Үкімет пен Парламенттің текетіресі кімге тиімді?

Үкімет пен Парламенттің текетіресі кімге тиімді?

Бірінші Президент басқарған жүйені, соның ішінде Үкіметі мен Парламентін, «Күн көсемге» табынушылар мен жағынушыларды бізсіз де, сынаушылар мен даттаушылар  жетерлік. Әрине, халық айтса, қалып айтпайды. 30 жылдан артық билікте отырып, халыққа уәдені үйіп-төгіп, «2020 жылдары Кувейтті де басып озамыз, оларда мұнай ғана бар болса,  бізде Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар. Біз олардан баймыз» деп алып, биліктен кетер шағында «Екі сиыр  ұстап бағыңдар, оның сүтін сатып күн көріңдер. Бала туарда бізбен ақылдасқан жоқсыңдар ғой» дегенге саятын сөз айтып артықтау сілтеп жібергені ұят болды. Оны біреулер қарттыққа, біреулер  орынтаққа жабысып алып, тапжылмай отыратын адамда болатын күйзеліске жатқызды.

Жасыратын несі бар, көнбіс халық бәріне көніп келеді. Көне де бермек... Елдің бағына туатын ерлер, арыстандай ақырып билікке келгенше, бәлкім жалғаса берер. Жердің асты мен үстінің байлығы кім көрінгеннің қанжығасында кете берсе, жемқорлық тыйылмаса, қымбатшылық жалғаса берсе,  білімді жастар шетелге барып, бойындағы нәрі мен барын жат жұртқа төге берсе, жұмыс іздеген ұл-қыздар Англия мен Америка аса берсе, жаңа Үкіметтен не үміт, не қайыр?!

Назарбаев құрған билікті «ұры жүйе» деп атау сәнге айналды бүгінде. Әйтеуір даттауға шеберміз. Әккі саясаткерлердің пайымдауынша, Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы он-он бес жылында елдік мұрат төңірегінде көп ойлап, асқақ-асқақ армандарға иек артыпты. Ел мен жерге болсын депті. Ел байлығы қазынаға толсын депті. Маңайындағылармен де жиі ақылдасып, өзімшілдіктен алыс қоныпты. Кейін мақтау мен мадақ мас қылыпты. Менмендік дейтін «ауру» басқа ұрыпты. Жә, осымен тоқталық. Өткен күн – тарих. Ақ пен қараны таразылайтын ұрпақ өсіп келеді. Солар айтар қалғанын. Тек, жаңа билік өткеннен сабақ алды ма? Міне, мәселе осында! Ол   жүйенің «сырқатынан» толық айықтық па? Екінші Президент келгелі не өзгерді?  Жалпы, «Жаңа Қазақстан», «Ескі Қазақстан» деп бөлуге, алалауға болмайды. Себебі «Жаңа Қазақстан» да «Ескі Қазақстанның» «жылы шекпенінен» шыққан. Айдан ұшып келген жоқ. Солардың көбісі «ескінің» ақ батасын алып, арқасынан қағып, билікте өсіп-өнген  «ұрпақ». Олар қалай «жаңармақ»?  Сондықтан бәрімізге ортақ Қазақстанда елге адал қызмет істегендер, жаңашылдықтың бет-бейнесін көрсеткендер халықтың қолайына жаға бермек. «Ескі мен жаңа» алмасуға уақыт керек. Жаңа буын билікке келгенде «Ескі мен Жаңаны» өздері-ақ талдап, талқылап береді. Қазір халықтың миын ашытуға болмайды! Қазір ұлтқа іскер басшы, еліне жаны ашитын шенеунік керек.    

                                

Экономикамызда түйіні шешілмеген мәселелер көп

 

Қай заманда да кеткенді қаралаушы, жеткенді мадақтаушы көп болмақ. Ол үрдіс біздің қоғамда да қатты сезіліп тұр.  Оған кешегі тараған Үкімет дәлел. Кім не айтпай жатыр? Біз де өзімізше сараптап көрейік.

