Бүгінгі кейіпкеріміз – Елубай Қожабековтің зиянкес шегірткелермен бел шешіп күресіп келе жатқанына аттай 30 жыл. Өмірінің елу бір жылын трактор рөлінде өткізген қарапайым еңбек адамын біз Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылынан кездестірдік. Арнайы дәрілеу бөшкесі тіркелген тракторынан жайраңдап түсіп келе жатты.
Елубай Ахметұлының шегірткемен күресі таңғы 05.00- ден басталады. Біз Сарыкемерге барғанда сағат 10-нан асқан еді. Олар егіс даласынан жаңа оралыпты.
– Біз егіс алқабына таңғы сағат 04.00-ден тұрып, 05.00-де жұмыс бастаймыз. Себебі, жұмысты күн ыси бастағанша еңсеріп тастауымыз керек.
Трактор жүргізгеніме жарты ғасырдан асып барады. Таңмен таласа трактор тізгініне отырамыз. Үйреніп те қалғанбыз, – дейді ол.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұратын Елубай Қожабеков аталған шаһардағы «Өсімдік қорғау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде механизатор болып еңбек етеді. Байзақ ауданындағы зиянкестерді дәрілеуді аталған мекеме мемлекеттік тапсырыс аясында ұтып алыпты. Техникалары заманауи, талапқа сай. Тіпті, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында да арнайы бригадалары жүр екен.
Біздің «Шегірткемен отыз жыл бойы «шайқасып» жүр екенсіз. Оңай шаруа емес. Қандай қиындықтары бар?» деген сауалымызға Елубай Ахметұлы: «Барлық жұмыстың өз қиындығы болады ғой. Зиянкес шегірткемен күрестің қиындығы – олардың жетілетін уақытын өткізіп алмау. Біз шегірткелерді ұшуға жеткізбей жойып отырамыз. Қазір біздің жойып жатқанымыз итальяндық шегіртке. Бұлар да ақылды, адамдардан сақтанады, ұясын жұмсақ жерге салады. Жыл сайын жұмыртқа салатын ошақтарын ауыстырып отырады. Адамдарды алдап соғуға тырысады. Ұшуға дейін аман жетсе, шегірткелер егістік даласын дауыл жүріп өткендей, жайпап жібереді. Әй- шайға қаратпайды. Диқандардың күндіз-түні істеген еңбектері далаға кетеді. Міне, біз осындай қатердің алдын алып жүрміз», деп жауап берді.
Құрамында Елубай Қожабеков еңбек ететін бригаданың Байзақ ауданында зиянкестермен күресіп жатқанына 4 апта болыпты. Қауіптің беті қайтқандықтан, енді екі-үш күнде жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр. Негізі түске дейін 150 гектар, түс қайта 150 гектар алқапты дәрілеу жоспарланған. Күннің ерекше ыстықтығына байланысты тәулігіне 200 гектарға дәрі себіліп жүр екен. Былай қарасаңыз, тәулігіне 200 гектар дегеніңіз, айына 6 мың гектар алқап зиянкес шегірткелерден тазартылды деген сөз. 6 мың гектар алқабыңыз 4-5 ауылдық округтің егістігі. Ол дегеніңіз, 70-80 шаруа қожалықтың үміт күтіп отырған егістік алқабы. Сол алқаптарды зиянкестерден тазартуда Елубай Ахметұлы секілді еңбек майталмандарының үлесі мол.
– Бригада ауданымызда белсенді жұмыс істеуде. Шаруа қожалықтар шегірткеге қарсы күрес жұмыстарына риза. Бұл бригаданың белсенді еңбегі. Өзіміз де осы бригаданың таңмен таласа жүріп еңбек етіп жатқандарын көзімізбен көріп жүрміз. Рақметтен басқа айтарымыз жоқ, – дейді аудандық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Анара Ыбырайымова.