20 қараша күні Қызылорда қаласында ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ Көшпелі баспасөз конференциясы болып өтті. Спикер, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Нұрлыбек Мәшбекұлы ең алдымен Сыр өңірінде экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасып отырғандығын айтып, нақты деректерді келтіре кетті.
Инвестиция тартуда ілгерілеушілік бар
– Бүгінгі күні Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облысымыздың бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 204,4 пайызды құрады. Бюджетіміздің 55,4 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Облыстың даму бюджеті соңғы 2 жылда 3,6 есе артты, – деді аймақ басшысы.
Жалпы Сыр өңірінде биылғы жылдың көрсеткіштері жаман болмайтын секілді. Олай дейтініміз, жыл жабарға жетпей жасалған қорытындыға сенсек, көңіл қуантарлық статистикалық мәліметтер бар екен.
– Осы жылдың 10 айының қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім қалыптасты. Өңірлер арасында көшбасшылар қатарынан көріндік. Атап айтсақ, өнеркәсіп өндірісі – 0,8, өңдеу өнеркәсібі – 22,8, ауылшаруашылығы – 3, құрылыс жұмыстарының көлемі – 50, тұрғын үй – 7,4, көлік – 3,5, сауда 6,5 пайызға өсті. Биылға жоспарланған 517 млрд 500 млн теңге инвестицияның 478 млрд 300 млн теңгесін 10 айда тарттық. Оның 74 пайызы – жеке инвестициялар, – деді облыс әкімі.
Ал Мемлекет басшысының өзі айрықша ден қойып отырған инвестиция тарту жағында да ілгерілеушіліктер аз емес.
«Соңғы 2 жылда құны 19 млрд 600 млн теңге болатын 22 инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 10 млрд 700 млн теңгенің 13 жобасы жоспарланған. Бүгінде 9 жоба қолданысқа берілді, – дейді Нұрлыбек Нәлібаев мырза. Көпшілікке кеңіне таныс болған Қызылордадағы шыны зауыт қазіргі таңда қарқынды түрде жұмыс істеп жатыр екен. Баяндама барысында аймақ басшысы бұл жоба туралы арнайы тоқтала кетті.
– 2022 жылы іске қосылған шыны зауыты тұрақты өнім шығарып, оның 70%-ын ішкі нарыққа, 30%-ын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузияға және Ресейге экспорттауда. Зауыт іске қосылғаннан бері 37 млрд 100 млн теңгенің 28 млн 700 мың шаршы метр шынысын өндірді. Қазіргі таңда мұнда 400-ге жуық адам еңбек етеді. Биыл шыны зауыты жанынан шетелдік инвестордың 15 млн АҚШ доллары қаржысына жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндіру жобасы іске қосылды. «Өндіріс» индустриялық аймағында шыны зауытының айналасынан ілеспе кәсіпорындар құру қолға алынды. Атап айтқанда, «Айна Гласс» серіктестігінің құны 1 млрд 500 млн теңге, жылдық қуаттылығы 720 мың шаршы метр айна өндіру жобасының құрылысы басталды. Сонымен қатар, «Horn glass» неміс технологиясымен жылына 220 млн бөтелке өндіру, жылдық қуаттылығы 22 мың 600 шаршы метр шыңдалған шыны (стеклопакет) өндірісін кеңейту жобаларына тиісті жер телімі бөлініп, жобалау жұмыстары басталды, – деді Н.Нәлібаев.
Қызылорда дегенде Арал еске түспей қоймайды. Қазір экологиялық апат аймағында қыруар жұмыстар қолға алынып жатыр. Мұның ішінде ғалымдардың бастамасымен сексеуіл егу науқаны баршамызға белгілі. Ал мұнай қоры жылдан-жылға азайып келе жатыр деп дабыл қағылғалы бері Қызылорда облысында барлау жұмыстары тоқтамаған.