Әлихан Смайылов Үкімет басына ең қиын, өтпелі шақта келді. Қаңтар оқиғасы, Ресей мен Украинадағы геосаяси жағдай алқымнан алып, экономиканы қарға адым жерге бастырмай тұрды.   Премьер-министрдің командасы инфляцияны иілдіре алмай, қымбатшылық жайлап кеткені соншалық, теңгенің өзі теңселіп, доллар мен Ресей рублінің «аяғын сүйіп» мүсәпір күйге түскен еді. 

Әлихан Смайылов Үкіметінің отставкаға кетуіне мына жағдай себеп болған тәрізді. Ол басшылық еткен тұста Үкімет шығындары мен қарыздары айтарлықтай өскен. Бұл жайлы @NRG_monitor телеграм арнасы жазды. «Соңғы 2 жылда мемлекеттік шығындар мен мемлекеттік қарыздар айтарлықтай өсті. Егер 2022 жылдың қаңтарында (Премьер болған кезде) мемлекеттік қарыз 43,3 млрд долларды құраса, 2024 жылдың қаңтарында ол 54,8 млрд долларға жеткен. Елеулі өсім мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің эмиссиясының ұлғаюымен байланысты», – делінген телеграмдағы жазбада.

Мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің эмиссиясының пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуы да қарыздың артуына алып келген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 триллион теңге рекордтық мемлекеттік несие алынған. Бірақ, соған қарамастан, мемлекет бюджетіндегі тапшылық жабылмаған. Ал Ұлттық қордан аударылатын трансферттер 4 триллион теңгемен шектелген. Қордан бұдан былай кірістен көп қаражат алу мүмкін болмаған. Сарапшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларын сатудан түскен 1,3 трлн теңге қаражаттың мемлекеттік бюджетке қайта бағыттауына да осы жағдай, яғни Ұлттық қордан бюджетке аударымдарды шектеу мен несиелік шектеулер себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Жарайды. Бірақ бар-жоғы Үкіметті екі жыл басқарған Смайыловтың әбден қордаланған проблемаларды, өзіне дейінгі Премьер министрлердің былық-шылығын  екі жылда шешіп тастауы мүмкін бе? Бұл жерде біздің айтпағымыз, Үкімет тәуелсіз болмаса, Президентке жалтақтамай өзі шешім шығармаса, алдағы уақытта «Баяғы жартас – бір жартас» болып қалмауына кім кепілдік бермек?

Құдайшылығын айту керек,  Смайылов мырзаны екі жыл бойы тұрақтылықты қамтамасыз еткені үшін құрметтеуге болады.  Қалай десек те ол, белгілі бір деңгейде өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарды, Президенттің айтқанынан шықпады. Жақсы орындаушы болды. Алайда қордаланған мәселелерді, түйткілді проблемаларды шешу үшін тек білім жеткіліксіз екенін уақыт көрсетті. Тәжірибе, батылдық, еркіндік болмаса, жаңа Үкіметтің де қанаты сынған құс секілді алысқа ұша алмасы айдан анық.  Үкіметтің таратылуынан соншалықты астар іздеп керегі жоқ.  Бәлкім Тоқаевтың жастарды да бір қамшылап көрмек ниеті болуы әбден мүмкін. Тірі болсақ, бұл тәжірибенің де нәтижесін көрерміз.

Әлеуметтік мәселелерді шешуге келгенде Үкімет өзінің батылдығын көрсете алмағанын бәрі айтып жатыр. Шындық болар. Олай болса  жаңа Үкімет, жаңарған Үкімет «қаһарына» міне ала ма? Асау тайдай «тулай» ала ма? Қаңтар оқиғасы өтті, бірақ әлі күнге дейін биліктің деңгейінде өзгерістер болғанымен, халық әлеуметтік әділетсіздіктер толық жойылмағанын жиі айтып жүр. Бұған жаңа Премьер-министр Олжас Бектенов не істемек? Әлеуметтік әділетсіздіктерді түп тамырымен жоя ала ма? Міне, мәселе қайда жатыр?

