Сіз қандай қариясыз?

Сіз қандай қариясыз?

Қандай қария болған абзал? Қадірі артқан қария болғанға не жетсін?! Ауыл-аймақтың шырғалаңынан шыға алатын, ел-жұртқа сөзі өтетін, сарабдал, салиқалы, аузы дуалы дана қарт болудың жолы қиын, әрине. Бірақ соған жетудің қам-қарекетін жасау керектігін жан жүрегімізбен түсіне білеміз бе? «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген нақылдың айтылуы да тегін емес. Асқар тауға балайтын алдыңғы толқын өкілдері қандай қазынасымен бөлісіп, ұрпағын тәрбиелеп, жол көрсетіп, ақыл-парасатымен көрініп жүр? Қарттықтың ауылына жақындағанда осындай сауалдардың мазалайтыны рас.

Зейнет жасына жетіп, ардагер деген ардақты атты иеленіп жүргенімізге шүкірлік етеміз. Осы жасқа келсек те, тіршіліктің қайнаған ортасынан табылып, еліңнің бір кәдесіне жарап, ұрпақ тәрбиесіне араласып, көрген-білгеніңді, ойға түйгеніңді кейінгілермен бөлісіп жүргеніңе, мына дүниеге сергек оймен, сезімтал жүрекпен қарағаныңа жететін ештеңе жоқ шығар, бәлкім?!

Ардагер қатарына енгеннен кейін сол көнекөз қариялардың ортасында болып, әңгіме-дүкен құрасың. Арнайы барып сәлем беретін, хал-жағдайларын біліп тұратын, мереке сайын құттықтап, ыстық лебізімді арнайтын ел ағалары мен абыз ақсақалдарым да жоқ емес.

Інілер ағаларына не береді?

Қазақтың үш ақыны Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков бірде кездесіп қалып, кітап дүкеніне бас сұғады. Ішке кірген үшеуі кітап қарап тұрған Қадыр Мырзалиевті көреді. Амандық-саулықтан кейін кітап туралы сөз болады. «Бұл дүкенде біз іздеген кітаптар жоқ, оның бәрі Қадырдың үйінде. Біз сұрағанмен ол бермейді», – дейді жасы үлкен ағаларының бірі. «Інісінің ағаларына беретін бір-ақ нәрсесі бар», – деп жауап береді ол. «Айта ғой, ол не нәрсе?» – деп ағалары қайта сұрағанда, «Ол – сәлемі» деген екен Қадыр інісі.

Сол айтқандай, көшеде ағылған халықтың ортасынан сақалы желбіреген қарт кісіні немесе жасы үлкен ағаны көрсем, бұрылып тоқтап, сол кісімен қос қолдап амандасамын. Танысам да, танымасам да. «Қай баласың, кімсің? Танымадым сені» деп таңырқай қарағанға «Қазақтың баласымын, сәлем беру – мұсылманның парызы» деймін. «Рақмет, өркенің өссін, балам!» деген батасын естимін.

Бірде мынадай оқиғаға тап болдым. Басшылық қызметтерді абыройлы  атқарып, зейнетке шыққан досым сырқатпен арпалысып жүріп, өмірден озды. Оның қазасы қатар жүрген бізге ауыр соқты. Досымды соңғы сапарға шығарып салуға ертерек келіп, қаралы жиынның ортасында болдым. Орындықта қаз-қатар тізіліп отырған ардагер ағалар мен аталардың алдынан өтіп, сәлем беріп шыққанды жөн санадым. Танитыны бар, танымайтыны бар, бәрінің қолын алып, інілік ілтипатымды білдірдім. «Журналист те сәлем береді екен ғой» деді көптің ортасында отырған қариялардың бірі. «Інім» деп айтуға да жарамады. Өзіме емес, мамандығыма ерекше екпін бере сөйледі. Қапелімде не айтарымды білмедім. Ойымды жинақтап үлгердім.

