Серт

Серт

Өмер Сейфеттин

(1884-1930)

Түрік әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі жазушысы, ақын. Ол 1884 жылы Түркияның Балыкесир уәлаятында дүниеге келген.  170 ке тарта танымал шығарманың авторы. Төменде оқырмандарымызға жазушының “Серт” атты қысқа әңгімесін ұсынып отырмыз.

Жиырма жыл көрмеген жерім – Сарап ауылы көз алдымда сағымдай сезіледі де тұрады. Көбі ұмытылған көне түстей қиырдан елестейді.

Капитан шенді жас әскери қызметкер әкемнің жетегінде сан мәрте жүріп өткен көшелер, жолдар, бәрі-бәрін еске түсіруге тырысамын. Бейне бір қою тұман алдымды орағандай, айналамдағы түстер алмасқандай, үйлердің пішіні өзгергендей әсерде қаламын.

Мектепте «үлкен мұғалім» деген бурылданған сирек шашты, ұзын бойлы, егде тартқан, ашушаң әйел болды. Өңменіңнен өтетін көк көзі, қарға сияқты имек сары мұрны, шашы жалбыраған, бейне бір  мыстан кемпірге ұқсайтын. 

«Кіші мұғалім» – ер адам. Үлкен мұғалімнің ұлы. Балалар одан онша қаймықпайтын. Негізі біраз ақымақтау еді. 

Мен артқы партада үлкен мұғалімнің ең ұзын таяғы жете бермейтін жерде отыратынмын. Қыздар шашым ақ сары болғаннан ба,  мені «Ақ мырза» дейтін. Ұлдардың жасы үлкендері есімімді атайтын немесе «Капитанның баласы» дейтін. Қалың қабырғаның төбеге таяу жеріндегі кішкене тар терезеден саңылаулап түсетін сәулемен бірге үнемі айқайлап дауыстап сабақ оқыған балалардың  үзілмейтін үнімен бірге қатты ойбайлап жылап,          бақырғандардың жан дауысы қоса  естіліп, еңсемізді баса түсетін.

 

***   ***   ***

Мектептегі үлкен қылмыс үшін жазалаудың жалғыз түрі бар еді. Ол – шалқадан жатқызып, табаннан таяқпен ұру. Тіпті, қыз балаларға да қолданылады. Бұл жазадан қорқып дірілдемейтін ешкім жоқ еді. Кіші мұғалімнің ауыр шапалағы, Үлкен мұғалімнің ұзын таяғы кез келген басты ісіретін. Бәлкім, әкемнен сескене ме екен, мен таяқтау жазасына тартылмадым. Тек бір жолы үлкен мұғалім тарамысты қолымен «неге өтірік айттың?» деп, сол құлағымды қатты бұраған-ды. Тіпті, ертеңінде қып-қызыл болып ауырсынуы басылмады. Менің өкінішім  өтірік емес, шындықты айтқан едім. Үлкен мұғалім мектеп ауласындағы су ағатын шүмекті кім сындырғанын іздестірген-ді. Ал, оны  көк жейделі, әлжуаз келген, денсаулығы осал бала бүлдіргенін көргендіктен айтқан едім. Табаннан таяқтау жазасы берілерде ол бала қылмысын мойындады. Бірақ, басқа бір оқушы ортаға шығып, оның жазықсыз екенін, су шүмегін сындырған өзі екенін айтты да, жерге жатқызылып дүре соғылды. Жан дауысы шығып, жылап таяқ жеді. 

Ал, үлкен мұғалім болса, біреуге жала жаптың деп менің құлағымды созды. Су шүмекті бүлдірген баланы өз көзіммен көргем, әрі өтірік айтпағандықтан көп жыладым.

Кешке мектеп тарағанда жаза алған баланы тоқтатып: «Неге мені жалақор атандырғанын сұрап, су шүмегін оның сындырмағандығын айттым.

–  Мен сындырдым.

–  Жоқ, мен ана баланың жасағанын көрдім.

Ол қарсылық білдірмей біраз уақыт үнсіз қалды да, үлкен мұғалімге айтпайтыныма уәде алған соң, шындықты айтуға келісті.

– Су шүмекті Әли сындырғандығын мен де білемін. Бірақ, ол төсектен басын жуықта ғана көтерген науқас бала, әрі өте әлсіз екенін сен де білесің, дүрені көтере алмай өліп қалмасын дедім. 

– Сен неге оның орнына таяқ жедің?

– Не үшін болушы еді? Әли екеуіміз «СЕРТ» берісіп, ант ішкен достармыз. Ол болса қазір науқас, ал мен болсам денім сау, қуатты болғандықтан, досымды құтқардым.

Мен онша түсінбей: «Серт деген не?» – деп сұрадым.

Ол оңаша шығарып, серт беру және оның қалай жасалатынын түсіндірді.

– Достар қолдарынан қан шығарып, бір-бірінің қанының дәмін тату арқылы серттесіп «қандас бауыр» болады. Сол сәттен бастап бір-біріне қамқорлық жасап, қиын сәттерде қорғауға міндетті.

