Өзімізде ештеңе жоқтай-ақ, өзгенің әлденесін әлдеқандай көретін біздікі не мінез осы! Мысалы, жеміс беріп жарытпайтын сакурасы гүлдеп, соны жапондар кәдімгідей қуаныш қып тойласа, бұның өзі бізге бір дүкен әңгіме. Құдды бір нағашыларымыз мерекелеп жатқандай-ақ, аузымыздың суы құрығанда жапоның жолда қалады. Қазақтың кейбір ақыны содан шабыттанып, өлең жазып жіберген жайы да бар.
Иә, жер бетіндегі түрлі ұлттардың түрлі әдет-ғұрыптары дегеніңіз күллі адамзат баласының текемет бетіне төккен өрнегіндей мәдени, рухани байлығы. Ол байлық әрқашан құрметтеуге лайықты. Дегенмен әр ұлт өзінің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін бәрінен жоғары қойғаны абзал ғой. Осы ретте мені алыстағы жапон сакурасының гүлдегені емес, өз жерімізде өсетін шеңгелдің гүлдегені әлдеқайда шаттыққа бөлейді.
ИӘ, КӘДІМГІ ШЕҢГЕЛ ШЕ, ШЕҢГЕЛДІҢ ГҮЛДЕУІ ЖАПОННЫҢ САКУРАСЫНАН КЕМ БЕ ЕКЕН? ШЕҢГЕЛ ДЕ ЕҢ ЕЖЕЛГІ ӨСІМДІК. ТІПТІ ОРЫСТАР ДА БАСҚА АТ ҚОЙМАЙ, ЧИНГИЛЬ (ЧЕМЫШ, ШЕНГИЛ) ДЕЙДІ. АЯЗ БИДІҢ «ШӨП ЖАМАНЫ ШЕҢГЕЛ ЕМЕС…» ДЕЙТІНІ ДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ЖАДЫНДА. АҚ ШЕҢГЕЛ ДЕГЕН ТҮРІ ДЕ БАР. АҚ ШЕҢГЕЛДІ ХАЛЫҚ ӘУЛИЕ КӨРЕДІ. ӘРІ ЕСТЕ ЖОҚ ЕСКІ ЗАМАННАН-АҚ ӘУЛИЕ ТҰТСА КЕРЕК. ӨЙТКЕНІ ОЛ ҚАЗАҚТЫҢ «ЖАРТЫ ТӨСТІК» АТТЫ ЕРТЕГІСІНДЕ АЙТЫЛАДЫ.
Ел арасында «ақ шеңгел адам сүйегі жатқан жерге өседі, сондықтан оны әулие дейді, оны шауып тастауға болмайды» деген аңыз бар. Осы түсінік осы күндері елдің жадынан өшіріліп бара жатқан сияқты. Ежелгі ата-бабамыз айтып кеткен ертек те, ел аузындағы аңыз да бекер емес, бұлар әулиедей болған бабалар айтып кеткен сөз ғой. Осы әулие шеңгелдің гүлдегенін айтпай, қайдағы бір сакураның гүлдегенін жырлаған біздің ақындарда да ес жоқ.
Шеңгел мамыр айында жаппай гүлдейді. Гүлі сакураның гүлі сияқты қызғылт болып келеді. Кейде осы қызғылт түске күлгін бояу араласып кететіні бар. Мүмкін жердің құнарына байланысты шығар. Соры қалың, сусыз жерде өссе де малынып гүлдейтіні ғажап. Гүлі де өзгеше, бір сәт үңіліп қарап отырсаң, еркек атаулыны шабынтып қоятын қан қыздырарлықтай әлдебір аяулы суреттің елесіне тап боласың. Ойыңа осы кезде гүлдің «шешек» деген түркілік атауы түсе кетеді. Яғни, ұрпақ өрбітуші – шеше. «Гүл» тәжіктің сөзі. Бұл да өзімізді ұлықтамай, өзгені ұлы көретін жаман әдетіміздің бір мысалы.
Шеңгелдің гүлдегені көктемнің жазға ұласқаны. Жазға ұласқан мезгіл қазақтың көші-қоннан қолы босап, жаны жай тауып, рақатқа кенелетін шағы. Бірақ жапон сияқты шеңгелдің гүлдегеніне көп аса мән бере қоймайды. Есесіне табиғаттың осы бір ғажайып шағын елден бұрын ешкі сезеді. Сарыла күткеніне қауышқандай, тұп-тура есі шыға елбіреп қуанады. Қуанғаны – «тойлағыны, мерекелегені». Жапондар сакура гүлдегенде қанша жерден қуанса да, сол қуанышын ешкіден асыра алмайтын шығар-ақ. Ал ешкінің сонда алабөтен мінезге басып, қутыңдап, құлдыраңдап кететінін көрсең. Жылына жалғыз мәрте болатын мұндай кәйіпті молынан татып қалмаққа асыққандай ерекше құмарлықпен, гүлден басқаны көзі көрмей, секіріп, орғып ойнақтай жөнелгенде, дәл сол сәтте ешкіден бақытты жануар таппайсың. Өріске беттеген отардан оқ бойы озып, желе жортып барып шеңгел тоғайға қойып кетеді-ау. Көзі тұнып, қалың гүлге ашқарақтана кіріседі сосын.
