырлайтын жыршылар сайысын өткізудің Ережесі бекітіліп, хабарлама таратылғалы үш айдың жүзі болды. Арқа өңірінде және онан тыс жерлерде осынау өнер бәйгесіне қатысуға ынта білдіруші өнерпаздардың көп болғаны жүрекке қуаныш сезімін ұялатты. Байқауға 50-ден астам адам қатысуға тілек білдірсе, түндегі бораннан көп жерде жол жабылып қалуы салдарынан оның 43-і тегіс келіп қатысты.
Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан, Ұлытау облысынан, Астанадан және басқа да өңірлерден келген өнерпаздардың ішінде 7-8 жастағы мектеп оқушыларынан бастап, жоғары оқу орындарының студенттеріне дейін бар. Әр қатысушының өзіне тән қарым-қабілеті болады емес пе, мысалы, қарағандылық 3-сынып оқушысы Ақжолтай Қайрат дастанды бір жарым ай жаттаса, 2-курс студенті Толғанай Мейіржан он күнде есте сақтап алыпты.
...Сағат дәл 14:00-де Қарағанды қаласындағы «Достық» үйінің концерт залында жыр сайысы басталды. Кеш тізгінін қолына алған белгілі айтыс ақыны, өлең-жыр мен қара сөздің хас шебері Айтбай Жұмағұлов бүгінгі іс-шараның мақсаты мен бағыт-бағдары туралы арқа-жарқа сөз сөйлеп, жыршылар сайысын ашып беру үшін Қарағанды облыстық әкімдігі Ішкі саясат Басқармасының басшысы Нұрлан Бекенов пен облыстық Жастар саясаты басқармасының басшысы Нұржан Ілиясовқа сөз берді. Олар бүгінгі іс-шараның жас ұрпақты отаншылдық пен патриотизмге тәрбиелеудегі роліне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемелекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Берік Серікбайұлы Рахимов Шанышқылы Бердіқожа батырдың жоңғар шапқыншыларымен шайқастардағы ерен ерліктеріне тоқталды.
Жыр сайысы басталды. «Шанышқылы Бердіқожа батыр» поэмасын жеріне жеткізе мәнерлеп жатқа оқыған мектеп оқушылары мен студенттердің талабы мен талантына таңданбасқа амалымыз қалмады. Құрамында профессор Берік Рахимов, белгілі ақын-жырау, Мәдениет саласының үздігі Тілеген Әділов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты ақын Дидар Қами, әйгілі әнші Сержан Мұсайын және осы жолдардың авторы (Мырзахан Ахмет) бар әділ қазылар алқасының мүшелері жыр оқушыны кез келген жерден тоқтатып, дастанның әр бөлімінен бір-екі жолды естеріне салғанда іле-шала іліп әкеткен жас жыршыларға қалай риза болмассың?! Барлық өнерпаз ұлттық нақышпен әдемі өрнектелген киім киіп, сахнаның ажарын, сайыстың салтанатын арттыра түскені де көңілге жылылық ұялатты.
Сайыстың дастанды бастан-аяқ жатқа оқу аталымы бойынша 34 өнерпаз сынға түссе, қазылар алқасы 1-орынға лайық жыршыны әділ анықтау мақсатымен ең жоғары балл жинақтаған 6 өнерпазды қайтадан халықтың алдына шығарды. Қалың көрерменнің көз алдында өзара жарысқа түскен олардың бәсекесі нағыз қызықты айқасқа айналып, 1-орын иесі даусыз, талассыз әділетті анықталды.
«Шанышқылы Бердіқожа батыр» поэмасын домбырамен және басқа да музыкалық аспаптармен жырлау аталымы бойынша 13 жыршы-термеші сынға түсті. Бұл жарысты Нұрәлі Ботпай бастап берсе, оны домбырамен және қылқобызбен жалғастырған Ақжан Шыныбек іс-шараны одан әрі қыздырды.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» дегендей, әрбір жыршы өз қабілет-қарымдарына қарай өнер көрсетті. Десек те гагауз елінің талантты қызы Виктория Аленина туралы бір ауыз жылы сөз айтпай кетсек, әділетсіздік болар еді. Қазақтың домбырасын жақсы меңгеріп, батырлық дастандарымызды жатқа айтуға машықтанған ол, бұған дейін де бірнеше жыр сайыстарына қатысыпты. Виктория бүгінгі сайысқа да үстіне төгілген бүрмелі көйлек, әдемі өрнектелген камзол, басына зерлі тақия киіп жарқырап шыққанда сахна нұрлана түскендей еді. Жас талант әдемі де әуезді дауыспен «Шанышқылы Бердіқожа батыр» поэмасын домбыраға қосыла шырқағанда көпшіліктің көзіне жас үйіріліп, қуаныштан сатырлата қол соқты.
Жалпы, Қарағанды қаласында өткен бұл жыр сайысы бастан-аяқ өнегеге толы тағылымды іс-шара болды десем асыра айтқандығым емес. Ең алдымен, бұл іс-шара үш ғасыр бойы Ресей империясының боданында болған қазақ елінің тұншығып келген тарихының ақтаңдақ тұстарын, ұмытылып қалған батырларын бүгінгі ұрпаққа танытуға титтей де болса үлес қосқаны сөзсіз. Екіншіден, поэмада жырланған Бердіқожа батырдың ерлік істері арқылы жастардың патриоттық, отаншылдық рухын көтеруге, үшіншіден, халқымыздың ежелгі жыршылық, жырулылық өнерін насихаттауға, бүгінгі кітап оқуды ұмытып бара жатқан жастардың әдебиетке деген қызығушылығын, ата дәстүрімен жыр жаттау дағдысын қалыптастыруға өз ықпалын тигізді деп ойлаймын.
Мен өз басым Қарағанды өңірінің ақкөңіл, жаны жайсаң адамдарына, өнерсүйер қауымына, мына бір мағыналы өнер бәйгесін ұйымдастыруға, өткізуге шыр-пыры шығып белсене атсалысқан ақын-жыршы, өнерпаз азаматтарға, рухани қолдау көрсеткен облыстық Мәдениет басқармасы Халық шығармашылығы орталығының, Ішкі саясат және Жастар ісі жөніндегі басқармаларының басшыларына, жастарды жыр бәйгесіне дайындауға, өлшеусіз үлес қосқан ақын-жыршы інілеріміз Айтбай Жұмағұлов, Дидар Ками, Тілеген Әділов, Сержан Мұсайып сияқты інілерімнің еңбектеріне ерекше риза сезіммен аттандым.
...Таңертең ақтүтек боранға оранған Қарағанды вокзалына қайтып келе жатқанымызда шайдай ашық аспанды безендірген жұлдыздар жалт-жұлт етіп ерекше жарқырап тұрды. Бұл Бердіқожа батыр рухының, Арқа елінің шат көңілінің айғағы болар.
Мырзахан АХМЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі