ҮКІМЕТ ОТСТАВКАҒА КЕТУІ МҮМКІН

ҮКІМЕТ ОТСТАВКАҒА КЕТУІ МҮМКІН

12 желтоқсан күні Президент Қ.Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы болып өтті. Президент баспасөз   қызметінің көмегімен жедел таралған ақпараттардан аңғарғанымыздай, Президент бұл жиналыста экономикалық, әлеуметтік саладағы маңызды мәселелерге айрықша тоқталып, кемшіліктерді жасырмай айтты. Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен оның дәргейіне бағынатын барлық министрлер, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатынасқан бұл жиналысты, былай қарағанда, жыл жабар отырыс деуге болатындай.

Кадр  саясатында өзгерістер болмақ

Президент өз сөзінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласындағы орын алған кемшіліктерді жіпке тізіп шықты. Мемлекет басшысының назарынан қыл аяғы әлеуметтік желінің «бұрқасынынан» ықтай жалдайтын басшылар да қағыс қалмаған екен... 

Негізінде Президент айтқан әрбір түйін бір-бір сараптамалық мақалаға арқау болар еді. Оларды алдағы күннің еншісіне қалдыра отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметтің атқарған жұмыстарына қарата  екі-үш рет қадап тұрып айтқан ренішті тұстарына тоқталуды жөн көрдік. Жалпы Президент кадр мәселесінде нақты ұсыныстарын ортаға салғандай болды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қарашада Қазақстан халқына ант береді: 2022 жылғы 22  қараша, 11:42 -– «Әділетті әрі дамыған мемлекет құру үшін жаңа кадр саясатын жүргізу керек. Алдағы өзгерістер, ең алдымен, адам капиталына қатысты болады. Жаңа кадр саясаты меритократия және кәсібилік қағидаттарына негізделеді. Біз бірінші басшыларды осы қағидаттар бойынша тағайындаймыз. Сонымен бірге олардың орынбасарлары қаншалықты білікті екенін саралау қажет. Өйткені тұтас салалардың және аймақтардың дамуы көбіне орынбасарлардың жұмысына байланысты болады. Вице-министр және әкім орынбасары лауазымдарына нағыз кәсіби мамандар тағайындалуға тиіс. Мұндай қызметке жұртпен тілдесе алатын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар келуі керек. Яғни шешім қабылдай алатын және жауапкершіліктен қорықпайтын азаматтар қажет. Олардың әділ, еңбекқор және отаншыл болуы аса маңызды», – деді Қ.Тоқаев. 

–  «Келесі жылы біз орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасаймыз. Бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет. Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды», – деді Мемлекет басшысы. 

Әр дәрежелі басшылардың командасымен кету, командасымен келу мәселесін экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев та ауыздықтай алмаған болатын. Яғни әріде Кеңес одағынан, беріде Тұңғыш Президенттен қалған «ескі аурудың» емін табу да оңай болмаса керек. Олай дейтініміз, біраз жыл бұрын басшыларының командасымен «көшіп-қонуына» тыйым салу мақсатында заң жобасы әзірленгені есімізде. Арада біраз уақыт өткенде осы мәселені ортаға салған Назарбаев та, заң жобасын дайындап, пысықтаған депутаттардың өздері де ұмытып кетті. Олай дейтініміз, жаңа басшы командасымен жүретін «дәстүр» қазірге дейін еш өзгерген жоқ. Тіпті 2019 жылы 19 наурыз күні мәлімдеме жасап, көпшіліктің көзіне жас үйірілтіп тұрып тағынан түскен Нұрсұлтан Әбішұлының өзі «кітапханаға көшкенде» Ақорданың ішіндегі еден жуатын қызметкерлеріне дейін өзімен бірге ала кетті дейді «антеннасы күшті» айтқыш ағайындар... Бұдан бөлек Үкімет пен халқы екіге бөлініп қалған мемлекетте жасап жатқанымызды ойлағанда Тоқаев мырзаның бұл ұсынысының толығымен жүзеге аса қоюы екіталай дегіміз келеді.

 

Үкімет жұмыс істей алмады

Президент сөзін қорытындылай келе соңғы салмақты Үкіметтің жұмысына бұрды.

«Сөзімнің соңында тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Ашығын айтуымыз керек, Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ. Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды. Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді. Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдауға келгенде, өздеріне жауапкершілік алудан бастарын алып қашады. Ал тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді. Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмаған». 

Осы жерге келгенде біздегі әрқайсы министрліктер арасындағы өзара іс-қимылдың барлығы дұрыс еместігін, олардың бір-бірінің жұмыстарын толықтырып, жалпы халықтың түйткілін шешіп беруге қауқарсыз екендігін айтпай кете алмаймыз. Бір ғана мысал келтіре кетейік. 2020 жылы наурыздың 10-ына қарай Қазақстанда алғаш рет коронавируспен ауырған адам тіркелді. Жұрт соның алдында ғана пандемияның жылдам таралып бара жатқандығына алаңдап, Үкіметтен шұғыл шешімдер күтіп отырған болатын. Өкінішке қарай, Денсаулық сақтау министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ, СІМ қатарлы құзырлы мекемелер бірлесіп әрекет ете алмай қалды. Тіпті ойларына да кіріп шыққан жоқ. Ал Қытайдың шетелдегі елшіліктері Қытайға виза беруді бірден тоқтатты да, Шекара Қызметі есікті тарс еткізіп жауып ала қойды. Тек өз азаматтарын ғана елге кіргізіп отырды. Денсаулық сақтау министрлігі оларды жеке бақылауына алды. Осындай шұғыл әрекеттердің арқасында қытайлықтар пандемияның алғашқы толқынынан аман өтті. Бізде мүлде керісінше жүрді. Әуе компанияларының қызметі бұрынғыдай жүріп жатты. Ал елімізге коронавирусты шетелден келгендер алып келді. Салдарынан қаншама отандастарымыз ажалынан бұрын ана дүниеге аттанып кете барды...