– Баршамыз бүгін қазаның үстінде отырмыз. Арыстай азаматымыздан айырылып, қабырғамыз қайысып отыр. Ол менің де бауырым, сіздің де бауырыңыз. Бауырымыздың қазасы қайырлы болсын, жаны жәннатта болсын деп неге айтпаймыз? Бүгін жоқтау айтып, қайғырған жұртты неге жұбатпаймыз? Ақылман қария болып, неге жөн-жоба көрсетіп отырмайсыз? Ақсақал болып, елге  неге уағыз, өсиет сөз арнамайсыз? Қаралы үйде  өлім туралы неге ойламаймыз? Алдағы  ажал туралы ақиқатты неге айтпаймыз? Жоқ әлде сіз бен біз өлмейтін адамдармыз ба? – деп бір тоқтадым. Енді қайтейін, сөйлемесіме болмады.

Ол күтпеген болу керек, сөз таба алмай қипақтай берді. Ары-бері қозғалақтап, шарасыздық танытты. Сексеннен асқан әлгі шал «Сенікі дұрыс, сенікі теріс» демеді. Тілден айырылып, үнсіз қалды.

Осы кезде тыныштықты қасымда тұрған бір кісі бұзды. «Жақында моншаға бардым. Ішке кірсем, төрт-бес адам маған тесіле қарады. Тесілген көздерге қарап, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бердім. «Моншада амандаспайды, соны да білмейсің бе?» – деп бетімді қайтарып тастады. Не дерімді білмедім. Айтыңыздаршы, кімдікі дұрыс?» – деп сауал тастады. Көбісі жер шұқып, төмен қарады. Үнсіздікті өзім бұздым. Сауат ашу, яғни ағарту жұмысын жүргізуге тура келді.

– Рас, моншада сәлемдесіп, қол алыспайды. Сәлемдесу былай тұрсын, сөйлесуге болмайды. Бір-бірінің денесіне қарау әбестік саналады. Белге дейін ақ матамен оранып жүрген абзал. Моншадан шыққан соң сәлемдесу керек, оған дейін болмайды. Дәретханаға кіргенде де осы тәртіп сақталады, яғни сәлемдеспейді. Шариғат заңында осылай айтылады, – дедім.

«Апыр-ай, білмейді екенбіз» деп күбірлегендер болды. Моншаға қатысты ойларымды тағы жалғадым, сөзімді түйіндеуді қажет деп таптым. «Моншаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек. Лас жерге барған адам жуынып тазарады, тазарған адам сыртқа шыққанда оң аяғыңмен жерді басқаның жөн. Дәретханаға кіргенде де осылай істеуіміз керек», – деп ойымды сабақтадым.

Жұрт «тағы не дер екен?» деп қарап қояды. Қалың топтың ішінде қазыналы дейтін қариялардан бөлек, жаназа шығаруға келген молдамыз да отырды. Ол кісі «ләм-мим» деп ештеңе демеді. Ойын ортаға салып, пікірін де білдірмеді.

Тағы да үнсіздік, жұрт жым-жырт. Жаназаға дейін әлі жарты сағат уақыт бар. «Қай жерге оң аяқпен кіру керек?» деп бір жігіт сұрағын қойып, бетіме қарады. Молдамыз үн қатпады, естімегендей сыңай танытты. Тағы сөйледім.

– Мешітке, медресеге, оқу орындары мен білім ошақтарына, кітапханаға оң аяқпен кіргеніміз жөн болады. Өз үйіңізге де оң аяқпен аттағаныңыз абзал. «Келіннің аяғынан» демекші, жаңа түскен үйінің табалдырығын келіннің оң аяқпен аттау керектігін бәріміз білетін шығармыз. Аяқ киіміңіз бен шалбарды да оң аяғыңызбен киіп, сол аяғыңызбен шешесіз. Түрегеп тұрып емес, отырып киген дұрыс болады.

– Бұл сөзіңіз жөн екен, білмейтініміз көп қой, – десті қасымда тұрған кейбір кісілер.

– Білгіш болсаң айта қойшы, «Ассалаумағалейкум» деген сөздің мағынасы не? – деді жігіт ағасы менің білім-білігімді тексермек болып.