 Тәуелсіз сарапшылардың айтуларына қарасақ та, екі жыл бойы Смайылов командасы өзін жоғары сапалы, прогрессивті басқарушы ретінде көрсете алмаған. Белгілі саясаттанушы, Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева: «Әрине, Премьер-министр өзін дағдарыс кезінде тиімді кризис-менеджер ретінде көрсете алмағанын айту керек. Жүйенің ауысуы ғана емес, елдегі жағдай айтарлықтай дағдарыста екені анық. Конституцияда белгілі бір өзгерістер болып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ экономикада түйіні шешілмеген көп мәселе бар. Әрине, жемқорлық барлық жерде бар екені белгілі, бірақ оны шешудің нақты механизмдері болмағаны белгілі жайт. Неге екені белгісіз, күш қолдану әдісі арқылы шешкісі келеді. Ал, Үкімет оның пайда болуының себебі неде, мәселені түп тамырымен жою қажет пе деген тәсілді ұсынбады. Соңғы екі жылда – Қаңтар оқиғасынан кейін Смайылов командасы, өкінішке қарай, өздерін нақты бағдарламасы бар және жалпы не істеу қажет екендігін түсінетін көшбасшы ретінде көрсете алмады. Бірде-бір бағытта. Үкімет тек экономикалық бағыттар мен әлеуметтік блоктан тұрмайды. Яғни, біз әлеуметтік-экономикалық салада үлкен өзгерістерді көріп тұрған жоқпыз...» дейді.

Отставкаға кеткен Үкімет басшысы туралы терең қаузап, арнайы тоқталып жатқанымыз, Үкіметке келіп жатқан жаңа басшыларға күндердің күнінде «Өгізге туған күн бұзауға да туатынын» астарлап болса да жеткізу.  Өткеннен сабақ алса деген ізгі ниетіміз тағы бар.

 

Депутаттар белсенділігінің пайдасы халыққа тиеді

 

Көпшілікке түсінікті болу үшін айта кетейік, Үкімет деген не? Бұл туралы укипедияда нақты жазылған: «...Қазақстан Үкіметі президенттік республиканы қадағалайды. Қазақстан Президенті мемлекет басшысы болып табылады және Үкімет басшысы болып табылатын Қазақстан Премьер-министрін ұсынады. Атқарушы билікті Үкімет жүзеге асырады. Заң шығарушы билік Үкіметке де, Парламенттің екі палатасына да берілген».

Осы түсініктемедегі «Заң шығарушы билік Үкіметке де, Парламенттің екі палатасына да берілген» деген жолдарға қатысты әңгіме өрбітпекпіз. Себебі Үкімет заң шығару саласында Парламент пен Сенаттан қалыспайды. Заң жобаларын да дайындап, Мәжілісте қорғайды және талдайды. Бұл – үлкен процесс. Талай Үкімет мүшелерінің өздері дайындап алып келген заң жобасын Мәжілісте таныстырамын деп «шаштары ағарғанша» депутаттармен «жұлқысатыны», денелерінің «құрысатыны», сөзбен салғыласып  «ұрысатыны» жасырын емес. Тәуелсіздіктің  ширек ғасырында Үкімет пен Парламенттің «жұлдыздары қарсы». Бір-біріне көңілдері толмайды. Бірін-бірі сынауға да әбден машықтанып алған. Әсіресе депутаттар. Кеше ғана отставкаға кеткен Смайылов Үкіметінің үстінен соңғы сайланған Мәжіліс депутаттары бір түспеді. Отырса опақ, тұрса сопақ қылды. Тілдері жеткенше сынады, мінеді. Аямады. «Кетсін» деді, «Тарасын» деді. Армандарына да жеткен сияқты. Былай қарасаңыз,  нағыз демократия. Шындық деген осындай жерден қайнап шығады емес пе! Бұл текетірес өзге салаларға да жұғысты болғай! Ұлттық мүдде жолындағы күрес үнемі осылай тартыспен өтсе, одан билік те, халық та ұтады.

