Ұлттың рухы мен ар-ожданы – қазақ баспасөзін қолдайық!

Ұлттың рухы мен ар-ожданы – қазақ баспасөзін қолдайық!

Жазылған жайдың жалғасы

«Qazaqstan dauiri» газетінің №25 (1550) 19 маусым 2025 жылғы санында шыққан Сәуле Мешітбайқызының «Қазақ баспасөзі қолдауға зәру яки ұлттық идеологияның көксегені не?» атты мақаласы маған көп ой салды. Шынымен қайда кетіп бара жатырмыз? Мен өзім Арқалық қаласында тұрамын. Зейнеткермін. «Qazaqstan dauiri» газетін, он жылдың жүзіндей болды, жаздырып алып оқимын. Әр санын асыға күтемін десем өтірік емес. Бұл басылымда оқырманды ойландыратын, қоғамдағы келеңсіздіктерді түйреп көрсететін дүниелер көп шығады. Ащы жазады. Бұра тартпайды. Бұрмаламайды. Сонысымен де маған ұнайды.

Иә, ел ішінде келеңсіздіктер өте көп. Әсіресе бүгінгі әкім-қаралардың іс-әрекеттері, сөздері дөрекі. Халықты құрметтеуі нашар. Көбі билікті қолшоқпар көреді. Өз ойлары жоқ. Осы мәселені Сәуле Мешітбайқызы терең саралапты. Баяғы әкімдерді еске алыпты. Олардың адамдық болмыстары мен кісілік келбеттерін де жақсы суреттепті. «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деп Абай данышпан айтпақшы, Сәуле Мешітбайқызы да кейінгі әкімдерден қорқатынын, олардың өзімшілдігін, үлкен кісіге деген ілтипаттарының аз екенін жақсы көрсетіпті. Оны біз де үнемі байқап, көріп жүрміз. «Халық айтса, қалып айтпайды».  

 Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің «Ауыл аманаты – ел аманаты», «Ауыл – ел бесігі» атты экспедициясы  «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі,  «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Мөлдір бұлақ» журналдарымен бірлесіп жүргізіп келе жатқалы жиырма жылдан асты. Сол сапарларын газеттен үнемі оқимын. Сәуле Мешітбайқызы бастаған газет ұжымының Қазақстанда бармаған елді мекені жоқ шығар. Барған жерлерін үнемі тәптіштеп жазып, халықтың мұң-мұқтажын айтады.

Осы жолғы мақалада кейбір  облыс, аудан әкімдерінің образдарын бүркемесіз көрсетіпті. Ел Президенті Тоқаевтың сенім артып отырған әкімдерінің  БАҚ-қа деген көзқарасы да ашық  жазылыпты. Егер ел басындағы әкімдер қазақ газетіне қолдау көрсетпесе, өздері бас болып қостамаса, ауылды жерлердегі қазақ мектептері мен кітапханалар арнайы жазылып, оқушыларға да «Мөлдір бұлақ» секілді журналдарды оқуды қолға алмаса, қазақ баспасөзінің тағдыры қыл үстінде тұр. Сәуле Мешітбайқызы жазғандай, жоғарғы жақтан айтылған «Мәжбүрлеп жаздырмаңдар» деген пәрменді бұйрық күшін жоймаса, қазақ баспасөзінің жағдайы күн өткен сайын қиындай түспек. Бұл жерде тағы бір айтарым, ұлт болашағы үшін қазақ баспасөзін керісінше, ұстаздарға күштеп жаздырту керек. Мұғалім газет-журнал оқымаса, оның деңгейі қалай өспек?

«...Соңғы жылдары барлық мерзімді басылымдардың жазылу таралымы әртүрлі себептермен күрт азайды («Егемен Қазақстан» да). Ғаламтор, әлеуметтік желі әсерлерін айтпағанда, соңғы кездері әкім-қаралар, мектеп директорлары «Біз ешкімді күштеп жаздырта алмаймыз» деген желеу айтуы салдарынан мерзімді басылымдарға теріс көзқарас қалыптасты. Баспасөзді оқымау надандыққа бейжайлыққа, рухани құлдырауға, сауатсыздыққа деген тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет-журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады», депті Сәуле Мешітбайқызы өз мақаласында. Ал біз дамуға бет алған халықпыз. Президентіміз де үнемі халықты, мемлекеттік қызметкерлерді ұлттық құндылықты дәріптеуге, ана тілімізді құрметтеуге шақырады. Олай болса қазақ баспасөзі қазақтың рухы мен ар-ожданы ғой. Осыны неге ескермеске? Сәуле Мешітбайқызының мақаласын оқып, ойымды айтқым келді. Төселген жазушы, журналист емеспін, ниетім, Сәуле апайды қолдау ғана. Жазғанымның арты-кемі болса, айыпқа бұйырмаңыздар.

Біз кеңестік заманды көрген, БАҚ жазылған дүниелердің іске асқанына куә болған кісілерміз. Айтылған ой, сараланған пікірлер, ащы сындар биліктің құлағына жетіп, Сәуле Мешітбайқызының жанайқайы қазақ қоғамын селт еткізсе деген ойдамын.

Біле білгенге тілді құрметтеу қазақ баспасөзіне құрметтен басталады. Егер баспасөзің тендерге құл болып, оқырманға керекті дүниенің орнына мемлекеттің тапсырмасын орындауға бар күші сарп етілсе, әкімдерің журналистерді қабылдаудан қашса, мұғалімдерің қазақ баспасөзіне жазылудан бас тартса, ел ертеңі не болмақ?!

 Ардақ Байбосын,

 зейнеткер

05.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15298
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15198
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30338
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28959
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32523