Етектегі гүлді місе тұтпай жоғарыға ұмтылып, адам сияқты екі аяқтап тұрып кететіндері де кездеседі. Екі аяқтап тік тұрғанда құлап түспеуі үшін бір орнында байыз таба алмай, тепе-теңдікті сақтағансып, салмағын екі аяғына кезек түсіріп, билеп кететінін қайтерсің. Сонда шолақ құйрығы да шаттанудың белгісін білдіріп, гүлдің ләззатын нақ сол жері сезіп тұрғандай шолтаңдап ала жөнелетіні қызық. Өзінен гөрі ашқарақ көзінің қарашығы бір орнында тұрақтамай, қарсы алдындағы қаптаған гүлдің қайсысын тістерін білмей, сақалы желп-желп етіп жан-жағына жалтақтаған түрі тым күлкілі. Жалмаңдап жеп жатып, көзі одан әрігіректегі басқа бір гүлге түссе болды, жей бастаған гүлді тастай салып, дереу көзі түскен гүлге қарай жанталаса жүгіреді. Жүгіріп бара жатып, жолай кезіккен тағы бір гүлге тұмсығын созып үлгереді. Ол гүлді іліп үлгерсе үлгерді, үлгермесе жанынан заулап өте шығып, келесісіне асығады. Осылайша түп шеңгелді шыр көбелек айналып кететін мінезі бар. Апыр-ау, бұ не ғажап? Осындай ғажапты сіздің көргеніңіз бар ма? Сөйткен ешкіні гүл жегеннен гөрі, гүлдің көптігінен масайып, содан өзін өзі тоқтата алмай, шаттана шапқылап ойнап жүр ме деп ойлап қаласың.
Ешкіекеңнің гүлге ессіз ғашық болғаны сондай, шеңгелдің тікені езуіне қадалғанын да сезбейтін тәрізді. Ешкіқотыр деген ауру содан шығады. Қотыр боп қалғанын кейінірек, шеңгел гүлін төгіп, жап-жасыл жұп-жұмсақ қоңырау байлағанда бір-ақ біледі. Ондай ешкілердің қотыр-қотыр езуі мен танауына әкеміз ақ у араластырған салидол жағып қояр еді. Сонда ол қоңыр помадамен ернін қалың етіп бояп алған қызға ұқсай қалатын. Қазірге дейін ернін қоңырға бояған қыз көрсем, қотыр болған ешкі есіме түсе кетіп, еріксіз езу тартамын. Ақ у езуін дуылдата ма, шібіш біткен түшкіріп, «ендігәрі гүлге жоламаспын» дегендей («ендігәрі қызға жоламаспын» деген бір досым сияқты), дауысы өлімсірей шығып, мүсәпірсіп маңырап тұрғандары. Алайда езуі жазылысымен баяғы ішкен ант-суын тарс ұмытады. Тарс ұмытатыны сол, енді шеңгелдің қоңырауына деген құмарлығы оянады. Қоңырау гүл сияқты емес, бауырсақ жегендей ауыз толтырып жеуге жарайды. Бұл енді басқа хикая…
Ешкіекеңнің шеңгел гүліне ессіз құмарлығына әсерленіп, сакураның гүлін жейтін жапон сияқты бір кезде өзің де гүлге «жайылып» жүресің. Бала кезімізде талай жедік, дәмі тәп-тәтті-ақ. Таңсық дәмін ауызбен айтып, қаламмен жазып жеріне жеткізе алмаспын. Рас болса жапондар сакураның гүлдеуін уақыттың тездігіне балайды екен, ал мен шеңгел гүлінің дәмінен өмірдің тәттілігі сезіледі десем, иланар ма едіңіз. Жоқ, иланбайсыз. Илану былай тұрсын, күлесіз. Өйткені біз жаны нәзік жапон емеспіз. Анау-мынауға елең етпейтін қыңыр қазақпыз.
