ТАР ЗАМАННЫҢ АҚСІРЕТІ

ТАР ЗАМАННЫҢ  АҚСІРЕТІ

«Халық жауы, «жапон тыңшысы, «қарақшы» т.б.  жала жапқандар зұлымдығы

Сөз орайы келгенде айта кетейін, бұл өзекті мәселе бұдан бұрын да көтерілген еді. Алайда түйіні шешілмей, күрмеуі көп болып орта жолда аяғына дейін жеткізілмей қалған-ды. Енді, міне, «Сабақты ине сәтімен» болған уақыт та келіп жетті. Адамзатты қызыл асығына дейін қан кештірген Қызыл империя қаншама жанға «халық жауы», «жапон тыңшысы», «қарақшы» т.б. түрлі айып тағып жалалы етті, қанын төкті, көз жасына қалды десеңізші? Сталиндік-большевиктік билік халық толқулары мен қарсылықтарына қатысқандарды саяси репрессияға ұшыратып, «халық жауы» атандырып, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескендерді «буржуазиялық ұлтшылдар» деп, «пантюркистер» деп, Жапония, Түркия, Германия т.с.с. еуропалық елдердің жолымен жүргісі келгендерді сол елдердің «шпиондары», «бандқұрылымдардың мүшелері», «Отанын сатқандар» деп қудалаған. Солақай саясаттың құрығына ілініп қаза тапқан аруақтардың есімін ар соты алдында ақтап алу иманды, сауапты, ізгілікті іс деп білемін. Біріншіден, осындай қилы кезең, тар жол тайғақ кешуде шейіт болғандарды ақтау – аруақ алдындағы азаматтық борышымыз; екіншіден, көзі тірі ұрпақ үшін міндетіміз; үшіншіден, болашақты гуманистік имандылық қадамға бағыттауға кең мүмкіндік берер қадамымыз. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, тарихшылар мен саясаттанушылардың пайымдауынша, 1930-1933 жылдары 3 миллионнан астам қазақ ашаршылық құрбаны болған. Бұған 1921-1922 жылдары аштан қатқан 1,5 миллион адамды қосыңыз. Ал 1937-1938 жылғы репрессияда 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Соның 25 мыңы атылды. Оққа ұшқандардың дені қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық алаштың арда ұлдары еді.

Коммунистік саясат елге сыйлы, абыройлы, қадірлі тұлғалардың да соңына шам алып түсті. Төтеннен келіп қолына кісен салды, итжеккенге айдады, түрмеге қамады, атты. Басына қара бұлт үйірілгенін сезгендер жан сауғалап тым-тырақай көрші елдерге қашты. Қарақалпақ, Түркімен, тіпті Иран, Ауған асып кеткендері де жетерлік. Солардың арасында зайырлы тұлғаның бірі Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы да бар еді. Ол да 30-жылдары Иранды бетке алды. Алайда қолы да, құрығы да ұзын, қырық айлалы, жымысқы әрекетшіл Кеңес өкіметі оның таныс туысын ортаға салып, «мені шекараға дейін шығарып сал», – деп алдап әкеліп қолға түсіріп, одан Ашхабаттың абақтысынан бір-ақ шығады. Кейін ұзақ тергеу мен жазалаудың соңы оның өмірін қиып кетті.

Маңғыстаудың тағы бір қадірменді азаматы, белгілі тұлғасы Сарымерген би де ой-шұқыры беймәлім, мүлде ат ізін салып көрмеген Түркіменнің Қазанжық елдімекеніне қоныс аударып, өзі де, әйелі де бақилыққа аттанады. Бүгінгі таңда Сарымерген бидің ұрпақтары бабасының зиратын таба алмай шарқ ұруда. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағидаға бекем халық болғандықтан, атасының басына белгі, көктас қою ұрпақ алдындағы парыз ғой. Десек те, жерленген жерін білмегендіктен, бұл міндетті орындау ұрпағы үшін әзірге мүмкін болмай тұр.

 

2020 жылы қараша айының 24-ші жұлдызында Президент  Қ.К.Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, жедел түрде комиссия құрамы да жасақталып, жұмысын бастап кетуі сәтті қадамның бірі деп есептеймін. Өткен ғасырдың басында халқымызды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргіннің зобалаңы тарихтың ақтаңдағы ретінде көңілден көшпей, жүректен өшпей келе жатқаны рас. Ендігі ретте, егеменді ел болдық, етек-жеңімізді жинадық, әлем алдында танымал мемлекетке айналдық деген тұста саяси қуғын-сүргін құрбандарын жазықсыз жағылған қара күйеден аршып алу басты парызымыздың бірі болмақ. 

