Қытай басшысының Орта Азияға сапары аяқтала салысымен ғаламтор бетінде «Қытай астанасы Бейжіңде әскери төңкеріс болып, Си Цзиньпин үйқамаққа алыныпты» деген қауесет таралған болатын. Тарқатып айтар болсақ, 22 қыркүйекте Twitter желісінде ҚКП-ның төңкерісі туралы қауесет тарады. Си Цзиньпиннің Орталық Азияға сапары кезінде Ху Цзиньтао мен Вэн Цзябао сынды Қытайдың бұрынғы басшылары Орталық күзет бюросын өз бақылауына алып, Си Цзиньпиннің әскери билігін ығыстырды. Орталық Азия сапарынан Бейжіңге оралған Си Цзиньпин Чжуннанхайда үйқамаққа алынды» деген ақпарат әлемді шарлап кетті.
Бұл қауесетті растайтын жалғыз «дәлел» бірнеше күн бұрын Қытайда көптеген ішкі рейстердің тоқтатылуынан кейін шыққан. Кейбір ықпалды қытайтілді Twitter қолданушылары мұны әскери төңкеріс деп санаған. Көп өтпей салқынқанды сарапшылардың пікірлері шыға бастады. «Бақсам, бақа екен» демекші, карантин талаптарын өте қатты ұстаумен әйгілі болған Қытай елінде рейстердің аяқ астынан тоқтауы соңғы жылдары қалыпты жағдайға айналған екен.
«Covid – 19 кезеңінде Қытайдағы рейстер үздіксіз тоқтатылды және алдағы партия съезі үшін Covid – 19-ға қарсы қорғаныс шаралары күшейтілді. Бұл мемлекеттік төңкеріс дегенді білдіреді деп ойлау – ақымақтық», – деді Foreign Policy басылымының бас редакторы Джеймс Палмер.
Дегенмен мұндай қауесет осымен екінші рет қайт а л а н ы п отыр. Оның алғашқысы осыдан он жыл бұрын болған еді. 2012 жылдың 1 қыркүйегінде сол кезде төрағаның бірінші орынбасары міндетін атқарушы Си Цзиньпин Қытай Коммунистік партиясының 18-ші жалпыұлттық съезіне екі ай уақыт қалғанда жұрт көзіне түспей қалды. Билік транзиті кезінде 18-құрылтайда ҚХР-дың төрағасы болып сайланады деп күтіп жүрген адамның бүкіл БАҚ беттеріне көрінбей қалуы тосын жағдай еді. «Washington Post» сынды беделді басылымдардың өзі бұл жұмбаққа басы қатып еді. Бір таңданарлығы Қытай Үкіметі Си Цзиньпин мен АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон және Сингапур премьер-министрі Ли Сяньлун секілді саяси тұлғалармен өтуі тиіс деп жоспарланып отырған кездесулердің барлығын кейінге қалдырған.
Бейжіңнен таралған қауесеттер түрлі болжамдар айтып жатқаны есімізде. Біреулер «Қызылдардың екінші ұрпағы» аталатын саяси топ ұйымдастырған кештің соңы төбелеске ұласып, Си Цзиньпиннің арқасына орындық тиіп жарақат алып қалыпты», – десе, екінші біреулер оған әлдебір генерал «көлік апатына түсіруді жоспарлаған екен, бақытқа қарай аман қалыпты», – деген еді. Қытайдың билік транзиті мен саяси жүйесін бақылап отыратын сарапшылар 2012 жылы Си Цзиньпинге ауыр сынақтардың тура келгеніне күмәнданбайды. Алайда перде артында нақты қандай жағдайлардың болғандығы күні бүгінге дейін ашылған жоқ. Бір анығы 2013-2018 жылдар аралығында «Парақорларды ауыздықтау» науқаны қарқынды жүргізілді. Осы барыста «жолбарыс пен шыбынды қатар соғу» дейтін ұран ортаға тасталды. Бейжіңнен тартып, шекарадағы шалғай ауылдарға дейін өрістетілген бұл күресте ұзын саны 1,5 миллионнан астам үкімет қызметкері жазаға тартылған екен. Көптеген батыс басылымдары «бұл барыста Си Цзиньпин өзінің саяси бәсекелестерін де омақастырып, айналасына сенімді адамдардан команда жасақтап алды», – деп баға берген еді.
Алда Қытай Коммунистік партиясының 20- шы жалпыұлттық съезі ашылады. Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша бұл маңызды жиналыста Қытайда төраға алмасуы керек. Алайда 2018 жылғы құрылтай кезінде Қытай Конституциясынан «Төраға екі кезектен артық сайланбайды» деген баптар алынып тасталған еді. Осы өзгеріске орай «бұл Си Цзиньпиннің билікте қала беруі үшін жасалған дайындық» деген болжамдар айтылған болатын. Оның қандай нәтиже беретіндігі алдағы күннің еншісінде.