«Серттесу». Махамбет Өтемісұлының рухымен сырласу. Поэзия номинациясы бойынша, Халықаралық Махамбет сыйлығының лауреаты (2003ж) атанып және Орта Азия, Қазақстан жыршы-жыраулар байқауының бас жүлдесін алған шығарма.
Бұл шығарма – қазақтың көрнекті ақыны Сабыр Адайдың ширек ғасыр бұрын жазған рухты дүниесі. Бірақ мәні, мазмұны жағынан әлі де бүгінгі күннің тынысын жырлағандай бейне. От шашқан айбарлы жыр жолдарын оқығанда жан дүниеңді теңселтіп, қопарып, рухыңды, намысыңды қамшылайды. Өлеңнің мақамы, орындаушының шеберлігі жырдың айбынын одан сайын аспандатып, жігеріңді жаниды. Осы ерекше жырдан оқырмандарымыз да сусындасын деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Арғымақ жалсыз, ер малсыз,
Алланың не берері болжаусыз.
Жолдастарым, мұңайма!..»
Махамбет
Ай қамауда, Күн талауда тұр ұлып,
Ит көзденген дүние сүйексінер құнығып.
Қаратаудың басында – қарындастың
зар үні,
Менің шемен-шерімді жалап жатыр
ұлы жұт.
Қарға тамыр қазекем қарамайды бұрылып.
Сыңғырына тиынның
Сиыр тілді ындындар шөліркейді
құмығып...
Мына біздік... Станда
«Ұрлық түбі – ұлылық»
Құдай сүйген қылығын, Иман еді тұнығың,
Көрінбейді, Жан-Бабам, неге сертшіл
бір ұлың?..
Қыз саудалап, ұл сатқан,
Қазақстан, сен кімсің,
Менің Ару – Жұртымның жұлып
жатқан бұрымын!?.
Сен қайдасың, Сарыарқа?!
Тұлпар баптап, Ер туған!?
Сен қайдасың, Маңғыстау?!
Нарын қайда – Ұлы Құм?!
Кезің қайда тыңдайтын таңғы
торғай шырылын?..
Көзің барда көрмейтін...
Сөзің барда айтпайтын –
Жаман екен ырымың...
Аңсадым-ау алтындардың сынығын!..
Аққу едің ақ қанат – қарға болдың
қарқылды,
Өлшеп алды көп дұшпан аузың менен
артыңды...
Ұят қатып уызға, Ар емізген ұл едім,
Сәресінде санамның тектілігім сарқылды.
Базарында «Барлардың» – бақсыз қара
Арманмын...
Қойып жүрген ит пен құс иесініп
нарқымды,
Көр түйелер шеше боп,
Көрт Үлектер тарпынды.
Сатқындықтың
Айдынына шақырған,
Демократия, ұрдым сенің антыңды!..
(Алла менен әуақтарға тапсырғанмын
халқымды.)
Алласы бар халықтың әруағы да
нұрланды,
Киелері Елімнің Иесі боп тұр мәңгі.
Қыдыр дарып, құт көрген
Берекелі белім-ай,
Тиын – Таты Тексіздер уызыңнан
құр қалды.
Кемесінде күдіктің
Бағыт алған тозаққа,
Шөлден өлген теңізде теңізшідей
бұл да әлгі...
Тақ пен Бақтан адасқан аламандар
сұрланды.
Тақ адасса бағыттан – Бақ адасар халықтан.
Бұл сөзіме жасаурап, иек қақты ғаріп таң.
Сарт пен сауқан басынған
Тістелесіп қасынған,
Күлге айналған ұрпақпын
Күлтегіндей алыптан!..
Өті ісінген бұла құм
Басып алды құлағын –
Бишікештеу біздерден әрекетсіз жалыққан.
Шынжырлаулы намысым шырылдайды
тамұқтан!..
Ырылдауық Төрелер:
Құлақтары құнтиған, құйрықтары
шұнтиған.
Басып жатыр кемікті, бола қалып
зар ұққан...
– Уа, Махамбет!
Сен Ер болып тудың да,
Ханнан теңдік сұрадың,
Мен ез болып тудым да,
көмігіп көп жыладым.
Екеумізге ортақ қой –
Анау Ай мен мына Күн.
Сені туған анадан мен де тудым,
Мұнарым.
Аламанның ары үшін,
Алты Алаштың бағы үшін –
Кеудесінен өз басын кесіп берген
Қыраным!