–  «Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін.

Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу. Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді», – деді Тоқаев мырза.

 

Қашан  ауысуы мүмкін?  

Президенттің бұл сөздерінен барыс жылы кіргелі бері басымызға бұлт болып үйіріліп тұрған, экономикалық-әлеуметтік саладағы сын-қатерлерге қауқарсыздық танытқан Әлихан басқарған Үкіметтен үмітін үзгендігін аңғарғандай болдық. 

–  «Жалпы, Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Меніңше, бұл мәселелер Мемлекет басшысының Премьер-Министрмен және Парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек», – деді Мемлекет басшысы. 

Әлихан Асханұлы мемлекеттік қызмет саласында жаңадан келген тәжірибесіз адам деуге келмейтін тұлға. Қаңтар оқиғасынан кейінгі сындарлы сәтте ҚР Премьер-Министрі болып бекітілді. Сонан бергі 11 айда да талай өзгерістер өтті. Кезінде Қаржы министрі болған Әлихан Смайылов қолына пәрмен берілген бір жылда не тындырды?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған Әлихан Смайылов «инфляция жылдық көрінісінде қарашада 19,6 пайызды құрады», – деді. Әрі оның себептері ретінде «геосаяси шиеленістің күшеюі, әлемдегі рекордтық бағаның өсуі, Ресей рублінің нығаюы, логистиканың бұзылуы және көрші елдерде кейбір тауарлардың экспортына уақытша шектеулердің енгізілуі» дегенді алға тартты. Соған сәйкес әрекет етіп жатқандығын да атап өтті. 

–  «Оның шеңберінде жедел және орта мерзімді іс-шаралар көзделген. Олар ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға, тауарларды сақтау және тасымалдау тетіктерін дамытуға, бөлшек сауданы қолдауға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған. Негізгі азық-түлік тауарларымен толықтай ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін орта мерзімді Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспары іске асырылуда. Биыл бірқатар азық-түлік тауарлар бойынша өндірістің айтарлықтай өсуіне қол жеткізілді», – деді Премьер-Министр. Алайда биік мінбелерде айтылатын әдемі сөздердің дәлелін халық еш жерден табу мүмкін еместігі баршамызға түсінікті жағдай екені ақиқат. Осы тұста «отандық өндірушілер» дегенде басқасы емес, бидай еккен диқандар еске түсті. Жан-жақтан санкцияға ілініп, тынысы тарылып отырған Ресей, соңғы уақытта бізге қарай арзан бидайын жөнелтіп жатыр. Осының кесірінен қазақстандық диқандардың астығына аларман табылмай, табылса да, құны төмендеп отырғандығын қалай жасырамыз? Оған қоса шетелге экспорттауға бағытталған жолымызда тағы да Ресей бидайы тиелген вагондар кептелісте тұрғандығы тағы бар. Егер іскер басшы болса, осындай сын сағаттарда отандық өндірушілердің мүддесін алдымен қорғап шығар еді. Делдалдардың жолын кесер еді...

Алайда Үкімет басшысының баяндамасы қанша жерден дәлелдер мен дәйектерді алға тартқанына қарамастан, «Ашығын айтуымыз керек, Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ», – деді Президент.

PS: Президенттің баяндамасынан ашық айтылған кадрлық өзгерістер мен осы төңіректегі келеңсіздіктер туралы ұсыныстары көңілге қонымды дер едік. Жалпы жұмысын дұрыс атқара алмаған Үкіметтің отставкаға кетуі заңды нәрсе. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жұмысына халықтың да, өзінің де көңілі толмағандығын ашық айтты. Ендеше, 2023 жылдың наурыз айынан қалмай Әлихан Смайылов жолдас орнын босатуы мүмкін деп топшылаймыз. Бұл болжамымызды нықтай түсуге тағы бір дәлел – Әлихан Смайылов негізінде Нұрсұлтан Назарбаевтің назарына іліккен басшы болатын. Орда бұзар отызға толмай тұрып, 27 жасында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы (1999-2003 жж.) болған Әлихан Асханұлы сонан бері биліктің бел ортасында келе жатты да, 2019 жылы ақпанда Президент Жарлығымен Премьер-Министрдің Бірінші Орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. Сосын бір ай өткенде Н. Назарбаев қызметінен кетті. Кейбір сарапшылар болашақ кадрлық ауыс-түйістерді де Нұрекең алдын ала ыңғайлап кетті деп болжаған еді сол тұста. Ендеше «Жаңа Қазақстан» құруға шындап кіріскен Президент үшін мүлде жаңа команда жасақталуы керек емес пе? Бұл – болжам ғана. Анығы алдағы күннің еншісінде.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
19.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 101
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 101
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 619
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 737
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 649
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 658

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8793
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8194
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11421
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9175
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10407