 

 

Шағыр және әулетінің тағдыры

Дәл осындай тар жолда өмірі үзілген Қосай атаның келесі бір ұрпағы Қоекен ұлы Шағыр және оның әулеті. Қасиетті Қосай атасына сыйынып, тіршілік кешкен Қоекен бабаның барлық үміті – ұлы Шағырдың болашағы қатты алаңдататын. 1864 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданының аумағында дүниеге келген Шағыр да біртоға қарапайым өмір сүреді. Шағырдың маңдайына да тағдырдың жазуы ата-анадан жастайынан жетім қалып, Жем мен Сағыз өзендерінің бойында көшіп-қонып жүреді. Ерпі, ерсі мінезі жоқ Шағыр ел дәстүрін бұзбай, ауылдастарымен үйлесімді өмір сүрді. Қозы қайырды, қой бақты, бірақ жоқшылық қыр соңынан қалмады. Барлық үмітін бір Құдайдан тілеген, соңысына орай ақ жүріп, адал басқан бір Алланың беруіне сенуші еді. «Құдай деген құр қалмайды» демекші, шығындалып бір ешкі сатып алады. Құдай беріп, ешкісі жыл сайын егізден туып, тез көбейіп, қой мен жылқы араласып, еткені ем болған, бір басы екеу, төртеу болып өрге баса береді. Құдай оңдап бас аяғы он-он бес жылдың ішінде сол өңірдің белгілі байына айналады. Алыстан, жақыннан азаматтар іздеп келіп сәлем беретін, аттарын желіге байлап, «Бай Шағырдың ауылы осы ма ?» – деп іздеп келушілер де көбейді. Біреу-міреулер қорасына мал бітіп, «мен бай болдым!» деп кеудесін керіп, талтаңдап жүрсе, ондайларға халық «талтаңдайтындай бай Шағырдан малың көп пе, байлығың артық па?» – дейді екен. Ол заманда атын шығарып, атағын көтерер шаруаның бірі дәулетті адамдардың құдық қаздыруы болатын. Сөйтіп, «Шағыр құдығы» дейтін құдықтарын қаздырды. Малын қайырмалаған жандар да, алыс сапарды  бетке  ұстаған жолаушылар да малын, ат-көліктерін суарып, нағыз шілдеде суы тастай, тұщы құдықтан су ішіп, осы құдықты қаздырған адамның ата-анасына рақметін айтып жолын жалғайтын. Сонымен қатар, ол «Құдай маған берді, мен адамдарға беремін» деген қағидамен өмір сүрді. Үйі қонақтан арылмайтын. Кейде бір күнде екі-үш қонақтарды қабылдайтын. Біреуі келсе, екіншісі кетіп жататын. Қонақтардың әрқайсысына қонақасы берілетін. Қонақтардың биігіне тай мен жабағы сойылса, жай қонақтарға қозы, қой жаратылып, қонақасы берілетін. Бүкіл ауыл-аймақ балаларына айтып отыратын әңгімесі: «Ана Шағырды көрдіңдер ме? Бір ешкіден бай болған пенде, Алла Тағала берейін десе, үйіп, топтап бере салады. Сіздер де ұмтылыңыздар, Шағырдан үлгі алыңыздар», – дейтұғын. 

Сол ХІХ ғасырда туған халқына қызмет жасауды армандаған Шағыр бір-екі рет болыс болудан да үмітті болады. Біраз малын шығындап, губернаторға да, уезд басшысына да барып көрген. Бірақ болыстық бұл кісіге бұйырмайды. Оған жасыған Шағыр жоқ. «Болыс болмай-ақ халқыма қызмет жасай беремін» деп түйді. 

