Мұнан соң сенаторлар Ащыбұлақ ауылына атбасын бұрып, ауылдықтармен жолықты. Ауыл азаматтары Арқабай Алдашев, Алпысбай Жұмаханов, Серік Бибосынов 15 жыл бойы күткен газ жүйесі 2019 жылы ауылға тартылғанымен әлі күнге дейін қолданысқа берілмегенін, ауылда жайылым мәселесі өзекті екенін қынжыла жеткізді. Тұрғындардың базынасына құлақ түрген Абдалы Тоқбергенұлы:
– Өңірдегі 13 елді мекенге газ тарту жұмыстарының алғашқы легі сенаторлардың мақұлдануынан бастау алып, қаражат қарастырылған болатын. Бүгінде Рахат, Еңбек, Тастөбе, Ащыбұлақ, Шайдана, Өрнек, Ерназар, Жұма, Көлқайнар ауылдарына газ құбыры тартылып, ауылішілік көшелерге жеткізілді. Бірақ қосылған жоқ. Бұл ауылдарды табиғи газбен қамту үшін қосылу нүктесіне дейін 4,7 шақырым газ құбырын жүргізу қажет. Қосылу нүктесі – Тараз қаласының батысындағы ГТС-2. Қалған 4 ауыл газ пайдаланып отыр. Құрылыс жұмыстарын жалғастыруға осы жылы республикалық бюджеттен 306 млн.теңге бөлінуіне ықпал ететін боламыз. Осы жылы Жамбыл ауданында 9 ауылға бір мезетте «көгілдір отынға» қол жеткізуіне күш саламыз, – деді сенатор.
Ал жайылымдық сауал бойынша аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы: «Президент тапсырмасына сәйкес, 3170 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Ал ауылдан 5 шақырым алқап жергілікті тұрғындардың игілігіне берілген. Ешқандай шаруа қожалық бұл радиюсты жекешелендіруге құқығы жоқ. Ал мал басы шамадан тыс ауылдықтар Көделідегі жайылымды пайдалануға кеңес береміз. Көделіде ауылдық округтердің өз жерлері қарастырылған, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар сенаторлар Талас су алу торабының жай-күйін көрді. Торап арқылы Жамбыл, Байзақ, Тараз қаласына белгіленген мөлшерде су беріледі. Сенатор Абдалы Нұралиев еліміздегі қуаншылықтың алдын алу мақсатында жерасты суларын тиімді пайдалану, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерінің жаңа технологияларына жаппай көшу шаруалар үшін аса қажет екенін алға тартты.