Ал, Мен болсам...
Ат байлайтын қазықтай,
Көк етікті Кезбеге көзім сатып тұрамын!
От ауызды, орақ тіл, Текесі едің тектінің –
Осы сенен сұрағым?!.
– Жауға салмас қылыш деп – жүзі
қайтқан асылды,
Исатайды жоқтағаным болмаса,
көрсеткем жоқ жасымды.
Сенің атаң Ер Лабақ*, Атағозы*,
Шотандар*
Көз жасыңды көрсетсең – шабар еді
басыңды!..
Төгер еді төңкеріп,
Қара қарын қамы үшін –
Ебіңменен еліңнен ұрлап жиған асыңды...
Ұлым, неге ұжданың нәпсіңізге сатылды?..
Жақсы жігіт баға ма?!.
Жалдаптықпен іс қылып,
Періштедей бала мен перизаттай
қатынды!?
Ит еркекке иіскетіп
Отырсын деп «шырынын»,
Әйлеңкестеу әйелге жаратыпты тақымды...
Тақым билеп ақылын, қатын билеп
шатырын,
Ұлым, сенің ортайды ұлы көште татымың.
Кім тазартып береді кіндігінен ұшынған
Қысыр жылан секілді
Қазақстан жатырын?..
Төс тамыры текке иген, көкек-қыздар
көп сүйген...
Сенен артық көреді Зәңгілердің
«батырын»...
Етегіңе ие бол!
Елдігіңнің бір шарты:
Санаңды оят, сапқа тұр!..
Қан түкір де қақырын!..
Ана сүті ақ уыз, әйел пірі *Бибатпа,
Ерің-Пірің, Піріңнің арын
бермей жүр жатқа!..
Дөдегелі Орданың
Дөңгелетіп шаңырағын,
Әжелерім арманын кестелеген сырмаққа.
Алып туар ананың құрсағында – Болашақ!..
Есірткілі перзентім, есіңде бұл тұрмақ па?!
Дуасы жоқ ерніңнің
Ебі бейім келіп тұр
Бықсығы көп былшыл мен ырду-дырду
ыржаққа!..
Қазақстан қайқақ төс, күйшіл екен
бөксеңіз,
Болашаққа буазып, қанар ма екен
өкшеңіз?..
Көшер ме екен көңілден
Көк түркінің ұраны?
Жүрер ме екем ұлықтап, жерде – сіздер,
көкте – біз?..
Асан Қайғы атам мен Қорқыттарым
жеткізген,
Алтын зерең қымызға – ақылың шөл,
сөкпеңіз...
Қымыз емес – қылығы,
Бабалардың жоқ сенде,
Қасқыр еді тегіңіз, ұлылықты көксеңіз.
Жүрегіңнің көзінде жанар ма екен
өшкен із?..
Қазақстан! – Бұл өзі, өзгелік пе, біздік пе?..
(Төбет төсін қасиды – төрде қаншық
үздіксе)
Сұрақ белгі – санамда,
Леп белгілі Лепірме –
Құрдым басы бір өңеш, қоғам ісі
жүз нүкте...
Итінуге именбес
«Өркениет» өзімшіл,
Бұта түбін тасалап, бұтын керіп
«Қыз» күтсе...
(Қалды ма өзі нәпақа қап түбінде
сіздік те?..)
Қазақстан – бұл өзі, қалыңдығы
жат жұрттың.
Сорғалайды жұлдыздар –
екі көзін тас қып түн.
Қылша мойным қиылды,
Суса болды сүйегім.
Төгілгенге – төсекпін, жантайғанға –
жастықпын.
Халық – Анам, ал, сонда, жоқ па өтеуі ақ
сүттің?..
Еркіндіктің есігін
Шыққыр көзім көрмеді,
Босағадан сығалап Бостандықтан
Бақ күттім.
Күткен Бақтың күлінен жәудірейді
Болашақ!
«Өзі болған жігіт жүр» –
Болашаққа мола сап!..
Құрбандық ек біздер де,
Қосылып ап сіздерге,
Қайтер екен қазақты тыр жалаңаш
тонасақ?..
Содан соң ба?..
Содан соң!..
Қылқанындай балықтың,
Сүйегінен халықтың
Ит бас сайын алайық бір-бір
зәулім қора сап!..
(Кетсін әрі Келешек!..
Болашаққа боқ асат!..)