Сөйтіп жүрген кезде, Қазан төңкерісі келді. Бұрын құлақ естіп, көз көрмеген эксперименттер дәуірі басталды. Елді қызыл мен ақ деп, бай мен жарлы деп жіктеп, ағайынды туысқа қарсы айдайды. Сол эксперименттердің біреуі ұжымдастыру дәуірі болатын. Кеңес үкіметі бай, ауқатты адамдарды тәркілеген кезде, сол топтың ішінде Шағыр да болады. Жаңа жас үкіметтен қатты қысым көрген ел жан-жаққа босып, көшуге мәжбүр болды. Шағыр өзінің тумалас-туғандарымен бір ауыл болып Иран еліне асуды көздейді. Сол жолда 1932 жылы қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданына жеткенде, біреулердің көрсетуімен болуы керек, НКВД-ның әскерлері Шағырды үлкен ұлы Бөлекбаймен бірге, екеуін абақтыға қамап, бүкіл мал-мүлкін тәркілеп, «ортаға» өткізеді. Сол жылы Мақтаарал ауданының Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқармасымен (ОГПУ) Шағыр атаны және үлкен ұлы Бөлекбайды 10 жылға соттайды. Шағыр ата қиыншылыққа шыдамай, сол Мақтаарал ауданының түрмесінде қайтыс болады. Қайтыс болғандарды арбаға сүйрей салып, Мырзакенттен 10-15 км қашықтықтағы «Сарыдаба» қойылымына жеткізіп жүзін жасырады. 

 

Маңғыстау көтерілісі

Дәл осындай жағдай Шағырдың тарихи отаны Маңғыстауда да орын алды. Аштықтан жан сауғалаған халыққа жанашырлық танытып, бас-көз болуды мақсат етіп атқа қонған Әлниязұлы Тобанияз, Дауылұлы Орынбасар, Дәрментайұлы Бекес сияқты азаматтар еді. Осы көтеріліс басшыларына мынадай жала жабылды: «Ел арасына іріткі салып, Түркіменстанмен бірігу керектігін айтып, сол жақта астық, мата, шай арзан екен деген сыбыс жіберіп, Түркіменстанмен бірігуге қазір мүмкіндік бар екенін айтып, Ақтөбе округінен 100 отбасын көшіруді шешкен олар Қарынжарыққа келгенде, Ақтөбеден шыққан 30 кісілік отряд қуып жетіп кейін қайтарған. Ал бұлардың басқарушылары Тобанияз Әлниязұлы, Орынбасар Дауылұлы, Бекес Дәрментайұлы тұтқындалған, олар қазір Ақтөбе абақтысында» деп жоғарыға ақпарат түсіреді.

Бұл оқиға 1929 жылдың желтоқсанында орын алып, Тобанияз Әлниязұлы, онымен бірге тағы да 69 ел қадірлілері тұтқындалған еді. Оларға: «Байлардың, саудагерлердің, патша үкіметінің және Адай округінің бұрынғы басшыларының контрреволюциялық ұйымы» деген тұрғыда кінә тағылып, істері сотқа жіберілді. 

Архив құжаттарындағы мәліметтерге сүйенсек, көтеріліске қатысты деп тұтқындалған 1715 адамның 79-ы абақтыда өлген, 500-ден астамы түрлі жазаға кесілген, 15-і ату жазасын алған, қалғандары ақталған дейді. 

Көтеріліс 1931 жылдың қыркүйек айына дейін созылды деген жорамал айтылады. Көтеріліс күшпен басылғаннан кейінгі жағдайды одан әрі саралар болсақ, өкіметке қарсы шыққан халықтың басшылары деп танылған 79 адамның көпшілігі 40 жасқа толмаған жігіттер екенін, ел үшін басын бәйгеге тіккен олардың әпербақан саясаттың құрбаны болғанын аңғаруға болады.

Жалпы алғанда көтеріліске қатысқаны үшін жазасын өтеуге кесілген 500 адамның басым бөлігінің елге қайтпағаны белгілі. Олар сол жақта дүние салды ма, болмаса істері қайта қаралып, жазалары күшейтілді ме, ол жағы беймәлім. Ал көтерілісшілердің елге оралған бірен-сарандарының өзі қудалауға түсіп, қайта айдалып жатты.

Мұның себебі де сол баяғы асыра сілтеу, жоғары жақтағы билікке жағыну үшін, жақсы атты көріну үшін халыққа қысым көрсету. Өз кезегінде жоғары билік органдары оларға шексіз билік беріп, қолдап, қолпаштап отырды. Соның салдарынан сауатсыз белсенділер, шала сауатты уәкілдер елге көп ауыртпалық әкелді. Халық арасы жікке бөлінді, бастықтар мен оған бағынушылар топтары пайда болып, бұлардың арасындағы қайшылықтар шиеленісті. 