Сонымен ешкінің шеңгел гүліне деген «махаббатын» немен түсіндіруге болады? Сөйтсек, бар пәле гүлдің аталық және аналық мүшелерінде екен. Аналық гүлдің қақ ортасында, аталықтар оны қоршап тұрады. Аталықтың әрбірінде тозаңқап бар. Аталық піскенде тозаңқап жарылып, тозаң-ұрық (пыльца) аналықтың аузына түседі. Сол кезде гүл атаулы құмарлықтың шегіне – экстазға жетеді. Шіркін, сол кезде олар қандай ләззатқа батады десеңші. Үлбіреп, бояуына қанығып, жұпар шашып тұрады ғой. Бір өкініштісі біз гүлдің ләззатын сезіне алмаймыз. Тек түйсінеміз. Бояуына көзіміз қуанады, иісіне көкірегіміз масаяды. Гүлді көргенде жадырап сала беретініміз содан. Жігіттің сүйген қызына гүл ұсыну дәстүрі осыдан келіп шықпаса не қылсын. Гүлдің сыртқы әдемілігін былай қоя тұралық, оның ішкі әлемін айтсаңшы. Кемеліне келгенде гүлдің аталығы пісіп-жетіліп, аналыққа ұмтылып, аналығы аталық бүркіп қалатын тозаң-ұрықты қағып алу үшін құмарлықпен аузын аша бастамай ма. Кәмелетке толған қыз-жігіттің табиғаты да аумаған осы. Ендеше гүл ұсыну осы бір ғажап сезімді өз арасында қайталағысы келудің ишарасы шығар.
Әлқисса, табиғатта гүлдің тозаңдануынан, яғни ұрықтануынан өткен ғажап құбылыс жоқ. Көзге көрінер-көрінбес түкке тұрмайтын тозаң-ұрықтың ертең түйін байлап, жеміске айналатынына ой жүгіртіп қараңызшы. Сонда тозаң-ұрықтың құдіреттілігін аңғарасыз. Бұдан да нақтырақ айтсақ, сол тозаң-ұрыққа соншалық құдірет дарытып қойған одан да зор құдіретті тани түсесіз!
Қазіргі ғылым сол тозаң-ұрықтың құрамында адам ағзасына аса қажетті алуан түрлі нәрлі заттек бар екенін дәлелдеген. Десе де шегіне жеттік деп үзілді-кесілді айта алмайды. Шіркін, олай болса сол тозаң-ұрықты уыстап алып ауызға салар ма еді. Сонда химия араласқан тағам жеп, дәрумен мен минерал тапшылығынан әлсіреген иммунитетіміз бір жасап қалар еді-ау. Бірақ шаңның көлеміндей тозаңды бізге уыстап асайтындай етіп кім жинап беріп жатыр. Бұл енді қол жетпес арман ғой.
Сөйтсек, мына ғаламда ғажайып деген толып жатыр екен. Жиналуы мүмкін еместей көрінген алтыннан қымбат сол тозаңды тірнектеп ұясына таситындар да бар боп шықты. Ол кәдімгі бал арасы. Бұл әлемде тозаңды бал арасынан басқа тірі жәндық жинай алмайды. Ғалымдардың айтуынша, араның тозаң жинауда елу миллион жылдық тәжрибесі бар көрінеді.
Тозаң дегеніміздің өзі аталық ұрық екенін жаңа айттым. Ал бал арасына аталық ұрық неге керек болып қалыпты? Сөйтсек, жұмысшы аралар ас қорыту барысында осы тозаңды синтездеп, жұтқыншақ және жоғарғы жақ безінен түсі уызға ұқсас, қоймалжың бір зат бөліп шығарады екен. Түсі уызға ұқсас болған себепті орыстар оны «маточное молочка» дейді. Еуропалықтар «роял желе» (royal jelly), яғни «корольдер тамағы» дейді. Бағасы өте-мөте қымбат, қарапайым пенденің қолы жетпейтін болғандықтан солай атаған. Біз қазақ оған ат қоймағанбыз. Ат қоймағанымыз – дүниеде ондай заттың барынан бейхабар болғанбыз. Білсек енді біліп, атын орысшадан аударып «аналық сүтше» деп жүрміз. Аналық дейтін себебі, осы сүтшемен тек аналық ара ғана қоректенеді. Сол себепті аналық ара күніне 3-6 мыңға дейін жұмыртқа табады. Тосын бір апатқа тап боп қалмаса, алты жыл өмір сүреді. Ал қарапайым жұмысшы аралардың табиғи жасы алты аптадан аспайды. Жұмысшы аралардың жұмысы ұяға неше алуан шырын мен тозаң тасу. Ал біз, адамдар бал арасы жинаған тозаңды да, осы тозаңнан жұмысшы ара жасаған аналық сүтшені де сол бір бейнеткеш бейкүнә жәндіктерден тартып алудың технологиясын тапқанбыз. Өйткені бұлар өте-мөте құнарлы азық. Алла Тағала тозаң-ұрыққа бүткіл дүниенің құдіретін дарытқан, бүткіл дүниенің ақпаратын сыйғызған. Әйтпесе, шеңгелдің дәні алма ағашы болып өспей, шеңгел болып өсуді қайдан біліпті? Тозаңның да, тозаңнан ара «жасайтын» аналық сүтшенің де емдік қасиеті аса күшті. Әсіресе жүрек аурулары мен ұрықтануға бұл екеуінің шипалық қасиеті өте зор. Радияция әсерінен бүлінген ағзаны қалпына келтіруде де септігі бар. Жапония мың жылда ыдырап үлгермейтін радияция апатынан осы «аналық сүтшенің» арқасында айығып келеді. Қазір ол елдегі балабақшалар мен мектептерде балаларға үш мезгіл тегін «аналық сүтше» таратады екен.