Парламент Үкіметтің жұмыс істеуіне бөгет жасап отыр деген шу да шыққан.  Бұл шуға Мәжіліс депутаттарының Үкіметті конституциялық сотқа бермек болғаны себеп болды. Бәріне 16 қаңтарда төменгі палатаның қарауына ұсынылған «Ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері» туралы заң жобасы «кінәлі». Құжатта ақпараттарға қатысты депутаттар әзірлейтін заңдарға Үкімет қорытынды беруі керек деп көрсетілген. Депутат Абзал Құспан бұл конституциялық заңға қайшы әрекет дей келіп былай деген болатын: «Бұл заң жобасы заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінде үлкен сынға ұшыраған болатын. Неге? Не себепті? Бұл әдеттегідей заңдарға қайшы келсе бір жөн. Бұл жерде Конституцияның нормасы бұзылып отыр. Атап айтқанда, 61-баптың 1-тармағында заң бастамасы Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі деп анық көрсетілген. Бүгінгі заң жобасын алып қарасақ, (17/2 бабын) депутаттардың заң шығару бастамасын шектеу тікелей көзделген. Президентіміздің «күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» деген формуласына негізделген бастамасына да тікелей қайшы келіп отыр. Бұл бастамаға сәйкес Үкімет Парламенттің алдында есеп беруі керек болса, бұл жерде керісінше, Парламент Үкіметтің алдында есеп беріп, оған бағынышты болмақ».

Ал депутат Ринат Зайытов: «Ақылдыны билегің келсе, ақымаққа қамшы беріп қой» деген жақсы сөз бар. Мына заң қашып құтыла алмайтынын білген соң, қуып қорқытпақшы болғанның кебі ме деп ойлап отырмын. Жеке талқылайық. Қазіргі сегізінші шақырылымның белсенділігіне қарай, өткенде Премьер-министрдің өзі де «Парламент өзіне тым көп алады. Бұл Үкіметке жұмыс істеуге бөгет жасап отыр» деп айтты. Жұмыс істеу деген халықтың игілігіне емес, тырнақшаның ішіндегі сөз. Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында (НҚА) депутаттық заң жобаларын жария талқылауды өткізу дейді де, «Үкімет қорытындысын ескере отырып» дейді. Үкімет қорытындысын ескеретін болсақ, қалғанының не қажеті бар?!».

Осындай үлкен текетірестен кейін «Ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері» туралы заң жобасы әлі өңделіп, толықтырылып, «жал-құйрығы» күзелмесе, алдағы уақытта Парламент депутаттарының сынынан қорытынды шығармаса, заң болып бекуі қиын болмақ. Келешекте әр заң жобасы осылай депутаттардың белсенділігімен қабылданып отырса, оның халыққа тигізер пайдасы да зор деп ойлаймыз. 

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, сегізінші шақырылым депутаттары өте белсенділік танытып жүр. Олар тіл мәселесінде де, ақпараттық құжатқа қатысты да, халықты толғандырып жүрген проблемалар тұрғысынан да өз ойларын еркін жеткізуде.  Бұған қуануымыз керек! Үкімет пен Парламенттің күресі – жаңа Үкіметпен де осылай жалғаса берсе, ұтарымыз көп болмақ. Қоғамның түбіне жалпақшешейлік пен көңілжықпастық жететінін 30 жылдай көріп келдік қой. Енді оған жол берілмеуі тиіс!

 Ең қызығы, «ежелден жау», «жүрген жерлері дау», Үкімет пен Парламенттің Ақорданың алдында ғана «тізелері» дірілдейді. Ол жақтан «дауыл» соқса, екі жақ та тез арада «сабырға» келіп, «ынтымақтастық пен одақ» құруға ұмтылады.  ...жеткен үкім ғана кей заң жобаларының «бірауыздан» қабылдануына әсерін тигізді. Әйтпесе қайда... бірін-бірі түтіп жейді екі тарап. Бұл бұрынғы Президенттің кезіндегі біз көрген жайттар ғой...