Исатайым өлгесін – құсалықтан жылағам,
«Ұлтқа тұлға ұл бер!» деп
Құдайымнан сұрағам.
Кеудем кекшіл,
Бас өршіл,
Сұрағаннан бөлек қой сұмпайылау
бұл ағаң…
Ықыласы шайтанның ындынына құлаған
«Жәңгірмін!» деп әңгірлеп көз алдымда
тұр адам…
Атадан асыл ұл туса – атаның жолын
қуар-ды!
Анадан асыл қыз туса – қылығымен
ұнар-ды!
Маңдайы тайқы ел болса,
Жігері қара жер болса –
Жылмаңдатып төрлетер жылан тектес
Шұбарды.
Мүйіз берген ешкіге
Мисыз баспен сүзсін деп.
Сақал берген тағы да
Тарыққан күні тамұқта...
бір-бірлеп оны үзсін деп.
Ешкілер мен ептілер құлатқан
талай Тұранды!..
Қалай айтам бұл әнді?..
Жендеттерің «Мөршіл-ау» –
Жетпіс жыл тепкен Құранды!..
Енді қашан айтасың «Елім!»
деген ұранды?!
Құрсағыңа құл сиіп, қу тағыңа тұл сиіп,
Неге маған қарайсың,
Қазақстан, бұлтиып?..
Шығысыңда – айдаһар,
Батысыңда – Бас аю,
Оңтүстігің ойраншыл –
тақиясы жымпиып...
Әркім болып көресің
Әлем-жәлем киініп,
Бұт мерезін жасырған зинақордай
шыртиып...
Көк аттыдан көрдемше
Сүйіп жатсың мың-мыңдап,
Балиғатқа толмай-ақ бөкселерің тыртиып...
Өзім ғой деп сыр айтса, өкпелейсің
қыртиып.
«Жаттан жақын табам» деп, қалып
жүрме сымпиып!..
Мен *Нарыннан кеткенмін,
Нарынды талақ еткенмін.
...Ағыны қатты Жайықты тіземмен
бұзып өткенмін».
Жүзіңнен иман төгілсе,
Жүрегің «Ел» деп егілсе,
Мен Өтемістің ұлы Махамбет,
Көкірегіңнен көктермін!..
Жақсылар қырғын тапқасын,
Жәңгірді кәпір баққасын,
Күдері қырдың беліне күңіреніп
бұлттай шөккенмін.
Кеудемнен басым кетсе де,
Намысым бүтін Нар едім –
Әлі де мың жігіттен өктеммін!..
«Әрәйна көңіл, әрәйна, аңқасы
кепкен арлымын –
Борай ма Нарын, борай ма?..
Боздауық Інген зарлы құм».
Орын берген орысқа,
Қол салдырған қонысқа
Дүние-масы Танықтар
Демейтін болды: «Халық бар...»
Хан ниеті қарайса, көрерсіңдер тарлығын.
«Біздің бүйткен бұл іске» сенерсіңдер
барлығың!
Бисмиллаһи рахман рахим!
Жүзім жарқын Махшарда,
Иманым түгел – малдымын.
Атадан туып ұл болсын!
Хан халыққа құл болсын!
Қаумалаған қазаққа қасқайып салар
жарлығым!..
Ағатай – Беріш ұраным,
Аз көргем жоқ күнінде ағайынның
қарлығын.
Нұрсұлтандай* ұлымнан
Кісілік күтіп аңсаған
Қайран да менің Бал-күнім!..
Ол күндегі ол да Отан!
Бұл күндегі бұл да Отан!
Қазақстан, бармысың?!
Сенің ғазиз жолыңа басымды берген
Жалғызым!
Ер-жапырақ,
Ел-Діңім.
Дің шайқалса, жаман-ды,
Сұқ иттерден сақтай гөр
Сұлтан болар баламды!..
Шығарса да төріне,
Ел баламас еріне –
Сүтпен жусаң ағармас – ниеті кір
харамды!..
Хан бітер ме қазаққа,
Халқын салмай азапқа?..
Есіне алып еңірейтін біздің бүйткен
заманды.
Азды күнгі Тақ пен Бақ аздырмасын
адамды,
Қара қылды қақ жарсаң,
Құдай айтар бағаңды!..
Жер тастадық ұрпаққа, аяғын алшаң
бассын деп,
Қарға тамыр қазағым алтыннан
алқа ассын деп.