– Сізге Алланың сәлемі болсын дегенді білдіреді. Кім бірінші сәлем берсе, соған көбірек сауап жазылады, сол адам Алланың рахымы мен  берекесіне бөленеді. Сәлем  берген адамға Алланың нұры жауады, жүзі жарық, көрер шапағаты мол болады. «Уағалейкумассалам» деген сөздің де мағынасы осы іспеттес, яғни Сізге де Алланың сәлемі болсын, сау-саламатта болыңыз дегенге сай келеді. Сәлем берген және сәлем алған адам да «уа рахматуллаһи  уә   бәрәкәтуһ» деп жауап бергені абзал, – деп, діни кітаптардан оқығанымды айттым.

Бір кезде жаназаның да уақыты келіп жетті. Жиналған халық сапқа тұрып, жаназаға қатыстық. Бұл рәсім біткен соң жұрт зират басына қарай ағылды. Маған тиісіп сөйлеген әлгі шал қабір басына бармады, бір уыс топырақ салмады. Мұсылманның мұсылманға жасайтын ең соңғы парызын орындамай тәрк етті. Ертеңгі күні өзін қандай өлім күтіп тұрғандығын бір сәтке де қаперге алмады.

 

Сен қандай қазақсың?

Осыған ұқсас тағы бір оқиғаны бастан өткердім. Сыныптас досымның анасы тоқсаннан асқан шағында дүниеден қайтты. Жаназаға халық көп жиналды. Жиналған көпшілікті алаламай, жасы үлкендері мен кішілерге дейін сәлем беріп, амандық-саулық сұрастым. Отырғандардың ортасына келгенде бір шал қолымды жібермей, руымды сұрады. «Қазақпын»  дедім. «Қандай қазақсың?» – деген  екінші сұрағына «Ұлы қазақпын», – дедім еш саспастан. Кезінде «ұлы орыс халқы» деген сөзді  де айтқызды ғой. Көзі сығырайған әлгі шал тағы не сұрарын білмей аузы ашылып қалды. Қасындағылар да үндемеді.

Жаназаға келген сол қариясымақтың ертеңгі күні өзінің де дәл осындай күй кешетінін, бақилыққа қалай аттанатынын бір уақыт ойланып, жүрегіне иман ұялатудың орнына ру мәселесін қозғап кеткені қай сасқаны? Өзін өлмейтін шайтан санағаны ма? Ақыреттің бар-жоғын білмегені ме? Қарттарымызды қазынаға теңейміз. Қазынамыздың сиқы осы ма?

«Өмірден өткендер бізден алыстап бара жатқан жоқ. Керісінше біз оларға жақындап келеміз», – деп жазды Нарша Қашағанұлы. Ақын досым айтқандай, жаназада адам өзінің де жайын ойлап отырғаны абзал.

Көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаев «Көрген-баққан» деген еңбегін баспасөзде жариялап тұрды. Сол жазбасында қаламгер Әлібек Асқаровтың бүгінгі заманға, қоғамдағы ахуалға ой тастап, «Енді қалай өмір сүруді ойлайық» деген  сөзіне «Екеуміз енді абыройлы өлуді ойлайық» деп жауап бергенін айтады. Алпыстың ар жақ-бер жағында жүрген Рахымжан бауырымыз басқаның бәрін кейін ысырып қойып, алдағы ақ ажалдың бар екендігін, соған осы бастан дайындалу керектігін еске салып тұр.

Дүниеден өткен ең жақын туысымның қырық күндігіне қатысып, көпшілікпен бірге құранға қол жайдым. Арнайы шақырылған имам уағыз айтып, елді ұйытып, өмір мен өлім туралы тағылымды ой қозғады. Марқұмға бағышталып құран оқылды. Жиынның ортасында өзін молда санайтын бір шал рұқсатсыз құран оқып, шала сауатты бірдеңе айтқансыды. Оны көпшілік жақтырмады. Үзіліске сыртқа шыққанда әлгі шал маған жақындап: «Құранды қалай оқыдым?» – деп сауал қойды. «Қайдан білейін, діндар адам емеспін ғой», – дедім. Бірақ ұзай қоймады. Ары-бері теңселіп жүрді де, тағы жақындап: «Оқыған Құраным қалай шықты, дауысым, мақамым ұнады ма? Ата-бабаларыңды қалдырмай түгел атап шықтым, ризасың ба?» – деп  тұрып алды. Құтылмайтынымды біліп, қолына тиын-тебен ұстаттым. Сауаты шамалы, бейшара, тілемсек, молдасымақ шалдың сиқына қарап, жиіркендім.

