Қазақстан аумағында б.з.д. V мыңжылдық энеолит дәуіріне жататын сүйектен жасалған, тістері қашалған тарақтың ең ерте үлгілері табылған. Ірі жануардың түтікшелі сүйегінен жасалған жартылай сопақша, ұзартылған жеті тісі бар 9,5 х 4,4 өлшемдегі VIII ғасырға жататын шаш түйрегіш тарақ Шығыс Қазақстандағы «Шілікті» қорымынан да табылған.
Екі жақты тістері бар тікбұрышты пішінде ағаштан жасалып, орталық бөлігінде сюжеттік көрініс бейнеленген ерекше тарақ үлгілері де кездеседі.
– Тарақ археологиялық қазбалар барысында жиі ұшырасады, оларды қазір көптеген музейлерден көруге болады. Әр дәуірде және жер-жерде ағаштан, сүйектен, мүйізден жасалған ежелгі әшекей бұйымдар Францияда Клуни музейінде көпшілік назарына ұсынылған. Тарақтар орта ғасырлардағы негізгі әшекейлердің бірі болды. Әсіресе, піл сүйегі мен алтыннан жасалған тарақтар бағалы саналған.
Алғашқы тарақтың қай жерде және қашан жасалғаны белгісіз. Азды-көпті таныс пішіндегі алғашқы тарақтардың бірі ежелгі Рим аумағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Ол тұтқасы және тарақ тістерінің арасы 0,2 см қашықтықта орналасқан, қолмен ойылған сегіз тісі бар, пілдің жалпақ сүйегінен жасалған. Сонымен қатар ең көне тарақ Ұлыбританияда табылған. Бұл аксессуар ежелгі кельттердің билік дәуірі – неолит заманына жатқызылды. Ең қымбат тарақ алтыннан жасалған, ұзындығы 12 см болатын Ресейдегі сақ қорымынан табылған. Бүгінде бұл – Эрмитаждың экспонаты. Ежелгі тарақтардың ең танымалы Швецияда табылған, ол біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жылдары жасалған. Бұл тарақты скандинавиялықтар шаш күтімі үшін ғана емес, сонымен қатар сәндік элемент ретінде де пайдаланған. Темір дәуірінің басында, б.з.д. 500-400 жылдары тарақтар темірден жасалған, кеңірек және жарты ай тәрізді пішінде. Темір дәуірінің соңында қос тісті тарақтардың пайда болуы байқалады. Мысырда ежелгі мәдениет дамуының ең ерте кезеңі б.з.б. IV мыңжылдыққа тиесілі аң стилінде қашалып жасалған әшекейлі тарақтар табылды. Орта ғасырларда заманауи бейнедегі тарақтар пайда бола бастады, – дейді «Ұлы Дала елі» орталығының қызметкері Д. Тауасарова.
Ежелгі адамдар шаштарын балық қаңқасымен тараған. Тарақтарға арналған тағы бір материал тасбақа сауыты мен маржан болды. Ортағасырлық Еуропада тарақ сәндік бұйым болып саналды. Тек ауқатты адамдар шаштарына тастан немесе металдан жасалған тарақтарды әшекей ретінде тағып жүрді. Ресейде тарақтар ағаштан жасалды. Әзірге тарақ жасау үшін пайдаланылатын ең жақсы материал – қарағай немесе шие ағашы.
Ең алғашқы тарақтар жануарлардың сүйектерінен және ағаштан жасалса, кейінірек оларды жасау үшін күміс, жез, қалайы, алтын қолданыла бастады. Әлемнің әртүрлі халықтарының фольклорында мифтік жаратылыстар тарақты пайдаланған. Су перілері мен сиреналар теңізшілерді ұзын шашын тарақпен тарау арқылы құрығына түсіріп отырған. Бақсылар тарақты пайдалану арқылы сиқыр жасаған. Ал, ізгі батырлар зұлым рухтардан құтылу үшін тарақты пайдаланған, ал, қыздар тарақтың көмегімен бал ашқан. Тарақтар сол кездегі мәдениетке тән ою-өрнекпен безендірілген. Ежелгі тарақтар палеолитке жататын белгілі мәдениеттердің көпшілігінде кездеседі. Еуропада және көшпелі мәдениеттерде олар жерлеу бұйымдарының негізгі элементі болып табылады.
– Тарақтар періштелер мен мифологиялық жануарлар, асыл тастар, інжу-маржандар, экзотикалық құстардың қауырсындарымен және шілтермен безендірілген, тарақ иесі неғұрлым құрметті болса, оның тарағы соғұрлым сәнді болған. Жапонияда жас жігіт тарақ жасап, оны таңдаған сүйіктісіне берген, ал, егер қыз онымен шашын түйсе, бұл оның сезімдеріне жауап беруге дайын екенін білдіреді. Шамамен XVII ғасырда жапон әйелдері інжу-маржан және кандзаси жібек гүлдерімен тарақтарын безендіре бастады. Жапонияда самурайлар тарақтарды шашты бекіту үшін ғана емес, сонымен қатар қару ретінде де пайдаланды. Мысалы, кейбір тарақтар лақтыратын пышақ қызметін атқарды. Испан тарағы – пайнет XV ғасырларда Еуропада танымал болды. Тарихи пайнет 20 сантиметрді құрайтын міндетті биіктік болып табылады. Пішіні тік бұрышты, 5-6 тісі бар. Тұрмыстағы әйелдер үшін қара немесе қоңыр, бойжеткен қыздар ақ, кейде фламенко биі үшін қызыл түстер қолданған. Бұл тарақтар қатаң түрде бастың ортаңғы сызық бойымен қадалған, бұл, әсіресе, тұрмыстағы әйелдерде қатаң сақталған. Ерте орта ғасырларда діни қызметкерлер ғибадат алдында шаштарын тарайтын арнайы литургиялық – христиандық ғибадат нысаны, діни қызметкердің қызмет алдында салтанатты киіну кезінде қолданылатын арнайы безендірілген тарақтары болды.
Көптеген елде тарақ адамды әртүрлі аурулардан сақтайды деген сенім бар. Сондықтан олар мұрагерлікке қалдыру үшін тарақтардың арнайы жиынтықтарын жасаған. Тарақтың бір иесі болуы керек деген ереже күні бүгінге дейін сақталған. Бұл негізінен гигиеналық талаптарға байланысты. Дегенмен, адам энергетикасы бойынша, сарапшылардың пікірінше, энергия теңгерімінің бұзылуын болдырмау мақсатында тарақты басқа біреуге пайдалануға бермеу керек, – дейді Д. Тауасарова.