Уақыт өтті, заман өзгерді, 1963 жылдың 26 қарашасында «Қоекенұлы Шағырдың іс-әрекетінде қылмыстық істің құрамының анықталмауына байланысты ол толық ақталды!». Неше бір жылдар бойы «халық жауының баласы, бандының ұрпағы, басмашылармен бірге болды, жапон шпионы» деген күйелі атақтардан құтылып, ұрпақтары еркін бір демалды, жұртшылық бетіне тіке қарайтын шамаға жетті. Шағырдың артында қалған ұрпақтары  Құран оқып, бабаларын еске алып, көктас қойып, былай деп жазған екен: «Тоталитарлық идеология, саяси қуғын-сүргін құрбаны, халықтың зиялы тұлғасы – Қоекенұлы Шағыр, 1864 жыл, Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы. Тайпасы – Адай, руы – Қосай Еміл.

Жазықсыз құрбан болдың,

Бөлекбай тұңғыш ұлыңмен.

Заманың аямады

Зиялы тұлғаларды.

Дара тұлға ұрпағың ұлықтаған,

Ақиқаттың ақ жалауын көтердің.

Ер мінезің ел аузында,

Жалындаған шоқ жұлдызсыз сөнбейтін,

Қасиетті есімің бағаланған өшпейтін».

Ал батыр тұлғалы, палуан пішімді Бөлекбайды «итжеккенге» айдалып, түрменің небір қитұрқы қиындықтарын бастан өткізіп, кейін соғысқа айдалып, «айып батальонында» майданға түсті. Одан кейінгі өмірінен ешқандай хабар-мәлімет жоқ, соғыста шейіт болған миллиондаған жандардың ішінде кеткен болуы мүмкін. Сонымен қатар РСФСР заңының 58-10 бабымен 10 жылға сотталған Қоекенов Бөлекбай «қылмыстық іс-әрекетінің дәлелденбеуіне» байланысты тергеу ісі тоқтатылды. Яғни толық ақталды.

 

Орнында бар оңалар

Әкесі қайтыс болғанда бес жастағы Сүтбай тағдырдың небір теперіштерін көріп өсті. Оның туыстары мен ағайындары «байдың баласы, халық жауының баласы» деп көлеңкелерінен қорқып, оның қолын алуға, жанына жақындауға, сөйлесуге де жоламайтын. Сөйтіп, ол балалар үйіне тапсырылады. Сүтбай сол жерде оқып, мектепті бітіріп, кейін педагогикалық институтқа түседі. Сол бітірген мамандығы өміріне азық болып, ғұмырын Жетісайда Кетебай ауылында ұстаздықпен өткізеді. 63 жасында қайтыс болған кезде, артында 5 ұл, 4 қызы қалады. Олар өніп-өсіп, жетіледі. Ол зейнетке шығып, сол елдің белгілі азаматы атанды. 

Жалпы қазақ елі үшін жылдың соңғы айы желтоқсан –  «тағдыр шешті» ұлы оқиғаларға толы ай. Алашорда үкіметі желтоқсан айында жарияланды, егемен Қазақ елінің Тәуелсіздігі де осы айда паш етілді, осы тізімді әрі жалғай беруге болады. Бұл айда еліміз үшін ерекше маңызды талай шаралар өткізілді: небір көңілді шат-шадыман сәттер де, халқымызды қара жамылдырған күндер де аз болған жоқ, ал біз әңгіме етіп отырған отбасында Шағыр бай 1932 жылдың желтоқсанында қайтыс болса, оның ұлы Сүтбай да жарық дүниемен желтоқсан айында қоштасты. Сондықтан ұрпақтары желтоқсан айында сол бір ғазиз жандарды еске алып, аталар аруағына бағыштап құран оқылады. 

Бұның да өзіндік себебі бар. Бес ұлдың үлкені Нұрланның зайыбы – Зәуре түс көріп, түсінде арғы атасы Шағырды көргенін айтып былай дейді: «Атам біртүрлі көңілсіз екен, «мен әлі күнге дейін екі ортада жүрмін ғой» деп, қолын алға созып «ана жақ мені қабылдамады, енді сіздердің үйлеріңізде жүре беремін» деп, түсінде аян берген екен. Азаматы Нұрланмен, туған-тумаластарымен пікірлесіп, қасиетті дініміздің имамымен көрген түсін ортаға салып ақылдасады. Имам мынандай пікір айтады: «Ол бақилық болған пенделер Құран хатим етіліп, жеті не тоғыз киімдерін үлестіріп, дін қағидаларын орындағанша оның жаны байыз таппай жүр екен, сондықтан сол кемшіліктердің орнын толтырып, ас беріп, асыл дініміздің талаптарын орындағаныңыз абзал», – деп пікір айтады. 

