«Алматыкітап баспасы» ұжымы белгілі қаламгер, журналист, біздің баспадан жарық көрген «Тұңғыштар» мен «Батырлар жыры» сынды тамаша туындылардың авторы – Шәкен Күмісбайұлының өмірден озуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.
Шәкен Күмісбайұлы 1943 жылы 17 қазан Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қаракөз ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ұстаз болып бастап, әр жылдары отандық «Мәдениет және Тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Қазақ елі», «Ана тілі», «Айгөлек» газет-журналдарында әдеби қызмет атқарған. Алғашқы әңгімесі «Жеңеше» деген атпен 1965 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жарияланған. 1983 жылдан бері Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, кейінде басқарма мүшесі болды. 2008 жылы «Солақай» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесін ұйымдастырушысы. «Жүректен жүрекке» атты ұлттық журналистер мен ақпарат құралдары байқауының бас бәйгесін алып, «Қазақ тілді баспасөздің үздік журналисі» болды. Өмірінің соңына дейін балаларға арнап көптеген сүбелі шығармалар жазған. Ауыз әдебиетінің ең бай да көне жанрларының бірі – Батырлар жырын проза түріне түрлендіріп, артынан елеулі еңбек Алматыкітап баспасынан жарық көрген.
Шәкен Күмісбайұлы адами қасиеттері жоғары, жаны жайсаң жан еді. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, рухы пейіште шалқысын!