 Айтпақшы, Парламент қаншама қуатты дегенмен, бір кездері (әлі күнге десе де болады-ау) Ұлттық банктың экс-төрағасы Марченконы, бір заманда Үкіметті басқарған Мәсімов, Мамин секілді дәулерді Парламентке  есеп беруге  келтіре алмай «жыларман»  болатын. Ол да бір «дәурен» екен-ау.  Тек қана «біріншіге» бағынатын олар Парламенттің де беделін түсіріп кеткендерін біле ме екен? Бірінші Президент те оларды «тым еркелетіп» жібергенін кейінгі билікке айтқан шығар деп болжаймыз. Бұл дамушы елдің қадамына тұсау болар  өте қауіпті тенденция!  

Үкімет пен Парламенттің (соның ішінде Мәжілістің) арасындағы «салқындық» туралы тілге тиек еттік. Енді сөзіміз құрғақ болмауы үшін бір-екі айғақ келтірейік.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев отставкаға кеткен Әлихан Смайыловтың Үкіметіне батылдық жетпегенін айтыпты. «Әлихан Смайылов басқарған Үкіметке негізінен батылдық жетіспеді деп айтуға болады. Қаңтар қасіретінен кейін мемлекетте болған жағдайға қатысты шұғыл, батыл шешімдер қажет еді. Өйткені, білесіздер, Мемлекет басшысының өзі де дәл осы мәселені айтқан еді. «Кез келген мемлекеттік қызметкер нақты шешім қабылдауға және сол шешім үшін жауапкершілікті алуға үйренуі керек» деген еді. Өкінішке қарай, мен Үкіметтен бұны көрмедім. Үкіметке қаншама депутаттық сауал жолдадық, соның барлығына «отписка» деп жатамыз ғой, дәл сондай жауаптар алып келдік. Өйткені, біз депутаттық сауалда барлық фактіні келтіріп, барлық заңсыздықты келтіріп және оның шешу жолдарын көрсетіп, ұсыныстар береміз. Өкінішке қарай, әр депутаттық сауалымызға келген жауаптан кейін қайтадан дөңгелек үстел өткізуіміз керек. Қайтадан жиындар өткізу керек. Вице-министрлерді, министрлерді шақырып, қайтадан бір ресми шешіммен шешілуге болатын мәселені 4, 5, 6 жиынға дейін жасап барып, кей жағдайда реттеуге тура келетін жағдайлар болды.

Екінші жағынан, Үкіметтің қорытынды беру деген өзінің қызметтік мансабы бар ғой, бізде заң жобаларына ұсынған өзгерістеріміз бойынша, сол бағытта да жұмыстар шикі жүрді деп айтсақ болады. Қарап отырсақ, мынау лудомания бойынша берілген мәселеде де, лудоманияның АРВ-сын 15 ай бойы ала алмай жүрдік. Түсінесіз бе? Ай сайын, апта сайын қаншама бала қаза тауып жатыр, қаншама отбасының осы ойынқұмарлықтан шаңырағы ортасын түсіп жатыр, қаншама адам өзіне суицид жасап жатыр дейміз. 50-ден астам норма жазып шығамыз. Бірақ 15 ай бойы АРВ ала алмай жүрдік» деп мұңын шағыпты.

Ал Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев ҚР Премьер-министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынған кезде-ақ қарсы болғанын айтыпты. «Біз ол кісіні тағайындау кезінде ашық қарсылығымызды білдіргенбіз. Өйткені ол... тағайындалғанға дейін өзінің жұмыс істеу қабілетінің қандай жағдайда екенін көрсетті. Сондықтан, әрине, ол үлкен өзгерістер алып келе алады деп ойламадық. Қазір елдегі жағдайды өзіңіз көріп тұрсыз, азық-түлік, қымбатшылығы шарықтап тұр. Ол шегіне жетпейді. Инфляция тежеліп жатқан жоқ. Ақпараттың жартысы өтірік» деп түйіндепті сөзін.