– Арал шөгінді бассейнінің «Шығыс» және «Батыс» учаскелеріндегі геологиялық зерделеу жұмыстары осы жылдың соңында аяқталады. Биыл Сырдария бассейнін зерттеу жұмыстары басталуда. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының бастамасымен «Торғай Палеозой» кен орнында тереңдігі 5 мың 500 метр ұңғыманы бұрғылау басталып, қазір шамамен 3 мың 820 метрге жетті. «Саутс Ойл» компаниясы «Құмкөл» кен орнындағы қиын өндірілетін тақтатас мұнайын дәстүрлі емес тәсілмен өндіру үшін жобалауды бастап, келер жылы іске кірісуді жоспарлауда, – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Жалпы аймақтағы әлеуметтік-экономикалық өсім жыл сайын қарқын алып дамып келеді. Журналистердің қатысуымен өткен баспасөз жиынында облыстың әлеуеті және әлеуметтік саладағы табыстар мен келешек жоспарлар туралы кеңінен айтылғанын атап өткен жөн. Бұлардың қатарында пайдалануға берілген «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы, салынып жатқан «Жайлы мектептер», жол, елді мекендерді газбен қамту секілді халық тұрмысына аса қажетті шаруаларды облыс әкімшілігінің айрықша назарда ұстап отырғандығы еді.
Шиқанды тырнаған сұрақ, шынайы жауап
Әкімнің баяндамасынан кейін ресми сұрақ-жауапқа кезек келді. Журналистердің біреуі өңірдегі жемқорлықтың деңгейін білгісі келсе, енді біреулері әлеуметтік мәселелер туралы сұрақтарына жауап алып жатты. Осы тұста «Қайсар» командасының басындағы қарызы мен футболшылардың соңғы айларда жалақы ала алмай отырғандығы туралы сұрақ түсті. Шыны керек, дәл қазір бүкіл ел спорт саласына бөлінетін қыруар қаражаттың желге ұшып жатқандығына алаңдаушылықтарын ашық айта бастағаны белгілі. Қазынаны теспей сорып отырса да, мардымды нәтиже шығара алмайтын командаларға жұрттың өкпесі қара қазандай. Бұл Президенттің де шамына тиген болатын. Осы бір күйіп тұрған мәселені облыс басшысының алдына қоюдың арғы жағында көпшіліктің көкейіндегі сан түрлі сауал бар екендігін еске алдық.
– «Қайсардың» бюджетіне 1 млрд 200 миллиондай қаражат қарастырылған, біз енді бүкіл қаражатты «Қайсар» командасын қолдауға бөле алмаймыз. Бізде халыққа ең қажетті деген жобаларымыз бар. Біз сырттан келген ойыншыларға төлеуден бұрын, ең әуелі өзімізді көгілдір отынмен, ауызсумен қамтамасыз етіп алуымыз керек. Маған «Қайсар» клубының басшысы келеді, «бюджетін көтерейікші, сонда біз бұдан да жақсы нәтижелерге жетер едік» деп. Ол кісіге: «Мен бюджеттен млрд теңге бөліп, «Қайсарды» 1-орынға шығармай-ақ қойдым», – дедім. Біздің клубқа, шыны керек, ең аз қаражат бөлінеді, оны мойындаймын, 20 клуб болса, соның ішінде ең аз қаражат бөлінгені «Қайсар» шығар... Біз онан да ауылда спорт саласын дамытуға көңіл бөлуіміз керек. Жаңа айтып өттік, 80 орында спорт, ойын алаңдары салынды. Стадион салынып жатыр, онан бөлек спорт кешендері салынып жатыр. Соңғы 2-3 жылдың ішінде ауылдарда оннан астам спорт кешендері салынды. Қазір «Қызылорда арена» салынайын деп жатыр. Мұндағы мақсат – қалаға көрік беретін әсем ғимараттар салу емес, осы жерде өзіміздің қаракөз балаларымызды тәрбиелеу. Сол қаражатты біз ауылдарға жұмсайық. Ал клубтың қарызын қазір нақтылау үстіндеміз. Бұл өзі осыған дейін жалғасып келе жатқан қарыз екен. Мен клубтың басшысына тапсырма бердім. Егер шынында да қарызы толық дәлелденетін болса, оны ретіне қарай өтеп береміз. Ондайды көтеріп жүргендер де сырттан келген ойыншылар. Мен оларға қайтарымсыз қаржыны жұмсай беруге қарсымын. Онан да сол қаржыны ауылдарға жұмсайық. Сонда ауылдан да мықты спортшылар жетіліп шығатын болады, – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Әкімнің бұл сөзі әлеуметтік желі қолданушылары арасында айрықша қолдауға ие болып жатыр. Оның да себебі анық еді. Қыруар қаржыны желге ұшыра беруден халықтың шаршағаны анық еді.