Ғалымдар «аналық сүтшенің» құрамында адам ағзасына аса қажетті 400-ден аса нәрлі заттек бар екенін дәлелдеп отыр. Оларды түгелдеп жатпай-ақ, құрамында В тобындағы дәруменінің барлығы бар екенін айтсақ та жеткілікті.
Алла Тағала адам баласын топырақтан жаратты дейді. Өте-мөте дұрыс айтылған. Одан да дұрысырағы Алла Тағала адамды жәй топырақтан емес, асыл топырақтан жаратқан. Топырақ дегеніміз тұрған күйімен минерал. Ал «аналық сүтше» құрамында қандай минерал жоқ дейсіз, бәрі бар. Темір, марганец, цинк, кобальт, фосфор, калий, натрий, кальций, магний, медь, никель, күміс, алтын, висмут, алюминий, хром, күкірт, кремний, мышьяк т.б. Осылай кете береді.
Адам баласы белсенді өмір сүруі үшін ағзасы жиырма екі түрлі амин қышқылына қанық болуы керек. Ал «тозаң» мен «аналық сүтшеде» осының барлығы бар. Жиырма екі амин қышқылының бір затта топтасуы табиғатта сирек кездесетін, тіпті «тозаң» мен «аналық сүтшеден» басқа затта болмайтын жағдай. Ғалымдар «таңғажайып өсімдік» санайтын алоэ верада да амин қышқылы толық емес, онда жиырмасы ғана бар.
Тозаң мен «аналық сүтшенің» құрамы туралы одан әрі өрбітіп, қасиетін саралап көп әңгіме айтуға болады. Бұл өзі өте қызық және соны тақырып.
Осы арада айта кететін бір жай бар. Ата-бабамыз «аналық сүтшенің» не зат екенін білмесе де, адамның алпыс екі тамырының түйіні тілдің астында екенін дұрыс аңғарған. Кәнігі насыбайшылар насыбайды тілдің астына салады. Сонда насыбай уыты сілекей арқылы қанға тарайды. Кәйіпке солай батқан біздің шалдар. Сол сияқты «аналық сүтшені» де тілдің астына салу қажет. Сонда ғана оның нәрі сілекей арқылы қанға тарайды. Әйтпесе әсері болмайды.
Тілдің астынан басталатын тағы бір арна адамның жыныс мүшесіне қарай төтелей тартылған. Сүйіскен кезде қыз бен жігіттің қозып кететіні содан. «Тозаң-ұрықты» немесе «аналық сүтшені» қабылдағанда барлық нәрі сол арна арқылы еш бөгелмей, тұп-тура жыныстық мүшеге жетеді. Жыныс мүшесі де бейне бір бәйге аты сияқты. Оны да құнарлы жеммен жемдеп, баптаған абзал.
Сонымен әңгімеміз ешкінің гүлге деген «ғашықтығы» еді ғой. Оның гүлге неге сонша құмар болғанын енді түсінген шығарсыз. Ешкі шіркін «тозаң-ұрықтың» өз ағзасына аса қажет екенін қайдан білген десеңші. Ешкі білген нәрсені біздің білмегеніміз қалай?
Табиғатта өсіп-көбейетін жандының да, жансыздың да барлығында ұрық бар. Құстың жұмыртқасы да, балықтың уылдырығы да соның мысалы. Енді ғана оянып, әне-міне көктеп, мұрттай бастаған кез келген дән де сондай өте-мөте құнарлы азық. Адамның аталық ұрығы тіпті барлығынан әлденеше есе күшті. Бірақ оны тарқатып айтуға болмайды.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы,
«Таң-Шолпан» әдеби-көркем,
көпшілік журналының бас редакторы