Үкіметтің отставкаға кетуіне Мәжіліс депутаттары таңғалмағандарын да жасырмапты.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым: «Жаңа заманда жаңа динамика керек. Таза экономикалық көрсеткіштер тұрғысынан және жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, Үкімет өзінің міндетін атқарды. Бірақ ашық та жабық жиындарда Үкіметке, Әлихан Смайыловтың өзіне де айтқан болатынбыз, жаңа заманда жаңа динамика, жұмыстың қарапайым, халыққа түсінікті болуы тұрғысында көптеген сындар айтылды. Меніңше, осы тұрғыда көптеген мәселелер болды. Сол себепті бәлкім, бүгінгі Президенттің кездесуінен кейін өзінің мәлімдемесін жариялап, отставкаға кеткен болар деп ойлаймын».

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан: «Үкіметке ескерту жасағанбыз. Өтпелі кезеңде Үкімет өзінің шама-шарқынша жұмыс істеді. Бірақ жаңа экономикалық саясатқа серпін беретін, Үкіметтің жұмысын жетілдіретін Президент қаншама тапсырмалар берді. Әсіресе, әлеуметтік салаларда, ол – білім беру, денсаулық сақтау, төтенше жағдай саласында, өңірлердегі проблемалар сияқты мәселелерде шешімін таппады. Оның сыртында біздің депутаттардың тарапынан саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани кеңістігіне қатысты жүздеген, тіпті мыңдаған сауалдар жолданды. Біз көптеген сауалдарға жаттанды жауаптар алып жүрдік. Біздің депутаттық сауалдарға қатысты арнайы өзіміздің фракцияның жиналысында да қарағанбыз. Үкіметке ескерту де жасағанбыз. Үкіметтің отставкаға кетуі күтілген де жағдай. Қоғам тарапынан, халық тарапынан үлкен сынға ұшыраған Үкіметтің бірі».

                  Президент  «Ешкімге жалтақтама, ешкімнен бұйрық күтпе!» дегендей

  PS: 6 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарына жаңа Премьер-министрді таныстырып, Олжас Бектенов басшылық ететін Үкіметтің алдында қандай маңызды міндеттер тұрғанын айтты. Президенттің айтуынша, алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. «Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы жиында айтылған бұйрық райындағы сөз мынау: «орталықтан тапсырма күтпей,  өздігінше әрекет етуге талпыну керек». Мемлекет басшысы  жаңа Үкіметпен өткізген жиында жергілікті әкімдерге осындай ескертпе жасады. Көңілге қонымды, жүрекке жылы сөз!  Бұл ел Президентінің аузынан жиі айтылып жүрген ескертпе! Түсінген адамға «Елің үшін бар жауапкершілікті мойныңа ал! Ешкімге жалтақтама! Ешкімнен бұйрық күтпе!» деген талап.

 Көпшілік арасында, әккі саясаткерлер ортасында  Олжас Бектеновтың Үкімет басына келуі туралы алып-қашпа әңгіме көп. Соның бірі шетел асқан қаржыларды елге қайтаруға білек сыбана кіріскені дейді тон пішушілер.  Кейінгі жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы 3 рет ауысыпты. Осы органның тізгінін жеті жыл үздіксіз ұстаған Алик Шпекбаев 2021 жылғы 16 сәуірде қызметінен кетті. Сол күні Президенттің Жарлығымен бұл лауазымға Марат Ахметжанов тағайындалған еді. Алайда ол 2022 жылғы 15 ақпанда орнын босатып, Ішкі істер министрі креслосына ауысты. Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне бұдан кейін төраға болып Олжас Бектенов келді. Сол жылдың 30 наурызында Антикор Шымкенттің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығына – Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде – 747 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын ресми жария етті. 13 наурызда Антикор лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық іс ашып, осы қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлының тұтқындалғанын хабарлады. Қ.Сатыбалдыұлының мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп, түрмеге қамалды. Осыдан-ақ «жемқорлықпен күрес торына тек шабақтар тұтылып, шортандар құтылады» деген сын ескіріп қалғандай. Ел басшылығы қойған міндетке сәйкес, енді Жаңа Қазақстан өз бойындағы «жемқорлықтың іріңді жараларынан» тазарады деген үміт пайда болды. Оқа-погонына, салмақ-мәртебесіне, шығу тегіне қарамастан, коррупционерлерге қарсы ымырасыз күрес майданы ашылғанға ұқсайды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Самұрық-Энерго» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының басшылығына қатысты тергеу басталғаны хабарланды.  Нақты аты-жөндері тергеу мүддесі үшін айтылмады. Дегенмен кейбір дерек бойынша, квази­мемлекеттік сектордың осы аталған алпауыттарына қатысы бар көптеген ірі тұлғаның шетелге шығуына тыйым салынған. Бір анығы, «Самұрық-Қазына», «Самұрық-Энерго», ҚТЖ-ның басшылығы қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану арқылы жекеменшік компаниялардан пайда алып келген делінді. Алдын ала есептің өзі мемлекетке аса ірі мөлшерде – 3,8 миллиард теңге залал келтірілгенін әшкереледі.  Иә, бұл қызметте Олжас Бектеновтың атқарған жұмысы көп.  Президент Тоқаев соны ескеріп, өзінің «көз алдында өскен» баланы Үкіметтегі жемқорлықты тыйып,  жаңа бағытта жұмыс істеуіне жол ашуы бек мүмкін. Себебі кез келген саланың дамуына сыбайлас-жемқорлықтың тигізер залалы мол. Одан арылмай,  жаңашылдыққа жол ашу тіпті де мүмкін емес.