Аманатын бабаның,
Несібесін баланың
Қалдырған жоқ ек, қайтейін:
Мың құзғыннан бір құзғын ұрлап
алып қашсын деп!..
Айтып еді-ау Исатай:
«Би-Төренің көмейін түсінуге жассың!»
– деп.
«Құм құйылып үніне,
Шиқан шығып тіліне,
Күнәһарды, – жұрт жатыр,
– Құдай өзі атсын!» – деп.
Жапырып жауды қырсақ та, ұмытпап едік
Құдайды.
Ер туар ма біздердей ендігі қатын
былайғы?!
Ақтамберді «аһ» ұрып,
Қазтуған неге жылайды?..
Сыпыра жырау сырт беріп:
«Қалмасын, – деп, – қырт көріп»...
Көзінің жасын етектеп, егіліп
тұрған сыңайлы!..
Әбілқайыр түңіліп,
Абылай аттан бүгіліп,
Кенесары күйініп, Наурызбай белін
қынайды.
Пір-Бекеттің ұрпағы қылышын
қынсыз сынайды,
Құландар құлап аранға,
Қодықтар билік сұрайды...
Әсемпаз болған Әңгіге Мәшілер ғана
ұнайды! –
Баяғыда-ақ сезгенбіз, заманым,
сендік райды...
«Иманды биде туған жоқ, туғанды
биде иман жоқ».
(Күңге сандық бітсе де,
Күнге қылау сыйған жоқ.)
Төрімдегі Төле еді,
Қаз дауысты Қазыбек,
Әйтеке тасқын, сең еді.
Шынжыр балақ, шұбар төс,
солар да мал жиған жоқ.
Намыс жалғыз,
Ар жалғыз,
Халық жалғыз, Хақ жалғыз!..
Қу дүниеге құл болып,
Жалғызды малға қиған жоқ.
(...Қидың екен – Иман жоқ!..)
Ол күндегі ол да Отан!
Бұл күндегі бұл да Отан!
Бітпей қойды бұлағай.
Тентек сөздің төркінін тегіңе отыр
сұрамай!
Қыдыр көріп, құт дарып,
Жарымаған Бай-Сұлтан
Талапайшыл келеді тағылықтан шыдамай.
«Жәңгірлер”» Тұлға бола ма,
Халықты қырса қынадай?..
Елдің Елден несі кем?!.
Жердің Жерден несі кем?!.
Жаман басшы болмаса,
Ұртқа шыққан ұрадай!..
Мал жиғаннан пайда жоқ,
Майқы билер айтпақшы:
«Құдай қойса құрамай»...
Ісің жаман түлкіден,
Өліп болдым күлкіден.
Тері тулақ секілді бұралқы ит кеп сілкіген.
Жүрегімнің басында
Жүз жігітті өлтірер
Өртейді де тұрады бір запыран кілкіген!..
Мен Өтемістің ұлы Махамбет:
«Кеудемнен басты кескен күн,
керіліп бір сәт жатам», – деп,
Ұлықтың жыртып жағасын,
ұлтымның көзін сүртіп ем.
Көрімнен шықсам ақырып!..
Әскерім болса бір түмен!
– Уа, Махамбет, жан бабам!
Жаның да болғыр жаннатта,
Көзімді менің жеткіздің көк сүңгі-тілмен
әр затқа...
Көптің тартып күйігін,
Көп түскен-ді иінім.
Жүрегіме от жақты сенің асқақ-биігің!..
Қу дүние-құйыным әдірә бізден
қалмақ па?..
Ер шыдайды бопсаға,
Нар шыдайды салмаққа.
Жағадағы қоғаны
Жапырар деп қорқамын –
Жалпақ жұртқа белгілі,
Жайын түссе қармаққа...
(Саф-саф, тілім!.. Саф, тілім!..
Бұдан әрі шаңдатпа...)
Киік едім жаралы,
Күйік едім азалы,
Иық едім қанқатты –
Көңілімді көл біліп, қабағымды таң бақты.
Сұлу орман, сымбат – тал
Сағыныш қып саясын,
Жанарыма жан беріп, ерініме бал жақты.
Сізден басқа кім аяр
Сіңіріңе ілінген,
Жел өтінде жүгірген біз сияқты қаңбақты?!
Тарбағатай тамылжып,
Көкше – әннің тиегі,
Маңғыстауда мән басқа –
алтыннан ғой сүйегі...