Кейін байқағаным, мектебімізде көптеген оқушы, тіпті кейбір қыз балалар да серт берісіп, дос болыпты.  Осылай қандас, дос болып,  серт жасасу мәселесі мені мазалай бастады. Менің де мектепте  бір «қандас досым» болса, мұғалімге құлағымды бұратпайтын болар ма еді?.. Бұл ойымды білдіргенімде анам үзілді-кесілді тыйым салғанымен, менің санамда орнығып қалған-ды.               

 

***   ***   ***

Жұма күндері көршілес балалар жиналып біздің аулада ойнаймыз. Артқы көршіміз Будак қажының менімен жасы шамалас Мыстык есімді жақсы баласы бар. Балалар оның есімін мазақ етіп, тақпақ шығарып, ойын қылса да, ол бәрімізден күшті бола тұра  қаперге алмайтын, тіптен ашуланбайтын.  Күресте бізді жығатын. Жазда жас шыбықты ат қылып жарысқанда да бәрінен озып келетін. 

Осындай бір жұма күні ол алып келген тал шыбықтардың ұзын біреуін таңдап алып, басқасын балаларға таратып бердім. Біз талдың бір ұшын тіліп, қабығынан екі құлағын жасап тұмсық шығарып, өзімізше аттың басына ұқсатып алатынбыз. Оны бәкімен ең жақсы жасайтын менмін. Осылай талдан ат істеп отырып бармағымды кесіп алғанда бірден ойыма   серт берісіп «қандас» дос болу пікірі түсе қалды. Осылайша мен Мыстыкқа ұсыныс айттым. Ол да келісіп бармағын тіліп, қан шығарып, мектепте басқа балалардан көргеніміз бойынша бір-біріміздің саусағымыздан шыққан қанды жалап, рәсімін жасадық. 

 

***   ***   ***

Арада қанша уақыт өткенін білмеймін. Бәлкім бір жыл, бәлкім алты ай болар. Мен онымен серт беріскенімді де ұмытқан сияқтымын. 

Бір күні әдеттегідей бірге ойнап, мектептен қайтып келе жатқанбыз. Ауа райы да өте ыстық. Екеуіміз қатарласып үлкен көшемен аяңдап келе жаттық. Жол жиегінде құлап қалған дуалдың биік тағаны бар болатын. Сол жерден кенеттен үлкен дәу қара төбет атып шықты да, бізге қарай ұмтылды. Иттің соңынан қолдарына ағаш алған қуғыншылар: «Қашыңдар, қауып алады!» – деп айқайлауда. Қорқып, сасқалақтағаннан тұрған    орнымыздан қозғала алмай қалдық та, төбет те әне-міне дегенше жетіп келді. Сол сәтте Мыстык: «Сен менің артыма жасырын», – деді де, мені қалқалап тұра қалды. Ит те Мыстыкқа тап берді де, екеуі бейне бір күрескен палуандардай айқаса кетті. Біраздан соң екеуі де ұмар-жұмар жерге жығылды. Мен болсам тұрған орнымда дір-дір етемін.

Көз алдымда оның арлан итпен арпалысқан айқасы ұзаққа созылғандай әсер етті.  Иттің соңынан қуғандар  келіп, Мыстыкты иттен арашалап алғанда оның білектері мен бетін қан жуып кеткен еді. 

Оны үйіне алып кетті, мені де үйге келгенімде көрші апаға ұшықтатты.

Ертеңінде Мыстык досым сабаққа келе алмады. Кейінгі күндері де келмеген соң, анама үйлеріне барып жағдайын білуді өтіндім. 

– Балақай науқастанып қалыпты, толық жазылған соң тағы да ойнарсыңдар, әзірге мазаламағаның дұрыс, – деді анам.

Одан кейінгі күндері   ол келер деген үмітпен мектепке барып жүрдім. Өкінішке орай, ол ешқашан келмеді.

Емделу үшін орталыққа жіберді. Ол жерден Стамбулға жеткізу керек болыпты. 

Соңында Мыстык досымнан қаралы хабар келді...

Ерте ояндым. Аспан бұлтсыз шайдай ашық. Олар да басқа естеліктер сияқты балалық шақты еске түсіреді. Жүрегімнен мәңгілік ертегі елдеріндей орын алған туған өлкемді көз алдыма елестетем де, үнемі  сол қолымның бармағындағы ақ сызықша болып із қалған кішкене тыртыққа еріксіз қарай берем.

Қандас досқа берілген серттің белгісі осы белгі мен үшін өте қастерлі.

Осы серт үшін өмірімен қоштасып, жантәсілім болған ержүрек досымның бармағымдағы ыстық ерінін сезгендей болып, мені құтқару үшін үлкен әрі құтырған дәу, қара тазы итпен қорықпай арпалысқан арыстандай айбатын көрем...

 

Түрік тілінен аударған – ТІЛЕК ҚАЙЫРДЫНҰЛЫ
06.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 245
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 241
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 743
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 866
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 779

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8936
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8330
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11558
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9315
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10542