Белгілі қаламгер  Смағұл Елубай ағамыздың мына сөзіне иланбасқа тағы болмайды. «Бүгінде жас келгенде өлім туралы сарсылып ойлайтын болдық. Бірақ бізді соған қарап, зәре-құты қалмай өлімнен қорқады екен деп ойламаңыз. Рас, ажалдан қорықпайтын адам жоқ. Біз де қорқамыз. Бірақ ажалдың ағынан емес, қарасынан қорқамыз. Ендеше, ақ өлім деген не? Ол – асарыңды асап, жасарыңды жасап, бала-шағаңның алдында өмірден өту, абыройлы өту. Масыл болмай, мұсалдат болмай. Бұл – жасы келген ата-ананың арманы. Қанша қуса  да естен шықпайтын ой. Өкінішке қарай, кісіге кеш келетін ой. Ақиқатында адамды адам ететін ой. Адам адам болу үшін өмірге тек қана өмір сүру  үшін емес, өлу үшін де келетінін мойындағаны абзал» деп ой толғайды өзінің  еңбегінде. /«Ана тілі» газеті  №27, 07.07. 2022 ж./

 

Еркекше амандас!..

Әңгіменің әлқиссасы сәлемдесуден басталды ғой. Сәлем беріп, амандасуға қатысты тағы бір оқиға ойыма оралып отыр.

Сыйласып жүрген үзеңгі жолдасым үйіне қонаққа шақырды. Біз барғанда қонақтар ертерек келіп, жайғасып қойған екен. Үлкен залға кіріп, жиналған кісілерге «Сәлематсыздар ма?» деп амандастық. Жасы үлкен ағалар мен апайлар, жеңгейлер мен іні-қарындастар, танитын және танымайтын адамдар болғаннан кейін солай амандасуға тура келді. Беті жалпиған, еңгезердей жуан, түсі суықтау бір кісі: «Еркек сияқты амандасу керек қой», – деп маған тиісе сөйледі. «Еркекпен бөлек, әйелмен бөлек  амандасу керектігі жөнінде  хадистерде жазылмаған. Бұл жалпыға бірдей ортақ амандасудың бір түрі емес пе?» – дедім. «Еркек болған соң, еркек сияқты амандасқаның жөн!» – деп езеуреп, бет бақтырмады. Ішкі істер органдарында жұмыс істеп, айтқандары болып тұрған әлгі дәу қараны тоқтатудың амалын қарастырдым. Аз-кем ойланып, «Домбыраны әкел, мен бұл кісіні айтысқа шақырамын», – дедім үй иесіне. Үнсіз қалмай сөзімді былай жалғадым.

Ей, мырза!

Амансың ба, жоқ әлде жамансың ба?

Адамсың ба, жоқ әлде надансың ба?

Отсың ба, болмаса сен шаласың ба?

Ақсың ба, қара ниет қарасың ба?

 

Келмей жатып сөйледің беттен алып,

Сен өзің түк көрмеген баласың ба?

Домбыраны беремін мен өзіңе,

Өшесің бе, болмаса жанасың ба?

 

Түк айта алмай бүгінгі отырыста,

Аузын буған өгіз боп қаласың ба?

Айтыстың дуэліне шақырамын,

Жекпе-жекке сен бүгін шығасың ба? – деп желдірте жөнелдім.

Шалқайып отырған әлгі жуан қара не істерін білмей күмілжіді. Ісініп-тасынып, әлсізді басынып, әркімді мұқатып-тұқыртып, астамшылдықпен өмірін өткізген, дөрекілігімен аты шыққан әлгі «дөкейдің» тілі байланып, үні өшті. Полковник шенді құқық қорғаушы өзін қорғай алмай, дымы құрыды. Мылқау күйінде қонақ болып, мылқау күйінде тезірек кетуге асықты.