Мынау Орда,
Мың Орда
Өзегі өрт, ұлы Орда
Керегесі күмістен, уығы – жез үй еді,
Сыңғырлаған сыр еді, күмбірлеген күй еді.
Алтай менен Атырау –
Өріс болып келгенге,
Кебіс болып кеткенге – етегінен сүйеді...
«Біздің бүйткен бұл іске» не демексіз,
Атасы?..
Қаракөздің қайда жүр қабыл болмай
батасы?..
Қызың қайда қылықты,
Ұлың қайда ұлықты?..
Қайда әлгі Нар менен Құнан
қойдың сақасы?!
Мың айрылып талағы,
Дәурен өтіп барады...
Сіз не дейсіз, ал, бұған?..
Көлдің көзсіз Бақасы!
Бүгежектеп жұлдыздар,
Айды астарлап сұғынды.
Серттен тайып Серкелер –
Еркелерден бұғынды.
Көңілімнің төрінен
Көкек ұя салып ап,
Келекемен өлтірді мендік асыл ұғымды!..
Ие қылдым құтыма,
Кие қылдым бұтыма –
Тойға Тоқал мінбейтін туа бітті Тұғырды...
(Берері көп Жан-Алла!..
Қимадың ба бір ұлды?!.
Енді кімге айтамын – саған айтпай
сырымды?!.)
Жыр киесі – жүректен!
Сыр киесі – тілектен!
Қатын артық қарашыл жүрегі
жоқ білектен!..
Қолдамаған Тәңірі тірегі жоқ тілектен.
Дінін баптап,
Діл еккен
Көрші қандай, көп қандай – өзің қара,
біл еппен!..
Бақ барады басқаға, қош айтысып, ізетпен.
Алтыны бар, тасы бар,
Бидайы бар, асы бар,
Білімі бар, басы бар –
Қазақ отыр…
Станда молаларын күзеткен…
Бауырыма қиялым баяғыша өрт ілді…
Бабаларым, сағындым батыр тұлға –
көркіңді!
Айдан қылыш жасаған
Махамбеттер шығыпты,
Түртіп тағы көрмек боп түннен
киген бөркіңді!..
Көз алдында көш тұрды,
Өзегінде өш тұрды!..
Мен, мен едім, мен едім!...
Мен де бердім сертімді!..
(... Уф, Алла-ай!.. Шығардым-ау дертімді!..)
Биссмиллаһи-эр-Раһмани-эр-Рахим.
Әл-һамдү лил-лаһи Раббил-ғаләмийн.
Әр-Рахмани-р-Раһим.
Малики йәуми-д-дийн.
Іййәкә нағбүдү уә іййәкә нәстағийн.
Іһіді-нәс-сирата-л-мүстәкиймі
Сиратал-ләзинә әнғамта ғалейһим,
ғайрул-мағдубби
Ғалайһим уә лә-д-даааллин!
Я, Алла! Ұрпақ үшін қан төккен
Бабаларымыздың
Жандарын мәңгілік жәннәтта қыла көр!...
Аманаттарын Перзенттері бұлжытпай
орындайтын иман бер!.
...Әумин!
Ескерту:
Атағозы*– Атағозы Айтқұлұлы (1704-1794 жж.), Ер Лабақ*– Лабақ Жиенғұлұлы кейбір деректер бойынша: (1723-1819 жж.),
Ер Шотан*– Шотан Назарұлы (1705-1786 жж.)-Адай батырлары.
26 маусым, 2002 жыл
Анықтамалық лебіз:
Азғындықтың айдынына шақырған жалған демократияны көрдік. Отыз жыл ойқастады. (Жемқорлық жайлады, сөз тапталды, ар-ұят пен әрекеттен берекет кетті).
ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН!... деп жатырмыз, Жаңа қоғамның қадамынан, еркі мен екпінінен (адамзатқа ортақ және ұлттық мүдделерімізге сай...) шынайы демократияның лебін сезінсек дейміз.
Өміршең үлгісін ұрпағымызға аманаттасақ дейміз. Әділ заңның шеңберінде ғұмыр кешуді армандаймыз.
Өткен күннен сабақ алып, жаңаның жолын жаңылмай табуға тілектеспіз.
Жиырма жыл бұрын айтылған жыр еді...
(«Үш қиян» газеті = 16 саны (90).07 тамыз 2002 ж.)
Сабыр Адай
12.01.2022 ж.