Халқымызда «орнында бар оңалар» деген жақсы тәмсіл бар. Сол айтпақшы, Сүтбайдан қалған ұлдардың үлкені Нұрлан ұжым басқарды, әкім болды, қазір осы заманның берген мүмкіндігінің бірі – жеке шаруасымен шұғылданып, бақуатты өмір сүріп, балаларын аяқтандырып отырған ордалы шаңырақ иесі. 

Одан кейінгі ұл – Дәулет, оқуда озат болып, екі жоғары оқу орнын үздік бітіріп, Оңтүстік Қазақстан, Алматы қаласында, одан кейін көршілес Өзбекстан Республикасында ұжым басшысы, трест басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2002 жылы Астана қаласына көшіп келіп, Мемлекеттік мүлікті сату басқармасының бастығы болып Қаржы министрлігінде мемлекеттік мүлікті сату және сатудан кейінгі бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарды. Ол еліміздегі жаңа бағытты тез меңгеріп, қаржы қызметінің үздігі және «Ерен еңбегі үшін» және басқа да мемлекеттік медальдар мен марапаттардың иегері атанды. Балаларының бәрі дерлік жоғары білімді мамандар, ортасына сыйлы, сіңімді, осы дәуірдің білімді азаматтары. 

Келесі ұлы Сақтаған – Ақтау қаласында облыстық әкімдіктің іс басқармасының бөлім басшысы. 

Назар болса автотранспортта елеулі еңбек етіп, бизнес саласына шықты. Арғы ағасы Бөлекбай сияқты палуан тұлғалы азамат болып қалыптасты. 

Ұлдардың кенжесі Батыр – заңгер, прокурор, адвокат сияқты заң саласының қызметтерінің майталман маманы. 

Қоекеңнің кіндігінен жалғыз дүниеге келген Шағыр балалық, жігіттік шағын қол жайып, жарлылықпен өткізеді. Одан кейін атағым шартарапқа таралып, Шағыр бай атанамын, ақыр соңында моласыз қаламын деп ойлады ма екен? Баймын деп секірмейтін, жарлымын деп өкінбейтін Құдайдың бір жаратқан пендесімін, маңдайыма не жазылды, солай өмір сүремін деп өткен талайлы тағдыр пенденің бүгінгі өскен-өнген ұрпақтары, жекжат туыстары Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент т.б. қалаларынан жиналып, Шағырдың бабалары өскен Маңғыстауда ас беріледі деп ойламаған да болар. Менің осыншама өсіп-өнген ұрпағым болады, 90 жыл өткеннен кейін мені есіне алып, құрмет көрсетеді, Құран хатим етіп, кезінде жасалмаған мұсылмандық шарттар орындалады деп те ойлады ма екен? Әрине, оны ойлауға оның шамасы да келмеген болар. Жаратушы Алла осынша сынға төтеп берген пенденің жапырағын жайып, бүгінгідей құрмет көрсетілуі, атаның ардақталуы ұрпақ үлесіндегі шаруа еді. Шағыр бабаның бүгінгі ұрпақтары оны еске алып, сәтімен иманды, сауапты шараларды өткізбекші.

Ұлы бабалар аруағы алдындағы саналы жас ұрпақтың парызы да, перзенттік борышы да осындай болар. Сол бір өлімі жылаусыз, құны сұраусыз кеткен асыл азаматтарды елімізде еске алып, халық жадында сақтаудың шаралары қабылдануда. Тобанияз Әлниязұлына Ақтау қаласында еңселі ескерткіш орнатылып, Дәрментайұлы Бекес есімі көшеге беріліп, басқа да тұлғалар елеусіз қалмауда. Осы мәселе бойынша құрылған Мемлекеттік комиссия, облыстардағы өңірлік комиссиялар, «Қаһармандар» қоғамдық ұйымы көптеген ғалымдарды ұйымдастырып, қыруар жұмыстар атқарды. Бұл жұмыстардың қорытындысын шығарып, белгілі бір құжат қабылданатын күн де алыс болмас. 

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор
08.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 132
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 15
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 67
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 61
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 46
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 464
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 432
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 456
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 448
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 446
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 463
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 452
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9688
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9066
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12301
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10071
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11280