Зейнетке шықсақ та шығармашылық мекемесіне анда-санда бас сұғып тұрамыз. Көңіліміз жақын бір ініме кіріп шыққанды жөн санадым. Есігін ашып кіріп барсам, қасында қара киімді біреу отыр екен. Ең алдымен өзім іздеп барған әрі өзіме жақын оң жақта отырған ініме сәлем бердім, сосын әлгінің қолын алдым. Қолымды суық алған ол: «Маған неге бірінші сәлем бермейсің?» – деп өзіме кейістік білдірді. «Сен кімсің, бірінші сәлем беретін?» – деп қарсы сұрақ қойдым. «Мен бастықпын», – деп дауысын көтеріп сөйледі. «Біріншіден, сен маған бастық емессің. Екіншіден, мен саған келген жоқпын. Үшіншіден, сен менен жеті жас кіші інімсің. Төртіншіден, сен орныңнан ұшып тұрып, ағаңа бірінші болып сәлем бергенің жөн болар еді. Бастық болсаң да, осының бәрін білмегенің өте өкінішті. Бұдан былай ағаңа алыстан жүгіріп келіп, сәлем беретін бол!» – деп кабинеттен шығып кеттім.                          

Қарттыққа иек артқан кейбір ағалардың  немесе бастықсымақ  кейбір інілердің қисынсыз қылықтарына жаның жабырқап, түрлі ойлар еңсеңді басады. Жауап таппай қиналасың. Зиялы дейтін қауымның ортасынан ойып тұрып орын алуға тиісті олардың интеллектуалдық деңгейлерінің өспей жатқандығына  кейде  қынжыласың.

 

Жазғаным оқылмаса, ол – қасірет!

Шығармашылық адамы  болғаннан кейін баспасөз беттерінде жарық көрген дүниелерге зер салып отырамыз. Ойлы мақалалар жазып, жұрт назарын аударып жүрген авторларды да танимыз. Әрі сүйсініп, өз ой-пікірімізді білдіреміз. Жазғандарымен елге танылған бір кісінің кезекті мақаласын оқып, риза болдым. Көңілімнен шықты әрі көкейімде жүрген ойларды қозғағаны қуантты. Сосын шыдай алмай мақала иесіне лебізімді білдіру үшін телефон соқтым. Жазған дүниесіне ризалығымды айтып, ақжарма тілегімді арнадым. Уақытымды бөліп, ақ пейілмен телефон шалғанымды қайтейін, «Мына өмірде газет оқитын адам бар екен ғой?» – демесі бар ма. «Інім, рақмет!» деген сөзін де қимады. «Пікіріңді айта ғой» демеді. Мені ақпарат кеңістігінен шет қалған, мына дүниеде мақұрым қалған қараңғы адамдардың  қатарына лезде қосып жіберді. «Газетті ешкім оқымаса, онда несіне арамтер болып мақала жазасың?» деген сөзді жетпістің бел ортасына таяп қалған ағама айта алмадым. Қалам иесінің қасіреті неде? Жазғаның оқылмаса, еленбесе, бағасын алмаса – сол қасірет. Мен осыны айтқым келді, бірақ айта алмай үнсіз қалдым.

«Ұят болмасын» бағдарламасында Ақылбай ақсақалды керемет сомдаған актер Бекжан Тұрыстың  қарттар жайында айтқандары да ақиқаттан алыс емес. «Қазір бәрі шал болудан қашады, шал болғысы келмейді. Содан кейін жастар үлкен кісілерді сыйламай жатса, «мені сыйламады» деп жастарға ренжиді. Неге олай? Бұрын бір қарияның кесімді сөзі еліңді, бір кемпірдің кесімді  сөзі келінді тәрбиелеген жоқ па еді? Ескі мен жаңаның арасын жалғаған, жаны даладай кең, көңілі баладай сенгіш, ұлт рухының қайыспас қара нарлары еді. Ондай қарттарды қазір көре алмай қалдық. Қарттардың бейнесі жоғалып барады. Бір ауылды уыздай ұйытып отыратын, жұртының жүрегін сүйген ақсақалдар көп болатын. Ал қазір биліктің білегін сүйеген ақсақал деуге келмейтін шалдар бар. Одан кейін қалай көңілің қалмайды? Бағыт-бағдар бере алмайтын ақсақал ұрпаққа қалай азық болады? «Қариясы жоқ елдің балалары диуана болады» демекші, сол сияқты қазір  «әттең-ай» дейтін тұстар көп. Атадан – өсиет, анадан қасиет болмаса, ел азады, халық тозады» дейді талантты актер Бекжан бауырымыз. /«Жас Алаш» газеті №58, 26.07. 2022 ж./