Жоғарыда сөз еткеніміздей, Үкімет пен Парламент «тізе қоса отырып», демократиялық көзқарастарынан танбай, ұлттық мүдде жолындағы күресте ауызбіршілік танытса, құба-құп. Мысалы Болат Назарбаевтың мыңдаған гектар жерін қайтарып алдық деген ақпарат тарады. Оның одан өзге де «басып алған», «тартып алған» компанияларының акцияларын мемлекетке қайтарғаны хабарланды. Сол заңсыз әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамды естідіңіз бе? Оларға көмектескен мемлекеттік қызметкерлер, әкімшіліктегілер, заң адамдары жоқ болғаны ма? Кем дегенде 10-15 адам сол іс бойынша тергеліп, тиісті жазасын алуы керек еді. Бізде оның бірі жоқ. Сондықтан Парламент шетелге заңсыз шығарылған қаржы туралы заңды қайта қарауы керек. Үкімет атқарушы билік болғандықтан, әуелі заңымыз кемел болғаны дұрыс.

Бектенов Үкіметі мемлекеттік тілдің мәртебесін

барынша көтеруі тиіс

 Саясаткер Дос Көшім мырза https://kz.eurasiatoday.ru/-ға берген сұхбатында былай депті: «Шетелге кеткен қаржының бірер жылда қайтуы қиын. Көптеген қиындық бар. Шетелдегі қаржысыз да өндірісті дамытуға елімізде толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Бізде қай елдің компаниясы, зауыты көп? Ресейдің 10 мыңнан артық компаниясы жұмыс істейді. Қытайдікі 1000-нан сәл асады. Неге Ресейді емес, Қытайды көп айтамыз? Елімізде Еуропаның да, Американың да, Қытайдың да компаниялары жұмыс істеп жатыр. Олар елімізге инвестиция құйып, халықты жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан, орынсыз үрейленудің қажеті жоқ. Тек келісімшартты нақтылау керек. Егер олар зауыт салып, мәселен, сол зауытта 5000 адам жұмыс істесе, соның 5 пайызы ғана Қытай елінің азаматы болуы керек дегендей шарт қою керек. Жергілікті мамандарды тәрбиелеген соң, ол елдің мамандары еліне қайтуы тиіс деген нақты келісімшарт бекітілуі тиіс. Сонда әділетті болады. Олар құрған зауыттар экологиямызға зиянын тигізбеуі керек. Қазақстандық жұмысшылардың айлығы ойдағыдай болғаны жөн. Соны қадағаласақ, қауіп-қатер жоқ. Біз үшін дәл қазір Ресей қаупі басым деп ойлаймын.

