Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қала әкімдері шетелдің кәсіпорындарын аралап, іскерлік байланыс орнатты. Сонымен бірге Түркістанда халықаралық инвестициялық форум өтті. Осы жұмыстардың нәтижесі қандай? Алда қандай жоспарлар бар? Облыс әкімдігінде осы сұрақтар талқыланған мәжіліс өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды.
– Бюджет қаржысына инфрақұрылым, нысандар салу жұмысы жүре береді. Бірақ біз тұрғындарға жұмыс тауып беру мәселесін басты назарда ұстауымыз керек. Инвестиция тарту жұмысын күшейтіңіздер. Шетелге іссапарға барып келген басшылар нақты нәтижеге қол жеткізетін болсын. Жүргізілген келіссөздерді жүзеге асырып, инвестициялық жобаларды көбейтіңіздер, – деген Дархан Сатыбалды осы бағытта семіді ақтамаған әкімдер мен орынбасарларына тиісті шара көрілетінін ескертті.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Түркістандағы инвестициялық форум мен Қытай, Оңтүстік Корея елдеріне жасалған іссапарлар нәтижесіне тоқталды.
Биыл Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT & TOURISM FORUM» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Форумға жалпы 1729 адам, 127 компания қатысты. Форум аясында жалпы соммасы 301,4 млрд. теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды.
Түркістан облысының делегациясы Корея Республикасының бірнеше аймағын аралады. Ресми тұлғалармен келіссөздер жүргізді. «Орталық Азия – Корея Республикасы» өңіраралық ынтымақтастықтың форумына қатысты. Корея Халықаралық Сауда Қауымдастығы (KITA) ұйымдастырған бизнес-семинарға қатысты. Іссапар Қытайдың бірнеше ірі қаласы мен аймағында жалғасып, түркістандықтар қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Айта кетейік, биылғы 11 айда облыс экономикасына 1 064,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,5%-ға жоғары. Жыл басынан тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды. Биыл 134,1 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 11 айда 41 жоба іске қосылып, 1 659 жұмыс орны ашылған.