«Биліктің білегін сүйеген ақсақал» демекші, көз көріп, куәсі болған мына оқиғаны айтпай кету тағы болмас. Екі жастың үйлену тойында отырмыз. Сөз сөйлейтіндер кезек-кезегімен той төріне шығып жатты. Бір кезде құда-құдағилар, жекжаттар мен соларға жақын адамдар ортаға шақырылды. Асаба топтың ішінде оқшау көзге түскен, ақ сақалы омырауын жапқан қарт кісіге бірінші сөз берді. Қариямыз «бисмиллаһи ар-рахмани ар-рахим» деп сөз бастаудың орнына, микрофонды қасындағы басшылық қызмет атқаратын әйелге берді. Облыстық  мекеме  басқаратын, тұрмысқа шықпаған «кәрі қыз» еш қымсынбай микрофонды алып, сөйледі. Сосын микрофонды әлгі шалға берді. Шалымыз да еш қымсынбай микрофонды ұстап, сөзін біраз созбалақтады. Оның  әңгімесін ешкім де тыңдамады. Ащы су ұрттап, делебесі қозғандар шалдың сөзін пысқырған да жоқ. Міне, ақсақал деуге келмейтін бүгінгі шалдарды көріп, түрлі ойға қаласың.

 

Жастар неге «Шал, кет! Шал, кет!» деп айтты?

Кешегі Қаңтар оқиғасында бейбіт митингке жиналған халықтың «шал кет, шал кет!» деп алаңды жаңғыртқан дауыстары негізгі ұранның біріне айналды. Қарттыққа жеткен адам туралы әлгіндей сөздердің айтылуы да бекерден-бекер емес.

Алдымызда жүрген ағалардың айдай жарқырап, күндей сәулесін түсіріп, жүрек жылуымен жылытып, жақсы сөздерімен демеп, аппақ пейілдерін білдіріп, ашық қабық танытып, артынан ерген інілерін ақ батасымен, ақыл-кеңесімен қанаттандырып жүргенін  қалайсың. Соны сезінген кейінгі ұрпақ қалай марқаймасын, желкілдеп өскен жеткіншек қалай жадырамасын. Ұлағатты ғұмыр кешкен, рухани дүниесі бай, тұла бойы ақыл-парасатқа тұнып тұрған, жүзінен иман нұры төгілген, еңселі де естияр аға ұрпақтың  көлдей көңілін іздейтін шақтарымыз аз емес. Адамның адамға жасайтын  ең үлкен жақсылығы жақсы көруі екен, ақ тілеумен өмір сүруі екен. Біз бір-бірімізді жақсы көруден алыстап бара жатқан жоқпыз ба? Жақсы сөйлеп, жылы лебіз білдіруден де алшақтап кеткен жоқпыз ба?

«Өмір кез келген адамға беріледі, ал қарттық тек таңдаулылардың ғана үлесіне тиеді» деген нақыл бар. Өмірде қарттыққа жетіп, жақсы қартая білгенге не жетсін! Қазыналы қария болсаң, ел-жұртыңның ортасында абыройлы болсаң, одан асқан бақыт бар ма?!

Ал Сіз   қандай  қариясыз? 

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ, Қазақстанның құрметті журналисі
11.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 45
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 149
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 41
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 49
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 58
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 46
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 144
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 149
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 335
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 328
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 952

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9027
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8423
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11651
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9407
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10633