 «Сіздің ойыңызша, Бектенов Үкіметі ең алдымен қандай мәселені шешкені жөн?» деген журналистің сауалына: «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын барынша кеңейту қажет. Қолда бар заң аясында да көптеген істі атқаруға болады. Министрлер кабинетінде, әкімдікте мемлекеттік тілді білмейтін адамның жұмыс істеуге қақысы жоқ. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті. Басқаны былай қойғанда, ономастика саласында шешуге тиіс дүние көп. Былтыр Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов «3000 елді мекен мен көше атауларын ауыстырамыз» деп еді, көп өтпей орнынан алып тастады. Бектенов Үкіметі ұлттық мәселелерді шешпесе, бұрынғы Үкіметтерден айырмашылығы болмайды. Соны ескергені жөн» депті.

Бұған дейін Үкіметтің кейбір мүшелері қазақ тілін білмей депутаттардан ұрыс естіп жатушы еді ғой.  Енді олардың қатары ойын жеткізе алмайтын вице-министрлермен толыққаны қандай өкініш?! Бұл сонда кері кету ме?  Жаңа Үкімет жасақталғаннан кейін өткен комитеттің кеңейтілген отырысында Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаевқа қатқыл ескерту жасады. Оның босқа «сайрап»,  бес минутты «жеп қойғанын» және сол қылығымен депутаттарды шаршатып жібергенін  тіліп тұрып айтты. «Бірдеңе түсіндіңіздер ме, әріптестер?! 32 деді, 72 деді, ол қайсы ішіндегі? Қандай жүйелі мәселе? Міне, бес минут сөйледіңіз. Регламентке сай сөйлегеніңізге рақмет. Бірақ бір проблеманы да ашып көрсете алмадыңыз, ол проблеманың шешімін де көрсете алмадыңыз. Жалпылама сөз. Бір мәселені, шыны керек, түсінген жоқпыз. Заң жобасының ішінде тікелей сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша соншалықты нормаларды көріп отырған жоқпыз. Барлық мәселені заң жобасы шешетіндей қылып көрсетіп отырсыз. Бірақ оның ішінде басқа мәселелер қамтылып отыр. Сондықтан дайындалыңыз!» – деді Аймағамбетов  ашуланып.

Келешекте Үкімет құрамынан мемлекеттік тілге құрмет көрсетпейтін, ел қамын терең ойлауға өресі жетпейтін министрлер мен вице-министрлер кетпей, түрлі саланы жаулап алған өз пікірі жоқ шенеуніктер азаймай, шырылдаған депутаттар арқылы жолданған халықтың дауысы  Үкімет басшысына жетпей жатса, бұл жаңашылдық емес, құр масылдық болып тарихта қалмақ.

Жаңа Премьер-министрден ең алдымен екі маңызды мәселені шешуге тұжырымдамалық көзқарас күтеді халық. Бұл – экономикалық және әлеуметтік сала. Әрине, бұл екі сфера екі түрлі блок ретінде бөлек жүрмеуі қажет. Көптеген білікті сарапшылар,  экономика мен әлеуметтік сала бір-бірімен тығыз байланыста болса ғана жетістікке жету оңай дейді. Бізде оны өмір бойы бөлек қарастырып келеді. Енді, жаңа Үкімет осы екі саланы бөліп-жармай, байланыста жұмыс істесе дейміз. Үкіметке жаңа шешімдер, иерархия қажет. Үкіметтің облыстармен, аудан әкімдерімен қарым-қатынас орнатуы өте маңызды. Оларға өз үкімін айта алса, тіпті керемет! Ең бастысы Үкімет ешкімге тәуелді болмаса.

 Егер қолдан жем жеген қырандай күйге түссе, ол – қасірет! Еркін самғаса, ол – қасиет! Бәрі «құсбегіге» байланысты. Қалай баптайды, қалай ерік-жігерін  сақтайды! Оны алдағы көре жатармыз.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
16.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 128
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 15
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 59
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 56
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 41
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 460
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 428
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 453
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 444
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 442
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 459
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 449
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 642

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9685
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9064
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12298
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10069
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11278