Биыл туғанына 110 жыл толатын Қазақ КСР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, көрнектi жазушы Iлияс Есенберлинді еске алуға арналған «Қазақ тарихының жаршысы» әдеби-сазды іс-шара Сапарғали Бегалин атындағы балаларға арналған Алматы қалалық орталық кітапханада ұйымдастырылды.
Іс-шараға Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің 2-курс студенттері мен И.Нүсіпбаев атындағы №4 мектеп-интернатының 9-сынып оқушылары мен ұстаздары қатысты.
«Бұл жалғаннан
Басқаным кейде шоқ болды,
Бұл жалғаннан
Құшқаным кейде от болды,
Қуанышым сөйтсе де
Қасіретімнен көп болды», – деген екен Iлияс Есенберлин, - деп бастады сөзін мәдениеттанушы Бердалы Оспан. Модератор қаламгердің өмір жолына шолу жасап, қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман жазған жазушы екені, «Айқас», «Қатерлі өткел», «Маңғыстау майданы», «Ғашықтар» т.б. романдары қазақ әдебиетінде оған дейін көтерілмеген мәселелерді қозғаған, жаңа леп, жаңа серпін әкелген туындылар екенін алға тартты.
Философ, көсемсөзші Әбдірашит Бәкірұлы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қазақ халқы өмірінің ХҮ-ХІХ ғасыр аралығындағы оқиғаларын, даму тенденцияларын, халықтың басына түскен ауыртпалықтар мен қиындықтарын паш еткен ауқымды шығарма екенін атап өтті. «Халық арасынан шыққан батырлардың, жыраулардың, мемлекет қайраткерлерінің образдары шынайы суреттелген І.Есенберлиннің прозасы түгел дерлік орыс тіліне аударылды. Жазушының еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталды, тек артынан бораған жала-арыздар кесірінен Ленин орденінен қағылды. Есесіне қазақтың көркем әдебиетіне 19 роман сыйлады», – деді сөзін қорытындылап.
Ал журналист Гүлжанат Шонабай қарасөз шеберінің тарихи роман жанрының негізін қалаушы, сол арқылы қазақ халқының салт-санасын, ұлттық рухын жаңғыртуға үлес қосқан тұлғалық қасиеттеріне тоқталды.
Өмірден ерте кеткен айтыскер ақын Оразалы Досбосынов атындағы әдеби орталықтың бір топ дарынды жастары аға буын алдында өнерлерін паш етті. Атап айтқанда жас ақын Мәди Мақан Ілияс атасына арналған «Арнауын, ал Гүлнәз Қалмахан жазушының бір өлеңін мәнерлеп оқып берсе, домбырашы бойжеткендер Мәдина Сырлыбаева мен Жанел Сайлаубай Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін күмбірлетті.
Әдеби-сазды кешті кітапхана жетекшісі Алма Қонарова қорытындылап, келген қонақтар мен белсенді қатысқан жастарды Алғыс хатпен марапаттады, сыйлыққа ескерткіш кітаптар ұсынды.
Ал қонақтар балалардың сүйікті шаңырағына айналған кітапхананың орта және жоғары сыныптарға қызмет көрсету бөлімінің Гүлнар Омарова, Дина Жамағат, Индира Абдирова, Елена Емельянова сынды кітапханашыларына рухани кеш ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Әлия САЯҚБАЙҚЫЗЫ,
«Жоғары» медициналық
колледжінің кітапханашысы